Жұма, 27 Қыркүйек 2024
3373 0 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 13:09

«Көктөбе Opera-2018» ашық аспан астындағы музыка фестивалі өтеді

Алматыда мегаполис халқы үшін дәстүрлі мәдени шаралардың біріне айналып үлгерген «Көктөбе Opera-2018» фестивалі өтеді. Биыл үшінші рет өткелі отырған фестиваль екі күн қатарынан – 25-26 тамыз күндері ұйымдастырылмақ, - деп хабарлайды Абай-ақпарат "Алматы ақшамына" сілтеме жасап.

Фестивальді ұйымдастырушы Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының хабарлауынша, опера жанрының талғампаз тыңдарманы бұл жолы кештің басты қона­ғы Винченцо Костанцаның өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ, классикалық ән мереке­сінде симфониялық оркестрдің сүйемел­деуімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының танымал солистері мен опера жұлдыздары әлемнің ең үздік композиторларының туындыларын тарту етеді.

Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет бас­қармасы хабарлағандай, биылғы фестиваль Қала күні мерекесіне тарту ретінде арнайы ұйымдастырылып отыр. Дирижер – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев.

Еске сала кетейік, «Көктөбе Opera» фестивалі алғаш Алматыда 2016 жылы әсем қаланың 1000 жылдық мерейтойына орай шымылдығын ашқан болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан фестиваль өнер шыңы – опера тыңдарманының сүйікті мерекесіне айналды.

Алматылықтар мен қала қонақтары Лиссабондағы «Сан-Карлуш», Модендегі Лучано Паваротти, Неапольдағы «Сан Карло» театрларының солисі Алехандро Рой, Винченцо Костанца сынды саңлақтардың өнеріне тәнті болған. Сонымен қатар, фестивальда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзенбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Бас­пақова, Гүлзат Дәуірбаева, Оксана Давы­денко, Дана Таласбекова, Қайрат Өмірбеков, Венера Алпысбаева, Александр Сметанин, Эмиль Сакавов және Елена Никонова сынды халықаралық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетіп келеді.

Биылғы кеште де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әйгілі солистері негізгі композицияларды орындайды.

Дирижер Алан Бөрібаев классикалық музыка мерекесіне қатысты БАҚ-қа берген сұхбатының бірінде Көктөбеде өткізіліп келе жатқан фестиваль көрерменге дүниежүзілік деңгейдегі өнер ордаларының шығармашы­лығын жақын таныстыратынын атап өткен еді.

«Мен бірқатар мемлекетте табиғат аясында өткізілген концерттерде дирижерлік еттім. Тынық мұхитының жағалауында Австралияда өткен сондай бір керемет концерт әлі есімде. Көктөбедегі фестиваль тыңдарманға дүниежүзілік деңгейдегі өнер ордасының шығармашылығын жақын таныстырады», – деді Алан Бөрібаев.

Фестиваль кешкі сағат 20.00-де басталады.

Abai.kz

0 пікір