Бауыржан Байбек: «Қауіпсіз қала» құруды басым бағыт ретінде белгіледік
Өткенде Алматы қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Қоғамдық кеңес жиыны өткен еді. Оған Шаһар басшысы қатысты.
«Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету» тақырыбында өткен алқалы жиынға ҚР Президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди, қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, БАҚ өкілдері, қалалық құрылымдық басқарма басшылары қатысты. Отырысты қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне қойылған мәселелерге сәйкес алдымен қала әкімі Б.Байбек мегаполисте атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы міндеттерге жеке-жеке тоқталды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформасының шеңберінде 2016 жылы құрылған Қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның барлық салаларының өкілдерін өз құрамына біріктіріп, бүгінде қаламыздың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, қоғам қауіпсіздігі секілді өзекті мәселелерді талқылап, оларды оңтайлы шешу жолдарын ұсынып келе жатқан бірегей қоғамдық институтқа, мемлекеттің үлкен әріптесіне айналды. Әлбетте, кейбір құқық бұзушылықтардың уақытылы ашылмауы қоғамның қорқынышы мен азаматтардың қаупін арттыра түсетіні заңды құбылыс.
Біз, елімізде тұңғыш рет қала тұрғындарының, Сіздердің араларыңыздағы көптеген белсенділердің қатысуымен кең талқылана отырып қабылдаған «Алматы-2020» даму бағдарламасында «Қауіпсіз қала» құруды басым бағыт ретінде белгіледік. Бағдарлама бекітілгеннен бастап біз осы бағытта өздеріңізбен ақылдаса отырып, келелі жұмыс атқарудамыз. Ең басты мақсатымыз – қарапайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – баршамыздың ел-жұрт алдындағы азаматтық борышымыз, қызметтік міндетіміз, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, шаһар басшысы қыршын кеткен жас спортшы Денис Теннің рухына тағзым ретінде қалада қандай нысандар пайда болатынын және Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен атындағы турнир ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
– Денис Теннің қазасы бүкіл қазақстандықтарды дүрліктіріп қана қоймай, біріктірді. Мен Денистің ата-анасымен екі рет әңгімелестім. Алдыңғы күні тағы да жүздестім. Қала әкімдігі мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен атындағы турнир ұйымдастыратын болды. Халықаралық додаға жас спортшылар қатысады. Алматы – қысқы спорттың орталығы. Сондықтан мұндай турнир қалаға керек, – деп аяқтады сөзін Б.Байбек.
Алдағы уақытта Денис Теннің рухына арнап спортшы көз жұмған жерге ескерткіш орнатылады.
– Біз ескерткіштің ең озық үлгісін анықтау үшін мүсіншілер арасында байқау жариялаймыз. Қазір осы бағытта Денис Теннің туыстарының қатысуымен комиссия құрылды. Сондай-ақ, Денис Тен туған үйге ескерткіш тақта орнатылып, кітап жазылады, – деді әкім.
Шаһар басшысының айтуынша, Денис Теннің туысқандарында ол туралы барлық мәлімет бар. Оны кітап етіп жазу үшін барынша қаржылық көмек көрсетілмек. Осы мәселелердің барлығы қала әкімінің жеке бақылауында болады.
Құқық қорғау органдарының кейбір бӨлімшелері оңтайландырылады
ҚР Президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде құқық қорғау жүйесі жаңғыртылып жатқанын мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының 30 мамырдағы Қауіпсіздік кеңесіндегі тапсырмасына сәйкес үш жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс топтары құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртумен айналысады. Қарулы күштер құрылымын реформалау – өте күрделі процесс. Бұл процесс өте терең талдауға негізделуі тиіс. Заман бір орында тұрмайды. Кеше тиімді болған нәрсе бүгін қажеті жоқ болуы мүмкін. Қоғамдық кеңес мүшелеріне айтқан ұсыныстары үшін алғыс айтамын, – деді Алексей Калайчиди.
Сонымен қатар, ҚР Президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі елімізде жүргізіліп жатқан ҚР ІІМ реформалау барысында полиция қызметкерлерінің KPІ көрсеткіші қайта қаралатындығын мәлімдеді.
– Полиция қызметкерлерінің қызметін бағалау критерийлері қайта қаралатын болады. ІІМ реформалау тек идеялар мен ұсыныстар жиынтығы ғана емес екенін түсіну керек. Реформаның өзі Грузиядағыдай түбірімен өзгеріс немесе белгілі бір нүктелер ғана өзгеруі мүмкін дегенді білдіреді. Әр мәселені біз жан-жақты талдап, талқылауымыз, зерттеуіміз керек. Қазір жұмыс тобы сонымен айналысып жатыр. Үнемі шетелге шығып тұрамыз, – деді А.Калайчиди.
Алдағы уақытта құқық қорғау органдарының кейбір бөлімшелерінде оңтайландыру шарасы жүрмек. Бүгінде жұмыс тобы функционалды талдау жасаумен, шетелдік тәжірибені отандық жүйемен салыстыру арқылы қаржылық шығындарын есептеумен айналысып жатқан көрінеді. Алексей Калайчидидің айтуынша, жаңа тәртіп бойынша бөлімшелердің көрсеткіші төмен болса немесе қоластындағылар сыбайлас жемқорлықпен айналысатын болса, жетекшілер қызметінен кететін болады. Бұдан өзге, полиция қызметкерлерінің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты есептеулер де жүргізіліп жатыр.
Пәтер жалдайтын азаматтар тексеріледі
Қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаевтың айтуынша, мегаполисте пәтер жалдап тұрып жатқан азаматтарды тексеру жұмысы күшейтілмек.
– Жүргізілген талдауларға сәйкес, болған қылмыстардың 31 пайызын сырттан келгендер жасайды екен. Қылмыстық ахуалды бақылауда ұстау мақсатында пәтер жалдаушылар енді кешенді әрі жоспарлы түрде тексеріліп тұрады. Оның ішінде шетелдіктер тұратын жатақханалар, қонақүйлерге де полиция жиі бас сұғып тұрмақ, – деді С.Күдебаев.
Жалпы, жыл басынан бері 103 мың құқық бұзушыға 637 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. ІІД басшысы Серік Күдебаевтың айтуынша, ІІД-нің басты міндеті – полицейлер арасындағы қылмысты азайту.
– 2017 жылы 457 қызметкер жұмыстан қуылды. Олардың 10 пайызы сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталса, 1 833 қызметкер – тәртіптік, 32 қызметкер – қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қалада Алатау және Наурызбай аудандарының пайда болуына байланысты биыл Алматы ІІД штаттық бірлікті көбейтпек, – деді С.Күдебаев.
Ал Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев шаһардағы қылмыс туралы статистикалық деректерді келтірді.
– Алматыда ішкі және сыртқы көші-қон көрсеткіштері артып келеді. Бүгінде құқықбұзушылықтың 20 пайызы Алматыға тиесілі. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 31 пайызы өзге өңірден келгендер, – деді Б.Жүйріктаев.
Сонымен қатар, прокурордың айтуынша, қалада адамның жеке басына жасалған қылмысқа қарсы күрес әлі де қанағаттанарлық деңгейде емес екен. Мұндай қылмыстар 4 пайызға, тонаушылық 18 пайызға артқан. Ал көлік ұрлау дерегі 9,5 пайызға көбейіпті. Бүгінде кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыс 6 пайызға артыпты. Жыл басынан бері 2,5 мың жол оқиғасы тіркелген. Онда 3 мың адам жапа шексе, 75 жағдай қайғылы жағдаймен аяқталған. Сәйкесінше, пәтер тонау 31 пайызға, ұялы телефондарды жымқыру 14 пайызға қысқарыпты.
Сонымен қатар, Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаевтың айтуынша, аса ауыр қылмыс, яғни қинау сияқты қылмыс жасағандарға ізгілендіру туралы заңның шарапаты тимейді. Ал одан басқаларға балама жаза ретінде қоғамдық жұмыстар қарастырылады. Мәселен, сотталғандар көшелерді абаттандырып, көгалдандырып, қоғамға пайдасын тигізетін болады. Сонымен қатар, Жүйріктаев пробация қызметі сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытында нақты әрі анық жұмыс атқаруы тиістігін айтты.
Abai.kz