Теміржолдағы түйелер трагедиясы
Атырау облысының әкімі
Нұрлан Ноғаевтың назарына
2018, мамыр айының орта шенінде ТШО-ға қатынайтын пойыз 4 түйемді ішек-қарынын сүйретіп, қуырдақ қылып турап-турап, пәршә-пәршәсін шығарып, теміржол бойын қызыл қанға бөктіріп, бордақылап тұрып езіп өтті. Теңізге қатынайтын бір ғана теміржол бар. Онымен жүретін пойызар тек қана жүк тасымалдайды. Қазіргі заң «малыңа ие бол, айыппұл салдырамын, кедергі келтіріп отырсыңдар» деген қағидаға әбден жатып алған. Қазақ малдың арқасында өмір сүріп отырғанын мыйларынан өшіріп алған. Ситуация, жағдаят дегендерді мүлдем ұмытқан.
Кім кінәлі? Қайтадан заң білмейтін, білсе де талап ете алмайтын, әріге бара алмайтын момын халық, қорқақ, қара малшы кінәлі? Енді үндемеуге шыдамым жетпейді. Мұң-шерімді «төрелігін халқым айта жатар» деген оймен, әзірге мақала әрі құлаққағыс ретінде оқиғаны көпшілікке жариялауға бекіндім.
Мен 4 түйемнен айрылдым. Бұның алдында да 20 шақты малымнан айырылғанмын. Қаққан машинист қасақана қылды деп ойлаймын. Себебі, жақын жерде аялдайтын бекеті бар, ол жерден жанармайын құйып шыққан пойызың жылдамдық жинауы екіталай. Тіпті қатты жылдамдықпен өршелене өкіртіп айдады дегенде де әкесінің жаназасына асықты ма? Әлде пойызың сигналы мен тормозы жоқ па? Түн мезгілі болса тіптен жәй жүргені абзал! Сол жерден адамдар өтіп бара жатса не болмақ? «Манай» деп қабатынан иіріп тұрып асық атқандай адамдарды да белуардан қиып тіліп өте ме? Әлде қарапайым малшы мен малының сұрауы жоқ па? Өзінің тышқақ лағы қағылса сотқа жүгініп биенің құнын төлетер еді ғой.
Машинист шовинист емес болар, қанша дегеніменде қазақ емес пе? Әлде қазақ ұлтына кек қатқан біреу ме?
Басылған түйелерімнің үшеуі буаз, біреуі тайлақ. Мен пойызға қағылған малдарымды 3 млн-ға бағалаймын. Яғни, теміржол торабы маған (бұрынғыны қоспағанда) және 3 млн. залал келтірді. Теміржол торабы әбден басынды-ау, қағады да жүре береді. Жалғыз менікі емес, сол маңда отырған талай малшының малын басып өтті. Шыдамның да шегі бар емес пе? Не, елдің бәрі аузы буылған өгіз дейсіңдер ме, әлде тірегі мықты мекеменің пойызы диірмен айналдыра ма? Үндемеген сайын, бұққан сайын сұққанды қоятын кез жетпеді ме? Қатты обал жасалды, бірақ, қазіргі адам обал-сауапты білуші ме еді? Енді малымды кімнен даулаймын? Кінәлі, жауапкер дегендер бар ма? Ешкімнің ешкіммен шаруа-шатағы жоқ. Малды қақты, жүре берді. Тым болмаса: «Ол да біреудікі ғой, иесі қан қақсап қалған болар, жанұясының ризық-несібесі аузынан жырылды-ау, ұят болды, обал болды-ау деген адами арлы қасиеттердің бұ дүниеде жоқ болғаны ма? Тым-тырыс, ешкімде үн жоқ, ешкім жақ ашпайды, сен тимесең мен тимен бадырақкөз!
Ауыт-ауыт не хабар екен деп айналаға ұзынқұлақтарын түріп зер салып қояды. Бұл үйреншікті қалыпты жағдайға айналды. Қазақстанда өмір сүру өте рахат! Адамының да, малының да сұрауы жоқ! Тілсіз малға айналдық, ерекшелігіміз тек екі аяқты түріміз. Себебі, айтқан сөз желге ұшып сол жерде қалады, тыңдаушылар ақпақұлақ, тегін уәдеге қарқ қылып көміп кетеді, қорытындысы трагедиямен аяқталады. Керек болса мал иесінің берекетін алып, заңмен тоқпақтап, заңмен қорқытып, айыппұл салып, жасап отырған жұмысынан шығарып жібереді, немесе «проблема керек болмаса үніңді шығарма, әйтпесе жоғарыдағы категорияларды қолданамыз» деп басыңа әңгіртаяқ ойнатады. Сормаңдаймыз!
Мысалы, мен мал шаруашылығында отырған, шаруа қожалығым бар жеке кәсіпкермін, әрі жұмыстамын. «Кәсіпкерлікті қолдау» деген менің миыма кіріп шықпай-ақ қойды. Түсінбедім, кімді-кім қолдайды, тойст, или, кімді-кім қорлайды? Мен қазір қорланып отырмын. Мына басынудың шегі бар ма? 3-4 күн бұрын масаның күрт пайда болуына байланысты қорамда тұрған малдарым бошалап желдеп кеткен. Жазда тыныштыққа, тау жаққа қашатын малдың әдеті емес пе? Мен сол күні жұмыста болдым. Малымның алды теміжолдан өтіп кеткен. Қалған соңы өтер-өтпестен соқыр машинист қағып түсіріп тұр ғой. Малдың аты мал емес пе? «Бағдаршамға қарап күтіп тұратын, ана жердегі өткелден өтейік» деген ақылды малды қайсың көрдіңдер? Ақылды деген машинисттің түрі мынау! Әйтпесе менің 4 бас түйем «келсең кел» деп пойызға ерегесіп теміржолдың қақ ортасында тұрып қалды дейсіңдер ме? Әлде жан-жағындағы шөпті қойып бір мезгіл теміржол үстіндегі щебеньге жайылып жүр дейсіңдер ме? Теміржолды торып, келген малды айдап жіберіп тұратын адамдары қайда? Биік жерде түйенің пысық болуы мүмкін емес нәрсе ғой, «түйе көпірден таяқ жейді» деген мақал текке айтылған ба? Қопал түйелердің биікке шығып алса, ары қарай төменге ылдилауы қиынға соғатыны белгілі емес пе? Теңіздің іргесінде отырып көріп отырған қорлығымыз мынандай:
1. Теңіздің газы (факель) ауаны ластап далаға босына жанып тұр, біз іргесінде отын, қи жағып отырмыз!
2. Қасынан тоқ желісі өтуде, біз баяғы дәуірше білтешаммен отырмыз!
3. Судың линиясы қасынан өтіп жатса да біздікі сол баяғы қауға шелек!
4. Теңізге қатынайтын тас жолда «малдар, скоты» белгісі түп-тамырымен жоқ. Ал бізге «малыңа ие бол!» дейді. Малымыз бірнәрсе түсінсе құлағына айқайлап тұрып: «Ана асфалть пен теміржолдың, және ҚР заңының маңына жақындамаңдар, басылып, асылып азаппен өлесіңдер, сендер түгіл адамның қадірі мен құны жоқ қазіргі кезеңде» дер едім ғой.
5. Малыңды қынаша қыратын теміржол бойы қоршалмаған, неге? Сақтық шарасы теміржолға тиесілі емес пе? Егер, осы күнге дейін біздің малдарымыздан зиян шегіп, малдарымыз пойызды аударып тастап, адам шығынына, адам өліміне себепкер болған болса, қане, дәйекті бір дәлелдер келтіріңдер? «Мал зиян» десеңдер темір жолдың жан-жағын қоршап қойыңдар! Біздің мал бағып отырған жеріміз де, жайылымы да заңды, малымыз сырғалаулы. Ал енді «мал бақтың ба көтінен бір елі қалма» деген заң жоқ! Ондай болса үкіметке де «ұрының да көтінен қалма» деген жаңа заң жобасын жасақтау керек!
6. Мал ұрысы канократтар қанша ұсталса да заң алдында жауап бермейді!
7. Мал ауылдарды менсінбеуді, сұрауы жоқ деп пойызбен де, автокөлікпен де қынаша қыруды, қырғаннан кейін де жауапкершіліктен жалтаруды қою керек! Және заң алдында адамзаттың бәрі бірдей. Крутой және малшы болып екіге бөлінбейді. Біз капитализм мен феодолизм тұсында өмір сүріп жатқан жоқпыз! Бізде ҚР азаматымыз! Заңда қолында дымы жоқ малшы жауап беріп, пойызы бар, ТШО-ға қызмет ететін қалталы тұлғалар жауапкершіліктен босатылу керек деген жері жоқ!
8.. Халық осы адал мал арқылы жан сақтап отыр. Малшыларды менсінбесе ел-халық қытайдың қолдан жасаған жұмыртқа, пластик күріш, резенкі фарш, шошқаның терісінен жасаған түрлі-түсті резенкі мармелат, лап етіп жанатын қытырлақ қатпа чипси, көгеріп жанатын, түрлі химикат қосылған тауарлар, дат кетіретін кола секілді харамдармен тамақтанып ұрпақты жояр еді!
Сонда бізге не істеу қалды? Қи мен білтешам жағып, осы 5-6 жандық үшін қараңғы үңгірде сусыз өмір сүреміз, сөйтіп баққан малыңды ұры бір ұрлайды, сөйтіп баққан малыңды автөкөлік басып зым-зия жоғалады, сөйтіп баққан малыңды пойыз және басады, үкімет сені қолдаудың орнына «малыңа ие болмадың» деп одан бетер жаныңды шығарып шыңғыртып тұрып мойныңа айыппұл салады, жасап жүрген жұмысыңнан шығарады, қалды жанұяңа зардабы тиеді. Осы ма кәсіпкерлікті қолдау? Біз өркениетті елде өмір сүріп дамып жатырмыз ба? Енді малшыларды малымен қоса Сириядағыдай жоғарыдан ұшақпен бомбылау ғана қалды! Сөз соңында айтарым, «судың да сұрауы бар» дегендей, 4 түйемді қағып өлтірген пойыздың мекеме басшылары ақ адал малымның құнын өтеп беруін сұраймын! Айналадағы басқа да малшыларға автокөлік пен пойыздың зияны тимегенін, тиген жағдайда заң алдында жәбірлеушілердің (мейлі ол мекеме не жеке тұлға болсын) қатаң жауап беруін сұраймын! Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін болашақта не істеу керектігін аудан әкімдері мен ТШО басшылары бірлесе отырып ақылдасып, қандай да бір шара ұйымдастыруын сұраймын! Барлық әлеуметтік желіге таратамын және барлық тиесілі орындарға шағымданамын!
Жолдасқали Сәрсенов
Abai.kz