Жұма, 22 Қараша 2024
Аймақ 5877 1 пікір 28 Мамыр, 2018 сағат 09:37

Cамал Есләмова һәм солтүстіктің ауылдары

Дүние жүзінің кілең өнер дүлдүлдері бақтарын сынайтын Канн фестивалінде «Үздік актриса» атанған Самал Есләмова туралы журналист әріптестерім жарыса жазып жатыр. Жерлесімнің әркімнің қолы жете бермейтін биікке шығып, жұлдызы жарқырағанына қалай қуанбайын! Самалдың өнер шыңына өрлеген жолын оймен шолып отырсам, қазақ рухын бойына дарытқан шынайы талант, ұлт мақтанышы боларлық тұлға қазақтың тіліне де, өнеріне де жатсына қарайтын қаладан емес, мына жаһандану заманында әлі де халық өнерінің, ата салтының жұғыны сақталып отырған ауылдан шығады екен.

Самал Есләмова біздің Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылынан. Әкесі орманшы, шешесі сауыншы болған қарапайым жандар. Самал әуелде журналстика факультетіне түсуге талаптанып, бір балы жетпеген соң Қызылжардағы өнер колледжіне түскен, содан соң облыстық қазақ театрында алдымен эпизодтық, кейін басты рольдерде ойнап дарынын көрсеткен. Аралағашта бұрын халық театрының даңқы шығып тұрған, өнерлі жастары көп ауыл. Бізде Есіл ауданының Орталық ауылында да халық театры бар еді, қазір ол ауыл тарап кетті.

Біздің облыстан шыққан, бала кезінде қазіргі Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылындағы қазақ мектебінде оқып білім алған,  жазушы, аудармашы марқұм Герольд Бельгер өзінің ауыл туралы толғауында солтүстік аймақтардағы қазақ ауылының ыдырауы елуінші жылдардағы тың көтеру кезінен басталғанын жазған. Оның естеліктерінде трактормен көрші ауылдарға арақ іздеп баратын, мас болып көшедегі қаздарды мылтықпен ататын оннан-мұннан жиналған тың көтерушілердің бейнесі сол кездің шындығы, бүгінгі қазақ ауылының сол кезде басталған қасіреті. «Ауыл әр қазақтың рухани тірегі, ұлттық салт дәстүрдің, мәдениеттің қайнар көзі, Қазақияның негізі» деп жазған Бельгер өз ауылы Ыбыраевқа жекешелендіру жылдары келгенде көңілі құлазып қайтқан еді.

Содан бері де жұмыссыз жастардың, тіпті қартаң адамдардың облыс орталығына көшуі толастар емес. Әрине, бізде тұрғындардың бәріне жұмыс беріп, жол салып, мектеп, балабақша, мәдениет үйін ұстап отырған Аққайың ауданының Дайындық ауылындағы Біржан Шаймерденов сияқты жекелеген кәсіпкер азаматтар бар. Содан да Дайындық іргесі сөгілмей отыр. Тіпті бұл ауылға жұмыс іздегендер өзге жерлерден келіп қоныстанып жатыр. Әр ауылдан осындай бас болар азаматтар шықса өшіп бара жатқан ата қоныс қайта жанданар еді ғой.

Оңтүстіктен өңірімізге қоныс аударып, ерінбей еңбек етіп, кәсіп ашып алғандар да жетерлік. Олардың арасында ауылға келіп баспанаға қолы жете алмай, Солтүстіктің аязды қысына шыдамай, жерсінбей кетіп қалатындары да кездеседі. Мұндай жағдайда өңіріміздегі қазақтың санын арттыру қиын.

Оңтүстіктен қоныс аударған ағайындарды жергілікті басшылар алдымен ауылды жерлерде баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етуі керек. Жол салу, ауыз су мәселелерін де кәсіпкерлер емес, әкімдіктер шешуі керек. Ал қазіргі уақытта ауыл әкімдерінің бұл шаруамен айналысуға қаржысы жоқ. Сондықтан үкімет ауылдық әкімдіктерді жеткілікті қаржыландыру, жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін заңдық пәрмені бар арнайы бағдарлама жасауы керек. Ол бағдарлама бойынша жұмсалатын қаржы жемқорлардың көмейінде кетпей, орынымен жұмсалуы үшін ауыл тұрғындары мен жергілікті биліктен құралған қоғамдық бақылау топтары құрылуы қажет.  

Үкімет тарапынан ауылға көңіл бөлінбесе ауылдан ғана емес, қазақы болмысымыздан, ұлттық қасиетімізден де айырыламыз. Ауыл сахнасындағы жан тебетер ән ауыл баласы қаланың тас көшесін басқан сәттен бастап үзіледі.

Марат Ермұқанов

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5314