Қазақы хиджап
Күнделік және жұмысыма қатысты оны-мұны жазып, қағазымды қимай, түстікке орай шекеге шақырған жерге сәл кешіге шықтым. Терезеден сыртқа қарағанда моп-момақан болып тұрған дала. Аспан ашық, ауа тап-таза. Бірақ алдамшы екенін сеземін. Ықта тұрсаң біліне қоймайтын, білдіртпей қаритын, жылуыңды біртіндеп алатын аяз. Желге бұрылсаң ғана күшін аңғарасың.
Менің бағытым ық екен. Соның өзінде құлақшынды түсіре киіп, бөкебайымды мойныма қос қабаттап орап, әбден қымтанғанмын. Жағалы қысқа тон желкені, кеудені, жауырынды қорғағанымен, жамбас пен екі санға сеп болмайды екен. Бұттағы жұқа шалбар мен іштегі жұқа термобелье дегеніңіз, өздерінің жұқалығына ұялудың орнына, мені мысқылдап: «Иә, Болат, құтыр, құтыр!» деп қояды. Көшеде адам аяғы сирек. Бір апта бойы бүткіл Солтүсік, Шығыс, Орталық Қазақстанды, тіпті одан да кең алқапты құрсаған аяздың бәсеңдеуін күтіп, жұрттың көбі үйінде отыр. Балалар мектепке бармағалы тура бір апта.
Жолай кезіккен қазақтың екі қызы да бет-ауыздарын тұмшалап алыпты. Тек көздері ғана көрінеді. Алғашқы кезіккені ересек екен, аязды күні көңілін көтермекке: «Қысқы хижап па?» дедім. «Иә!» деуге ғана шамасы келіп, күліп өте шықты. Тез-тез басып, барар жеріне асығуда.
Сәлден кейін жолыққан жас бойжеткеннің де мөлдіреген көздері ғана жалтылдайды. Жылы үйінен шыққанына біраз болғаны, бойын суық шалғаны, тоңғаны анық аңғарылады. Бүрсеңдеудің аз-ақ алдында. Мен буым бұрқыраған түр көрсетудемін. Мына кісі қалай тоңбай келе жатыр деп қарайтындай. Үйімнен жаңа ғана шыққанымды қайдан білсін! Жастығы бар, қатты тоңғаны бар, оған әзіл айтуға дәтім бармады. Әзілге мойын бұруға шамасы жоқ екені көрініп тұр.
Екі қыздың да кигендері хижап емес. Күнделікті заманалық киім. Тек тоқыма шарфпен, орамалмен беттерін ораған. Көркем де нәзік беттерін сәл болса да үсік шалмасын дегендері ғой.
Жаңағы екі қыздың тұмшаланғаны бар, өзімнің балтырым мен санымның тоңып келе жатқаны бар қазақы қысқы киімдер есіме түсті.
Міне, гәп қайда. Қазақ «хижапты» жазда кимей қыста киеді.
Қазақтың түлкі тымағы, етек-жең мол тоны, тұлыбы, кең де сырылған түйе жүн шапаны, әсіресе, саптама етігі көз алдыма келе қалды. Балалық шағым совет үкіметі әбден ен жайлаған өткен ғасырдың 60-70-жылдарына келсе де, бұл киімдер тұрмыстан, қолданыстан шыға қоймаған еді. Мамандығы ветеринар Аяпберген ағатайым өте ұсынықты болды. Қысқы-жазғы атқа киетін киімдері, әбзелдері, ат арбасы, шанасы сақадай сай тұратын. Ауылға техника ендеп енген 70-жылдардың ортасы мен аяғына қарай бұлар біртіндеп қолданыстан шыға бастады. Әуелі арба, содан соң шана, одан кейін саптама етік, тұлып керексізденді. Жүкпен бірге, төсектің артына салынып, әр жерде бір шалынып, аяққа оралғы, көзге сүйел болып, қстақтағыларға жіберіліп, ақыры жұрнағы да қалған жоқ. Бала кезімде осы киімдерді аз болса да киіп үлгердім. Тұлыпқа оранып, кәшауаға да отыратынбыз. Қыстақтарға қонаққа баратынбыз, не ауылдан он шақырым жердегі теміржолға барып, пойызға мінетінбіз.
...Бір кездері біздің үй Арқаның кіндігі Жаңаарқа ауданының «Дружба» совхозының орталығында тұрды. Бұл жақында ғана Ерлан Төлеутай мөлдірете сипаттап жазған ауыл. 7-8 класта оқитын бала күнім. Қарашаның аяғы, желтоқсанның басы болар, әйтеуір жерде қар жатқан, аязды, желкем күнде атпен далаға мал жайғаным есімде. Кәдімгі мал кезегі. Баста тымақ әлде құлақшын. Үстімде тон, оның сыртында шапан, бұтта мақта сырылған қалың шалбар, аяқта саптама етік. Саптама етік тізеңді жел мен аяздан жақсы қорғайды. Атқа мініп түсудің қиындығы болмаса, бірнеше сағат бойы анау-мынау аязыңа қыңқ демейсің. Менімен қатарласа, Әбдірахман сиыршы сиыр жаюда. Анда-санда жақындасып, оны-мұныны әңгіме қыламыз. Ауылдың оңтүстік жағы. Сарысудың сол жағалауы. Ауылдан он шақырымдай жерде Шығыс пен Батысты жалғайтын темір жолдың сұлбасы қараяды...
Алты айлық қысында әлсін-әлсін ауа райы бұзылып, тымық күнгі үскірік аязы, аязы басылған кездердегі бұрқыраған бораны, сәл жел тұрса, жүрген ізіңді жоқ қылып отыратын сырмасы бар Арқа бұл. Жауған қар жерге түспей-ақ еріп жататын жылы күндердегі май боранын айтыңыз. Үстіңе бірден жабысып, онсыз да қалың әрі біраз салмағы бар қысқы киімді малмандай су қылып, зіл батпан болып иығыңды басушы еді. Ондай күндері мал жайлау қандай қиын. Бір киген киімің екінші киюге жарамай қалады. Түстен кейін басқа киім киюің керек. Қайтадан құрғақ тон, сырма шапан, қалың шалбар табыла қоюы екі талай.
Алдында ғана ашық болып тұрған ауа-райы кейде күрт бұзылып, елеусіз ғана сырмадан басталып, неше күнге созылатын боранға ұласатынын ауылда талай көрдік. Ауа райын болжауға мән бермей, жолға шыққандардың не омбы қарға малтығып, не түк көрінбес борандарда адасып, ал кейде далада үсіп өлетіні мәлім. Жолаушының көбі астындағы атына сенбей, аты бір жаққа, өзі бір жаққа тартып, адасады. Жетер жеріне сөйтіп жете алмай қалады. Атына сеніп, басын бос қоя берсе, жануар өзі алып-ақ келер еді.
Ауа-райын болжағыш есепші емеспіз, дегенмен күннің бұзылатынын байқататын көрінер-көрінбес, сезілер-сезілмес нышандар болатынын білеміз. Жасында шаңғымен жүріп, қақпан құрған, аң аулаған Ерлан Төлеутай інім менен гөрі көбірек білетін шығар деп ойлаймын. Меніңше, әсіресе, таңғы тымық алдамшы болады. Содан сезіктену керек. Ішіне сыр бүгеді. Өткен кеште күннің қалай батқанын, түнде жұлдыздардың қалай көрінгеніне мән бермедіңіз бе, онда аспанды ерте тұрып барлауыңыз керек. Сәл секем алсаңыз жолға шығуға болмайды...
Хижап демекші. Әр жердің, әр елдің киім киісі климатқа, ауа райына байланысты қалыптасады. Арабияда қыс бола ма, жоқ па, білмеймін, әйтеуір хижап киетіні асқан діндарлықтан емес, құм бораннан сақтанудың бір амалы екен анық. Яғни, хижап діни емес, ұлттық, дәстүрлік киім. Біздің еліктегіштігіміз сондай, қысы-жазы бет тұмшалайтын киім киетіндер шықты. Осындай киім пенденің діндарлығын нық айғақтайтын белгі іспетті... Енді біреулеріміз сонымен күресеміз. Иә, әрнәрсенің байыбына бара бермей, қазақтығымызды сұйылтып, өзгенікіне орынсыз жерік болып жүргенімізді біреу сезеді, біреу сезбейді. Сезгендер қауіп ойлап, уайым жейді.
Иә, қазақтың та бет-аузын тұмшалап, тек көзін ғана жылтырата көрсетіп киінетіні бар. Тек қыста, қатты аязда, боранда сөйтеді. Кейде жаздың аптабында да аңызақ желден, сусыма құмнан қорғану үшін қымтануға, бет-ауызды жабуға тура келетіні бар. Әйтпесе қазақ көбіне жеңіл де жұқа, бастысы атқа мінуге, шаруаға жүруге ыңғайлы, етек-жеңі жинақы киінген. Түнгі салқынға, жауын-шашынға қажет кимін аттың қанжығасына байлайтын болған. Еркек-әйелі, жас-кәрісінің ешбірі бетін көлегейлемей, жұртқа көрсете, жүзім ашық, арым таза деп жүретін халықпыз ғой.
...Несін айтасыз, дәл биылғы қыста ұзын тон мен саптама етіктің, теріден болмаса да, жүннен не мақтадан сырылған қалың шалбардың жоғы өтіп тұр. Сәнденудің де жөні болуы керек. Қабат-қабат киінсең де, қытай мен түріктің киімі біздің қысқа бұйым болатын түрі жоқ. Артымызды ойламай, осыдан екі-үш жыл бұрын ауылдағы ағайынға беріп жіберген де өзіміз. Ешкімді кінәлай алмайсыз.
Сіз қалай ойлайсыз? Келесі жылдың қысы қандай болмақ?
Еліміздегі сән саласы шеберлері осы жағына мойын бұрса, ойланса! Меніңше, бүгінгі етіктерге алмалы-салмалы қоныш, қысқа тондарға алмалы-салмалы етек жетіспейді. Атасудағы Серік молда «Азаматтар, тізелеріңді сақтаңдар! Тізелеріңді сақтаңдар!» деп айтып отырушы еді. Үлкенді-кіші жұрт күлетін. Кімді кім тыңдаған?! Біз де айттық. Қойдық. Әуелі ұзынша тонды ауылға беріп жіберген қатынымызға ие болып алайық!
Болат Сыздық
Facebook-тегі парақшасынан