Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5506 3 пікір 27 Тамыз, 2018 сағат 11:54

Шеттерінен «шедевр»...

Баяғыда, ертеде, әлімсақта (тоқсаныншы жылдарға дейін) біздің халық аңғал еді. Бала еді. Аңғалдығы сол – әнді композиторлар ғана шығарады деп ойлайтын. Өзіміз секілді қарапайым адамдардың маңдайына ән шығаруы бақыты бітпеген, ол дегеніңіз табиғаттың талантты, дарынды етіп ерекше жаратқан адамдарының ғана қолынан келетін іс деп ойлаған. Солай ойлағандықтан ән дегеніңізді солардан ғана күтетін. Не деген аңғалдық десеңші.

Олар да (композиторлар) тегі кесірдің кесірі болды. Айдың-күннің аманында, Құдайдың құтты күні отыра қалып бір ән жазып жүре берсе болады ғой. Жо-о-оқ, олар өйтпейді. Анда-санда бір ән. Және ол әнді үйінде отырып тағы жаза салмайды. Міндетті түрде үйінен ұзап шығуы керек. Тебіренуі керек, толқуы керек!

Барған елінің ықыласы мен пейіліне малынып, сол жердің табиғатына сүйсініп, абайсызда жолыққан жәудір көз қыздың жанарындағы шоқ жүрегіне түскенде барып қана жазатын. Онда да әр сапары бір ән деген гарантия тағы жоқ. Кейде туады, кейде тумайды. Тамдының аруы, Дүнген қызы сынды көңіл тербетіп, жан толғандыра алса жақсы, өйтпесе, қайыр жоқ. Мойынқұм мен Арыс өзені Құдай құт беріп қана қоймай, бақ қондырған жер екен. Әйтпесе, Шәмші әулиенің табаны тимеген жер аз шығар. Шәмші демекші, бұл жерде вальс королі жәй мысал ғана. Әйтпесе, Әбілахатыңыз, Мыңжасарыңыз бастап, басқалары қостап бәрі сол «әулиелер». Құдай-ау, сол Құдайдың берген таланты мен дарынын туған елінен аяп, анда-санда бір ән шығарып қойып қарап отырмай, күніне бес әннен, кейде алты әннен жаза берсе несі кетер еді дейсің. Жоқ, өйтпейді ғой. Міндетті түрде шынымен толқуы керек, толғануы керек. Бұлардікі жөн екен. Толқып, тебіреніп, әсерленіп алып жаза берген. Арыдағыларыңыз мүлде кісі болған ғой.

Анау Ақан, мынау Біржан дейсің бе, кез-келгені сол. Сырттай тамсанып, күшті екен ә деп жаза салу деген атымен жоқ. Міндетті түрде тағдырын кешіп, таяғын жеп, басын тауға ұрып, тасқа соғып, сорын кешіп барып жазған. Ойпырмай не деген әпенделер еді. Бір ән жазу үшін жарты өмірі мен тұтас жүрегін құрбан қылу, күндіз күлкіден айырылу дегеніңіз енді ақырындатып айтқанда ақылсыздық болған ғой. Со заманда халық қана емес, халық композиторлары да аңғал болған ғой. Ән деген кәдімгі ән болу керек деп ойлаған ғой. Ол да адам баласының өмірге келгені сияқты әртүрлі процестен өтуі керек деп түсінген. Балалық қой. Бала дейін десең бала да емес. Ал, қазір ше? Қазір шүкір, тәубе, елдің де, сазгердің де көзі ашылды.

Әнді әркімнің жаза беруіне болатынын түсінді. Бұл әсіресе әнші болсам деген жас талап үшін оңтайлы болды. Нұрғисадай біртуардың жылына бір туатын классикасын күтіп жүрудің дымға да керегі жоқ екен. Иамахасын шұқылап отырған кез-келген «сазгердің» студиясына жетіп бара сал.

Брат, бір ән керек еді,-де. Болды.
Бірді-екілі әні айналымға шығып үлгерген, бұ күнде өзін кәдімгідей ОННЕР адамы санайтын көкең бірінші шылымын өшіріп, артынша келесі шылымын тұтатып, қою түтінін көкке қарай бір үрлеп, аса бір ойлы пішінде, компютерінің жаңа әндер деген папкасын ашып кеп жіберсін. Іші тола «қазына». Қалағаныңды ал. Сенің қолайыңа жағатын ән жоқ болса, сәл күте тұр. Суырып салып бере салады. Баяғыда Шәмшілер, Әбілахаттар, Нұрғисалар бес сызықтың бойына несіне нота тізіп әуре болған дейсің. Еще басына кілт қойып қоятын. Ол не үшін керек екен десеңші?. Сөйтсе, ол кісілер ән жазуды әдейі қиындатып жүрген екен ғой. Әйтпесе тоғыз күн толғатып, он күн ойланып, он бірінші күн дегенде қолға қалам алудың түкке керегі жоқ екен. «Иамахаңа» отыр да ақ-қара пернелерді басып-басып кеп қал, болды. Компютеріңнің жадына сақталып қалған жаңағы әуенді тыңдап көр. Ешқандай әнге ұқсамайды ма? Ұқсамаса болды, жаңа ән деген сөз! Жарқ ете қалсам деген бауырыңның қолына ұстат та жібер. Ол оны аты шығыңқырап қалған ақынның уатсабына жіберсін. «Брат, мына әнге сөз керек еді»,-деген өтінішпен. Ақын ұялы телефонына келген әуенді тыңдайды. Клавиш пен гитараның болымсыз әуеніне сазгер ыңылдаған екен.

Дайдарым, дайдарым, дарадайдым,

Арайдым, арайдым, арадайдым.

Нарайным, нарайным, наранаймын.

Халайлім, халайлім, халалаймын.

Ішіп пысып отырған жұмыссыз ақын сол заматты әншінің өтінішін орындайды.

Аяулым, алтыным, ақмаңдайлым,

Өзіңді көп іздеп тапқандаймын.

Сезімім сел болып сағынғанда,

Өзіңді құшақтап жатқандаймын.

Бітті. Ән дайын, әнші дайын. Тыңдаушың ол. Халқың бұрынғыдай оқырман, көрермен, тыңдарман болып жік-жікке бөлінбейді. Бәрі бір топ. Халқың тұтас тыңдарман. Кітап оқитын, театр тамашалайтын бірен-саран оқырман мен көрерменнің бары бар. Бірақ, олар өте аз. Осы бетімізден қайтпасақ, бірер жылда оларды қызыл кітапқа кіргіземіз. Сосын жүрсін өздерін өздері оқып. Айтпақшы, қазірдің өзінде солар бірін-бірі ғана оқып жатқан жоқ па? Жә, әңгіме олар жайлы емес. Әңгіме тыңдарманның молдығы жайлы. Иә, тыңдарман мол.

Бұрынырақта он шақты композитор мен жиырма шақты әншінің қырық шақты әніне шөлі қанбай, әбден қаталап қалған халық емес пе, не берсең де сіміре береді. Қолыңнан келсе сен де өз мүмкіндігіңді пайдаланып, арзаныңды маржан деп құлағына сіңіре бер.

Айтпақшы, қазір әншілердің де көзі ашылған. Бірінші темекісін өшіре берісімен, екіншісін тұтатып, типа тұлға болып отырған «сазгерге» жыны келсе өзі-ақ жазып алады. Айналаңызға қараңыз, тыңдап отырған «әніңіздің» тоқсан пайызының орындаушысы автор. Он пайызы әлгі бірінші шылымын өшірісімен, екінші шылымын тұтатын ағайдікі.

Шүкір, тәубе, елдің көзі ашылды. Бұрынғы аңқаулық жоқ. Әнді композитор шығару керек, оны әнші орындау керек деген аңғал қазақты тапқан екенсің. Ел білді. Ән дегеніңді әркім-ақ шығарады екен. Және бір шығарып үйреніп алсаң, көптеп шығара беруге де болады екен. Баяғыда Шәмшілерді несіне әулие қылған осы жұрт. Оларды қойшы, арыдағы Ақан, Біржан, Балуан шолақтарды айтамын да. Бүгінгілердікі сияқты жанға жағымды, құлаққа сіңімді емес. Әйтеуір бір бітпейтін айғай. Қыздың атын атап, аңырайды да жатады. Және оларын әркім айта алса бір жөн екен. Еркін Шүкімән деген сынды еңгезердей біреу болмаса, біздей шибуттардың әрқайсысының оңтайына келіп, қолайына жаға бермейді.

Және оларға ән жаздыру үшін Балқадишадай сұлу, Ләйлідей керім, Ғалиядай кербез керек болған ғой. Қазір қыздың керегі жоқ. Осы дұрыс қой. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Қыз да жыламаған, оның айттырып қойған жігіті де бұлқан-талқан болмаған.

Тағы бір қызығы жоғарыда айтқанымыздай олардың әр әні бір тағдыр. Жазылуы тұтас бір тарих. Оны мына жақта жырдан қызық қып айтып, мәре-сәре болады. Не қызық сол. Сал салдатып, сері серілетіп жүріп көріп қалған екен. Көріп қалғасын ұнатып қалыпты. Сосын… Өйтіпті, бүйтіпті. Ақын соңында дүниеден баз кешкен әлгі байғұс сол әнді жазыпты.

Қазіргі әндердің жазылу тарихы да жақсы. Ешкімнің басын қатырмайды. Сенбесеңіз кез-келген сазгерге барып осындайда-осындай әніңіздің туу тарихын айтып беріңізші деңізші, жауабыңыз мынадай болады. «Қайбір жылы Бәленчик деген әнші келген, сол бір ән бар ма дегесін, дайын тұрған ештеңе болмағасын, ертең хабарласшы дегем. Содан отыра қалып осы әнді жазғам. Басында достар туралы деп бергем, өзі сөзін ақынға махаббат туралы қылып жазғызып алыпты ғой». Күшті емес пе, иә. Не ол, бір ән жазу үшін бала-шағаңды тастап, ел кезіп азып, жер шарлап тозып. Одан да сол уақытта он ән жазып алмай ма?.

Қазір уақыт қымбат. «Қайықта» деген ән жазу үшін бір қызбен айдын-көлдің бетінде сылбыр қимылдап, баппен қозғалып, қыздың бетіне қарап, «ескегіңді берші құрбым, мен есейін сен еспе» деп отыратын заман емес. Қазір скутердің заманы. Қызды артыңа мінгестіріп ал да, зыр етіп ары жүз, дүр етіп бері жүз, шаруа бітті. Шын талант болсаң бір ән жаз. Және ол скутердің жылдамдығындай ремикс болсын. Вальс жазғың келсе, катамаранға отыра сал. Сен ес, мен ес деп ерегеспей, екеуің де тебе бер.

Иә, қайткен күнде де өнерді заманға ыңғайлауымыз керек. Оған біздің жастарымыз бел шеше кірісіп кеткен. Және ол еңбектері жеміссіз де емес. Осы бетімізден қайтпасақ күні ертең өзбек, қырғыз тұрыпты, кәрістен де калорит қосып, заманауи қазақ әнін тудырамыз. Және ол ғажап ән болады. «Құрттың ғо тағы» деген әп-әдемі жыр жолдарын басқалай естіп қалсаңыз, оған сіздің кәрі құлағыңыз кінәлі. Жас-өспірім жеткіншектер, «құрттың ғой тағы» деп өкінген, өксіген замандасының мұңын ұғып отыр.

Солай. Қазір халық бұрынғыдай аңғал емес. Сол кезде халық аңғал ғана емес, ұялшақ, ұяң да болған екен ғой. Қайбір бозбаланың шын жүрегінен тәп-тәуір ән туа қалса және сол әні халықтың көңілінен орын алса да, елі сүйіп айтып жүрсе де авторлығынан қашып, азарда-безер болған. Әннің бар айыбы сол, Шәмшінікіндей, Нұрғисанікіндей биік деңгейде шықпай қалыпты. Сол себепті бір кездері «Көше әндері» көбейіп кетті. Тым-тым әсерлі көше әндері әр көшенің төрінде шырқалатын. Ал, қазір көшеде жатқан ән жоқ… Шеттерінен «шедевр». Қаншама жылдар, ғасырлар бойы неге алданып келгенбіз. Ән дегеніңіз осындай болады екен. Айтпақшы, осы талғамымызбен қарап, әділ бағасын берсек, «Туканың» «Шаншардағы» айтқан «хәләу-лилау-лилау, игог-гигог-гигок» дегені өте тамаша ән. Қазіргі шығып жатқан әндердің бәрі де сол қарайлас қой.

Бейбіт Сарыбай 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364