Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 8423 21 пікір 7 Қараша, 2017 сағат 17:15

Журфак жалғыз болмайды, Шораев мырза!

Медиа Алянс дейтін қоғамдық бірлестік бар екен. Сол бірлестіктің құрылтайшысы – Арман Шораев сөз алып, еліміздегі журналистика факультеттерін жабу керек дегенді айтыпты.

Арекеңнің уәжіне құлақ түрсек, ҚазҰУ-дан басқа университеттерде журналистика факультеттерін жабу керек-мыс. «Басқалары талабы, дарыны жоқ мамандарды шығарып жатыр. Тек ҚазҰУ-дан шыққан санаулы азаматтарды ғана мықты журналист деп айтуға болады, қалғаны мұғалім, оқытушы бола алады» дейді.

Арман Шораев қазіргі қазақстандық журналистика – депрессияда дегенді айтыпты. «Кәсіби біліктілік жоқтың қасы». Бұл рас пікір.

Біріншіден, журналистиканың жанышталған жағдайға жетуіне тоқталсақ. Қазақ журналистикасының депрессивті күйге түсуіне саны бар, сапасы жоқ журналистердің себепкер болуы әбден мүмкін. Дейтұрғанмен, отандық телеарналардың 70 пайызын журналистикаға мүлде қатысы жоқ мамандық иелері (саясаткер, әнші, биші, сайқымазақ т.б.) жаулап алғанын ескерсек, отандық журфакты айыптау қаншалықты обьективті пікір? Тіпті, Арман мырзаның өзі де әуелде журналистика майданына орта жолда қосылғал адам.

Қазақстандық журналистиканың көшін тежейтін тағы бір мәселе – цензура. Бұл БАҚ-тың барлық саласын қамтиды. Қазақстандағы бүгінгі журналистиканың мәселелерін   биліктің ырқынан қарастыру керек. Сондықтан, қазақстандық БАҚ-тың дәл қазіргі ахуалы, сөз бостандығы деген мәселелердің барлығы елімізде қалыптасқан саяси ахуалдың шеңберінен шыға алмайтын жағдайда. БАҚ биліктің берген мүмкіндігінің шегінде ғана  өмір сүруде.

Тақырыбымызға оралайық. Жалпы, осы Медиа Алянс дейтін бірлестік нақты немен айналысады? Биыл ғана құрылған Медиа Алянс Қазақстан Журналистер одағының альтернативасы емес пе? Ең басты мәселе осында. Темір торға тоғытылған Сейтқазы Матаев басқарған одақтың қазіргі тынысы тарылған.

Бұл алянс биыл Астанада, қазан айында құрылыпты. Альянстың жетекшісі – Арманжан Байтасов екен. Құрыла салған кезінде «журналистердің құқын қорғаймыз» деп мәлімдеген бірлестіктің бір мүшесі – Арман Шораев көрінеді.

Арекеңнің айтқандарын толық қате дей алмаймыз. Десе де, қазіргі журналистиканың кемшіліктерін көрсеткенде, оны тудырушы факторды да ашық айтқан абзал.  Бұл туралы спикерлер не дейді? Біз сұрадық, сөйлестік.

Шораев тұрмақ оның миллионы қарсы шықса да шындық осы

Қуандық Шамахайұлы, Халықаралық журналист, «Астана мәдениеті» журналының бас редакторы:

-Журналистиканың кəсіби мамандық ретінде қалыптасып дамығанына 100 жылдан астам уақыт өтті. Жалпы мамандықтың өзі журналистикамен бірге пайда болған. Алғашқы журналистика факультеті 1908 жылы атақты медиа магнат Жозеф Пулитцердің мұраға қалдырған қаржысымен АҚШ Миссури штатының Колумбия қаласында ашылды. Əлемдегі ең алғашқы мектеп осы болды.

Осы аралықта журналистика кəсіби мамандық қана емес, ғылыми нысан, қоғамдық ерекше ықпалды институт жəне жанама түрде болса да «төртінші билік» болып қалыптасты. Үздіксіз дамып келеді. Өзі ғана емес, өзге техника, коммуникация, технология, өнеркəсіп салаларын да қоса гүлдендірді. Қазіргі ақпараттық жүйенің жетілуіне де елеулі игі ықпалы бар.

Олай болса журналистика мектептерін жабу емес, керек десең, əлі де көптеп ашу керек. Жалпы, қоғамдық заңдылыққа сəл есерсоқтау біреулер болмаса, көп жағдайда ешкім қарсы тұра алмайды. Нарықтық экономикалық қатынастың өз заңы бар. Сұраныс бар жерде ұсыныс бола береді. Бəсекелестік сапаны алға шығарады. Сондықтан журфак советтік дəуірдегідей біреу ғана боп монополия құра алмайды. Биыл Астанадағы Қаржы Академиясында журналистика факультетін ашып студенттерді экономика саласына бейімдеп даярлай бастадық. ЕҰУ-дегі журфакпен ынтымақтаса жұмыс істеуге ниеттіміз. Мұндай салалық мектептер əлі көп ашылады.

Заңгер-журналист, дипломат-журналист, инженер - журналист, медик-журналист т.с.с.деген салалық мамандар туып шығады, əлі. Себебі, қоғамда сұраныс бар. Қаласа да қалмаса да –  осы. Мұндай үдеріске бір Шураев тұрмақ оның миллионы қарсы шықса да шындық осылай.

Кезекті сайлау науқанына алыстан дайындық басталғанға ұқсайды

Ермұрат Бапи, «Дат» гәзетінің бас редакторы:

-ҚР Журналистер одағына балама іздеу әурешілігі билік үшін қажет сияқты. Біріншіден, нақақ жаламен түрмеде отырса да, төрағалық міндетін атқаруға одақ төралқасы тарапынан сенім білдірілген Сейтқазы Матаевты аластату қажет деген талапты жүзеге асырудың тырбаң-тірлігі жүріп жатыр.

Екіншіден, бұл шығармашылық одақ әдетте электоралды науқандар (сайлау) кезінде билікке аса қажет бола қалатын салт бар. Яғни, Қазақстанда кезекті сайлау науқанына алыстан дайындық басталғанға ұқсайды. Биліктің зорлығымен түрмеге қамалған Сейтқазы Матаев енді Ақорда мен оның саясатына серік бола алмайды. Сондықтан ҚР ЖО-ын жою немесе оның орынына әлдебір шығармашылық ұйым құру қажет болған сыңайлы. Міне, Медиа Альянс деген ұйым осындай қажеттіліктен туса керек.

Ал Қазақстан ЖОО-дарындағы Журналистика факультеттерін жабу керек деген талап валюнтаристік пиғылда айтылса да, мен бұл пікірді тіпті де теріс дей алмаймын. Мәселен, кезінде бірнеше университет ашқан ОҚО-дағы Сарағаш үшін журналистика факультеті қажет пе? Ол университеттен журналист болып шыққан маманнан қандай үміт күтуге болады?

Бұл орайда мен «журфакты жабу керек» деген жоғарғы пікірге мынадай» ой қосар едім: Қазақстандағы үш-төрт университетте ғана журналистика факультеттерін қалдырып, шығармашылық талабы бар жастардың арасында "мамандыққа деген бақталастыққа" мүмкіндік жасайтын база қалыптастыру керек сияқты.

Журналистика - басқа аспектілерін айтпағанда, бұл - тілдік норманы қалыптастырушы орта. Ол ортаны біз қадірлей, қастерлей білуіміз керек. Екі сөздің басын зорға қосатын немесе тележұлдыз болғысы келетін боскеуде мамандар сол ортаны бүлдіріп жатқаны мәлім. Ендеше, біз бұл мамандықтың престижін қазақ тіліне деген құрмет арқылы да қорғай білуіміз керек.

Әуелі эфирді «жолбикелер» мен тоқалдардан тазарту керек

Арман Сқабылұлы, тәуелсіз журналист:

-Журналистика факультеттерін жабу дегенмен келіспеймін. Керісінше,   журфактарды модернизациялап, жаңа технологиямен жабдықтап, практик мұғалімдерді көбейтіп, деңгейін көтеруіміз қажет. Негізгі проблема осы. Медиа Альянс деген журналистиканы қорғау үшін емес, құрту үшін құрылған сойыл соғарлардың ұйымы секілді. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай журналистика факультеттерін жабуды қолдап отыр. Орыс тілді журналистиканың түгі кетпес. Сорлайтын тағы қазақтілділер. Өз басым оны мойындаудан бас тартамын. Мүше де болмаймын. Бізге жаңарған, тəуелсіз Журналистер Одағы қажет! Журфакты жоюдан гөрі, эфирді «жолбикелер» мен тоқалдардан тазарту мәселесін көтерсе дұрыс болатын еді.

Қазіргі журналистика қай деңгейде дегенде, әрине, сапасы сын көтермейтінін айтамыз. Ал енді оның сапасыздығына жалғыз себепкер – ЖОО емес қой. Қазір отандық арналардың 70 пайызы жолдан қосылғандар. Журналисткиаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар. Оның үстіне Арман Шораев «заңгер сол саланың мықты маманы бола алады» депті. Айтыңыздаршы, бізде қазақ тілінде қатырып жазатын, сөйлейтін заңгер қайсы? Әрине, саусақпен санайсыз. Оның үстіне біздегі құжат жүргізу процессі ресми тілде. Демек, тағы да қазақ тілді БАҚ сыйырқұймышақтап қалады. Мен салалық журналистиканы әбден қолдаймын. Бірақ, басқа саладан маман тарту дегенқа қарсымын. Арманның өзі де, басқа саланың маманы.

Журфактың міндеті – толық маман әзірлеу емес. Теорияны оқыту. Үйренуге үйрету. Журфак негізгі техниканы үйретеді. Ал қалғаны – практиканың міндеті.

Жамбыл облыстық «Ақжол» газетіне КазГУ-дің журфагынан барған (1989 ж.) соңғы кадр менің курстасым Баққараев екен! Қалғандары аймақтардағы журналистика факультеттерін бітіргендер. Енді не істейміз? Аймақтардағы басылымдарды да «өлтіреміз» бе? Әлде әншілер мен «тоқалдарды» сонда жібереміз бе?

Шораев советтік дәуірде білім алған адамдардың типтік характерін танытты

Есенгүл Кәпқызы, оқытушы журналист, «Мінбер» ұлттық интернет гәзетінің бас редакторы:

-«ҚазҰУ-дан өзге Журналистика факультеттерін жабу керек» деген пікірі арқылы Арман Шораев советтік дәуірде білім алған адамдардың типтік характерін танытты. Не - Мен, не - Сен. Қаласаң да, қаламасаң да - осы. Сенің таңдау еркің жоқ.

Демократия дегеніміз - сенің таңдау еркіңнің болуы. Таңдау әртүрлі болады. Жиын барысында Арман Шораевқа «сол өңірдің балалары қайдан оқығаны жөн?» деген сауал да қойылды. Яғни, ең басты таңдау - экономикалық таңдау.

Көп абитуриент қалтасы көтеретін, алысқа көз тіктірмейтін, ауылының іргесіндегі өңірлік ЖОО-ны таңдайды. Кейбіреулер, атағы жер жарған, рейтингісі жоғары, ЕҰУ мен ҚазҰУ-ды таңдар. Олардың оқу ақысы да өзге ЖОО-лардан көп артық. Енді біреулер Батыстық құндылықтарға негізделген КИМЭП-ті көздер. Ал, тағы бір тобы - жаңа заманның тренді болған, жаңа медианы оқытатын СДУ-ды таңдар. Олардың өмір сүру-сүрмеуін адың-күдің біреудің сыңаржақ пікірі шешпейді. Нарықтық заманда бәсекелестікке төзе білмеген, нарықтың қатал заңына шыдас бермеген оқу орындары өзінен-өзі-ақ көшке ілесе алмай қалып қоймақ. Нарық заңы солай. Ал оны уақыт көрсетеді. Арман Шораевқа өзгенің емес, өздері имандай сенген Карл Маркстың «саннан сапа болады» деген теориясын да бір есіне алып қойғаны артық болмас.

Сосын айта кетерлігі, кәсіби біліктілік, факт-чекинг, дерек көздерін анықтау деген мәселелерді Медиа Алянс деген ұйым енді ғана көтеріп жатыр екен. Біз бұл мәселелерді айтып жүргелі қашан?.. ЖОО-дарында журналистиканың негізгі акпектілерін оқытады. Жаңағы жазу стилі, журналистика этика нормалары т.б.

Сосын қазіргі отандық ТВ-да журналист емес адамдардардың жұмыс жасайтыны деген мәселе дұрыс көтеріліп отыр. Бір ғана мысал, күні кеше ғана, мемлекеттік бір арна тілшісі жасырын камерамен ақпарат алып тұр. Бұл дегеніңіз, этикаға да қайшы, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындай іс.

Одан кейін, негізгі проблема – пропагандада. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін БАҚ-та пікірлер баллансы мүлде сақталмайды. Ол сөзсіз. Обьективтілік жоқ. Одан кейін, Мемлекеттік басқару менеджменті БАҚ-тың контентіне араласады.

Бірдеңені өзгерткіміз келсе, әуелі менеджментті өзгертуімі керек. Билік БАҚ-тың контентіне араласпауы керек. Сосын, Мемлекеттік БАҚ немесе оппозициялық БАҚ деген болмайды. БАҚ – қоғамдық болғанда ғана өзгеріс болады.

Сөз бостандығы дейміз. Иә, бізде қазір ішкі, сыртқы, редакциялық, Мемлекеттік цензура бар. Бұл да талқылануы тиіс мәселе.

Соңында, Арман кезінде КТК арнасын басқарған адам. Сол кезде билік тарапынан «Қазақстан» арнасы қалсын, қалғанын жабайық десе қалай қабылдар еді? Қайталап айтамын, бұл нарықтық жүйе.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373