Сенбі, 23 Қараша 2024
Судың да сұрауы бар... 8380 16 пікір 17 Қаңтар, 2018 сағат 10:06

Жер мәселесіне қатысты халықтың жеті талабы

                                                      Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Назарбаев

                                                      ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев

                                                      ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулин

                                                      назарына

 

                                                        АШЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасының 2003 жылы қабылданған «ҚР Жер кодесінде» шетелдіктерге мен азаматтығы жоқ адамдарға жерді жалға беру қарастырылған. Қолданыстағы «Жер кодексінің» 24-бабында: «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деп анық жазылған. Бірақ, осы және өзге де дау туғызған баптарға (6, 23, 24, 37, 48, 50, 97) ҚР Президенті уақытша 5 жылға мораторий жарияланған болатын. Яғни, бұл баптың заңдық күші мүлде жойылмады, тек  2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақытша ғана тоқтатылды.  Алайда,  мораторийдің мерзімі аяқталған соң жағдай күрт өзгеріп,  Үкімет мүшелері мен Мәжіліс депутаттары шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылық мақсатындағы  жер телімдерін  жалға беру мәселесін тағы  көтеруі әбден мүмкін.

Бұл жерде азаматтығы жоқ адамдар кімдер екенін қосымша түсінік беруді жөн санадым. Азаматтығы жоқ адамдарға өз қандас - бауырластарымыз – әлі де азаматтық алып үлгермеген оралмандардан басқа, апатридтер - (лат. apatris и көне грекшеπολις; - отансыз)  оларға: үй-күйі, отаны жоқ  қаңғыбас сығандар, өзге елден қашып  келгендер (мүмкін ол өзге атпен жүрген баукеспе қарақшы немесе экстремист-террорист шығар), т.б. жатады және  бипатридтер - (лат. bi– дважды и греч., от patridos – родина, отечество) екі азаматтығы бар адамдар жатады), ал екі елдің азаматтығын көбіне ақшасы барлар және қылмыс әлеміне қатысты адамдар алатынын бәріміз жақсы білеміз. Болашақта да жерді шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға жалға беру туралы бабтар өз күшінде қалса, сонда халқымыздың тағдыры мен ұлтымыздың қауіпсіздігін шетелдіктер мен баукеспе қарақшылар мен қаңғыбас сығандарға 25 жылға тапсырамыз ба?!.

2017 жылдың қараша айында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Жер кодексіне» толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, ол заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Жуық арада екінші оқылымда тағы да жер мәселесі қаралмақ. Үкімет жанындағы жер комиссиясының ұсынған кейбір шешімдері және Парламент депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған жер мәселесіне қатысты толықтырулар мен өзгерістер халықтың көңілінен еш шықпайды.  Жер комиссиясындағы белгілі қоғамдық белсенділері мен зиялылар және  ауыл шаруашылығы министрліктің өкілдері, халықтың еш алаңдауына  негіз жоқ, «жер шетелге сатылмайды және жалға берілмейді» деп қалың бұқараны тыныштандырғандай  болады. Десе де, жұрт олардың сөздеріне және әрекеттеріне сенбейді. Сол себепті, жер тағдырына, ұрпақтарының болашағына  қатты алаңдаған  халық, жер мәселесі туралы наразылықтарын күшейтіп, талаптарын қойып отыр.  Ел-жұрттың алаңдауларына негіз бар. Өйткені, қолданыстағы «Жер кодексі» және бірінші оқылымда мақұлданған жер мәселесіне қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда ел мүддесі анық көрсетілмеген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қатысты  бабтарда сөздер шұбалаңқы және көбіне «мүмкін» деген сөз жиі қайталанып келеді. «Шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге  тыйым салу» туралы бабтар нақты жазылмаған. Бұны кәсіби біліксіз және қазақша таза білмейтін заңгерлердің, жер мәселесіне қатысты мамандардың қарапайым халықтың басын қатыру әдіс-тәсілдері деуге  болады. Солардың кесіренен халық зардап шегіп отыр. Осындай қауқарсыз заңның әлсіз тұсын пайдаланған,  қолында билігі бар лауазымды тұлғалардың шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жерді жалға беру мүмкіншілігін қарастырулары  туындап, жерімізді талан-таражға салама деген  қорқыныштарын білдіруде.

ҚР Конституциясының 3- бабында: « Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Ендеше, заң заңгерлерге емес, бастысы  халық игілігі үшін жазылып, түсінікті болуы тиіс.  Себебі, «Жер кодексі» ғылыми жоба емес, ғылыми түрде қорғап жазатын. «Жер кодексін» жасаған ауыл шаруашылық министрлігінің мамандары мен заңгерлері, жер мәселесіне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды енгізген Үкімет жанындағы комиссия мүшелері және бірінші оқылымда қабылдаған Мәжіліс депутаттары кезінде Алашорда Үкіметінің іргесі берік қалыптасуы үшін Алаш зиялылары заңдық-құқықтық білімге де аса маңызды мән бергенін ұмытпаулары және олардың тәжірбиесін кеңінен қолданулары керек. Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынов «Законнің асыл түбі, әуелі, үкімет пен халық арасына салатын жол; екінші, үкіметке қараған адамдардың араларына салатын жол. Әр халықтың бұрыннан жүріп келе жатқан дағдылы жолы бар, ол жолды түзеткенде жарамды жерін тимей, жарамсыз жерін ғана өзгертуі тиіс. Олай етпесе, кейін, ойып салған жолмен жұрттың көбі жүрмей, бұрынғы дағдылы жолымен кете береді... сондықтан законнің түп үлгісі бір болғанымен, әркімнің бойына қарай киім пішкен сияқты, әр халықтың қалпына, салтына, мінезіне қарай закон шығарылады. Солай болған соң да, закон шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білуі тиіс. Оны білмей шығарылған закон халықтың түзелуіне емес, бұзылуына себепші болмақшы», - деп болашағымызды болжап, ұлтының қалыптасуы мен елінің дамуына сара жол салып беріпті.

Халық «Жер кодексіне» төмендегідей бабтарды енгізуді батыл талап етеді.

1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдіктер және жарғылық қорында шетелдіктер үлесі  1 пайыз үлесі болса да  жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынсын.

2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен және  азаматтығы жоқ адамдармен  аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан азаматтарына (азаматшаларына)  жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынсын.

3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді Қазақстан азаматтарына жекеменшікке беруге тыйым салынсын.

4. Шекаралық белдеуде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатуға және жалға беруге тыйым салынсын.

5. Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бір адамға 500 гектардан артық беруге және ол адамға өзге өңірде жер беруге тыйым салынсын.

6. Мазарлар мен молаларға жақын (радиусы 5 км жерге дейін) жерлерді  жалға беруге тыйым салынсын.

7. Елді мекендердің айналасындағы жайылымдық және шабындық жерлерді (радиусы15 км дейін)  жалға беруге тыйым салынсын.

Ашық хат әлеуметтік желілер және тікелей кездесу, сөйлесу арқылы 6 айға жуық  жер мәселесі туралы жүргізілген сауалнама қортындысындағы халықтың жазған ой-пікірлері мен ұсыныс-талаптарына сүйеніп жазылды.

Сауалнамада:

-  «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жерді жалға беруге толықтай келісесіз бе?»

- «Жер кодексіне» және жер мәселесі туралы толықтырулар мен өзгерістерге көңілің тола ма?» деген сұрақ болған-ды.

Сауалнамаға қатысқан адамдар (респондент) саны – 450 мыңдай.

Қуанып, мақтанатын бір жағдай, бірде – бір адам «шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жерді жалға беруге толықтай келіспеді». Сауалнама қорытындысы - әр қазақтың бойында, ел мен Отанға және «Жер-Анаға» деген сүйіспеншілік сезімінің  өте жоғары екенін, ұлттық рухтарының асқақ екенін  нақты дәлелдеді.

Ашық хатқа қосымша қол қою жалғасады.

Талғат Қатауов, қоғам белсендісі

Abai.kz

 

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504