Сенатта көші-қоны мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралды
Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауларында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген болатын.
Заң жобасының мақсаттары: халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру;
Халықты жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және электрондық еңбек биржасының бірыңғай онлайн-тұғырнамасын құру;
Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік органдардың міндеттерін бөлу болып табылады.
Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізілетін болады.
Бюджет кодексіне республикалық бюджет туралы заң жобасына кезекті қаржы жылына жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерін көтеру мөлшері туралы ережені міндетті түрде енгізуді көздейтін толықтыру енгізіледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан және өндірістік ішкі оқудан өткендер саны туралы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға беру жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін жұмыс берушілерге жауаптылықты көздейтін ереже алынып тасталады.
Еңбек кодексіне медицина саласы қызметкерлеріне қосалқы жұмысқа тыйым салмауды; жұмысшы зейнет жасына жеткеннен кейін жұмыс берушінің еңбек қатынастарын тоқтататыны туралы хабардар етуді; ауысым соңында жұмысшының куәландырудан өтуі туралы міндеттемесін алып тастауды; жаңа ұжымдық шарт жасасқанға дейін ұжымдық шартты ұзарту арқылы қолданыстағы тәжірибені жақсартуды көздейтін түзету енгізілетін болады.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңдағы өзгерістер «азаматтықтан айырылу» және «азаматтықты жоғалту» сөздерінің ауыстырылуына байланысты болып отыр.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының Баспасөз қызметі
Abai.kz