Сенат Төрағасы Куба мен Ұлыбритания елшілерін қабылдады
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Куба елшісі Эмилио Пупоны және Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның елшісі Майкл Гиффордты олардың өтініштері бойынша қабылдады.
Куба дипломаты наурыз айында өткен сайлаудың қорытындысы туралы хабардар етті, онда халық билігі Ұлттық ассамблеясының жаңа құрамы жасақталып, оның жаңа Төрағасы мен Мемлекеттік кеңестің мүшелері сайланған болатын.
Елші сондай-ақ медицина, спорт, туризм, сонымен қатар құқық қорғау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тамаша мүмкіндіктерін де атап өтті. Ол БҰҰ-да Кубаны қағидалық тұрғыда қолдағаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді.
Жүздесушілер сондай-ақ Ядролық қарусыздану және оны таратпау жолындағы парламентшілердің одағы мен Парламентаралық одақ аясындағы парламентаралық үнқатысуды өрістетудің зор әлеуетін де атап өтті.
Қ.Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның елшісі Майкл Гиффордты қабылдады және дипломаттың бай тәжірибесі екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жәрдемдесетініне сенім білдірді. Төраға Қазақстан Ұлыбританияны аса маңызды сауда-инвестициялық әріптес ретінде қарастыратынын, саяси, оның ішінде екі ел парламенттері арасындағы үнқатысуды дамытуды жақтайтынын атап өтті. Елші бір ай бұрын Қауымдар палатасының депутаты Боб Стюарт бастаған Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық парламенттік топтың делегациясы Қазақстанға келгенін айтты.
Сенат Төрағасы өткен сессиядағы Парламент жұмысының қорытындылары туралы хабардар етіп, 84 заң қабылданғанын айтты.
Abai.kz