Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 5577 0 пікір 10 Мамыр, 2018 сағат 09:45

Әйел һәм ислам...

Қазіргі таңда әйел затының қоғамдағы, құлшылықтағы, отбасындағы сонымен бірге бала тәрибесіндегі бейнесі баршамызға таныс. Қоғамдағы сан түрлі мамандық иесі атанып, түрлі салада қызмет атқарып жүрген әйел адамдарын көреміз. «Әйелдердің еркектерден артықшылығы Алла оларды сезімтал етіп жаратқан (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Алла оларды ұялшақ қылап жаратқан» (Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен). Әйел затының табиғи сезімталдығы руханиятқа бір табан жақын тұрғандығының нәтижесінде, асыл дініміз Ислам дініндегі құлшылыққа берілген тақуа әйелдер бейнесі көптеп кездеседі.

Алла елшісі, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, дінді насихаттап бастағанда, әйелдер қауымы көп қолдау көрсеткен. Айталық, Хадиша анамыздың Ислам дінін алғаш қабылдап, бүкіл байлығын дін жолында жұмсағандығы мәлім. Ұхуд соғысында басқа әйелдермен бірге жаралыларды емдеумен айналысқан, соғыс күні пайғамбардың қасынан кетіп қалғандарға ренжіп «Ұршықты алып, жіп иіріңдер. Қылышыңды маған бер, мен соғысайын» деп айыптаған әйел заттарының есімін күллі мұсылман баласы біледі. Осы тұста Ислам дінінің әйелдер қауымына әйелге тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастыратындығын көреміз. Нәзік жаратылған әйел адамының дінге қатынасын алып қарайтын болсақ, барлық діндегі әйелдер мен ерлердің Жаратушы алдындағы міндеттері мен құлшылықтары бірдей саналғандай Ислам дініндегі әйелдің міндеті ерлердің міндетімен бірдей. Құлшылықтың жекелеген бөліктерінде ерлер мен әйелдер арасында айырмашылығы болғанымен, құлшылық тұтастай алғанда баршаға ортақ. Ислам діні әйел адамының психологиялық және физиологиялық мүмкіндіктерін пайдаланып, өз-өзін дұрыс бағытта іске асыруға тосқауыл қоймайды. Айша анамыз, оған Алла разы болсын, риуаят еткен хадистің бірінде «Ең жақсы әйелдер, ансарлардың әйелдері. Себебі олар ұялшақтар. Дегенмен олардың ұялшақтықтары, дін ілімдерін үйренулеріне кедергі болмады». Расында, қазіргі таңда қоғамның барлық саласында білім алып, қызмет жасап жүрген әпке-сіңлілеріміз, ақ жаулықты аналарымыз бар.

Ислам діні бойынша әйелдің қоғамдық орны айқын. Пайғамбарымыз маңызды және шешуші кезеңдерде әйелдердің пікірімен санасқандығы, олар саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелерге атсалысты. Асыл дініміз әйелдің жұмыс жасап, өз қабілеттерін танытуға кедергі жасауға, әйелдердің қоғамдық және мәдени әрекеттерден тысқары қалдыруды қолдамайды.

Айша анамыздан, оған Алла разы болсын, Ахмад риуаят еткен хадисінде: «Әйел – ер кісінің екінші жартысы», - деп әйел адамның отбасындағы мәртебесін жан жолдасы жарының екінші жартысы екендігін айқындап тұр. «Олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер (іспетті)» (Бақара, 187) деген аяттар әйел мен еркектің бір-біріне тең және бір-бірін толықтыратын жандар екенін көрсетеді. Әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы роліне көбірек қатысты болып келеді.

«Бақытты даладан іздеме, баладан ізде» деп дана халқымыз текке айтпаған. Бала тәрбиесіндегі әйел адамның бейнесі салмақты, салихалы. Өйткені хадистерде айтылғандай «Аяғы ауыр болып, құрсақ көтеріп жүрген әйел дүние салса, шаһиттердің қатарынан болады» (хадисті Убада ибн Самиттен Ибн Саъат риуаят еткен).

Тағы бір хадисте бір күні Алланың елшісіне, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, бір әйел баласымен келеді, сонда Пайғамбар, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай деді: «Аяғы ауыр әйелдер, дүниеге бала әкеліп әрі балаларға қамқор, күйеуіне адал, айтқанын екі етпейтін болса, намазын өз уақытында оқыса, барар жері жәннат болады» (Абу Амамадан Ахмад, Ибн Мажа және Байхақи риуаят еткен).

Бүгінгі бала ертеңгі бойжеткен, келешек ана, аяулы жар. Қыз өсіріп отырған әрбір ата-ананың парызы – перзентін имандылыққа тәрбиелеу, адамгершілікке баулу болып табылады. Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әйелдер қауымына қатысты ерекше тоқталып өтті: «Қымбатты ханымдар! Сіздер – отбасының, демек мемлекеттің тірегісіздер. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» дейді. «Дүниеге қыз келген уақытта, Алла Тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын»,-дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады» (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен).

Осы орайда «Перзентін имандылыққа ана сүтімен сіңіру үшін бесікті Алла атымен тербеткен қазақ аналары ақ жаулықтың, ар-намыстың ақ туы. Бесік жырында «әлди» деген сөз «Алла» деген сөздің өзгерген түрі екенін тіл мамандары әлдеқашан дәлелдеген.

Біздің әжелеріміз:

Алла деген ар болмас,

Алланың жолы тар болмас.

Алланы айтқан адамдар

Ақыретте қор болмас, - деп бесік тербетсе,

Бөбегім менің бал бөпем,

Тәңірім болсын жар бөпем

Иманды боп өссін деп

Иллалла деп тербетем, - деген бесік жырын да қазақ әйелі шығарған.

Қазақ халқының имани құндылықтарымен көмкерілген қанша мақал-мәтелін, аңыз-әпсанасын, жыр-дастанын, ертегісін, шешендік сөзін, даналық нақылын, тұрмыс-салт өлеңдерін әйелдер шығарғанын тап басып айту қиын. Бірақ әлдиден эпосқа дейінгі рухани мұраларда қазақ әйелінің ұлттық болмысы, ұлттық санасы, ұлттық психологиясы сайрап тұрғаны анық. Асыл дінімізге негізделген рухани құндылықтар тек сөзбен ғана берілмейді. Ол адамның болмысы, бейнесі, өз тұлғасы арқылы қалыптасады, өзгелерге беріледі. Тәрбие дегеніміз – өз болмысыңмен үлгі болу. Осыны мықтап ескеріп, жақсы түсінген қазақ әйелі рухани құндылықтарды өз бойына жинақтау арқылы өзгелерге үлгі бола алды.

Тараз қаласындағы мемлекеттік мұражайда қазақ әйелінің болмыс-бейнесі жайында ізденіс нәтижесінде, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен ислам дінін тоғысқан тұсын әйел адамдарының 1931-1970 жыл аралығындағы суреттегі ақ жаулықтарынан байқаймыз. Әрине қазақ әйел баласы жиырмасыншы ғасырға дейін де жаулықсыз жүрмеген. Шариғат заңдылықтары көп жағдайда ұлтымыздың тектілікке негізделген болмысында бірін-бірі толықтырып тұрады. Хадисте «Әрбір діннің мінезі бар. Ислам дінінің мінезі – ұят» дейді. Ұят қазақ әйелдерінің бойында жаратылысынан бар қасиет. Қазақ халқы қыздарының дене бітімі қалыптаса бастағанда, яғни балиғат жасқа толғанда ұзын жең, етегі тобыққа дейін, дене бітіміне сәйкес жарасымды етіп, желбіршіктермен  қос етек көйлекті  кең етіп тігіп кигізген. Көйлектің сыртынан киетін ыңғайлы әртүрлі сырт киімдеріне ою-өрнектер салып, әшекей бұйымдар таққандығын архивтегі көне суреттерден көруімізге болады.

Осы ретте, батыр бабамыз Б.Момышұлының келіні З.Ахметова апамыздың «Бабалар аманаты» атты кітабындағы қазақ әйелінің бейнесін былайша сипаттайды: «Қазақтың арулары келін болып түскенде сәнді де мәнді сәукеле киеді. Бір жыл жас келін ретінде шаршы орамал тартады. Жыл толғанда апа-әжелер, абысын-ажын арнайы дастархан жасап, келінге кимешек кигізу рәсімін жасайды. Қазақ әйелінің өміріндегі бұл да өнегелі дәстүр, атаулы күн саналған. Әжелер: «Міне, енді нағыз кимешекті келіншек болдың. Кимешегің құтты болсын! Өмірің озғақ, киімің тозғақ болсын!» - деп, тілек айтып, байғазы ұсыныпты», - деп әйел адамның көркі саналатын шаштарын келіншектердің ана атанғаннан кейін кимешекпен қорғап, ақ жаулықтың ас-ауқатпен бала тәрбиесіндегі маңыздылығын ескерген.

Сонымен қатар, «Бабалар аманатында» «Кимешектің үш жүз руларына тән өзіндік алуан түрлі үлгілері бар. Жас ерекшеліктеріне қарай өрнек-нақыштары да өзгешелеу тігіледі. Келіншектікін күміс шеттік пен маржанды кезектестіріп тізе тігіп, жағын зермен немесе жібек жіппен кестелейді. Атақ-дәрежесі биік әрі бай адамдардың келіндерінің кимешегіне алтын, меруерт, лағыл тастар да қосылады. Ал жасы егде әйелдердің кимешектеріне өрнегі сыпайы, жасына лайық болады. Келіншектер кимешек сыртынан шашақты бөртпе шәлі, жібек орамал салады, үлкен апалар мен әжелер қарқарадай етіп, күндік орайды. Бұл – той-томалақта, Рамазан айт, Құрбан айтта, Ұлыстың ұлы күні – Наурызда қонаққа барарда киетін біркиерлер. Күнделікті от басында ыңғайлы, әрі қарапайым етіп тігілген кимешектер киген. Міне, осындай кимешек киген қазақ әйелдерінің не маңдай шашы, не самай шашы көрінбейді, әрі алқым-мойын, кеудесі түгел жабық болған. Көшіп-қонып жүретін тіршілігіне қарамай, қазақ әйелдерінде қазірге заманда жиі кездесетін төс, бүйрек, құлақ аурулары сирек болыпты. Кимешектің алды кеудені кіндікке дейін жауып тұрса, арты бүйрек пен белді түгел жауып, үшбұрыштанып етекке қарай түседі. Байқап отырсыздар, қазақ әйелдері әрі жабық, әрі әсем баскиім киген. Еш уақытта ашық-шашық жүрмеген екен. «Есті қыз етегін қымтап жүреді». Көйлек деген әйелдің сәні еді ғой. Көйлек кигендердің көп жері жабық болғандықтан бейсауат көз сұқтанбайды. Көйлектілер етек-жеңін реттеп, қымтана жүреді. Қадам басу жүрісі  соған сәйкес сыпайы, аяқ-қолын қалай болса, солай қозғамайды. Көйлек әйелді артық қозғалыстан тежеп, бірқалыпты ұстайды. Тіпті, денесіндегі кем-кетік жері елеусіз қалады. Ал, шалбар кигендердің көбі ораң-сораң бұтын керіп, жүре береді. Қымсынбай, кез келген ортада аяқты ерлерше айқастырып та, екі аяқты алшақ қойып, тақымын көрсетіп те, отыра береді. Байқамай, көп аздан көлемді көп жинала еркек мінездес, еркек пішіндес, еркек жүрісті әйелдер көбейді», - деп қазақ әйелінің бейнесін анық ашықтап берген. Кимешек – қасиетті бас киім. Кимешекті жас келін балалы болғанда киеді. Бала емізген кезде омырауын көлегейлеп, көз тиюден, шаң тозаңнан, күннен, желден қорғайды, әрі жас сәбидің жаулықсыз анасының шашынан шошымауына себеп болған. Әйелдің құлшылықтағы, қоғамдағы, отбасы бала тәрбиесіндегі бейнесі осындай болған.

Бабалармен келер ұрпақты жалғастырып тұратын алтын көпір – салт-дәстүрге сай, шариғат шеңберіндегі  шәлісімен қазақ әйелі қыс қыстау, жаз жайлауға ат жалыны, түйе қомында жаугершілік заманында көшіп-қонып жүріп, ар-намысын сақтаған. Ақ жаулықтарына дақ түсірмей ұстаған аналарымыз, ұланғайыр қазақ даласында сән-салтанатымен жүрген қыз-келіншектерге көп үлгі.

Хазіреті Али: «Қыз-жақсылық, ұл-нығмет» жақсылықтың сауабы бар, нығметтің сұрауы бар», - деп айтқан. Ендеше сауап-жауапсыз қалмайды. Қызды жақсылыққа балаған мұсылман жұрты қыз баланың тәрбиесіне, қоғамдағы орнына ерекше мән берген. Сауаптың жауабы ретінде кең байтақ қазақ даласынан туған талай батыр тұлғалы азаматтар мен абыздар ақ жаулықты аналардан туған.

Өзгені «беске» білуге тырысқанша, өзіңді «үштікке» білуге күш салсаң, олжалы болғаның», - деп Бауыржан Момышұлы, айтқандай өзімізге үңіліп, тарихымызды терең бойлып, аналармыз салған сара жолдан тағылым алсақ адаспайтынымыз айқын. «Жыңғыл да өз жерінде көрікті» қазақ даласындағы әйел адамының бейнесін, асыл дініміз Ислам дінінің айқын көрінісін, аты аңызға айналған, талай батырға қалқан болған. Қазақ қыздарының ішінде Қабанбайдың жары батыр Гаухардан бастап, Гаухар мен Қабанбайдан туған Назымнен батыр, Қызқұртқа, Бопай, кешегі өткен Домалақ, Қарқабат, Абақ, Шашты, Ұлпан, Ұлжан мен Зере, Алия мен Мәншүк және аты аталмаған, тарихта зерттеп-зерделенбеген талай аналарды мысалға келтірсек болады. Олар «Ұлтжанды» еді. «Отанды сүю – иманнан екені» жаратылысынан жұпар шашып тұрды. Осы мақаланың көркін келтіріп, ғылыми тұрғыдан нақты тарихи мәліметтер келтіре кетуім үшін өзіміздің тұрғылықты қаламыз қасиетті «Әулие ата» шаһарындағы мемлекеттік архивке барып, қазақ әйелдерінің болмыс-бейнесіне қатысты мәліметтер іздедім. Нәтижесінде, қазақ әйел затының диірмен тартып отырған тұсында, қолына кекпен алып жерді жыртқан тұсында, тіпті қорым-қорым шөпті жинау барысында, сиыр сауып, ұсақ малдың жүнін қырқып отырған қазақ әйелдерінің жаулықсыз суретін көрмедім. 1931-1970 жылдар аралығындағы қоғамның барлық саласындағы, әсіресе бала тәрбиесіндегі балабақшадағы тәрибешінің бейнесі орамалсыз емес. 1942 жылы шамамен жасы қырықтағы майданға бидай өткізуге бара жатқан арбадағы кимешекті әйел затының суретін көруімізге болады.

Ғасырлар сынынан өтіп сұрыпталып жеткен шынайы адамгершілік пен иманға негізделген ұлттық құндылықтар құнын жоймайды, өйткені негізі асыл, түбі терең тұңғиық іліммен білімге негізделген Ислам дінінен бастау алады. Әйелді ерекше қадірлейтін ислам діні оның жан-жақты жетіліп, дамығанын қалайды. Ислам діні жалпы адам құқығына, оның ішінде әйел адамның құқығына айрықша мән беріп, оның ар-намысын қорғап, оның қоғамда лайықты орынға ие болуын қамтамасыз етеді.

Қорыта айтқанда, Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырады.

Ләззат Мырзашова

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе,мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434