Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2529 0 пікір 16 Қаңтар, 2011 сағат 10:00

Жәди Шәкенұлы. Мұхтарлар рухы

ХХ ғасырдың адамзат қоғамына берешектерін түгендегенде қазақ сынды қайсар халыққа Мұхтарларды бергенін еске алмаудың өзі кешірілмес күнә сияқты. Сол үшінде өткен ғасырдағы әдеби жетістіктеріміздің желкесіне «Мұхтарлар ғасыры» деп алтын айшықты таңба қалдырсақ, біреу табынар, біреу таң қалар. Таңқалатын түгі де жоқ. Халықтық әдебиеттің қара өлеңін қайнар етіп дала төсінен шымырлап шыққан Абай бұлағын қағыр шөлге жетелеп, бүгінгідей жазиралы жасыл қонысымызға жан бітірген ұлы Мұхаңды (Әуезовты) айтпай қою, соқпай өту мүмкін бе? Ендеше тауды тау емес жота деуге қайсымыздың батылымыз барады.

1972 жылы 32 жасында: «Маған қарсы адам - қазақ халқының жауы» деп,  ХVIII ғасырдан - Бұқар жыраудан ғана басталатын қазақ әдебиет тарихын үш ғасыр кейін сырып, XV ғасырлардағы жыраулар поэзиясын тірілткен, әдебиет шежіресіне Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз сынды алыптарды қайта табыстаған, «Аласапыран», «Қыпшақ Аруы», «Сары қазақ», «Шахан шері», «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Жармақты» берген екінші Мұхаң­ды (Мағауинді) танымау көзімізді шел басқандық болмай ма?!

Ал, одан кейін елім деп еңіреп, халқым деп қан жылап айғайымен емес, әдебиетке өзінің ақындық тұлғасымен келген дара талант Мұхтар Шахановты мойындамай көріңіз.

ХХ ғасырдың адамзат қоғамына берешектерін түгендегенде қазақ сынды қайсар халыққа Мұхтарларды бергенін еске алмаудың өзі кешірілмес күнә сияқты. Сол үшінде өткен ғасырдағы әдеби жетістіктеріміздің желкесіне «Мұхтарлар ғасыры» деп алтын айшықты таңба қалдырсақ, біреу табынар, біреу таң қалар. Таңқалатын түгі де жоқ. Халықтық әдебиеттің қара өлеңін қайнар етіп дала төсінен шымырлап шыққан Абай бұлағын қағыр шөлге жетелеп, бүгінгідей жазиралы жасыл қонысымызға жан бітірген ұлы Мұхаңды (Әуезовты) айтпай қою, соқпай өту мүмкін бе? Ендеше тауды тау емес жота деуге қайсымыздың батылымыз барады.

1972 жылы 32 жасында: «Маған қарсы адам - қазақ халқының жауы» деп,  ХVIII ғасырдан - Бұқар жыраудан ғана басталатын қазақ әдебиет тарихын үш ғасыр кейін сырып, XV ғасырлардағы жыраулар поэзиясын тірілткен, әдебиет шежіресіне Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз сынды алыптарды қайта табыстаған, «Аласапыран», «Қыпшақ Аруы», «Сары қазақ», «Шахан шері», «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Жармақты» берген екінші Мұхаң­ды (Мағауинді) танымау көзімізді шел басқандық болмай ма?!

Ал, одан кейін елім деп еңіреп, халқым деп қан жылап айғайымен емес, әдебиетке өзінің ақындық тұлғасымен келген дара талант Мұхтар Шахановты мойындамай көріңіз.

Алла Тағала бұл тұлғаларды қазақтың, қазақ әдебиетінің бағына бергенінде шүбә жоқ. Көне ғасыр мен жаңа ғасырдың «Өліара» шағын жарықтандыру үшін әдейі жағылған шамдар сияқты. Олар үшін көлеңке іздеп шаршау, күмәнмен қарау әр пенденің көкірек көзіндегі сәулесінің жоқтығынан туған сор ғана. Мағауин айтқандай ондайлар «қазақ халқының жауы» болмақ. Бір қызығы, қызығы емес мерейі үшеуі үш биікте ғана тұрған жоқ, ескіден қалған сорапты жаңаға жалғаған ұзын желімен тап қазірге дейін жалғасып - біздің алдымызда құс жолындай жарқырап жатыр.

Осы желінің алтын қазығы болған Мұхаңа (Әуезовке) келер болсақ, бүкіл ХХ ғасырдың қазақ әдебиетін сәулесіне ораған, сәлиқалы тұлғасы бірден көзге ұрады. Мағауиннің аузына Алла салған Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Бұхар бастаған топтың сарқынын ішкен, текті шаңырақта заманынан бұрын есейген Абай айналасының жаңалығын аса сезгірлікпен аңғара білді, бойына да тез сіңірді. Абай арқылы  Әуезов те сол қара қостан бақыр дәмін татты. Жақсының жақсылығы, ұлтының уыздай мәйегі оның бойына да жұғысты болып, шарапатын дарытты. Ескінің арты, жаңаның алды болды. Қаймағы қалың қазақ ауыз әдебиетімен марқайған Мұхаң Абайлық үлгімен әлемді бетке алды. Өз бойына жинаған халықтық інжу-маржанды өзге ұлт асылымен әрлендіріп биіктерге көтерілді. Әуезовтың аса қиын кезеңде, от пен судың ортасында өмір сүруі шын мәнінде оны тұқыржылата алған жоқ. Қайта дауылдың құшағында есейген қыран құстай шалғысын дауылмен шыңап, жігерін бұлтқа жаныды. Шабытына қамшы басты.  Ол ендігі жерде өзінің жазушы болмай қалуының мүмкін емес екенін анық білді. Жай ғана қаламгерлік міндет емес, атадан балаға жалғасқан қазақ әдебиетінің өтпелі кезеңіндегі ауыр жүктің өз мойнында тұрғанын сезді. Оққа байланған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынов бастаған алтын арқауды үзеңгілес алыптар Сәбит, Ғабит, Ғабиденлермен иық тіресе көтеріп, кейінгі буынға жалғау парызын адалдықпен атқарды. Көкейінде ұлттың рухы, әдебиеттің ауыр сыны, ұрпақтың үміті мен аманаты жатты. Мұның бәрін қайыспас қара нардай көтеру - міне, бұл біз айтқалы отырған Мұхтарлар рухының бастауы болатын. Замана аңду салған, ала тайдай ағайын тайталаса шайнасқан қиын  тұста топ ішінен суырылып шығып, жол табу, сүрлеуді даңғылға айналдыру бұл аса ауыр сынақ еді. Абай рухына шомылып, қасиетті Семей даласына кіндік жалғап өскен Мұхаң сынақтан сүрінбей өтті. Алашты Абайдан, Абайды алаштан айыру қаупінен аман алып қана қалған жоқ, халқымыздың қасиеті сіңген ұлттық әдебиетімізді құтқарып қалды. Абай керуенінің жез бұйдасын кейінгі ұрпақтың қолына ұстатып ғасырлық қарызынан құтылды. Мұхтар рухы сәулесін шашты. Дала болып, қала болып, орыс болып, қазақ болып оған бас ие бастады.

Сол тұста өмірге келген сәбилеріне Мұхтар атын қою - ата текті аңсау, соның жаңа заман бейнесіндегі жаршысын іздеу сынды идеяны ту еткен ұлтшылдардың ғана қолынан келер еді. Мағауия шаңырағы 1940 жылы 2 ақпанда өмірге келген сәбиін Абай топырағына аунатып, Алаш рухымен ұшықтады. Мағауиннің: «Ме­нің атымды Әуезовтің құрметіне Мұхтар деп үлкен атам қойған» деуі сол сөздің айғағы. Сөйтіп екінші Мұхтар өмірге келді.

Цензура саманында студенттік шағынан-ақ ұлт үшін ұлы идеялар көтеруден жасқанбаған Мағауия шалдың баласы қазақ елі тізгінін өз қолына алған бейбіт заманда тіптен көсіле шапты. Әуезов жете алмай қалған, бірақ арманы болған «ақ аралдарды» бағындыруды ойлады. Тектілікті іздеді, үзілген желіні ел есіне салып, «Түркінің қара шаңырағы - Қазақ» екенін ұрпақ санасына шегелегісі келді. Айналамыздағы қытай, орыс империялары жау санаған біздің де Һұндардан Түркіге, одан Шыңғысханға, Шыңғысхан арқылы Алтын Орда хандығына жалғасқан империялық текті ұлт екенімізді ұқтырып, жүрегін байрақ, қаламын қару етті. «Шыңғысханды» тірілтуге кірісті. Біздің ұлт болып қалыптасуымызға, тектілігімізге саятын, әдебитетіміздің ұлттық болмысын ту ететін бабалар ұлағаты Мағауин арқылы қайта бас көтерді. Көзі тірісінде де өлгеннен кейін де өз еңбегінің бақыты мен халқының құрметіне қатар бөленген  Омарханұлының ошағы үрленіп, Абай жаққан оттың қоламтасы қоздай бастады. Мұхтар рухы жаңғырықты.

Өз тегін аңсаған далалық рух қонатын шаңырақтарын іздеп асықты. Семей жері түгіл сонау оңтүстік - Шымкент даласының киелі Отырар жерінде дүниеге келген ұрпағына есім таңдаған Шахан шалда ұлы Мұхаңа бас иді. М.Шаханов «Мені неге Мұхтар қойған» деген Мұрат Әуезовке арнаған өлеңінде бұл жайды былайша жыр етті:

Мықтылардың күйін шертіп өтер күн,

Заман  - терек, адам соның бұтағы.

Мен туғанда досым сенің әкеңнің,

Жазылыпты Абай жайлы кітабы...

 

Жинап алып достары мен қастарын,

Ниетімді құптар деп.

Бұл есімде ерекше бір құт бар деп,

Ат қойыпты Мұхтар деп...

Сөйтіп, 1942 жылы өмірге келген тағы бір Мұхтар өзі айтқандай «Абай, Мұхтар бастаған елге әйгілі, ұлы көштің соңынан ерді». Үшінші Мұхтар тарих сахнасына шықты. Қазақпын деген адамның делебесін қоздырып, қанын қыздыратын ауыздықсыз асау жырлар өмірге келді. Қара өлеңге де, «сегіз аяққа да» келмейтін жас қазақтың жаңа үні жаңғырыға қанат қағып, дүйім жұртты елеңдетті. Бүкіл қала мен дала Шаханов жырын жаттады. Мұхтарлар рухы бұл жолы поэзия тілінде өзгешелеу жаңғырықты. Поэзия тілінде ғана жаңғырыққан жоқ, бағзы заманның батыр­ларының образы Шаханов бейнесінде ортаға шығып, Алаштың асқақ ұрандарын шақырды. Алайда бәрінің діңі біреу - ұлттық рух, ұлт әдебиетінің әлем әдебиетімен үндестік тауып, өз биігіне көтерілуі.

Осылайша өткен ғасырда өмірге келген Мұхтарлар рухы елі мен жерінің мұңы мен зарын, тілегі мен арманын арқалап қазақтығымызға қанат, әдебиетімізге санат болды. Олардың көкірегіне ұя салған Алаш  рухы көл қорыған қызғыштай, ел қорыған ерлердің асқақ дауысына, сөнбес сәулесіне айналды. Көктеп, гүлдеп, ұлт мерейін өсіріп, жас ұрпаққа өнеге-үлгі болатын өлмес қасиетімен ерекшеленді. Дүр-дүр сілкінген дала қыранындай түлежіп, ұлтшыл ұлдардың жүрек лүпіліне айналды.

Тұтастай қарағанда ата-бабаның асыл қасиеті Әуезов рухы болып кейінгі Мұхтарларға жалғасты десек те бәрінде бір ортақтық бар еді. Қазақтың ұлтшыл ұлдарының қасиетін солардың бойынан іздесек, оны мына бірнеше жақтан байқауға болады:

Біріншіден, бәрі де ұлтын жан-тәнімен сүйді. Бір ауыз сөзбен айтқанда ұлтшылдар болды. Халқына адалдықпен еңбек етуді ойлады.

Екіншіден, бәрі де ұлт әдебиетін жүрегімен сүйіп, ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қазақ ауыз әдебиетінен нәр алып, оны жаңа заманның әдебиетімен қауыштыра білді. Көркем ой, көсем сөздің кестесін жасап қазақ қара сөзінің айшығын асырды. Мұхтарлар мұнарасын сомдады.

Үшіншіден, Ұлттық шеңберден көтеріліп, әлемдік әдебиеттің алыптарымен бой теңестірді. Оны ауыз жүзінде немесе бақай қулықпен емес маңдай тер, табан етімен іске асыруды көздеді.

Төртіншіден, Әдебиетте болсын, өмірде болсын дара болып қалуды, басы байлы құл емес еркін болуды қалады. Басқалардың шиырын қайталағысы келмеді. Шиырды қайталағанды былай қойып өз соқпақтарын салу жолында тынбай ізденді. Тар жол тайғақ кешулерді баса жүріп қажымай-талмай еңбектенді және одан нәтиже жарата білді.

Бесіншіден, Олардың шығармаларын ханда, қара халықта, әдебиетші қауымда тең сүйіп оқыды. Жастардың жанын түсініп, кәрілердің тамырын таба білді. Түсініксіздіктен, жаққа, жікке бөлінушіліктен ада болды. Қазақы бояу, әдебиеттік зер, өмір шындығы біте қайнасып ішкі  үйлесімін тапты. Жаңа үлгіні көне дәстүрмен қабыстырып, оқырманын жетелеп отыруды ұмытпады.

Алтыншыдан, қарапайымдылық қасиеттері басым. Жазушымын деп шалқаюдан, болдым-толдым деп семіруден, басқаларды көзге ілмей шіренуден аулақ. Егер ондай мінездері жылт етіп көріне қалса оны сөзімен емес ісімен, еңбегімен  дәлелдегісі келді.

Жетіншіден, өз бойларына тән белгілі такаппарлығы мен көркем­дікке әуестігі де болды. Бірер жаңалық немесе өнер туындысын жасаушы адамның ар жағында көбінде көзге көріне бермейтін менмендік пен такаппарлық жатады. Егер ол қасиеті болмаса онда жасампаздық иесі батылдығынан айрылып жаңа дүние жасауға құлшына алмайды. Және де сұлулыққа, көркемдікке қызықпаған жазушының өз шығармасында сұлу дүниенің сымбатын салуы да мүмкін емес. Осы жағынан қарағанда Мұхаңдар бұл екеуіненде кенде болған жоқ. Жаны сұлу жандарды, көркем табиғатты, өз ойымен оңаша ғұзырлануды жақсы көрді.

Сегізіншіден, ғайыптан келетін күштерге, тылсымат дүние­лерге сенді. Алланы, тәңірді, әулие-әнбиені еш ауызға алмай сөз сөйлеген бірде бірі жоқ. (Әуезовтың «пышақтан өлесің» деген сәуегей сөзін көңіліне алғанын есіңізге алыңыз).

Тоғызыншыдан, адам жанының ішкі құпиясы мен тұңғиық ирімдеріне үңілуге, оны шығармасында нақты бейнелеп, сурет жасауға шебер болды.

Оныншыдан, ана тіліне деген махаббаттары өте күшті. Қазақ тілін кемсітетін, қазақ ұлтының мүддесін құрбандыққа шалатын істерге төзіп тұра алмайды. Шығармаларында қара сөздің майын тамызып, шұрайын сонылап отырады. Шабытты шақтарында дариядай тасып-толқып, көсіле шабады.

Он бірінші, әдебиеттік таластар төңірегінде айналасында болып жатқан оқиғалардан бей-жай қала алмады. (Мұхтар, Сәбит, Ғабит ортасындағы әдеби талас-тартыстар мен Мағауин мен Шаханов ортасындағы даулы мәселелерді есіңізге алыңыз). Онысын жеке бас үшін емес әдебиет үшін, ұлт ұрпағы алдындағы борышым деп қарады. Ұлыстық, топтық шеңбердің сойынын соғуға бармады. Жер шарының азаматы ретінде ұлттан биік ойлағысы келді. Кейде басқалардың сынын қабылдап, өздерінің өсу жолына баспалдақ етіп отыратын кездері де жоқ емес. Пендешілікке бейім «майдаларға» мойын бұра беруге уақыттарын сырап еткісі келмейді.

Жалпы алғанда Мұхаңдардың бұдан басқа біз білмейтін қыры мен сырының көп екендігі де даусыз. Тіпті ұсақ пендешіліктері де болған шығар. Дегенменде ұлы Мұхаңның (Әуезов) олпы-солпысын көрсетпей, әдебиет әлемінен жарқырап өткен жақсы өнегесіне тәнті еместер жоқтың қасы. Екінші Мұхаңның да (Мағауин) ұсақшыл ортадан уақытша ауашаланып, ұлт үшін ұлы шығарма беруге бел бууы да тарих алдындағы әдебиеттік арын таза ұстау үшін болғаны анық. Ал Шаханов та пендешіліктің күйбеңінен қашып, ұлттың ең ірі - желтоқсан, тіл, ел мен жер мәселелерімен ғана айналысуды өзіне азаматтық парыз санапты. Сөйтіп бәрі де ұлт алдында, адамзат алдында кесек күйінде қалуды қалады.

Мұхтарлар рухы - әдебиет үшін біздің нені, қалай жазатынымызды бір ұқтырса, ұлттық рухтың биігіне жетелеп екі желпіндірді. Әдебиетімізге, ұлтымызға керекті ең ұлы үлгілерді көрсетіп, ең ұлы рухтың туын қадады. Жаһандану, ұлтсыздану қатеріне ұшырамасын деп ұйқымыздан оятып, сергектікке бастады. Тәуелсіз елдің ұл-қыздарының ескірмейтін әліппесіне айналды. Болашаққа қалатыны да олардың от басы ошақ қасындағы ұсақ әңгімесі емес, халық қазынасына қосқан осындай сүбелі еңбектері - рухани байлығы. Сондықтанда тақырыбымызға сай аталған тұлғалардың ұлтқа, әдебиетке берер, бізге, ұрпаққа керекті рухы төңірегінде ғана ой өрбіттік.

Аспан әлемінде жарқыраған жұлдыздар көп. Оның айрықша алауланып, шоқтана жайнап тұрған біреуіне ғана назар аударып басқасын барлай алмасақ, бағалай білмесек ол да қиянат. Қазақ әлемінде де сансыз жұлдыз жарқырайды. Біз Мұхтарлар әлеміне ғана көз салып тұрмыз. Бірін-бірі қайталағысы келмейтін үш Мұхтардың қазақ тарихындағы, қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалар екенінде дау жоқ. Жұлдыздары да мәңгілік алауын жағып, сөнбей жарқырайды. Сөнгенді қойып Құл-Мұхаммедов бастаған жаңа Мұхтарлардың жұлдызы туып келеді.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір