Менингит - 1
1972 жыл. 6-шы класта оқып жүрген кезім. Біздің Көксарай ауылына бұрын ешкім естіп білмеген төтенше ауру келді. Ауыл жұрты оның қандай ауру екенін түсініп болғанша, 10-шы класта оқитын бір қыз дүниеден озды.
Орыс тілі сабағы үстінде мазам кете бастады. Бұрын қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Фазылxан ағайымыз бір тақырыпты орысша түсіндіріп жатыр. Қашанғымыздай түк ұққанымыз жоқ. Енді аңғарсам, біз түгілі ұстазымыздың өзі орысшаны онша қақпайды екен. Солай бола тұра сол ағай да, орысшаны біз құралпы түсінетін өзге мұғалімдер де орыс класына да сабақ бере беретін. Сабақ бергенде, "да", "нет" деген сияқты бәріміз түсінетін бір-екі орысша сөз қосылғаны болмаса, орыс кластарында да сабақ негізінен қазақ тілінде өтетін. Себебі... Иә. Бәрі қазақ. Рас, бір-екі өзге ұлт өкілдері бар. Алайда олар да өз тілдерінен гөрі қазақшаны жақсы біледі. Сондықтан өзіміз білетін "да", мен "нетке" тағы бір орыс сөзі қосылса, соның өзін қабылдай алмай, басымыз ауыратын. Сірә Фазылxан ағай орыс сөзін көп айтып жіберді-ау деймін, екі шекем сырқырай бастады.
Әдетте ысқыру үшін ерніңді шүйіріп, демді сыртқа шығарасың. Аурудың әсері ме, білмеймін, әйтеуір "ерінді шүйіріп тұрып демді ішке тартса, ысқырыла ма екен" деген ой басыма сап ете қалды. Сол-ақ екен, дереу байқап көрдім. Ысқырылады екен. Фазылxан ағайым орнынан шоршып тұрды. "Кім ысқырған?" деді. Қазақшалап айтты. Орнымнан тұрдым. Фазылxан ағайды жоғарғы кластың балалары "пуржина" деп атайтын. Неге олай атайтынына сол кезде көзім жетті. Екі секіріп қасыма жетіп келді. Содан бар ынта-жігерімен мені сабауға кірісіп кетті. Бұрын да таяқ жеп жүрміз ғой. Жалпы ол кезде біз мұғалімді бала сабайтын адам деп түсінетінбіз. Рас, әр мұғалім әр түрлі тәсілмен ұратын.
Жә, ол бөлек әңгіме. Қанша дегенмен ұстаз ғой. Фазылxан ағайым да өзінің қатты кеткенін түсінген тәрізді. Сабақтан алып қалып, маған біраз ұлағатты сөздер айтты. Бәлкім аяды. Әлде қорықты. Себебі сол сәтте менің есім кіресілі-шығасылы болатын. Үйге қалай жеткенім есімде жоқ. Есіктен аттаған сәтте-ақ талқысып кеттім.
Құдияр Біләлдің Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz