«Арқадан Алатауға сәлем!» (фото)
Елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Astana Musical» театры Алматы қаласына «Елордадан Алатауға сәлем» атты гастрольдік турне өткізіп жатыр.
Театрдың көркемдік жетекшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров. Режиссер - Аман Гумаров және Мюзикл қойылымдарында басты рөлдерді сомдаушы әртістер, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Шалқарова Жарқынай, Мұқашев Саламат, Ризабекова Инабат, Игілік Оразалы, Усманов Расул.
Елордалық театр 23,24,27 наурыз күндері алғаш рет қазақ тілінде үн қатқан дүниежүзіне белгілі мюзикл – «Ромео және Джульетта» қойылымын сахналады. Наурыздың 25 жұлдызы күні «Достар серті» мюзиклі ұсынылды. Ал 26 наурыз күні театр әртістері еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен композиторларының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржандары негізінде жасалған «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін қалың жұртшылық назарына ұсынды. Аталған мюзикл «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде 2017 жылғы желтоқсан айында Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде сахналанып, Еуропаны дүр сілкіндіріп қайтқан.
Сонымен қоса, 26 наурыз күні Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына негізделген – «Жырлайды жүрек» атты музыкалық-поэтикалық спектаклі де қойылды.
Олжас Ибраев «Astana Musical» театрының әкімшілік директоры:
-Біз осыдан 2 жыл бұрын құрылған еліміздегі ең жас театрмыз. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт минстрлігінің қолдауымен және театрымыздың жетекшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Асхат Маемировтың көркемдік жетекшілігімен құрылған театр.
Біз гастрольдік сапарымызды Алматыдан бастаған себебіміз, Алматы өнер- Астанасы. Бұл жерде қазақ театр өнерінің қара шаңырағы Әуезов театрының сахнасына шығып, батасын алуды дұрыс деп санадық. Осыдан кейін Шымкент, Тараз, Атырау қалаларына турне жоспарланып жатыр. Бұған дейін Еуропаның 5 қаласында болып қайтық.
«Astana Musical» - еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мамандырылған мюзикл театры. Мюзикл – ұлтымызға әлі де таңсықтау жанр болғандықтан да Алматы төріне аяқ басқан жас театрдың өнерін тамашалап, қолдау білдіріп жатқан халықтың қарасы да көп.
Асхат Маемиров, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры:
Жас көрермендердің сұранысынан, уақыт талабынан туындаған «Astana Musical» театры. Бұл театрдың дүниеге келуіне себепкер болған Елбасымыз – Н.Ә.Назарбаев. Өнер кеңістігінде жас әртістердің басын біріктіретін өнер ұжымын жасау керек болды. Әрине, оны өз кезегінде нақты іске асырған Мәдениет және спорт минстрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алатауға осы жолы келуі жас ұжым үшін бір жағынан сіздерге есеп беру, киелі өнер ордасының батасын алу. Сондықтан сондай үлкен жауапкершілікпен келіп жатыр.
Көгершін Тілеген
Abai.kz