Жұма, 27 Желтоқсан 2024
4526 4 пікір 11 Шілде, 2018 сағат 11:09

Ресейде 67 мың баламыз оқып жүр, биыл тағы 10 мың грант бөліпті...

Еліміздегі бүгінгі таңдағы ең өзекті де, басты проблеманың бірі—жастарға жоғары білім берудің жай-күйі десек артық айтпаспыз.  Оның сапалық деңгейі кейінгі кездері тым төмендеп кеткендігі алаңдатпай қоймайды. Ал бұл факті ешкімге де таңсық емес. Мәселен, университеттердің әлемдік рейтінгі орталығы (CWUR) жақында бүкіл дүние жүзіндегі мыңдаған үздік университеттердің тізімін жариялады. Соған қарағанда біз мықтап сорлап қалыппыз. Сорлаған емей немене, сол мыңдаған жоғары оқу орнының ішінде біздің елден бірде-бір университет ілінбепті.

Ал кіргендеріне қарасақ, білім деңгейлері елден ерекше дейтін де елдер емес. Мәселен, Иранның 12 бірдей университеті, Египеттен төртеу, Пәкістаннан үшеу сонда қасқайып тұр. Бұларды айтпағанның өзінде әлгі тізімге Нигерия, Ливан, Тунис жәнен Урувай секілді даму деңгейі бізден асып кеткендері шамалы елдер еніп кеткен. Бұл жерде жедел дамып келе жатқан жұрт жайлы тіпті де ауыз ашпаймыз. Ал бұған күлесің бе, жылайсың ба?

Ал жалпы, біздегі білім деңгейінің тым құлдырап кеткенін көзі ашық, көңілі ояу жұртшылықтың бәрі біледі. Себебі де тым тереңде емес. Бәленің барлығы бүгінде универстеттер түгелдей коммерцияланып кетуінде. Олар үшін басты көрсеткіш білім деңгейі емес, сонда түсетін студенттер санының жылдан-жылға көбейіп, осының арқасында ақшалай табыстың еселене түсуі. Және де олар екі жеп биге шығып отыр. Мол қаржыны мемлекеттен мемлекеттік тапсырыс пен гранттар арқылы бір алса, ақылы оқудың есебінен ата-аналардың қалтасын тағы да қағады. Сөйте тұра олардың ешқайсының да осы студенттің күні ертең алған дипломы бойынша жұмыс таба ала ма деген сұраққа тіпті де басы ауырмайды. Екінші сөзбен айтқанда өздері оқытқан мамандар үшін еш жауапкершілікті мойнына алмайды. Мұнан артық қандай рахат керек. Ақша өзінен-өзі құйылып жатыр. Тек қалтаңды тос та жата бер. Бүгінгі сөзбен айтсақ «ылғи бір лепота».  Осыдан келіп, білім деңгейінің төмендігімен бірге, жалпы жоғары білімнің де беделі түсіп, мүлдем құнсызданып кетеді. Мақұл, төрт жыл оқып, диплом алдың делік. Сосын не істейсің? Мамандығың бойынша жұмысқа орналасу мүлдем мүмкін емес десе де болады. Сонда ол дипломның құны неге тұрады? Ештеңеге де. Бір жапырақ қағаз.

Міне осыдан кейін болашақ студенттер білім деңгейі жоғары, болашақта жақсы қызмет табуға мүмкіндік беретін елдерге қарап, елеңдейтіні рас. Қазір ондай мүмкіндіктер жетіп артылады. Мәселен, Германияға тартып кетуге болады. Ол жақтағы ЖОО-лардың барлығы да тегін. Шетелдіктерге де есіктер айқара ашық. Мұндай оқу орындары Францияда да бар. Алайда, ол жерде сол елдің тілін жақсы меңгеруің қажет. Оның үстіне жататын орын мен ішім-жем, медициналық қызмет удай қымбат. Қысқаша айтқанда жылына 8-9 мың евро, ал төрт жылда 30-35 мың евроны санап бересің. Бұл ,әрине, екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Енді не қалды?  Құдайға шүкір, жанымызда екі бірдей алпауыт көршіміз бар. Алдымен Қытайға көз салалық. Мұнда оқу тегін. Сапасы Еуропадан бір мысқал да кем емес. Сапасы демекші, біз жоғарыда айтқан бүкіл әлемдік рейтінгігісіне осы көршіміздің жүзден астам жоғары оқу орны кірген. Көш басында Пекин университеті қасқайып тұр. Міне, сондықтан болар, Қытай елінде бүгіндері біздің болашақ іскер мамандарымыз осылай қарай ағылады. Бұл көш жыл сайын күрт артып келеді.

Ендігі бір көршіміз — Ресей. Бұл енді Қытайға қарағанда бізге жақынырақ. Ол елдің тілін үйреніп қажеті жоқ, орыс тілі қашаннан қанымыз сіңгендігі белгілі. Оның үстіне Ресей біздің елдегі білімді де ақылды жастарға тым зәру. Сондықтан олар үнемі белсене қимылдады. Өздері келіп, біздің қарадомалақтардың ішінен шекесінен шертіп тұрып, маңдайы жарқырағанды ешбір кедергісіз алып кетеді. Жақында Ресей Федереациясы білім мен ғылым министрі Ольга Васильеваның айтуына қарағанда сол елдегі ЖОО-ларда 67 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды екен. Оның 27 мыңы федералдық бюджет есебінен білім алады, яғни тегін. Ал жалпы осы көршімізде оқып жатқан қазақстандықтардың саны ТМД елдерінің қай-қайсысынан да асып түсетін көрінеді. Бір өкініштісі, бұл үрдістің бой бермей, асқынып кететін түрі бар. Мәселен, биылғы жылы Ресей қазақстандық түлектер үшін арнайы 10 мың грант бөліп отыр. Мұның сыртында ресейлік жастармен бірге конкурс арқылы түсетін студенттеріміздің санын ешкім де білмейді. Оны да аз десеңіз, көршіміздің бірқатар университеттерінде қазақстандық талапкерлер үшін арнайы бөлімдер ашылған. Енді ойланып көріңіз. Біздің барлығыз жиналып, 18 миллион адамды құрайды екенбіз. Айдың-күннің аманында осының ішінен сайдың тасындай іріктелген, талапты да талантты 10 мың жасты жоғалту көз жұмып қарауға болмайтын үлкен қатер екендігін айтып жатудың өзі артық.

Ашығын айтқанда, біз қазір ақылды да дарынды жастарымыздан ажырап қалып отырғанымызды мойындауға тиістіміз. Олар бөтен елге барғанда біріншіден, біржолата сонда қалып сол елдің экономикасын өрге сүйреуге қызмет етеді. Екіншіден сол елде үйленіп, Ресейдің құлдырап бара жатқан демографиялық жағдайын дұрыстайды. Ал бұл дегеніңіз тек таза білім ғана емес, үлкен саясат. Мұны  олар жасырып та отырған жоқ. Биылғы жылдың наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин өз жолдауында: «Шетелден келіп біздің универсиетттерімізге түсетін талантты жастарға ерекше қамқорлық жасауды ұсынамын. Олар келіп те жатыр. Алайда олардың осында қалып жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау керек. Олардың тіпті біздің азаматтымызды алуларын да жеңілдеткен жөн» деп мәселені ашық қойды. Осыдан-ақ көп нәрсені ұғынуға болар. Біз бұл жерде Ресейдегі ақылы оқудың бізге қарағанда әлдеқайда арзан екеніне тіпті де тоқталып отырғанымыз жоқ.

Ал біз осынау аса қауіпті проблеманы шешуді, яғни шетел асып жатқан аса талантты да білімді жастарымызды осында қалдыру бағытында не тындырып жатырмыз? Ештеңе де. Тек биылдан бастап техникалық мамандыққа деген грантты көбейтіп жатырмыз деп мәз боламыз. Ал жалаң ғана көбейту бұл проблеманы шеше ала ма? Оның қайтарым қандай болмақ? Осы саны ғана бар мамандықтың қазіргі жағдайын жоғарыдағылар жақсы біле ме? Ал мұндай мамандық иелерінің қазіргі жалақысының деңгейі жайлы айтуға ауыз бармайды. Ендеше айлығы тым төмен мамандықты студенттердің жаппай қалап алатынына үлкен күмәніміз бар. Биылғы 20 мың грантпен оқып бітіретін жастарды ертең қайда барады? Осы 20 мың жасты қандай өндіріс орны күтіп тұр? Экономикамыз осыған дайын ба? Бұл сауалға жауап іздеп, сараптама жасап жатқан министрлікті байқамадық.

P.S.  Бір қызығы, мына іргелес Ресей мен Қытайды былай қойғанда қиырда жатқан елдер де біздің түлектерімізге деген пейілі ерекше көрінеді. Жақында сонау Мысыр елі бізге деп арнайы 29 грантты бір-ақ бөліпті. Одан қалғысы келмеген Польша мемлекеті де 10  студентті өзіне шақырыпы отыр. Ал оңтүстік Корей елінің біздің артистік таланты бар түлегімізге Корей ұлттық өнер университетенің есігі айқара ашық көрінеді. Шетелдегі мемлекетттердің мырзалығы міне осындай. Бұл не? Олардың қазақтың талантты ұл-қыздарына деген жанашырлық белгісі ме, әлде оның астарында өзгеше бір мақсат жатыр ма? Әр мемлекет ең алдымен өз мүддесін ғана ойлайтындығын ескерсек, бұл сауал да өз жауабына зәру секілді.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

 

 

                                

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052