Сирияда "Вагнер" компаниясының 50 сарбазы оққа ұшқан
Ресейлік «Ведомости» газеті дереккөздеріне сілтеп, Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында 7 ақпан күні халықаралық коалиция күштерінің соққысынан Ресейдің «Вагнер жекеменшік соғыс компаниясының» 50 жалдамалы сарбазы қаза тапқанын хабарлады. Оққа ұшқан жалдамалылар – Украина мен Ресей азаматтары.
Басылымның компаниядағы дереккөзінің айтуынша, соққы жасалған соң-ақ 23 адамның, ал бірнеше күннен соң 50 адамның қаза тапқаны белгілі болған. Дереккөзі дегенмен оққа ұшқандардың жалпы саны сириялық сарбаздарды қоса алғанда 100 адамға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Пентагон өкілі де әуе соққылары жасалған соң одан 100 шақты адам оққа ұшқанын айтқан еді.
Сирияда АҚШ бастаған халықаралық коалицияның шабуылынан ресейлік жалдамалылардың көзі жойылғанын Пентагондағы дереккөзіне сілтеме жасаған америкалық CBS телеарнасы хабарлаған еді. Жалдамалылар Хишам елді мекені аумағында араб-күрд жасақтарынан құралған «Сирия демократиялық күштері» бақылайтын мұнай өңдеу зауытын басып алмақ болды делінген. Әрқилы мәліметтер бойынша, шабуылдан «Вагнер жекеменшік соғыс компаниясының» ондаған ресейлік жалдамалы сарбазы қаза тапқан. Ресей Сыртқы істер министрлігі Дейр-эз-Зор түбінде ары кетсе ресейлік бес азамат қаза тапқанын мойындаған. Бірақ министрлік ондаған адам қаза тапқаны туралы ақпаратты «дезинформация» деп атаған.
16 ақпанға дейін журналистер мен тәуелсіз зерттеушілер әлеуметтік желілердегі жазбалар негізінде оққа ұшқан тоғыз адамды анықтаған. Ресей Мемлекеттік думасының қорғаныс істері комитеті төрағасы Владимир Шаманов Сирияда тек бес ресейліктің қаза тапқанын растаған.
Abai.kz