Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкжиек 3790 4 пікір 20 Маусым, 2018 сағат 13:07

Түркістан – тамырластық тұғыры

 

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой,

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой!

Бұл баршаға белгілі, биыл туғанына 125 жыл толып, түркі жұрты төріне шығарып отырған Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабайұлының әйгілі жыры. Жалпы, кездейсоқтық деген болмайды, биыл Түркістанды ең көп жырға қосқан Мағжан ақынның мерейлі датасымен бірге тұтас түркі жұртының тарихи бесігі Түркістанның да төрге озған жылы болып тұр. Әуелі, Шымкент мегаполис, Түркістан облыс орталығы болады деген ақжолтай хабар жеткен болатын. Енді Елбасының арнайы Жарлығымен облыстың атауы Түркістан болып өзгергенін естіген жұрт­тың төбесі тіпті көкке жетіп отыр. Елімізде жаңа мегаполистің пайда болуымен бірге Түркістанның облыс орталығына һәм облыс атауына айналуы құтты болсын! Бұл – шын мәнінде түркі дүниесінің тарих сахнасында қайта түлеуі, рухани жаңғырудың үлкен жетістігі. Сананың сілкінуі, жадының жаңғыруы, ұлттық кодтың ұранға айналуы осы болса керек!  Сөзді Мағжанның «Түркістан» атты атақты жырымен бастаған едік. Осы жырында дауылпаз ақын «Түркістан» деп бір қаланы меңзеп отырған жоқ; шабыты шалқар шайыр Тәңірінің несібіне, ер түріктің бесігіне, екі дүниенің есігіне балаған қасиетті жер ретінде түркілер елі – Тұранды айтып отырғаны анық. Оның айқын айғағын жоғарыдағы алғашқы шумақтан кейін іле-шала келетін «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен» деген жолдардан да анық көруге болады. Мұстафа Шоқайдың тұтас Түркістаны да Орталық Азияны толық қамтитын үлкен ұғым болатын.  Тарихтың тамырына қан жүгіртіп қарар болсақ, Түркістан атауы ерте кезеңдерге бастап барады. Мұрағат іздері сонау Қытай қорғанынан Каспийге, Орал тауынан Ауғанстанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты Түркістан деп атағанына куәлік етеді. Түркістан жалпы, Орталық Азияда дәуірлеу дәуірімен бірге көтеріліп келе жатқан атау. Бұрын Тұран деп те аталған түркілер елі Түркістан – негізінен мұсылман-түркі өркениетінің де бесігі саналады.  Кейін осы қасиетті атауды көшпелілер сана­сы­нан өшіру кезең-кезеңімен іске асыры­ла бастады. Түркістан ұғымын саяси шек­т­еу мақсатында Түркістан генерал губер­наторлығы құрылды. Сол тұста тарихи Яссы қаласы да бірте-бірте Түркістанға айналып кетті. Қаласының атауы әуелден «Әзірет Сұлтан, пир-і Түркістан» деп, Қожа Ахмет Ясауиды меңзеп айтылатын. Кейін ол «әзірет» деген діни сөзден жалаңа­ш­танып, Түркістан атауы қала берді. Шындап келгенде, бір жағы қате де емес. Себебі Түркістан идеясының рухани діңгегі Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Ясауи екені де анық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ұғым қайта жаңғыра бастады. Елбасы­мыз Түркістанды түлету үшін көптеген ауқымды шаралар атқарды. Түркістанда күллі түркі жұртына ортақ Қ.А.Ясауи атындағы университет ашылуы да тарихи санамызға сілкініс әрі серпіліс берген болатын. Түркістан ұғымын дамыту үшін Президент Н.Назарбаевтың  Орталық Азия идеясын ұсынғаны да белгілі. Қазірет қонған қасиетті Түркістан еліміздің рухани астанасы ғана емес, ол – түгел түркі ту тіккен Тұран жұртының да қастерлі атауы екенін айттық. Сондықтан байырғы атауын жаңғыртып, Орталық Азияны да рухани-мәдени тұрғыдан Түркістан деп айтуымыз керек шығар.  Осы орайда биыл наурыз айында бауырлас мемлекеттердің басшылары Астана төрінде қайта бас қосуының да негізінде Мағжан жырлаған ұлы ұғымның жатқаны анық. Міне, бүгін сол игі істердің жалғасы есебінде, облыс атауымен бірге Түркістан қайта түлеп, атаудың аясы кеңіп, қастерлі ұғым Ұлы Далада ту көтерді. Ол кешегі Алаш арыс­тарының ұлы мұраттарының қайта жаңғыруы, рухани серпілісі болатын. Ежелден ел билеген игі жақсылар мен ғұлама-ғалымдардың құтты ордасы болған қастерлі қарашаңырақ, бүгінде елбасылар бас қосып, кеңес құратын, түркі әлемін түгендейтін іргелі орталыққа айналып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласы түркі жұртына темірқазық мекен болған тұтас Түркістанның да тұтқасы болып саналады. Қарашаңырақ Қазақстан – түркі әлемінің іргелі орталығына айналып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түркі әлемінің лидеріне баланып отыр. Осындайда есімізге Түркия Рес­пуб­ликасының экс-президентi Абдолла Гүлдің Түркiстанға арнайы келіп, Елбасы­мызға билiктiң ежелгi белгiсi – аса таяқты табыс ете тұрып, Мемлекет басшысын түркiтiлдес халықтардың көшбасшысы деп танитынын жеткiзгені есімізге түседі. Енді қайта түлеген Түркістан арқылы тарихи бір тамырлас жұрттар арасында еліміздің тұғыры тағы да биіктей түседі деп сенеміз.

Дархан Қыдырәлі  

«Егемен Қазақстан»

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371