Дәурен Абаев: Қазақстанның 1,5 млн азаматы елімізде не болып жатқанын білмейді
Ақпарат және коммуникациялар туралы заңның жобасына қатысты түзетулерді Мәжіліс депутаттарына таныстырған министр Дәурен Абаев осылай деді. - Бұл жердегі басты мәселе біздің ақпараттық қауіпсіздігімізде, - деді министр. – Қазір 600 мыңдай адам «сұр табақшалардан» ақпарат тартып отыр. Ал, «сұр табақшалардағы» картаның жадында қазақстандық телеарналар қорғалмайды. Сонда 1,5 миллион адам қазақстандық ақпарат кеңістігінен сырт қалады екен. Демек, Қазақстанның осынша азаматы елімізде не болып жатқанын білмейді.
Ақпарат және коммуникациялар министрінің бұл дерегімен келіспеске амал кем. Өйткені, оқшантайын беліне байлап, Украинаға орыс диаспорасының жоғын жоқтап аттанған азаматтардың бәрі тек Ресей арналарын көріп, барлық оқиғаны сол елдің журналистері берген мәліметтер бойынша білгендерін Семей қаласында болған сот алдында жария етті. Бұл мыңнан бір мысал ғана. Оның өзінде қазақстандық құқыққорғау органдары шетін жайттың ауа жайылып бара жатқанын көрген соң ғана қимылдады. Әйтпесе, ақпараттық қауіпсіздік туралы қазақ баспасөзі осыған дейін айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келе жатыр емес пе? Қарап отырсаңыз, Қазақстан Ресей баспасөз нарығының бір губерниясы сияқты: орыста қандай газет жарық көреді, ол еш тергеу тексерусіз Қазақстанда еркін тарай береді. Орыста қандай телеарана бар, ол еш кедергісіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінде хабарын таратып, бағдарламасын көрсете береді. Радиосы да солай. Жаңа медиа желілеріне, тіпті, тыйым жоқ. Бір елдің бұқаралық ақпарат құралдарына бір елдің осындай мүмкіндік пен еркіндікті қатар беруі дүниежүзінің тәжірибесінен кездеспейді. Иә, халықаралық телеарналар мен радиотораптары жұмыс істейді. Бірақ, олар мейілінше бейтарап позиция ұстанып, нақты ақпарат берумен шектеледі. Ал, орыс баспасөзі... атамаңыз! Қазір РФ-дағы мемлекеттік, жартылай мемлекеттік әм коммерциялық БАҚ Батыс әлемімен «қырғи қабақ соғыс жылдарындағы» жағдайда отыр. Батыс әлемінің ит терісін басына қаптайтын толассыз тосын ақпараттар легі қазақстандықтарды да осы күні зомбилеп тастаған. Қазақ азаматы (мейлі ол қандай ұлттың өкілі болсын) қолына қару алып, Ресей үшін қай елмен болса да соғысықа аттануға әзер. Сөйте тұра министр айтқандай, Қазақстанда не болып жатқанынан бейхабар. Қайсыбірі ел аумағындағы жаңалықтарды мұрынын шүйіріп менсінбейді де, қажетсінбейді. Ал, тең қақылы азаматтардың өзі тұрып, өмір сүріп жатқан мемлекет шеңберіндегі ақпараттарды қажетсінбеуі, құлақ түрмеуі, мән бермеуі түбі ақпарат кеңістігіндегі алақұлалыққа ғана емес, ұлттық тұтастықтың бұзылуына әкелетін жайтке айналуы мүмкін. Жасырып, жауып қайтеміз, біздің елімізде мықты лидердің билігіне мойынұсыну бар да, тұтас бір мемлекеттің азаматтары ретінде топтасу кем. Оның себебі мен салдарын «сұр табақшалардағы» ақпараттардың сұрқынан танып білу қиындық тудырмайды.
«Әңгіменің басын айтқан екенсің, енді аяғын да айт» демекші, министр ақпараттық қауіпсіздік туралы айтып қалған екен, ендеше, «сұр табақшалармен» ғана қалмай, Ресейдің газет-журналдары (ұзын-ырғасы мыңнан асып жығылады) еркін саудаланатын дүңгіршектердің де есеп-қисабын жасап, оларды да елден ығыстырып шығарудың жолын тапқаны абзал. Ресей баспасөзінің қас-қабағын бағып қана отыратын еліміздегі орыстілді басылымдар мен теле-бағдарламалардың да бағытын айқындап, қайсыбір қажетсізін жауап, келеге келтіргені де жөн. Әйтпесе, «сұр табақшалардың» орынын «құр табақшалардың» басқанынан не пайда, не қайыр?
Еске түседі. Тәуелсіздігімізді алып, тәуелсіз баспасөзімізді бесігінде тербетіп жатқан кезімізде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Елбасымыздан бастап биліктегілердің бәріне «Телеарналарыңды тұтас қазақша етіп жібермеңдер, өйтетін болсаңдар көрермен аудиторясын жоғалтасыңдар» деп өзінше Сэм-ағайлардың салтымен кеңес беріпті. АҚШ-тың өзге кеңесіне көп құлақ түре бермейтін біздің билік әлгі мордиясы аса келіспеген кеңеске жабыса кеткен еді, көрдіңіз бе, нәтиженің қандай жағдайға әкеле жатқанын? Ендеше, елдің сөзіне құлақ аса бергенше, өзің ақыл тауып, анық басқанға ештеңе жетпейді.
Дәурен Қуат
Abai.kz