Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3842 0 пікір 20 Қараша, 2017 сағат 22:09

Жаңашыл Жақып Қазақстандағы қылмысты азайтты ма?

Шынын айтқанда, біздің адамдардың көбінің санасында «прокуратура  –жаза­лаушы  орган» деген теріс түсінік  қалып­тасқан. Бұл кешегі кеңес өкіметінен қалған және одан бергі кезеңде әлі де арыла алмай келе жатқан «көненің қалдығы». Өйткені, жұрт про­куратура өкілін, яғни, прокурорды  көбіне сот процесінде  мемлекеттік айып­таушы  ретінде көреді. Ол  әрі сазарған, суыққанды кейіпте  отырып, қылмыстық әрекетті өз тұрғысынан бағалап, айып­талушыға  судьядан жазаның ең шекті немесе қатаң да ауыр түрін тағайындауды сұрайды.  Ал, судья істі жан-жақты салмақтап, таразылай қарап отырып, жазаның жеңіл де емес, ауыр да емес, орташа  мерзімін белгілеп, сол бойынша үкім шығарады. Осыдан кейін-ақ көпшіліктің көз алдында судьяның аз да болса кешірімшіл келбеті, керісінше прокурордың жан баласына жаны ашымайтын қатыгез,  безбүйрек бейнесі қалыптасады.

Қызық үшін энциклопедиялық анықта­малық пен сөздіктерге үңіліп қарасақ, «прокурор»  сөзі о баста латынның  procurare –  басқару, қандай да бір іске қамқорлық жасау  ұғымынан шыққан екен. Тарихи деректерде прокуратураның  ең алғаш сонау XІV ғасырдың басында Франция королі  ІV  Филиптің тұсында пайда болғаны айтылады. Содан бері қарай прокуротура адамзат қоғамында сот және полициямен бірге құқық  қорғау салысының бір тармағы ретінде қызмет етіп келеді.

Көпшілік білетіндей,  еліміздің Ата заңы – Қазақстан Республикасының  Конститу­циясының 83-бабының 1 тармағында: «Про­куратура мемлекет атынан республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республи­касы Президенті Жарлықтарының және өзге нормативтік құқықтық актілердің дәл және бірыңғай қолданылуына, жедел-іздестіру қызметінің, анықтама мен тергеудің, әкім­шілік және атқарушылық істер жүргізудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Прокуратура кез-келген заң­бұзушылықты анықтау және жою жөнінде шаралар қолданады, Республиканың Конс­титу­циясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен өзге де құқықтық актілерге наразылық жасайды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді, сондай-ақ, заңда белгілен­ген жағдайларда тәртіп пен шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады» деп көрсетілген еді. Және де ҚР-ның  «Прокуратура туралы»  1995 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған  (кейіннен уақыт талабына сай бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілген)   Заңында да осы бап басшылыққа алынған болатын.

Қоғамымыздың дамуына қарай мемлекет басшысының ұсынысымен бұдан бірер ай бұрын билік тармақтарындағы құзыреттерді бөлісу мақсатында  еліміздің Ата заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесі  көтерілді. Қажет-ау деген өзгерістер мен толықтырулар бір ай бойына жұртшылық арасында қызу талқыланды. Сонан соң Парламентте қаралып, бекітілді. Сөйтіп, күні кеше ҚР 2017 жылғы 10 наурыздағы №51-VІЗРК «Қазақстан Республикасының Кон­ституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң шығарылып, онда: «Прокуратура мемлекет атынан  заңда белгі­ленген мөлшер мен формада Қазақстан Рес­публикасының территориясында заңды­лықтың сақталуын жоғары дәрежеде қада­ғалау жасайды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады» деген сипатта бұрынғыға қарғанда нақты да ықшам анықтама берілді.

Әуелгісінен де, кейінгісінен де аңғара­тынымыз, прокуратура қоғамымызда жаза­лаушы  емес, заң мен құқықтың бұзылмауын қадағалаушы орган қызметін атқарады. Алдыңғы қатардағы, өркениетті елдердің бәрінде солай. Оларда біздегідей жұрт прокурорға үрке қарамайды, қайта құқығы бұзылған жағдайда  оған жүгініп, заң тұрғысынан әділін айтып, баға беруін сұрайды. Біз де бірте-бірте осыған келетін боламыз және келе жатырмыз. Ол үшін екінші жағынан халықтың да құқықтық сауаты мен мәдениеті  өсіп-жетілуі тиіс.

Әрине, Тәуелсіздіктен бері қарайғы ширек ғасыр ішінде елімізде прокуратураның қызметін жетілдіру бағытында көптеген реформалық іс-шаралардың атқарылғанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әлі  жетілмей жатқан тұстары да жетерлік. Өйткені қоғамның даму барысы, заман  ағымының қай салаға да жаңа талап қоя беретіні  хақ.

Дейтұрғанмен, кейінгі бірер жылда Бас прокуратураның басшылығына Жақып Асанов дейтін азамат келіп, республи­камыздың прокуратура жүйесінде елеулі өзгерістер мен жаңаша қадам-қаракеттердің жасалып жатқаны байқалады. Мұны жұрт­шылықтың БАҚ беттерінде, интернет желілерінде жазып жатқан көзқарас-пікірлерінен аңғаруға болады.

Басқаны қайдам, мен өзім  өткен жылы  сәуірде Жақып Асанов  Президенттің Жар­лығымен  Бас прокурор  болып тағайын­далғанда  одан аса бір жаңашылдық пен тың қадамдар күте қойған жоқпын. Әдеттегідей «лауазымды қызметке кезекті бір шенеунік келді» деп  қабылдағанмын. Әйтсе де оның заңгерлік еңбек жолын адвокатурада үйренуші болып бастап, прокуратура жүйесінің барлық баспалдақтарынан өткені, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының про­куроры, Әділет  вице-министрі болғаны,  тіпті Парламент Мәжілісіне 2007 – 2012 жж. ара­лығында депутаттыққа сайланғаны, соңғы жылдары Бас прокурордың орынбасары қызметін атқарғаны үмітімді  үзбегендей  еді.

Оған қоса, Мемлекет басшысы Н.На­зарбаевтың  Ж.Асановты  жаңа қызметке тағайындап, Бас  прокуратураның  ұжымы­мен кездескенде «Ол прокурорлық қызметтің барлық сатысынан өтті, үш өңірде, Әділет министрлігінде қызмет істеді, Парламент депутаты болды. Білімі мен тәжірибесі жеткілікті, жергілікті жердегі ахуалмен таныс. Осы ұжымда ұзақ уақыттан бері жұмыс істейді, оған ешқандай ескерту айтыл­ған жоқ. Бұл жұмыс қолынан келе­тініне сенімдімін», – деп айтқаны еске түседі.

Ендеше, артта қалған бір жылға жуық уақыттың ішінде Бас прокурор Жақып Асанов  не істеді, қандай жұмыстар атқарды?  Соған кішкене шолу жасап көрейік.

Бұрынғы басшылар жиі айтатын И.В.Сталиннен қалған (ол мұны 1935 жылы 4 мамырда  Қызыл Армия әскери акаде­миясын бітірушілердің алдында  сөйлеген сөзінде айтқан екен)  «Бәрін кадр шешеді» деген  сөз тіркесі  бар. Расында да,  кез-кел­ген салада кадрдың біліктілігі, кәсіпқойлығы шешуші рөл атқарады. Сондықтан болса керек, Жақып Қажманұлының жаңа қызмет­ке кіріскенде ең алдымен қолға алған  ісінің бірі – осы кадр мәселесі болды. Өйткені, елі­міздің Бас прокуратурасы мен оның облыс-аудандардағы тармақтарының алдына қойылған мақсат-міндеттерді  заман талабына лайық:  білімді де білікті, ақыл-парасаты биік,  ойы ұшқыр, танымы терең маман кадрларсыз жүзеге асыруы қиын екені бесенеден белгілі. Бірақ, өкінішке қарай, үлкен қызметке кіріскен кей басшылар  «кадр жасақтаудың жөні осылай» деп қарамағындағыларға қырғидай тиіп, оңды-солды ауыстырып, сапырылыстырып, өз адамдарын әкеп қойып, артынан өкініп, опық жеп жатады.

Кадр дегеннен шығады, өткен 2016 жылдың 30 маусымында Жақып Асановтың өз бас болып «Прокуратураға – үздік кадрлар!» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Әңгіме барысында ол: «Жылына шамамен 300-дей жас қызметкер прокура­тураға қызметке қабылданады.    Жоғары оқу орындары жыл сайын 30 мың заңгерді дайындап шығарады. Сауалнама нәтижелері көрсет­кендей, олардың шамамен 60%-ы прокура­турада жұмыс жасағанды қалайды. Бұдан шығатыны – 1 орынға 60 адамнан келеді» деген дерек келтірді. Демек, прокуратурада қызмет еткісі келетін үміткерлер жетіп-артылады. Олардың ішінен үздіктің-үздігін таңдап алуға мүмкіндік бар. Алайда, Бас прокурор лайықтылармен қатар бұл салаға «әкесінің, көкесінің жетелеуімен», ықпалды адам­дардың   «көмегімен» даярлығы нашар жас мамандардың да  кіріп кететінін,  ондай­лардың қызметке кіріскенде  жүктелген міндетті жөнді атқара алмай, қиналып жататынын, сөйтіп жұмыстың барысына нұқсан келетінін жасырмады. Айтуынша, осындай себеппен соңғы үш жылда 67 жас маман жұмыстан шығарылып, олардың 57-сі өз еріктерімен кеткен.

Тіпті, ол кейбір прокурорлардың жұртқа үлгі көрсетудің орнына  өздері тәртіп бұзатынын, мысалы, Қарағандыда бір әйел қызметкердің мас күйінде автокөлік  рөліне отырып, жол көлік оқиғасын жасағанын, сонан соң оқиға орнынан бой тасалап қашпақшы болып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткенін ренішпен сөз етті.

«Міне, осындай қызметкерлерге қыл­мыстық істерді тергеуді, арыз-шағымдарды қаруды, сотта мемлекеттік айыптау міндетін сеніп тапсыруға бола ма?» – деген сауал тастады.

Дөңгелек үстелдің аясында про­кура­тураға  қызметкерлерді  қабылдаудың  жаңа жобасы әзірленгенін, оны жасауға Назарбаев Университеті, Прайс Уотер Хаус және Делойтт компанияларының  көмектес­кенін айтты. «Ендігі жерде үміткерлерді қабылдау екі кезеңнен тұрады: біріншісі – іріктеу, екіншісі – конкурс. Іріктеу кезеңінде канди­дат заңдар бойынша тест тапсырады. Меди­циналық комиссиядан және арнайы тексеруден өтеді.

Екінші кезең – конкурста  әңгімелесу мен тағылымдама жүргізіледі. Осы тағылым­дамадан өту сатысында біз жаңалық енгіздік. Ол бойынша үміткер:

  1. Өзінің өмірлік тәжірибесі, жетіс­тіктері, дағдылары туралы жазып шығады;
  2. Эссе жазады: Мұнда үміткердің шығар­машылық қарым-қабілеті, өз ойын жазбаша жеткізу мүмкіндігі көрінеді. Бұл көптеген елдердің тәжірибесінде қолданылады.
  3. Кейстік міндетті, қандай да бір проб­лемалық тапсырманы шешеді;
  4. Тест тапсырып, психологиялық зерт­теуден өтеді», – деді.

Бас прокурор мұндай сынақ сатылары уақыттың талабына лайық кандидаттарды таңдап алуға ықпал етеді деген үмітте. Бұған қоса, қызметтегі прокурорлардың жұмысын бағалау, соған сай оларды жоғарлатып отыру жүйесі де жасалынбақ.

Бір сөзбен айтқанда, кез-келген сала сияқты прокуратурада да кадр саясатын дұрыс жүргізу, яғни, білікті мамандарды іріктеп алу мен оларды жасаған қызметі мен сіңірген еңбегіне қарай өсіріп отыру  жұмыстың ілгерілеуіндегі маңызды  фактор.

Елімізде қылмыстық әрекеттерді зерттеу мен сараптау нәтижелеріне сүйенсек, отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалып, әрбір үшінші кісі өлімі  отбасында орын алады екен. Бұл туралы  (2016 жыл, маусымда)  өткізілген  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жайына арналған  ведомствоаралық  кеңесте айтылды. Осы жиында сөз сөйлеген  Жақып Асанов: ««Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Көшедегі агрессияның да бір себебі — отбасындағы жағдай. Үйден ашумен шыққан адам өшін өзгеден алады. Адамдардың қоғамдық жерлердегі және көліктегі теріс қылықтары  көп жағдайда, отбасында болып жатқан жағдайлардың көрінісі… Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүргізудің негізгі шарты – қоғамдық сана мен қалып­тасқан түсініктерді өзгерту қажет. Яғни, отбасындағы зорлық-зомбылықтарға сәйкес түсінік қалыптастыру керек. Әрбір жазасыз қалған үйдің бұзақысы бұдан да ауыр құқықбұзушылықтарға бара алады», – деп тығырықтан шығудың  жолын көрсетті.

Бас прокурордың пайымдауынша, заңдылық пен құқық саласында ұсақ-түйек деген нәрсе болмауы тиіс. Сондықтан болса керек, ол жұртшылық арасында  үлкен шу тудырған, кейбіреулер  «мұнда қандай да бір сыбайластық, парақорлықтың белгісі  бар» деп күдік келтірген  «Үсеновтің ісіне» қатыс­ты  құқықтық тұрғыдан айқын  түсінік берді. Оның айтуынша, Мақсат Үсенов дейтін азамат  бір қылмыстық  және үш әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген. Бірақ та,  күдіктінің ісі қаралған тұста Қылмыстық кодексте жол-көлік оқиғасында кісі өлімі орын алған жағдайда тараптардың ымыраласу мүмкіндігі жайында бап күшінде болған. Соған орай жәбірленуші жақтың келісім беруіне байланысты сот оған қылмыстық жаза қолдана алмады. Әйтсе де бұл оқиға заңгерлерге, әсіресе, заң шығару­шы орган – Парламентке  терең ой салды. Нәтижесінде  адам өлімі орын алған жағдайда тараптардың  ымыра-келісіміне қарамастан  қылмыс жасаушының жазаға тартылатыны жөнінде заңға өзгеріс енгізілді. Өкінішке қарай, осы істі жүргізген тергеуші, қадағалаушы про­курор және үкім шығарушы судья халыққа оқиғаның мән-жайын ашып, дұрыс түсін­дірмеген. Соның салдарынан ел арасында «Үсеновтің ісіне» қатысты күмән  мен әртүрлі алыпқашпа әңгімелер туған.

Осы сияқты  Жақып Асанов  прокура­тураның 2016 жылғы жылы шілде айында шақырылған алқа мәжілісінде:  «іс сотқа жіберілді ме, күдікті-айыпталушы міндетті түрде жазалануы тиіс, сот процесінде  про­курор  тек мемлекеттік айыптаушы міндетін атқарады деген бұрынғы түсініктен арылу керек. Бұл прокуратураның құқықорғаушы ретіндегі рөлін төмендетеді. Көпшіліктің көз алдында  ол  жазалаушы  орган  болып  көрін­еді. Баспасөзде сондай теріс сипаттағы мақалалалар жазылады.  Егер айыпталушы­ның қылмысы толықтай дәлелденбесе,  прокурор еш жалтақтамай, айыптаудан  бас тарту қажет» деген мәселе қойды. Бұдан былай әрбір прокурордың қателігі де, үлгі етерлік  ісі де арнайы реестрде тіркеліп отыратынын жариялады.

Сондай-ақ, прокуратура қызметкер­лерінің көбінесе   арызданушыға жауап хатты қасаң да жаттанды, түсініксіз мәтінде жазатындарына қынжылыс білдірді. Бұдан арылу  үшін әріптестерін үнемі іденіп, өздерін жетілдіріп отыруға, қазіргі заманғы  менеджмент технологиясын үйреніп, игеруге шақырды. Нақты айтқанда, Стивен Ковидің «Семь навыков высокоэффективных людей» және Радислав Гандапастың «101 совет оратору» деп аталатын кітаптарын  оқуға кеңес берді.

Өткен жылы Ақтөбеде салафилік ағымды ұстанушылардың қару-жарақ сататын дүкендерге және әскери бөлімге лаңкестік шабуыл жасап, соның кесірінен бірнеше адамның  қаза тапқаны елдің есінен шыға қоймаған шығар. Осыған байланысты  халық арасында, әсіресе, жастарға  арнап  құқықтық  сақтандыру мен түсіндіру, жат діни ағым­дардың жетегіне ермеу туралы  насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында аталған өңірге екі жүз адамнан тұратын  арнайы комиссия жіберілді. Осы комиссияны бастап барған  Бас прокурор Жақып Асанов жастар мен жасөспірімдерді жинап, олардың алдында былай деп сөйледі: «Сендер әлі жассыңдар. Ересек өмірге бір-екі жылда аттанасыңдар. Осы кезден бастап болашақты ойлап, жаман нәрседен аулақ жүрің­дер. Экстремистер әлсіз, санасы қалыптас­паған, көнгіш, сенгіш жастарды өздеріне тартып жатыр. Ақша беріп, сеніміне кіріп жатқан жағдайлар аз емес. Оның арғы жағы белгілі. Саналарын әбден улап, қолдарына қару ұстатып, қылмысқа итермелейді. Өздері терактіні тек сырттан бақылап, аңқау жастарды өлімге жұмсайды. Қолжаулық ретінде пайдаланады. Сондықтан тағы да айтайын, келешегім жарқын болсын десеңдер, бойларыңды экстремизм, терроризм деген бәледен аулақ ұстаңдар. Өмір көрген, жасы үлкен, жаны ашитын ағаларың ретінде айтамын. Түбінде бұл проблема шешіледі. Бүкіл әлем оларға қарсы шығып, бұл қауіп тамырымен құриды. Бірақ, сол екі ортада талай адамның  құрбан болуы ықтимал. Қателеспейтін адам болмайды. Жас адам максимализмге ұрыншақ. Сондықтан біз бұның алдын алайық, халыққа түсіндірейік, жастарға дұрыс бағыт берейік деп алдарыңызға келіп отырмыз», – деді.

Лауазымды тұлғаның бұлай қарапайым тілмен айтқан ағалық ақылы  жиналған оқушы жастардың көңілінен шығып, жүректеріне жылы ұялады. Мұны кезінде бірқатар БАҚ құралдары мақұлдай жазып, оң баға берді. «Халыққа, оның ішінде жеткіншек жастарға олардың өздерінің  ұғымына сай тілде, сондай деңгейде сөйлеу керек» десті.

Тағы бір айта кететіні, Ақтөбеге барған комиссия әлеуметтік қамту мәселелері бойынша 46 мың тұрғынды қабылдап сөйлесіп, оның ішінде кезек күттірмейтін 4,6 мың адамға нақты көмектер көрсетілді. Ауылдық әкімдіктерде  әрбір тұрғынның әлеуметтік жағдайын біліп отыратындай  арнайы базалық жүйе іске қосылды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерліктің ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы да жетекші күш екенін, сол үшін оны дамытуға, әсіресе, шағын және орта бизнесті өркендетуге жан-жақты жағдай жасау керектігін үнемі айтып келеді. Сондықтанда «Қазақстан-2050» Страте­гиялық  бағдарламасында:  «Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс» деген міндет қойылып, «Жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң  реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту. Бизнеске жасанды бөгеттер тудыра­тын мемлекеттік шенеуніктер үшін жаңа, әлдеқайда қатаң жауапкершілік жүйесін енгізуді қарастыру» қажет делінді.

Мемлекет басшысының  биылғы 2017 жылғы  Қазақстан халқына арналған Жол­дауында да: «бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтудің» басым бағыт екені  айтылып, «біздің стратегиялық мақсатымыз­дың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету» екендігі атап көрсетілді.

Осы орайда Бас прокуратураның қараша айында өткен алқа мәжілісінде  бизнес пен  мемлекеттік органдармен арақатынасы  тақырыбына арналып, отырыс  барысында кәсіпкерліктің  өріс алуына кедергі келтіре­тін біраз түйткілді жәйттер  бүкпесіз, ашық айтылды.  Мұнда да Жақып Қажманұлы сөз сөйлеп: «Біз кәсіпкерлерді «аяқтан шалатын­дардың» кім екенін, оның артында кімдердің тұрғанын  айқын білуіміз керек… Әрбір шенеуніктің кәсіпкерлермен қалай жұмыс істеп отыр?  Ол шынымен жағдайды жақ­сартуға  ұмтылғанымен үлгере алмай жатыр ма, әлде өз міндетін білмейтін біліктілігі төмен, сауатсыз қызметкер ме? Я болмаса, ештеңе істегісі бойкүйез біреу ме?  Осыған нақты баға берілуі тиіс», – деді.  Кәсіп­кер­лермен тікелей байланыс жасайтын  Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер коми­тетіне қарасты  экономикалық тергеу жүргізу қызметінің өкілдері болғанымен, бұл істе түрлі заңсыздықтарға жол берілуде про­куратураның да кінәсі бар екенін мойын­дады.

Биылғы жылдың ақпан айында  Алматы кәсіпкерлерімен  кездесіп, алдағы кезде бизнеске санитарлық-эпидимилогиялық және төтенше жағдайлар бойынша жүргізілетін тексерістердің 11 мың түрінің жойылып, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты 3 мың талаптың қалатынын мәлімдеді. «Жедел қызметкерлер, тергеушілер немесе прокурорлар қылмыстық процесте өздерін қожайын сезінбеулері үшін, электрондық қылмыстық іс жүйесін енгізетін боламыз. Бұл барлығы ашық болу үшін қажет. Кез-келген уақытта не болып жатқанын бақылау және бұзылған құқықтың сұрауын талап ету үшін керек», – деді.

«Ауруын жасырған өледі» демекші, ақиқатын айтқан жөн. Соңғы кездері  еліміздің тергеу орындарында, түрмелерінде қысым жасау,  күш көрсету, ұрып-соғу  әрекеттерінің  орын алатындығы жөнінде жиі айтыла бастады. Сол себепті де бұған заңдылықты қадағалаушы орган ретінде  Бас прокуратураның  жіті назар аудара бастағаны байқалады.  Олай дейтініміз, осы мәселе хақында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов өткен жылы «Конституция – қоғам және мемлекеттің серпінді және тұрақты дамуы­ның негізі» деген халықаралық конферен­цияда: «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері кінәсін мойындамаған айыпталушыларды ұрып-соғуға дейін барады. Себебі, олар бұл – қылмысты әшкерелеудің ең жылдам тәсілі деп есептейді»,  – дей отырып, ұрып-соғуға қатысты істердің 70%-ын прокурорлардың тексеретінін, күдіктіге қатысты сондай заңсыз әрекеттері үшін кейінгі 5 жылда құқық қорғау органдарының 146 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке таптырылып, сотталғанын айтқан болатын.

Ал осы жақында ақпан айының аяғында Астанада түрмелердің жұмысын жетілдіруге қатысты өткізілген  ІV форумда мұндай өзекті жиынға Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) төрағасының қатынаспауы Бас прокурордың ашу-ызасын келтірді. Мұндай немқұрайдылық пен жауапсыздыққа шыдай алмаған Жақып Асанов: «Осында ҚАЖК төрағасы бар ма өзі? Мұнда оның жұмысына қатысты көкейтесті әңгімелер болып жатыр, ал ол жоқ. ҚАЖК төрағасы үшін мұнан асқан қандай маңызды мәселе болуы мүмкін? Міне, өз ісіне деген жауапкершілік пен қарым-қатынастың түрі.  Бізде бұған қылмыстық атқару жүйесінде қаншама төраға қызмет істеді. Олардың қай-қайсысы да өз ведомствосының мүддесін қорғайтын. Соңғы 3 жылда қылмыстық атқару жүйесінің 80 қызметкерлеріңіз сотталды. Бұл жәй нәрсе емес. Шұғыл шара қолданып, жағдайды түзейтін жәйт», – деді. Әлі күнге дейін түзеу  мекемелерінің видео­камералармен, ал ҚАЖК қызметкерлері видеотіркегіштермен жабдықталмағанын, сондықтан да түрмелерде заңның бұзы­латыны, түрлі азаптау мен ұрып-соғуға жол берілетіні, сондай  ахуал  қалыптасқанын ашына айтып, түйткілді мәселеге алаңдау­шылық білдірді.

Жасыратыны жоқ, көптеген басшылар өз қарауындағылардың  тәртіп бұзушылығы мен заңсыздықтарын, тіпті, қылмыстық  әрекет­терін жасырып қалуға тырысады.  Болмаса көз алдау үшін ескерту жасап, сөгіс, қатаң сөгіс берген болады. Себебі белгілі, мекеме­нің, ұйымның не ведомствоның атына кір келмеуі керек. Осылай жауырды жаба тоқу­дың кесірінен заңсыздық әрі қарай жалғаса берді. Бұл ретте  Бас прокурор Ж.Асановтың қағидаты мен ұстанымы дұрыс деп ойлаймыз. Мәселен, ол Қарағанды облысы проку­ратурасының кейбір қыз­меткерлерінің үстінен арыз түскенде  жағдайды нақты және әділетті түрде тексертіп, шұғыл шаралар қолданды. Заңсыздық әрекеттерге жол бергені үшін облыстық прокурордың бірінші орын­басарын, қылмыстық істердің сотқа дейінгі жүргізілуін бақылайтын басқарма бастығын және Теміртау қаласының прокурорын  қызметтерінен босатты. Облыс пркурорына сөгіс жариялады.  Артынан ол өз еркімен қызметінен кетті. Мұның басқаларға сабақ болатыны даусыз.

Кадр саясаты саласында Ж.Асановтың тағы бір жаңалығы  бұдан былай қала және облыс прокурорларын алдымен екі айлық сынақ мерзімімен тағайындау тәжірибесін  енгізбек. Осы мерзім аяқталған соң прокурордың міндетін атқарушы қандай жұмыстар атқарды, нені жүзеге асырды?  Міне, солар жөнінде видео түрінде ашық есеп береді. Берген есебі, атқарған жұмыстары  және  іске деген ынтасы мен қарым-қабылеті жұртшылықты қанағаттандырса  ғана қызметінде тұрақты түрде қалады. Мысалы, осындай тәртіппен ( екі айлық сынақ мерзімімен)  жыл басында Екібастұз қала­сына  Берік Адамов  прокурордың міндетін атқарушы болып тағайындалыпты. Оның бес минуттық видеоесебі  8 наурызда  ҚР Бас прокуратурасының  ресми YouTube арна­сына қойылып, оны алғашқы кездің өзінде 2 мың адам көріп үлгерді. Әрі қарай осылай қолдау, мақұлдау табатын болса,  Берік  Адамов  тұрақты қызметке ие болады.  Несі бар? Бұл да  заңдылықты қадағалаушы – прокурор деген жауапты да лауазымды қызметке лайықты маман кадр таңдаудың бір амал-әрекеті болса керек.

Күні кеше, яғни 27 наурызда Бас Про­курордың төрағалығымен өткізілген Заңды­лықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті  қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында: ауылдық жерлердегі мал ұрлығы, қаладағы ұялы телефонды жымқыру, жеңіл авто­көліктерді айдап кету мәселесі қаралды. Жиын барысында бірқатар деректер мен мәліметтер келтіріліп,  ащы шындықтар айтылды.

Мәселен, өткен  25 жыл ішінде елімізде 2 млн. астам ұрлық жасалып, оның 1,5 млн.-ы ашылмай қалған. Ұрлық жалпы қыл­мыстың 60% құрайтын көрінеді. Әрбір бесінші ұрлық базарлар мен дүкендерде жасалады. Тек соңғы 5 жылда ұрлықтан келген шығын 70 млрд. теңгеден асып кеткен. Еліміз бойынша 2016 жылы үлкен базаралар мен дүкендерде 14  000 ұрлық оқиғасы тіркел­ген. Масқарсы сонда, кейбір ірі сауда орындарын қарауылдайтын  күзет агенттік­терінің қызметкерлері қалта  ұрыларын  ауық-ауық базар ішіне жіберіп, тапқан «пай­даны» өз ара  бөлісіп отыратыны анықталған.

Сондықтан да  ондай күзет агенттіктері­нің лицензиясын алып, жұмыстан аластату, ұялы телефон оператарларына ұрланған телефондарды тіркемеу, лом­бардтарға бағалы заттар мен бұйымдар әкеліп өткізген әрбір адамды бейнекамера, фото­суретке түсіріп алып,  аты-жөні, жасы, тұрғылықты мекен-жайы сияқты мәлімет­терді тіркеп қою жөнінде ұсыныстар жасалды.

Жалпы, зер салып қарағанда, байқа­ғанымыз, жылға жуық уақыт ішінде жаңа­шыл Жақып Асановтың  жасаған жұмыс­тары, қолға алған істері, көтерген баста­малары баршылық. Олардың бәрін  сана­малап, тізбелеп жатуды жөн көрмедік.

Ең бастысы, Бас прокурордың  алға қойған мақсаты айқын. Ол  Ата Заңымызда көрсетілгендей,  прокуратураның  заңды­лықты қадағалаушы орган ретіндегі  еліміздің өміріндегі  беделі мен рөлін көтеру, заңсыз­дық пен құқықбұзушылыққа жол бермеу,  құқықтық мемлекет құру ісіне салмақты үлес қосу болып табылады. Оның осы бағыттағы адал да шынайы ниеттегі амал-әрекеттері мен  жүзеге асырып жатқан жұмыстары  көңіл қуантады. Ендеше, білікті де тәжірибелі заңгердің елдің игілігі мен мемлекеттің мүддесі жолындағы  талғамды да талапты ізгі істеріне сәттілік пен табыс тілегіміз келеді.

Әшірбек  АМАНГЕЛДІ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434