Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 23147 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 08:27

КСРО Қалай күйреді?

Осы КСРО қалай тарап еді? Жер-жаһанды тітіретіп тұрған алып империя тарих қойнауына қалай кетті? Бүгін бұл сұрақтарға да толымды жауап іздейтін шақ туды.

Осы КСРО қалай тарап еді? Жер-жаһанды тітіретіп тұрған алып империя тарих қойнауына қалай кетті? Бүгін бұл сұрақтарға да толымды жауап іздейтін шақ туды.
Жұрттың бәрі оны 1991 жылғы 8 жел­тоқсанда Беларусь, Ресей және Ук­раина басшылары С.Шушкевич, Б.Ель­цин, Л.Кравчук үшеуінің Беловеждегі келісімге қол қоюымен тарады деп түсінеді. Рас, бұл үшеуі қол қойған құжатта мынадай сөздер бар: “Біз, 1922 жылғы КСР Одағының құрылтайшы­лары ретінде келісім-шартқа қол қою­шы – Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы (РКСФР) және Украина … КСР Одағы халықаралық құқының субъектісі және геосаяси шындық ретінде өзінің өмір сүруін тоқтататы­нын атап өтеміз”, делінген. Шынында да Кав­каздағы үш республиканың одағы­мен (ЗКСФР) бірге олар 1922 жылы КСРО-ны құру туралы келісім-шартқа құрылтайшы ретінде қол қой­ғаны рас. Бірақ, 1936 жылғы жаңа Конституцияға сәйкес оның құрыл­тайшылары 11 республика болған еді ғой. Алғашқы үшеуі­нен басқа оған армян, әзірбайжан, грузин, қазақ, қыр­ғыз, өзбек, тәжік, түркі­мен республикалары енді. Артынан, 1940 жылғы аннек­сияның нәтижесінде Балтық республикалары мен Румы­ниядан тартып алынған Бессарабияда пайда болған Молдова КСР-ы қосылды. Сөйтіп, одақтас республи­калар саны 15 болды. Сон­дықтан алғашқы үшеуі КСРО-ны өздігінен заң жүзінде тарата ал­майтын. Тек Балтық республи­калары құсап оның құрамынан шығуы ғана мүмкін еді. Елдің экономикасы құлдырап, КСРО әне ыдырайды, міне тарайды деп елеңдеп жүрген халық ол кезде бұған аса мән бере қойған жоқ. Бәрі де бөркін аспанға атып, сол жылдардағы оны жамандаған ақпараттардың арқасында әбден же­ккөрінішті болып кеткен “қы­зыл” империяның ыдырағаны­на мәз болды. Бірақ артынан, 22 желтоқсанда Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сы­мен Алматыға келген 11 респуб­ликаның басшылары ТМД құру жөнінде декларация жария­лап, КСРО-ның таралуын заңға сәйкес­тендірді. Өйткені, мұнда барлық құрылтайшылар да қатыс­қан бола­тын. Сол кездегі атақты “Известия” газеті ең үлкен әріптер­мен бірінші бетіне “КСРО-ның тарихы Қазақ­станда аяқталды” деп жазған. Және бұл айна-қатесіз шындық еді.
Ал КСРО-ның өзінің жоғарғы органдары бұл кезде қайда еді? Олар елдің ыдырамауы үшін қандай әре­кет жасады дегенге келетін болсақ, әңгімені сәл әріден қозғауға тура келеді.
1991 жылғы 2 қыркүйекте КСРО халық депутаттарының кезектен тыс V съезі ашылды. Бұл және соңғы съез болғанын еске сала кетейік. Оны Одақ кеңе­сінің төрағасы И.Лаптев ашқаны­мен, бұл КСРО президенті Михаил Горбачев­тің соңғы бенефисі болды. Горбачев осы съезде барынша белсенді болып, өзінің ойға алған дүниелерінің бәрін де өткізе алды. Көнбесеңдер тара­тып жіберуге қақым бар деген қоқан-лоқыны жасай отырып, депутаттарға алдымен егеменді елдердің (бұрынғыдай одақтас республи­калар емес) одағы туралы жаңа шарт дайындалып, оған қол қойылатыны жөніндегі шешімді өткізді. Айта кетерлігі, жаңа келісім-шарт туралы мәлімдемені депутаттарға Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқып берген еді.
Осы съезде Горбачев мемлекеттік қатынастардың жаңа жүйесін құру үшін өтпелі кезең жариялап, оны да съезде бекіттіріп алды. Ал өтпелі кезеңдегі мем­лекеттік органдар туралы заңға сәйкес бұдан былай депутаттардың съезі бол­май­тын еді. (Осыған назар ауда­рыңыз­дар, кейін оның кедергісі бола­ды). Депу­таттар ендігі жерде тек екі пала­тадан тұратын Жоғарғы Кеңестің жұмыстарына қатысуға құқылы және мерзімі аяқтал­ғанша депутаттық мәрте­беден айырыл­майтын болды. Сонымен бірге, жоғарғы палата Республикалар кеңесі деп, ал төменгі палата – Одақ кеңе­сі деп атал­ды. Елді басқарушы ең жо­ғар­ғы орган болып Мемлекеттік кеңес құрылды. Оның құрамына КСРО-ның және одақтас республикалардың пре­зиденттері енді. Бұл өз кезегінде бұрын­ғы Саяси бюроның рөлін атқара алатын ең жоғарғы мемлекеттік орган еді.
Парламенттің Жоғарғы палатасы әрбір республикадан 20 депутаттан өкіл ретінде жіберілген 200-ден артық адамнан тұрды. Бұрынғы Ұлттар кеңесі палатасына Саяси бюроның ұсынысы­мен өзбек өкілі Рафик Нишанов сайлан­ған болса, енді өз қолдарына билік тиген депутаттар төрағалыққа қазақ депутаты Әнуар Әлімжановты таңдап алды.
Осы жерде Әнекең туралы да айта кетелік. Жазушы Әнуар Әлімжановтың есімін білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Бәрі де оны табиғатынан дара туған, ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі деп біледі. Әнекеңнің ішкі күші, тереңдігі, білімі мен білігі қабаттаса төгі­ліп, бұлқына ақтарылғаннан ол қандай да бір келелі ойды толғағанда ағыл-тегіл тез сөйлейтін еді дейді білетін­дер. Сонымен қатар, көптеген замандас­тары онымен білік салғастырып, пікір талас­тырудан қашып жүретіндігі – тұлпармен қапталдасқан тұғырдай болып, далада қала­тынын сезгеннен деген ой айтады олар.
КСРО-ның ақырып тұрған кезінде ұлттық элитаның бәрі оқитын, салыстыр­малы түрде айтқанда аса өткір, әрі ықпал­ды “Литературная газета” деген газет бола­тын. (Ол қазір де бар, бірақ “өзіңнен зор шықса екі көзің сонда шығар” дегендей өткірлігі, оның ішінде өтірігі өзінен асып кеткен ұсақ-түйек газеттердің тасасында қалып қойды). Өмірдің көптеген шындығы мен шырылын көбіне сол жазатын. Оның редакциялық алқасы партияның Орталық Комитеті өзіне құлай берілген адамдардан тағайындалатын “Правда” мен “Известия” атты ресми газеттердей емес, барынша көз­ге түсіп, таланты әбден танылған қағидат­шыл әдебиетшілер, сыншылар және жур­налистерден таңдалып алып, құрылатын еді. Міне, сол, аса талғампаз газеттің өзі бір кездері Қазақстан мен Орталық Азиядағы тілшісі етіп 25 жастағы Әнуар Әлім­жановты таңдап алуының өзі көп нәрседен хабар беріп тұр. Беделді газет адам таппағаннан емес, талғамының күштілігінен солай істеген еді ғой. Жә… Бастапқы әңгімемізге қайта оралайық.
…Сөйтіп, жаңа Одақтық келісім-шартқа қол қояр алдында Горбачев Парла­ментті шақтап, өзіне икемді қылып алған. Дауы мен дабыры көп съезді болдырмай, қа­былданған мәселені тек Жоғарғы Кеңестің палаталарында бекіткен анағұр­лым жеңіл-тін. Ендігі ең басты жұмыс Одақтық жаңа шартқа республикалардың қол қоюына тіреліп тұрған. Бірақ осы кезде Украина Одақтық шартқа қол қой­маймыз деп тулап шыға келді. Горбачев бастаған КСРО-ның барлық басшылары оны көндірудің соңын­да жүргенде украиндықтар бүкілхалықтық референдум өткізіп, онда елдің басым көпшілігі тәуелсіз ел болуды жақтап дауыс берді. Ал 5 желтоқсанда Ресей Федерация­сының президенті Борис Ельцин Украи­наның тәуелсіздігін танитындығы жөнінде мәлімдеме жасады. Осының өзі де дұрыс емес еді. Өйткені, бұл уақытта РКСФР ха­лық­аралық құқының субъектісі болмаған­дықтан жеке шешім қабылдай алмайтын, ол әлі де КСРО-ның қол астында ғой. Бірақ құдай тасын өрге домалатқан Б.Ель­цин ол кезде не десе халық бірден қабыл­дап кетіп жататын. Сондықтан оған қарсы дауыс көтерген жан болған жоқ. Украи­наның тәуелсіздігін Ресей президенті таныған соң Горбачев еш қайран қыла алмай қалды. Ал Б.Ельцин болса еш аял­сыз Беларуссияға барып, онда Украина, Беларуссиямен бірге жоғарыда айтқан келісімге қол қойды… Кейін оның Алма­тыдағы жалғасқанын жоғарыда айттық.
Осы кезде КСРО-ның жоғарғы билік­тері не істеген еді?   Кеңес Одағының заң шығарушы билігі тармағындағы халық қалаулылары Жаңа Арбаттағы депутаттар үйіне жиналып, кезектен тыс, VІ төтенше съезді шақыруға қол жинайды. Бұл үндеуге 200-ден артық депутат қол қояды. Егер олардың тілегі орындалып, съезде КСРО-ны таратпау туралы шешім қабыл­данса және оны әскердің күшімен орын­дату тура­лы қорытындыға келсе, қым-қиғаш оқиғалардың туып кетуі әбден мүм­кін еді. Өйткені, елдің әлеуетті күштері әлі де КСРО-ның құрылымдарына бағына­тын. Мемлекетшілдік тұрғыдан президент Горбачев әлсіз болғанымен депутаттардың арасында мойнына алған ісін аяғына жеткізе алатын батыл әрі ұйымдастыру­шы­лық қабілеті күшті адамдар көп бола­тын. Сөйтіп, 1993 жылдың қазан айын­дағы Ресей Федерациясындағы парла­ментті атқылау оқиғасындай қантөгістің болуы ғажап емес-тін. Тіпті мұнда қай жақтың жеңетіні де белгісіз еді. Басым көпшілігі орыстар болған КСРО депутат­тары қанша жерден демократ болып тұрса да орыс империясына іштері бұраты­ны жасырын жәйт емес. Оның үстіне тәуелсіздігін жариялап үлгерген Балтық бойы мен Грузия секілді елдердің депутаттары бұл съезге қатыспайтын­дықтан демократтардың дауысы азайған болар еді. Съез әлеуеттік күштер басшыларын міндетті түрде өз шешімін орындата алатын адамдармен ауыстыруы кәдік-тін. Ал әскерилердің арасында империяның сақталуын жақтайтындар көп болатын. Өйткені, бұл олардың ада­ми мүддесіне де сай еді: КСРО тарап кет­се көбісі жұмыссыз қалуы да ғажап емес қой. Өздеріне заң күші бар бұй­рықтар келсе, белгілі мөлшерде әскерді көтеру олардың қолдарынан әбден келетін.
Осының бәрін ойлаған болуы керек, Ресей Федерациясының үкіметі қатты сасады. Сол кездегі Ресей үкіметінің ви­це-премьері Геннадий Бурбулис, мем­ле­кеттік кеңесші Сергей Шахрай, тағы бас­қа белгілі, ұшқыр ойлы адамдар депутат­тарға келіп, өздерінің V съезде қабылда­ған шешімдеріне қарсы шықпау­ға ша­қырады. Егер съез ұйымдастыр­саңыздар ол алдыңғы съездің шешіміне сәйкес заң­сыз болып, Конституцияға қарсы бо­лып табылады деп қорқытады олар. Сөйтіп, Горбачевтің Одақтық келісім-шартты тезірек өткізуді мақсат тұтып қабыл­дат­қан шешімі сайып келгенде оның сақ­талуына кедергі келті­реді. Осы аласа­пыран сәтте Горбачевтің өзі, табиғи жал­тақ­тығының салдарынан ешқандай нақты шешім қабылдай алмай, президенттік өкілеттігін доғаратынын мәлімдейді.   
Ал жұмыс істеуге құқы бар екі пала­таның депутаттары екі түрлі шешімге ке­ле­ді. Төменгі – Одақ кеңесі пала­тасындағы Алкснис, Коган, Петру­шенко секілді империяшыл депутат­тар КСРО-ның ыдырауына қарсы болып, жанталаса әрекет етеді. Бірақ олар барынша өткір сөйлеп, әріп­тестерін қоздыра алса да ешқандай заң күші бар шешім қабылдай алмай­ды. Өйт­кені, Ресей Федерациясы үкіметінің азғы­руымен РКФСР-дан сайланған депутаттар бұл уақытта оның жұмы­сын тастап шыққан еді. Сондықтан кворум болмай, импе­рия­шылдардың жігері құм болып, іштері қазандай қайнағанымен, қолдарынан ештеңе келмейді.
Ал Әнуар Әлімжанов бастаған Жоғарғы – Республикалар кеңесі палатасы бұл уақытта тарихи шешім қабылдаған еді. Әрине, мұнда да империяның жоғын жоқтап, КСРО-ны сақтауды жақтап сөйле­ген қызбабастар болды. Бірақ төра­ғаның салқын сабырмен айтқан ұтқыр ойлары олардың арынын басып тастайды. Ол әріптестеріне өмір шынды­ғы­мен санасу керек­тігін мойындата білді. Сөйтіп, 1991 жылғы 26 желтоқсанда Әнуар Әлімжанов Жоғарғы Кеңес палата­сының соңғы отырысында қорытынды сөз сөйлейді. Оның: Біз не жоғалтқа­нымызды білеміз, бірақ не тапқанымыз әлі белгісіз деген пікірі сол кезде-ақ қанатты сөз болып қалыптасып, жұрттың аузына бірден тараған еді. Одан кейін Әнекең өзі дайындаған төмендегі декла­рацияны жария етеді (Құжаттың тарихи маңызы зор болғандықтан біз оны түпнұс­қадағы тілмен алдық): “Опираясь на волю, выраженную высшими государ­ственными органами Азербайджанской Республики, Республики Армения, Рес­публики Беларусь, Республики Казах­стан, Республики Кыргызстан, Респуб­лики Молдова, Российской Федерации, Республики Таджикстан, Туркменстана, Республики Узбекстан и Украины о создании Содружество Независимых Государств Совет Республик Верховного Совета СССР констатириует, что с созданием СНГ Союз ССР как государство и субъект международного права прекращает свое существование”.
Депутаттар декларацияны үнсіз тыңдап, оны бірауыздан мақұлдайды. Олардың арасында тіпті көздеріне жас алып қалғандары да жоқ емес еді. Ал КСРО-ның жұртында қалған бірден-бір өкілетті орган – Республикалар кеңесінің төрағасы Әнуар Әлімжанов оған осы жерде қол қояды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында ұлтының мүддесі үшін күресіп келген қазақтың патриот ұлы – Әнекең бұл кезде қуаныштан қатты толқыған да шығар бәлкім. Қол қойылғаннан кейін бәрі де орындарынан үнсіз тұрып, КСРО-ның гимнін соңғы рет тыңдайды… Ал бұл кезде көздерінің жасын көрсетуден ұялмай, үнсіз жылап тұрғандар көп еді. Әрине, қуанышы кеудесіне сыймай, жүректері атша тулап тұрғандар да аз емес-тін… Сөйтіп, халық қалаулылары КСРО империясы тарихы­ның соңғы парағын жабады.
Міне, Кеңес Одағы ұлы тарихтың қа­лың қатпарларына заң бойынша осылай кеткен еді. Арада ондаған, жүздеген жыл­дар өтер. Әлемнің талай зерттеу­шілері, ғалымдары оның заң бойынша қалай таратылғанын іздер. Сонда… Әлемдегі ең қуатты алып империяның қазақ баласы Әнуар Әлімжановтың қол қоюымен соңғы демі шыққанын көрер… Көрер де ойланар… КСРО іс жүзінде (де-факто) Қазақстан Президентінің ұйымдасты­руымен қазақ жерінде тарапты, заң жүзінде (де-юре) соңғы демі Мәскеудің төрінде қазақ баласының қол қоюымен шығыпты. Сонда бұл қазақ деген халықтың өзі осал болмады-ау, шамасы. Құдайдың сүйген құлы осылар болмасын әлі, дер бәлкім. Иншалла, әмсе солай-ақ болсын.
Жақсыбай САМРАТ.
 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364