Ақтолқын Құлсариева. Абай және қазақ аудармасы
Ойсыз әлем болмайтын секілді, идеясыз ұлт болмайды. Ғұмырлық идеясыз халық жел қуған қаңбақ сынды. Ұлттық идеяны іздеу халықтың өзін-өзі іздеуге кіріскендігі. Өткенінде өнеге , тарихында тәлімі бар ел төл дәуірінің толғақты сәттерінде өзіне өзі есеп беріп, төрт құбыласын түгендейді, өткен ғасырлардан сыр тыңдайды, маңдайы тірелген кезеңнің тамырын басады, келер күнге барлау жасайды. Ұлттық идея, оның ішінде, ұлттық жетілу мұраты патриотизммен тығыз байланысты. Ал патриотизм неден басталады? Өзіміз тірішілік етіп отырған ландшафтағы, мәдени кеңестігіміздегі біртуар дүниелер, қасиеттер мен дара тұлғаларды сүю, қасиетті санау мен уағыздаудан басталады. Ол өз ұлтының жетілуі жолында Бөгенбай мен Қабанбайша қайраттанып, Абай мен Ахметше толғанып, Шәкәрім мен Нұрғисаша тебіренуден басталады.
Ойсыз әлем болмайтын секілді, идеясыз ұлт болмайды. Ғұмырлық идеясыз халық жел қуған қаңбақ сынды. Ұлттық идеяны іздеу халықтың өзін-өзі іздеуге кіріскендігі. Өткенінде өнеге , тарихында тәлімі бар ел төл дәуірінің толғақты сәттерінде өзіне өзі есеп беріп, төрт құбыласын түгендейді, өткен ғасырлардан сыр тыңдайды, маңдайы тірелген кезеңнің тамырын басады, келер күнге барлау жасайды. Ұлттық идея, оның ішінде, ұлттық жетілу мұраты патриотизммен тығыз байланысты. Ал патриотизм неден басталады? Өзіміз тірішілік етіп отырған ландшафтағы, мәдени кеңестігіміздегі біртуар дүниелер, қасиеттер мен дара тұлғаларды сүю, қасиетті санау мен уағыздаудан басталады. Ол өз ұлтының жетілуі жолында Бөгенбай мен Қабанбайша қайраттанып, Абай мен Ахметше толғанып, Шәкәрім мен Нұрғисаша тебіренуден басталады.
Аңғарып отырғанымыздай, ұлттық идея халықтың уақытша қиындықтары мен кезеңдік қажеттіктерін өзек ете салатын идея ғана емес, халықтың дәуірлік мұратын айқындайтын, келер ұрпақтарға да темірқазық бола алатын ұрпақ рухын шыңдайтын ұран. Ұлттық идея сынды эфемерлі дүниені жерге жақындататын жол - ұлты тұна тыңдаған тұлғалар мұрасын ұрпақтан ұрпаққа таратып, уағыздап отыру. Сонда ғана ұлттық кемелдену процессі орын алары сөзсіз. Кемелденуді көштен кейін қалғандардың ғана сыбағасы деп қабылдауға мүлдем болмайды. Жетілу, кемелдену жүзден озған жүйріктің де, мыңнан озған тұлпардың да маңдайына жазылған, жалпы алғанда, адамзат еншісі.
Осы орайда, исі қазақтың пір тұтатын ұлттық тұлғасы - Абай мұрасын түрлі қырынан қарастырудың өзі ізделініп отырған ұлттық идеяның мазмұнының баюына, нақтылануына әсер етеді. Абай шығармашылығының аудармамен тығыз байланыстылығы ешкімге жаңалық емес. "Аудармашылар - мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін пошта аттары, ағартушылық шабармандары" деген екен кезінде А.С. Пушкин. Расында да дәл солай.
Аударма ісі дәл өзінің танымал мағынасында, яғни тіларалық көркем аударма ретінде қазақ мәдениетінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталды. Бұл - орыс әдебиетінің алдыңғы қатарлы шығармаларын аудару мезгілі еді. Осы бағытты бастаған Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтар болды. Солардың арқасында қарапайым халық арасында ғылым-білімге, сауаттылыққа деген ынталылықты туындатқан, «білім дегеніміз күш», «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегізген ағартушылық үрдістері басталды десек қателеспейміз.
Мәдениеттер, тіпті, өркениеттер арасындағы мәдени дәнекерлікті жүзеге асырған Абай аударма шебері болды деуге толық негіз бар. Абай орыстың ақындарын ана тіліне үйлесімді сөйлетіп аудара білген. Абай Құнанбаев орыстың Крылов, Пушкин, Лермонтов сияқты ұлы ақын-жазушыларының шығармаларын аударды. Аудара отырып олардан рухани нәр алды, өлең жазудың шеберлігін, сөз сараптаудың, ойды бейнелеп айтудың асқақ та нәзік үлгілерін үйренді. Абайдың кезінде өзі сусындаған, нәр алған орыс халқының классиктерін ана тіліне аударып, өз халқына паш етуі үлкен рухани қажеттіліктен туған іс еді.
Абай заманында қазақ арасында аударма өнері мүлде дерлік дамымаған болатын. Егер онымен бірен-саран шұғылданушы табыла қалса да, олар аударма ісіне негізгі мамандығының мұқтажына қажетті қосалқы құрал ретінде қарайтын еді. Мысалы, көрнекті ағартушы және тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсариннің осы саладағы еңбегіне назар аударсақ соның куәсі боламыз. Ол өзінің "Қырғыз хрестоматиясын" даярлау барысында Л.Н.Толстой, К.У.Ушинский, И.И.Паульсон шығармаларын аудара отырып, пайдаланып, өз жанынан сюжеттер қосып түрлентті. Ол жас жеткіншектерді оқытуға себі тиетін бірнеше ғибрат әңгімелерді орысшадан қазақ тіліне аударған, бірақ бұл игілікті іспен кең көлемде және арнайы айналысқан жоқ. Ыбырай Алтынсариннің аударғандары негізінен А.Н.Толстойдың, А.И.Крыловтың, К.Д. Ушинскийдің, И.М.Паульсонның шығармалары еді.
Шәкәрім Құдайбердиевті де аудармашы ретінде тани аламыз. Ш. Құдайбердиевтің көркем аудармаға қосқан үлесінің шоқ жұлдыздары - А.С. Пушкиннің "Дубровскийі" мен "Боран" хикаясы болды.
Әлихан Бөкейхановтың қазақ тарихындағы саяси орнын бәріміз білгенімізбен, оның қазақ мәдениетіндегі аудармашы ретіндегі өзіндік орнын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Әлиханның кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі - көркем аударма. Аудармаларының ішінде орыстың классик жазушылары Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, В.Г.Короленко, Д.М. Мамин-Сибиряк сынды жазушылармен қатар, Еуропаның өркениетті елдерінің қаламгерлері Ги де Мопассан әңгімелері, сондай-ақ, үнді, түркі тектес халықтардың әдеби шығармалары және антикалық дәуірдің жәдігерлері де ұшырысады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Абай аудармалары қазақ мәдениетінің тарихында болған үлкен оқиға. Аудармашыға қойылатын ең бірінші талап оның аудармаға қажетті қос тілдің екеуін де - өз ана тілі мен аударылатын шығарма жазылған бөтен тілді де барынша жақсы меңгерумен байланысты. Әлгіге қоса, аудармашы тіл сырын, сөз мәнін, көркемдіктің қадірін білетін, өмірге суреткерше қарап, әрбір көрініс пен құбылысты көркемдік, әсемдік тұрғысынан ұғына алатындай қиялы ұшқыр, ойы терең, жаны сергек те сезімтал, ақындық-жазушылық дарынның иесі болуы да керек. Осы аталғандардың барлығы Абайдың бойында болған.
Абай аудармамен шұғылданған шағында бұл салада арнайы қызмет етуді, сөйтіп аударма ісін кәсіби биікке көтеруді нысана етіп қоймаған тәрізді. Әйтсе де, Абай өзінің ақындық өнер тәжірибесінде әрдайым сол кезде қазақ үшін озық үлгі болып табылатын орыстың мәдениетіне сүйенгендіктен, өзі сүйсіне оқып, үлгі-өнеге тұтқан классик ақындарды қазақша сөйлетпей отыра алмаған. Ол ол ма, Абай ақындығының кемелденуіне, жетіле түсуіне, асқан көркемдік пен терең мазмұнға ие болуына сол аударманың едәуір екпін бергені, игілікті әсер еткені күмәнсіз.
Қалайда, ақынның әдеби мұрасы ішінде аударма үлгілерінің де өзіндік орны мен салмағы бар. Сан тілімен келтірсек: аудармаға арналған 15 жылында Абай үлкенді-кішілі 50-ден астам шығарманы орыс тілінен қазақшаға аударыпты. Сонда ол А.С.Пушкиннің "Евгений Онегин" атты әйгілі шығармасынан 7 үзінді, М.Ю. Лермонтовтан 30-ға таяу өлең, И.А. Крыловтан 12 мысал және басқа да авторлардан 7 өлең шамасында аударған.
Абай аудармаларын Пушкин үзінділерінен бастайтын себебіміз кездейсоқ емес. Қазақ ақынының аударма өнеріндегі алғашқы қадамы дәл сол тұлғадан басталған болатын. Сол "Евгений Онегиннен" жеті үзінді қазақшаланған болса, олардың бәрі бірдей Пушкиннің түпнұсқасымен мүлтіксіз дәл түсе бермейді. Бұл неліктен? Абайдың алғашқы қадамы, яғни аударма ісіндегі тәжірибесі аздығынан туды десек, аталмыш үзінділердің ішінде ақынның әрі көркем, әрі дәлірек аударғандары да кездеседі ғой (мысалы, "Онегиннің сипаты", "Амал жоқ, қайттім білдірмей", "Барасың қайда, қайда болмай маған" т.б.). Тегі, негізгі себепті басқа жақтан іздеген дұрыс.
Абайдың жасаған аудармаларының дәл не еркін болуы әртүрлі тарихи жағдайлардың жемісі. Мәтінді дәл аударудан дұрыс мағына шықпаған, не мәтіннің жай мағынасын бергенімен, ойындағыдай көркемдікке қол жеткізілмеген жерлерде Абай түпнұсқа мәтінінен алыстап барып, оның идеялық-көркемдік мағынасын дәл беруге тырысады. Ара-тұра, ақын Пушкиннің түп нұсқасынан алшақтау кетсе оны Абайдың қазақ оқырмандарының қамын жеуінен туған заңды көрініс деп білу керек деп ойлаймын. Осындай ізденудің арқасында Абай шығармашылық аударманың тамаша үлгілерін жасаған.
Абайдың ерекше сүйіп аударған екінші ақыны - М.Ю. Лермонтов. Ең алдымен, Лермонтов шығармаларымен қазақ ақынының жақын таныс екенін және оның жеке өлеңдерімен бірге кейбір поэмаларынан да үзінділер аударғанын аңғарамыз.
Абайдың аса көңіл бөліп аударған үшінші ақыны, орыстың атақты мысалшысы - И.А.Крылов. Сол бір кезде, аударма өнері жолға қойылмай тұрған шақтың өзінде И.А.Крыловтың бір мысалын ("Қарға мен түлкі") тұңғыш рет Ыбырай Алтынсарин қазақшалаған болатын. Содан кейін Абай оның он екі мысалын қазақ тіліне аударады. Крыловтың сатиралық мысалдарын қазақшалауға бармай, оның өсиетшілдік бағыты басымырақ мысалдарын Абай ден қоя аударған.
Бұл аудармаларында да Абай шеберліктің, дәлдіктің, авторды терең түсінудің үлгілерін көрсете алған. Соншалық шабытты жолдар орыс елінің ұлы мәдениетімен қазақ ақынының танысып, Пушкин, Лермонтов сынды абзал жандармен сырласу сәтінде туған. Сол себепті, Абай, бір жағынан, ақындық өнерін шырқау биікке көтерсе, екіншіден, сол кездегі қазақ жұртшылығын тың бір дүниемен таныстырды, келешек ұрпаққа өнеге боларлық ұмытылмас еңбек жасады.
Қазақстандағы аударманың тарихы мен теориясын зерттеу жұмысы ғылыми әдебиетте аударма жайында алғаш пікір айтқан С.Сейфуллиннен бастауын алады деуге келеді. Спандияр Көбеевтің "Үлгілі тәржімасы", Молданияз Өтетілеуовтың "Жиған-тергені" және басқа авторлардың жарияланған аударма туралы ойлары Қазақстанда аударма өнерін өркендетуге айрықша қызмет атқарды.
Қазақ аудармасының тарихы мен теориясын қалыптастыруға ғылыми-зерттеу еңбектері де үлкен септігін тигізді. Атап айтқанда: С. Нұрышевтің "Абайдың аударма жөніндегі тәжірибесінен" [1], С. Талжановтың "Көркем аударма туралы" [2], Ә. Сатыбалдиевтің "Рухани қазына" [3], М. Әлімбаевтың "Өрнекті сөз - ортақ қазына" [4] және т.т. деген кітаптарында қазақ аудармасының әрқилы мәселелері зерттеліп, талқыланды.
Аудармашы - өз халқының, өз ортасының, өзі өмір кешкен заманының перзенті. Аударма әрқашанда адамдар, қауымдар, тайпалар, халықтар, ұлттар арасындағы әлеуметтік, экономикалық, рухани, ғылыми қарым-қатынастың, алыс-берістің, айырбастың құралы. Аударма - елтану жолы, достықтың, ынтымақтастықтың тәжірибе-тағлым алмасудың делдалы. Аударма адамдардың көп замандарға созылған ұзақ тарихында тілі өзге басқа адамдар қауымын түсінудің құралы, олармен қарым-қатынас жасаудың делдалы, дәнекері болған. Аударма халықты рухани жағынан дамытудың күшті құралы, себебі, ол - бүкіл адамзат мәдениетінің қазыналы қақпасын ашатын кілт, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы, тіл ұстарту мектебі.
Аударма қай уақытта болмасын мәдениетте зор маңызға ие болған, бүгінгі таңда ие болып отыр және болашақта адамзат қандай да бір өзара ортақ тіл тапқан күннің өзінде де маңызынан айырылмайтын қажетті мәдени-тілдік әрекет. ХХ ғасырдың орта шенінен бастап, халықаралық қатынастардың ауқымының ұлғаюына байланысты, аударма ісі бұрынғыдан да гөрі қажеттірек бола бастады. Соның нәтижесінде тілтану, әдебиет және мәдениет тарихы тұрғысынан болсын, психология мен философияда болсын аудармаға қатысты зерттеулер жандана түсті.
Қазіргі уақыттағы аудармашылық белсенділіктің артуына мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасының әсері зор дей аламыз. Бүкіл адамзат баласының озық ойлы авторларының, өз саласының дүлдүлдері болып есептелетін ойшылдар, ғалымдардың шығармашылығын қазақ тілінде сөйлету талай қиянат көрген тілімізге серпіліс беріп, бұрындары тек көркем әдебиетпен шектеліп келген аудармашылық жұмысты жандандырады деген үлкен үмітіміз бар. Сол "мен мұндалаған" үмітке жету жолында біраз тер төгіп, үлкен жауапкершілік арқалау керектігі даусыз. Профессор Ж.Молдабековтың "Аудармадағы ала-құлалық алаңдатады" деген мақаласында келтірілгендей, "аудармашылардың кәсіби деңгейі (сала бойынша және көркемдік шығармашылық тұрғысынан) қалыптаса қойған жоқ. Аудармадағы кәсіби дәстүр де, деңгей де бірдей емес." [5, 43 б.].
Расында да, жасыратыны жоқ, "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасына байланысты ісшаралар бұрындары өз кәсіби қажеттілігі аумағында аракідік қана өзі үшін аударып жүрген көптеген гуманитарлық ғылым салаларының өкілдерін әп-сәтте аудармашы етті. Сондықтан болар, алдыңғы шығып үлгерген томдарда жарияланған аудармалар арасынан терминологиялық көпнұсқалық, ала-құлалық, көңілге қонымсыз жайдақ аудармалар кездесетіндігі тіл жанашырларын қынжылтары сөзсіз. "Бірақ та аударма жұмыстары осы мамандардың кәсіби және өзіндік тұлғалық әлеуетін қатар жетілдіруде ме немесе қоғамның әлеуметтік және мәдени әлеуетін басқаруын тездетуде ме десек, әзірге бұл екі бағыттағы жүйелі жұмыс тіптен шамалы, қанағатсыз екенін мойындауымыз керек." [58, 42 б.]. Ал арнайы философиялық, психологиялық, әлеуметтанулық классикалық мәтіндерді филолог-аудармашылар қолына берсеңіз, онда да қиындық кезікпес еді деуге тағы да болмайды. Өйткені "аударма мәтінді талқылағанда оның мәдени мағынасын, идеялық бағытын, әлеуметтік-лингвистикалық дәстүрдің құрылымы мен стилін дұрыс ұқпайынша, бұл аударманың мәнді, түсінікті, сәтті болуы күмәнді." [58, 42 б.] Бірақ, "көш жүре түзеледі" демекші, бірте-бірте аудармадан кенжелеп қалған ғылым салалары да өздерін қамтамасыз ететіндей аударылған мұра жинарына сенеміз.
Сол бір мақалды келтіріп, бұл жерде өзімізді өзіміз жұбатайын деп отырған жоқпыз. Осы үлкен мемлекеттік бастаманың арқасында ғылымның сала-саласы бойынша сұрыпталып келе жатқан интеллектулды аудармашылар топтарының пайда болғанының қуанарлық жағдай екендігін әрі солардың арасынан "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандай біреулерінің бой көрсететіндігін білеміз.
1. Нұрышев С. Көркем аударманың кейбір мәселелері (мақалалар жинағы). - Алматы: Қаз.ССР Ғылым Академиясының баспасы, 1957 - 151 б.
2. Талжанов С. Көркем аударма туралы. - Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1962. - б.
3. Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына: Көркем аударма мәселелері. - Алматы: Жазушы,1987. - 171 б.
4. Әлімбаев М. Өрнекті сөз - ортақ қазына. Алматы,1967.
5. Молдабеков Ж.Ж. Аудармадағы ала-құлалық алаңдатады // Ақиқат. - 2006. - №4. - 41- 45 бб.
Ақтолқын Құлсариева - филос.ғ.д., профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«kazakheli.kz» сайты