Сенбі, 23 Қараша 2024
Сатира 4399 7 пікір 2 Сәуір, 2018 сағат 12:41

Немересін танымай қалыпты

Сықақ  әңгіме

Таңертеңгі шайымызды ішу үшін үстелге үйірілуімізді түні бойы тағатсыз күткендей-ақ, алдыңғы бөлмедегі телефонымыз сарнауын бастады.  Домаланған шөберем Әрсен  күндегі міндетін атқарудан жаңылмай, тұра жүгіріп барып,  маған құшақтап алып келді. Әдеті солай, оның ойынша,  әуелі мен тыңдауым керек. Өзімізге де, тұрақты кезекшіміз Әрекеңе де ыңғайлы болсын деп, бар болғыр телефонымыздың «шылбырын» үш есе ұзарттырып  қойғанмын.

-Саған, - деді шөберем, тұтқасын алып ұсынып.

-Маған екенін қалай білдің? - деп Әрекеңді басынан сипай күліп, арғы жақтағыға: - Тыңдап отырмын, - дедім.

-Әй, алматылық шал, ассалаумағалейкүм! Ұйқың қанды ма? - дейді. Ауылдағы құрдасым Бәкен екен!

-Әлі ұйықтап жатырмын. Сәлеміңді оянған соң алармын, - дедім. Ол зейнетақысына құлынды биенің құны қосылғанын естігендей-ақ рахаттанып күлді. Ақкөңіл, күлегеш шал.

Аман-саушылық сұрасып, арғы-бергіні түгендесіп, біраз шаруаны шиырдық. Бәйбішеме: «Ауылдан Бәкен ғой. Сендер іше беріңдер, мен мұның лекциясын әбден тыңдап алайын», деп шайды кейінге қалдырып, сым шетіндегі құрдасыма:

-Иә, сонымен сөйтіп, сен шал алтынмен апталып, күміспен күптеліп жатқан Астанада болып, көріп-естігеніңе айызың қанып, қимай қоштасып, ауылға әрең қайттың, ә? - дедім.  Ол күлмеді.

-Астанаң бар болсын, немеремді танымай қалдым, - деді, дауысы салқындап.

-Иә, не болды? Ішіп барғаннан саумысың? - дедім, мен де дауысымның жылуын жауып.

-Ондағы ұлымызға бармағалы бір жыл болған. Тұңғыш немерем Сәнгүлді білесің ғой, сол былтыр жазда әншілердің оқуына түскен еді, биыл жазда сонысының бірінші курсын бітіріп...

-Бәрекелді, құтты болсын!

-Соған той жасаймыз деп шақырған соң бардым ғой. Кемпөшкем бара алмады, аяғы ауырлап...

-Уай, Бәке! Ұл болса, атын «Сексенбай» деп, қыз болса -  «Сексенгүл» деп қояйық!

-Өй, сен не деп кеттің?

-«Кемпөшкемнің аяғы ауыр» дедің ғой, неше ай болды? Жасың сексенге толған соң елуіңді еске алып, бірер түн елірген екенсің ғой?

-Кетші, әй, сен де!.. – деп Бәкен күлді де: - Ондай еліру күнде жиын, күнде той Астана мен Алматыдағы сендерде болатын шығар, ауызсуды жеті шақырым жердегі посөлкеден тасып ішіп жүрген бізде қайдан болсын, - деді, қорасындағы әтеші, гәзеттер азахабарларында жазатындай, «мезгілсіз қайтыс болып»,  тауықтары «жесір қалған» кісіше кейи сөйлеп.

-Жә, екі жерде екі жеті болып тұрғанда оны қайтесің, айналайын немерең әйдік әнші болып шығатын ба, соны айтшы!

-Болғанда қандай! - деп Бәкен лекіте күліп алды да, айтарын ағылтты: - Пойызбен жексенбі күні түс ауа бардым ғой. Мен барғанда Сәнгүлім үйде жоқ еді, бір сағаттай уақыт өткенде келді. Келгені қызық болды. Біз шай ішіп, ауыл мен қала әңгімесін араластырып отырғанбыз. Бір уақытта есік ашылып, саудыраған сабан шаш, омырауы ашық-шашық, екі дізесінің де тұсы жыртылған  қуықбалақ сары шалбар киген бір бойжеткен: «Аташка-а-а!» деп жүгіріп келіп, мені құшақтай алды. Қолаңсы  иіс бұрқырап кетті.

-Өй, сен кімсің?! - дедім, шынында абдырап, құдаша қыздардың бірі ме деп қалып.

-Сәнешің ғой, - деді ұлым.

Иә, Сәнешім, Сәнгүліміз екен. Мен де құшақтап, маңдайынан иіскеп:

-О, Сәнеш-жан, оқуың құтты болсын, қалай, жақсы ма, ұнады ма? - дедім.

-Жақсы, аташка, жақсы! Шай ішеміз бе? - деп көңілдене сөйлеп, жүгіре басып, бөлмесіне кіріп кетті.

-Шашы не болған? Жыртық шалбары киіп жүргені қалай? - дедім, өзіме өзім сұрақ қойғандай, бей-жай күйде.

-Сондай мода шығыпты, шашы сары балшықпен сылағандай, «бояма!» дегенімізді тыңдамады. Шалбардың балақтарын үш-төрт жерінен жыртып қойғаны  да – модалары, -  деді келінім, шаршаңқы үнмен.

-Мода деген де бір ауру екен, қаланы аралағанда көресің, қыз-қырқын шетінен жаңағыдай.  Саудыраған сары  шаш. Қара шашты көрмеге қоямын деп іздесең  де таба алмайсың, - деді  ұлым, үстел басынан тұра беріп. Сол әредікте сары шалбарын көкшіл шалбарға ауыстырған Сәнгүл келе қалып:

-Ал, аташка, апашка қайда? - деді, келіннің қарсысындағы орындыққа отырып, маған жымия қарап.

-Апаңның аяғы тағыда ауырып, емделіп жүр, көп-көп сәлем айтты.

-Аташкам ауырған жоқ, молодец! - деп еркелене күлді де, шешесіне қарап: - Мен чайды енді без молока ішемін, - деді де, екеуі өзара сөйлесіп кетті. Мен кесемді төңкеріп, бөлме ішін шолып, немереме көз тастап қойып отырмын. Немеремнің бұрынғы қасы жоқ, қара қарындашпен доғаша иілте сызып қойғандай бірдеңе. Көзінің айналасын көк, ал жиектерін қара бояумен бояпты, құдды шеңберлеп қойғандай. Кірпігі ұзарып, қайқиып кетіпті. Бетінің ұшы жасылтым, еріні  қып-қызыл...  Орнымнан тұрып, терезе алдына барып, көшеге  көз тастадым. Өйдә-ә-ә!..  Тротуар дегенің саудыраған сабан шаш... бірі екі иықты жаба белге түскен, бірі күзелген жалдай, бірі қаңбақ сияқты...

Сұмдық-ай, Астананы аралаған төрт күнде: шашы мен қасы, көз аясы, кірпігі мен еріні құдай жаратқан күйінде тұрған қазақ қыздың бесеу-алтауын ғана  көре алдым ғой!..

-Бәке, ары қарай айтпай-ақ қой, мұнда менің де күнде көріп жүргенім – сондай «рухани жаңғыру». Шіркіндердің қайсысы жігіт,  қайсысы қыз екенін тусырттарынан айыра алмайтын болдық. Қыз-қырқындар бір күні шаштарын да жұлдырып  тастап, мәйкішең-түрсишең шыға келер.

-Астапыралла! – деді, әнші немересі бар Бәкенім.

Ғаббас Қабышұлы

02. 04. 2018 ж.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357