Қуаныш Жиенбай. Өң мен түс
әңгіме
Жүрек жұтқан, айтары жоқ, нағыз жүрек жұтқан. Төңірек тастай қараңғы. Жан-жаққа назар салмақ түгілі, алдымен аяқ жолыңды көру арман. Ақтеңге үйдегілер оянып кетпесін деп, ішкі есікті де, сыртқы есікті де аса ептілікпен ашып-жауып, ауызғы бөлмеге өткен соң ғана сәл аялдады. Ауа дымқыл. Көктем шықты, көктем шықты деп гүмпілдеткенімен қыстың ызғары әлі қыр аса қоймаған. Оның үстіне кешелі-бері осы өңірде өші қалғандай ақ жауынның армансыз төпелемесі бар ма! Жер лайсаң. Резина етіксіз қарға адым аттап шыға алмайсың. Сырдың тізеден келетін кәдімгі ми батпағы. Батпақтың бір амалы табылар-ау, ал Жаңғабылдың үстінен тастамайтын сұр кәстөмін қайдан кезіктіреді. Міне, мәселе қайда?! Балалардың ойын киімдерімен араласып, әр бұрышта елеусіз, умаждалып жататын сұр кәстөм ауадай қажет боп тұр осы заматта. Ақтеңгені де жып-жылы төсегінен жұлып әкеткен сол сұр кәстөм. Әйтпесе, мынадай қара суықта тісі-тісіне тимей дірдектегенше жатпай ма екі кісілік арабы кереуетте аунап-қунап.
Судыраған жібек халаттың саутамдығы жоқ, әрі суық тарта ма ит жегір! Жалаң аяқ, жалаң бас жар жағалап жүріп, қолына іліккен әлдебір күртешені асығыс-үсігіс иығына іле салды. Қайдасың, сұр кәстөм?! «Сұмырай, сұр кәстөм!» дей жаздады аяқ жағында. Мұнысы, мұнысы ма, мұнан он бес жыл бұрын отасып, жастық дәуреннің қызық-шыжығын бірге бөлісіп, балалы-шағалы боп, аудандағы алдымен ауызға ілігетін өнегелі отбасының иесі, ал бүгінгінің айшықты тілімен айтқанда, күріш егісінің интенсивті әдісін алғаш игерген озат қожалықтың иесі Жаңғабылдың түгін қоймай, балағаттаған секілді естілеме қалай?! О-о, о не дегеніңіз, сүйіп қосылған, сүйіп қосылғанда қандай! Қыз Жібек пен Төлеген секілді табандаған төрт жыл серуендеген. Бірін-бірі әбден зерттеді, алғашқыда қиналғанымен кейін үлгілі отбасы боп кететіндеріне көздері жеткен соң үйленді ғой. Алдымен Сырдарияның сол жағалауындағы ұжымшар орталығында Жаңғабылдың әке-шешесімен бірге тұрды. Ақтеңге орта мектептің білдей мұғалімі. Жұлынып тұрған жас маман. Қоғамдық жұмыстан да қол үзбейді. Ауданнан келетін өкілдер алдымен Ақтеңгенің сабағына кіреді. Осы заманның оқыту тәсілін шемішкеше шағатын озат оқытушыға сынақ деген не тәйірі, оң келгенін – оң, сол келгенін – сол, қас пен көздің арасында қағып тастайды. Қағып тастайды да кезекті шаруасына құмбыл әм жігерлене кіріседі.
«Осынша білім-білігімен ауыл мектебінде ұстап, қор қылғанымыз жарамас» депті бір жиналыстың қорытындысында аудан басшылары. Ал қалаға көшіру үшін не істеу керек? Ниет болса мүмкіндік мол. Жаңадан іске берілетін орта мектептің директорлығы Ақтеңгеге сұранып-ақ тұрған-ды. Істегенде Ақтеңге істесін, саңалау таба алмайсың ол атқарған шаруаның арасынан, кірпіш қалағандай бәрін жымдастырып жібереді. Сонымен күн тәртібіндегі негізгі мәселе шешілген. Оу, күйеуі Жаңғабыл бұған қалай қарайды? Жаман болсын, жақсы болсын, отағасының сөзі – соңғы сөз! Құдай салмасын, мына сұмдықты көрген жұрттың ауыздары ашылып, аңқайды да қалды. Бұл ненің құдіреті, шырағым-ау! Ақтеңге Жаңғабылдың көкірегіне тырнақтай атом түйіршігін салып жібергенннен сау ма?! Әлде шынайы махаббаттың тартылыс күші осындай бола ма?! Бәли, Жаңғабыл бұған дейін де көштің соңында қалған азамат емес-ті. Өңіріне жалтыратып орден тақпаса да күріштің әр гектарынан ортадан жоғарылау өнім алып жүрді. Айлық табысы да шүкіршілік. Қоңыртөбел тіршілік жетпей ме жігіт адамның бір басына. Бұдан артық несібе бұйыртып жатса, онысын тағы көрер.
Жо-жоқ, Жаңғабылдың жұдырықтай жүрегі лапылдаған жалын екен-ау тұрғанымен! Жанартаудың атқылайтын сәтін күтіп жүріпті іштей тынып. Ал кеп атқыласын, ал кеп шарпысын дүниенің апшысын қуырып! Ой-хой, мәңгілік қозғалысқа түскен мәшинедей екі қол, екі аяғына бір тыным болмай, зырласын-ай келіп, зырласын! Бұл қайдан тап болған бұла күш, бұл қайдан тап болған алай-дүлей бұлқыныс?! Әрине, істің бәрі ойлаған жерден шыға бере ме, бірде – бүк, бірде – шік, қайшыласқан қарекет. Ал алда-жалда алға қойған мақсат-мұраты өз мәресіне жете алмаса, Жаңғабыл шала бүлініп, жер тепкілеп, әлдекімдерді қарғап-сілеп, аузынан ақ көбік шашырап, жараған бураша аспанға секіріп жатпайды. Сабырлы, салмақты әм өз-өзіне сенімді. Егер бастаған ісінен болмашы ақау табылса, оны қас пен көздің арасында тып-типыл жайратып тастап, мүлдем басқа, тың жобаларға қайта кірісуден де жүзі жанбайды. Қаладан үй сатып алды, әке-шешесін кейін көшіріп алуға көндірген. Жаңа жайдың қора-қопсысын түгел жаңартты, бір-екі бөлмені бір-біріне қосып кеңейтті. Жиһазды шетелден тасымалдады. Аз мөлшерлі пайызбен несие алды. Жаңғабылдың алдынан кесе көлденең тұратын тосқауыл жоқ-ты. Бір «но-сы» Ақтеңгемен салыстырғанда әрине, білім жағынан шорқақ. Бар бітіргені су шаруашылығы техникумі. Күріштікке тартылған канал құрылысын жақсы біледі, күріш күтіміне келгенде кісі жаңылдырады. Бірақ бұл өлшеммен қайда барасың, бүгінгі заманның талғам-таразысы ұшан-теңіз.
Ойын ашық айтпағанымен аса білімді педагог-психолог Ақтеңгенің жанына да осы олқылық қатты бататын. Қалаға көшіп келіп, бір жайлы болған соң «сырттай институтқа түсіп алсаңшы» деді Жаңғабылға. Жаңғабыл мың-сан сылтауды араға тықпалап, бұлғақтайтын шығар деп еді, жоқ, танауы тесілген тайлақтай бірден келісті. Бұйырса келер жылы табақтай дипломды төс қалтаға сүңгітпек. Қазір диплом емес, ер-азаматтың өтімділігі, ептілігі шешеді талай жағдаятты. Десе де Жаңғабыл одан зиян көрген жоқ. Сессияға дайындалатын едім деп, оқулық ақтарғаны былай тұрсын, түнімен қадалып отырып компьютерге жүгінгені көп пайда әкелді жеке басына. Сүйтсе Жаңғабыл Жаңғабыл бола тұра талай дүниеден құр қалыпты. Енді болмағанда әлемдік өркениеттің өктем дауылы таң атқанша карта ойынының қызығына беріліп, күллі уақытын соған қор қылатын Жаңғабылдың өзін батпаққа батырып кеткендей екен де. Сол батпақтан дер кезінде қол созып, суырып алған Ақтеңгеге айтсын бар алғысын. «Айналайын, Ақтеңге, Ақтенгеш...!» Мұнан артық жүрек жылытатын жақсы сөздердің жалғасын таба алмағандықтан емес, бір түрлі... «мейлі, мың жерден жарылқаса да мен оның некелі байы емеспін бе?!» дейтін өткен шақтың өктем үкімі көкірек аузына тіреледі де, «жаным, күнім» деген лебіздердің жауын суы шайып өткендей құйрығын да ұстай алмайды. Жә, әйелдің алдында әлден иіліп-бүгілсе, ертеңгі күні не болмақ? Әйелді еркелеткен еркектің шығар туы белгілі, жүрек тұсындағы қошемет-құрмет таусылған күннен қарсы жақтың көзге көрінбейтін менменсіген ниеті өре түрегеледі. О құрығырың алты басты айдаһарыңнан кем түспес. Дұрысы, оны ұясында тұншықтырып өлтірген.
Танауын аспанға тіреп, қанша қиғылықты салғанымен мойындайтын шындық бәрібір мойындатады. Оу, Ақтеңгенің ақылы болмаса, Жаңғабыл осы күндері шуылдасып, әр тұстан дүңк-дүңк естіліп жатқан «интенсивті тәсіл, өндірістің көшбасшысы, лидер, менеджмент, стратег, креатив...» деген ұғымдардың түп төркінін қалай түсінеді? Бұларды түсінбек түгілі, Ақтеңгесіз олардың қарасын да көре алмас. Ертеңді-кеш резина етігін гүріп-гүріп басып, күріштіктің жаудай қаптаған қалың масасына таланып, дарияның сол жағалауындағы күйкі тірлігін жалғастыра берер еді де. «Ақтеңгенің бұл жақсылығын өмірі бойы ұмытпас». Осы тұстан тоқтайды. Ары қарай созғыласа мәні кетердей, жүрегі қобалжижы. Жетер бір әйелдің бой-сойына.
Ой, дәурен-ай, адамның жолы оңғарылайын десе әп-сәтте-ау! Бұл күндері Жаңғабылдың аяғы жер иіскемейді, аудан көлеміндегі жиналыстар мен облыстық активтердің онсыз өтетіндері сирек. Күріш өсірудің интенсивті тәсілін өндіріске батыл енгізген жаңашыл, шетелдік озық тәжірибені туған топыраққа алғаш жерсіндірушілердің бірі әм бірегейі, соның арқасында жоғары өнімге қол жеткізген серіктестік басшысы Жаңғабыл қашан көрсең де, кәделі бас қосулардың қақ төрінде. Шет елдік делегация құрамына да аты-жөні алдымен ілігеді. Ресейдегі күріш өсіретін көрші облыстармен тәжірибе алмасуды мықтап жолға қойған. Қытайға, Вьетнамға, Малайзияға сапар шекті. Біздің құдайға шүкір Қытаймен байланысымыз қай жағынан болмасын мықты ғой. Барыс-келіс те жиілеген. Жаңғабыл таяуда тағы барып қайтты Қытай жаққа. Қара көбейту үшін емес, тәжірибе жинақтауға. Қытайдың жасанды топырақта өсетін тұрқы ұзын, салмағы ауыр, дәмсіз, бірақ күн ыстығын соншалық қажетсінбейтін болымсыздау күріш дәнін біздің, ежелгі Сыр бойының «ақмаржанымен» будандастырып, содан бір жаңалық ашпақшы ма қалай?! Бұл әрине, Жаңғабылдың жеке бастамасы да болмас, халықаралық маңызды мәселелердің тетігі мемлекеттің қолында. Оның бір ұшы қаржыға келіп тіреледі. Әйтсе де, Жаңғабыл біздің қазіргі қоғам үшін таптырмайтын тұлғаға айналған. Жоғарыдан нұсқау түсті ме, Жаңғабыл үй-жайға қарамастан тұра шабады. «Қытай сортты» біздің топыраққа жерсіндірсең қомақты сыйлық аласың, өңіріңе орден тағасың, бай болып бақша мұратыңа жетесің» деп біреулер желпілдетіп жүр ме қайдам, әйтеуір, Жаңғабылдың жүрісі суыт. Кеше де мемлекетаралық келісімшартқа қол қоятын едік деп, дарияның арғы бетінен қонақ боп келіп жатқан әке-шешесіне де қарамастан, облыс орталығына кетті де қалды.
ХХХ
«Бар, бара бер, сен келгенше Ақтеңге де қарап қалмас». Жаңғабыл бүгін таң алдындағы пойыздан түседі. Пойыздан түсісімен үйге соғып, киімдерін ауыстыра ма, әлде... о жағын өзі біледі. О жағына Ақтеңге де бас ауыртпайды. Тастай қараңғыда қарманып жүріп, сұр кәстөмді әзер тапты. Ит жемейтін дүниенің қапелімде қадірлі бола қалғаны. Олай сілкіледі, былай сілкіледі, сарайдың кілті сырт етіп, еденге түсті бір кезде. Жаңғабыл бәріңнен қулығымды асырдым білем деп екі алақанын ысқылайды, ал жеті қат жер астындағыны сезе қоятын Ақтеңгенің ептілігін ескермейді.
Ұрлыққа түскендей сарайдың құлпын екі бұрады да, оның үстіне жаурап бара жатқан соң, ішке қарай лып ете қалды. Жарықты қосуға жүрексінді. Тұла бойы дірілдей ме немене? Е, соны айтам-ау, Ақтеңгенің бұл әлсіздігіне жол болсын. Мына сарайдағы ию-қию ыбырсыған дүниелер осы үйдің жалғыз қатыны – Ақтеңгеге бөтен бе екен, а?! Жақында сойылған бір жылқының жарты еті осында, сөреге қап-қабымен жиналған ұн-жармаңыз анау. Сексеуіл томарына сүрініп кетті де құлап бара жатып, денесін әзер тіктеп үлгерді. Балалар ойлы-қырлы шашып тастаған-ау, әсілі. Ашуланса не дейсіз. Жеті қараңғы түнде аяқ-жолын көруге мүмкіндік қалдырмаған өзінен көрсін. Балтырға тиген соққы балғамен ұрғаннан бетер. Шыдайды бәріне, сатып алған ауру... А...а, солай, солай ма? Бір түйін оқыс тамағына кептеліп қалғандай әзер жұтынды. Әлгі сұраққа... сұрақ болғанда қандай, әрбір сөйлемі атан түйеге жүк – өңшең өңменіңнен өтетін сұрақтардың жігін жатқызып, тәтпіштеп түсіндіретін жағдай туа ма, тумай ма? Әлде... бір мектептің білдей директоры Ақтеңгенің бұл әрекетін өзінен басқа тірі жан аңғармай да, байқамай бәрі-бәрі топан сумен бірге ағып өтетін қоқыс секілді ұмытылса, сонда мұның мән-мағынасы қай жерде?! Егер бұл істеп жүрген қарсылық әрекетінен елге, қоғамға, қала берді Жаңғабылдың бітім-болмысына иненің жасуындай өзгеріс енгізе алмаса, өзгеріс енгізбек түгілі, ондай құбылыстың маңайына да жолай алмаса, мұныкі неменеге жан қинау, неменеге арамтер болу?! Ту-ту, бұл ұшы-құйрығы жоқ, ащы ішектей созылған не деген таусылмайтын көп сұрақ?! Және жауап тек Ақтеңгеден талап етіледі.
Міне, аяғы әлденеге тағы шалынысты. О бар болғыр, мұнысы кішкентайының үш доңғалақты велосипеді ғой. Қыңқылдап қоймаған соң, өткен айлықта дүкенге әдейілеп соғып сатып әперген. Баланың сондағы қуанышын көрсеңіз! Жер қарада аула ішінде зікірді салған армансыз. Өзі бір зырлап тұрған жеп-жеңіл ойыншық. Қазір бала түгіл сыртқа үлкен адам шыға алмайды. Күн жылт етсе оларды ұстап тұру қайда. Велосипедті аяғымен нұқып жібергісі келіп тұрып... арыдан көтерілген ақшарбы бұлт секілді әдемі арман ту сыртынан мамырлап келді де мойынға оралды. Мұндай ойыншықтың бір емес, онын сатып әперуге жағдайы жетеді Ақтеңгенің. Осы тұсқа келгенде еріксіз күмілжіді. Құрсақ көтеру қабілетінен айырылмаған әйел күлге аунап, не қиял-ғажайып ертегінің әсерімен қарын қампайта ма? Түн жамылып тұрып айтсын-ай, сәби сүюден әлі үміт үзген жоқ. Денсаулығы да жарамды. Тек әлгі Жаңғабылдың көбелек секілді ұшып-қонып, үйге сирек түнейтіні былай тұрсын, түнегенде де төсегінде тыныш жата алмай, есі ауған кісіше түннің бір уағында ұшып түрегеліп, «инвестиция, өндірістің тиімділігі, халықаралық тәжірибе...» деген секілді қайдағы жоқ тосын терминдерді қайталап, ай далаға лағып кететіні кесір боп тұрған жоқ па бәріне?! Оның несін жасырады, еркектің тиген жерін қарып түсетін оттай ыстық денесін өзіне қарай қалай икемдеудің жөн-жосығын бірден бастап кетуге айла-амалы жетіңкіремей, бір жағынан ұялғансып, жасандылау мінез танытып, талықсып, өз деміне өзі тұншығып, күйіп-жанып жатпайтын ұрғашыны тауып беріңізші кәнікей! Бүйтетінін білгенде институт бітіртіп не жыны бар еді, ауылдан қалаға көшіп нелері бар еді?! Жүре бергенде ғой сол жағалауда... ара-тұра карта ойнаса ойнасын, сыра ішсе ішсін. Әйтеуір, жұртқа күлкі боп, ақылын ішпесе жарады да.
Еңкейіп қолына іліккен тағы нелерді олай-былай реттеп қойды. Бұларды сарайға жинамағанда үйдің қай бұрышына сыйғызады. Әне, бірінші сұрақтың жауабы өз-өзінен табыла кетті. Ақтеңгенің кезек күттірмейтін шаруасы шықты да, сол үшін біреулерге есеп беріп жата ма, сарайға Жаңғабылдың рұқсатынсыз-ақ бара салды. Әйелдің үйдегі тірлігі түгесіле ме. Өнесі-ей, ал Жаңғабылға салсаң күріш танабына себілетін тұқымдық дән қаш-шан сарайдан түгел тасылып біткенше, олай қарай адам түгілі тышқан жорғаламаса дейді. Оу, Жаңғабылдың күріш егіп жүргені жаңа ма, бұған дейін де талай мәрте күріш еккен. Бірақ бүйтіп, ай далаға, теңіз жағалауындағы қиыршық құмға ашық-шашық тастап кеткен жұмыртқасын торуылдап, шыр-пыры шығып, сонау көз ұшынан көрінген қарайған қарадан қызғанып, безек қағып, қос қанатын тынымсыз сабалайтын шағала секілді мазасызданбайтын. Рас, дәл солай, Жаңғабыл сарайға тірі жанның жолағанын жақтырмайды. Кілтті ескі сұр кәстөмнің қалтасына салып қоятын себебі де сол. Шкафтың суырмасына тықса, бірден көзге түседі. Ит қорыған жерге өш. Балалардың ойын киімдерімен араласып, ауыз үйде елеусіз жататын сұр кәстөмді кім көзге іледі. Бірақ бұл жолы қанша сұңғыла болса да, Ақтеңгеден айласын асыра алмады.
Енді не тұрыс? Үй аумағындай екі қорапқа екі бөлек толтыра салынған күріш дәні иек астында. Бірі – өзіміздің «ақмаржан», екіншісі – «қытай сорт». Жаңғабыл күн жылт етісімен екеуін екі танапқа бөлек жерсіндірмекші. Екеуіне жасалатын күтім де екі бөлек. Тыңайтқышты да, суды да қатаң график бойынша бергізеді. Басы-қасында шапқылап тағы Жаңғабыл жүреді. Жәй жүріп қойса жөн ғой, жайылма суға отырғызылған күріш дәнінің әр күнгі өсімі, сабағындағы судың құрамы, топыраққа тамыр жаюы дәп бір қолдан ұрықтандыру әдісімен өмірге келген сәби күтіміндей қатаң бақылауға алынады. Күзетті де күшейтеді. Бұл ауыл-үйдің әңгімесі емес, мемлекетаралық меморандум нәтижесіндегі бағалы бастама. Қытай мен Қазақстанның достығы, ынтымағы... егер сен күзде «қытай сорттан» ел күткендей өнім ала алмасаң – бәрі құр сөз, жалған ұран болады да шығады. Сондықтан ертең топыраққа дән түсісімен Жаңғабыл да демалыс дегенді басы бүтін ұмытар. «Қытай сорт» біздің сортаң жердің тұзды шаңдағын, судың нашарлығын місе тұтпастан бірден күш алып, сабағына уыс-уыс дән жинай бастады бар-ау, Жаңғабылдың жұлдызы бірден жарқырайды, яки аспандайды. Бәлкім, содан соң жәй Жаңғабыл бола ма, әлде Жаңғабыл Нұрдәулетович бола ма, оны уақыт көрсетеді. Мә, безгелдек, сонда, сонда деймін-ау, шайын қайнатып, дастарқанын жайнатып, енді арғы бөлмеде өзінше есеп-қисаппен айналысып жатқан Жаңғабылды Ақтеңге де интеллигенция өкілі құсап «Жаңғабыл Нұрдәулетович, асқа, асқа жақындасаңызшы!» деп қиылып тұрмақ па?!.. Күл, күле беріңіз, күлетін кез сірә, әлі алда!
«Қытай сорт», «қытай сорт» деп табанын жерге тигізбей, Қытайдан әдейі тәжірибе үшін алғызған тұқым міне, терезеден сынай түскен ай сәулесімен шағылысып, сап-сары боп үнсіз жатыр. Үнсіз, әзірге үнсіз. Ертеңгі соғылатын қоңыраудың өктем үні күллі қазақ даласын дүрілдетпесе сол-ақ! Әгәрәкәм, аса күтім талғамайтын, күннің ыстығына да тәуелді болмай, өз бетінше өсіп-жетілетін «қытай сорт» «ақмаржанмен» салыстырғанда өнімді көбірек берсе – қанша жылғы күрмеулі түйін өз-өзінен шешім тауып, тарқатылып сала бермей ме, ой-хой-ау?! Жаңғабылдың жанкешті еңбегін сонда бағалар мына ағайын. Бұлардың көзіне шұқып көрсетпесе түсіне ме, түсіндіретін кісінің де тегеуріні мықты болғаны ләзім. Қазақ топырағына «қытай сортты» алғаш жерсіндірген адамның мәртебесі мына іргедегі Байқоңырдан ұшатын ғарышкерден бір мысқал кем болса!.. Ой, бәрекелді-ай! «Оу, Ақтеңге, естіп тұрмысың, бол, бол, Қытайдан келетін қадірлі қонақтарды қабылда!.. Жаңғабылдың тәжірибесі өркениет әлеміне өрнек салатын озық тәсіл, ертең-ақ тарих бетіне алтын әріптермен жазылады. Оған инедей күмән-күдігіңіз болмасын! Ол – ол ма, одан соң алыс-берісің өз-өзінен алға қарай жөнеп берер. Қытай өлкесі сенің де жыл сайын жата-жастанып, демалып қайтатын қимас мекеніңе айналар... Ал ең дұрысы, сенің күйеуің біздің заманға лайық «тың игеруші» боп шыға келеді, әнекей!»
«Қытай сорттың» салмағы ауыр, төгілген терің кір тасының үстінде ақталады. Шілденің ми қайнатар ыстығында дария деңгейі төмен түсіп, Сыр күрішшілерін әбігірге салатын еді ғой жыл сайын, енді ел бұл үрейден де құлан-таза айығады. Жарықтық, «қытай сортқа» тең келетін дақыл бар ма?!.. «Ақмаржан», айналайын, «ақмаржанның» ғұмыры ұзақ болсын әлі де... Қыпша белі үзіліп-үзіліп кетердей боп, сәл жел тұрса сабағы майысып, жаңа түскен келіндей иба сақтап, судан кішкене таршылық көрсе бітті, мұңайып қалатын өзіміздің күріш дақылы өмірін жалғастыра берсін мұнан былай да!.. Ал «қытай сортқа» бәрібір, тамыры топыраққа тисе ары қарайғы күнкүрісті ешкімнен сұрамайды. Өз-өзінен жетіле береді. Күн ысыды ма, дариядан құлап ағатын судың құрамы таза ма, лай ма, гербицидтің мөлшері аз ба, көп пе, оған қарамай бой тіктеп, өсе береді шаң-тозаңмен араласып.
Е, соны айтам-ау, Жаңғабылдың байқаусызда айтып қалған сондағы елерме сөздерін неге ұмытсын-ай! Елерме, барып тұрған елерме! Күзге салым «қытай сорттың» «қайын жұртынан» артынып-тартынып бір топ мамандар келеді-міс, Жаңғабылдың іс-тәжірибесін өз аузынан диктафонға жазып алып, озат күрішші мастер-класс өткізбекші-міс. Олардың келер қарсаңында Жаңғабыл да дайындық жұмыстарын күшейтеді-ай; дария жағалауынан танапқа жеткенше асфальт төсемекші, шатыр тікпекші... сосын, сосынғысы белгілі... сол шатырдың астында қытайлармен қауқылдасып тұрған Жаңғабыл шұғыл қалта телефонына жармасады да, Ақтеңгеге төтенше тапсырмалар береді: «Қазір үйге қонақ апарамын, дайындал! Дастарқанды жаса жарқыратып!...»
«Дайындалады, қонақтарыңды қол қусырып күтіп алады. Тоқ-та, тоқтай тұрыңыз!» – Ақтеңгенің тұла бойы ток соққандай дір ете қалды. Терезеден қиғаш түскен ай жарығы да әзірге жеткілікті-тін. Қалайы шелекті алдымен «қытай сорттан» толтырып алды да, оны дереу «ақмаржанның» астауына төкті. Керісінше «ақмаржанның» шелегін «қытай сортқа» аударды. Алма-кезек, асығып қайда барады? Мұның атын ақтеңгеше будандастыру дейді. Жатсын «достық құшақтар» бір-бірімен айқасып, «мәңгілік махаббаттың» жырын айтып! Оншақты рет қайталаған соң денесі қызайын деді. Шелек толы сарғыш дән екі қораптың арасында зыр қағады. Самайынан бұрқ ете қалған тер тамшысын аңғармады. Сарайдың іші буланып кеткен тәрізді ме қалай, толайым дүние әдемі ән ырғағына бөленіп, билей жөнелгеннен сау ма қалай?! Ертең әр танапқа бөлек егілетін дән шығымдылығын қалай және немен өлшейді Жаңғабыл?!.. Нәзік жанды әйел адамының осынша қараулыққа қалай батылы барды десеңізші! Әлде Ақтеңгенің Жаңабылдан ала алмай жүрген өші бар ма?! Ойпыр-ай, бұл неткен таусылмайтын сұрақтар? Осы сұрақтардың жауабын тек Ақтеңге ғана беруге тиіс пе? Иә, иә, әңгіменің тоқетері – туған топырақта «ақмаржан» мен «қытай сорттың» қатар өскендігін қаламайды жүрегі!.. Бітті, одан арғысын өздеріңіз-ақ жіліктей беріңіздер!..
Ескі күртешенің мақтасы шығып түтеленген жеңімен маңдай терін сүртті де, екі қары көтертпей әлсіреп, суық еденге бір тізерлей отыра кетті.
ХХХ
Сарайға кірген бойда Жаңғабыл сыртқа қарай атып шықты: – Мен жоқта сарайға кірген қайсыларың?!
Тым-тырыс. – Немене, сендер маған жаумысыңдар?! Және жаудың үй ішінен табылғаны мұндай жақсы болар ма?!
Әкесі киініп тысқа шыққалы жатқан. Ұлының сәлем-сауқатсыз шала бүлінген тосын мінезін жақтырмады: – Ұры осы маңда жүрсе табылар. Алдымен аман-есен келдің бе, соны айтсаңшы?!
–Аман, аман... Міне, кішкене көзің тайса осы!
–Не?! Сонша таусылып не болды?! Қирап қалған ол қандай қорған?
–Қорған қирауы керек пе, міндетті түрде?!
–Қайдам, дүниенің апшысын қуырып барасың, жүдә!
–Апшысын қуырмағанда!..
–Ентікпей, бастан-аяқ біртіндеп баяндашы былай... сен өзі байқаймын... аспаннан түскен кісі құсап... ал бүлініп қалған не нәрсе?!
Жаңғабылдың қатты ашуланғанда тұтығып, ойын толық жеткізе алмайтын әдеті бар-ды қашаннан: – Ел сонша сенім артқанда... бір өзім ойға-қырға шапқылап жүргенде... маған қолғабыс тигізіп, болысудың орнына...
–Ойбай-ау, жұмбақтамай турасына көшсеңші, ішегімізді үздің ғой, қызталақ! – Нұрдәулет ақсақал буынып-түйініп ертеңгі сабағына жүргелі жатқан келініне қарап, қатқылдау үн қатты: – Оу, мынаның тілін түсінетін кім бар?! Банкке қарыз боп қалғаннан саумысыңдар?! Қазіргілерге банктен басқа келетін жау жоқ.
–О жағын білмеймін,– Ақтеңге бір нәрсені сездіріп қоймайын дегендей, немкеттілеу ғана иығын қиқаң еткізді.
–Жоқ, кеше ғана бәрі орын-орынында тұрған.
–Енді?..
–Енді екі қораптағы дән...
–Иә, немене, бір-бірімізге қашан қосыламыз деп, ынтығып, өліп бара ма екен...
Ақтеңге күліп жібере жаздап, өз-өзін әзер тежеді.
–Сізге әзіл керек,– Жаңғабыл әкесінің анау-мынауға бас шұлғи салатын момын кісі еместігін жақсы білетін: – Қораптағы «қытай сортты» «ақмаржанмен» әдейі араластырған...
–Не үшін?
–Қайдан білейін не үшін екенін. Дән араласып кетсе, ертең нәтижесін айға қарап анықтайсың ба?! Және күллі ел сенің аузыңа қарап отырғанда... Оларды қалай бақыламақпын, ана жақтан келетіндерге не демекпін?!..
–Е, сол-ақ па, түбің түскір! Мен жер ойылып кетті ме десем. Сірә, өзің байқамай қалған боларсың, дән де құм секілді төгіле бермей ме кез-келген жерге...
–Төгілмейді, «қытай сортты» қанша қаражатқа сатып алғанымызды білсеңіз...
–Соған бола сонша шығынданбауларың керек еді.
–Мемлекетаралық меморандум...
–Е, мейлі... меморандум еді енді бізге жетпегені... «ақмаржанмен» де сонша жыл өмір сүргенбіз... Мұнан былай да...
–Күллі жоспар быт-шыт...
–Әлден дүниеден түңілме, есті кісі келер күндерден күтетін болар бар жақсылықты.
–Күтерсіз, күткізіп жетістірдіңдер ғой...
–Әй, найсап, сенің бұл оттауың не оттау, а?! – Ақсақалдың әлі нұры таймаған көздерінен от ұшқындады: – Үндемегенге басымызға секіріп барасың ғой, жүдә! Сонда мені кінәға тартпақпысың, ұрың мен болдым ғой шамасы?!
–Өй деген кім бар,– Манағыдай емес, Жаңғабылдың жүні жығыла бастапты,– еңбектің соңғы нәтижесін көрсек дегеніміз-дағы...
–Еңбектің нәтижесі күзде көрінбей ме? Ал сен әлден екі аяғымызды бір етікке тығып барасың! Әлгі әспеттеп жүрген «қытай сортыңның» ішін ұрғаным!
–Олай демеңіз...
–Қалай деуім керек, кәлләң дұрыс жұмыс істей ме өзіңнің?! Әлде Қытайға шапқылап жүргенде біреу дәрі ішкізіп қойғаннан сау ма ақыл-есіңнен айыратын.
–Құдай сақтасын!
–Құдай сақтаса, мынаны қаперіңде ұста, жеті қараңғы түнде сенің сарайыңа кіріп нем бар! Ақы берсең бас сұғармын ба?!.. Өнесі-ей, сен сірә, біздің үйіңе келгенімізді де жақтырмай жүргеннен саумысың?! Шыныңды айт, қайтар жолымды тауып бара алатын шамам бар.
Әкелі-баланың ежелгі дауын тыңдағысы келмеген Ақтеңге сәл кідірді де табалтырықтан әрі аттады.
ХХХ
«...Күзгі жиын-терін аяқталған. Сыр диқандары биыл да рекордтық өнім жинады. Жұрт көңілді. Тек Жаңғабылдың жүзінде ғана кәдімгідей кірбің бар. Екі танапқа қатар себілген екі елдің күріш дәні ойлағандай өнім бермеді. «Ақмаржан» мен «қытай сорт» бірімен-бірі жарысқа түскендей бір танапта мидай араласып, көктем айларында бір қауым бой тіктеді де, жазға салым бірінің ауласына бірі рұқсатсыз кіріп кеткен қара мысықша біріне-бірі ала көзденіп, сабағына дұрыстан дән жинай алмады. «Көре қалыңдар, «қытай сорт» біздің топыраққа тез-ақ жерсінеді. Мол өнім – екі елдің достық байланыстарына дәнекер болып, ара қатынасымызды одан әрі жақындастырады. Сіздер бізге, біз сіздерге барып, тәжірибе алмасамыз, өзім мастер-класс өткіземін!» деп Жаңғабылдың желпініп, қытайлықтарға берген уәдесі желге ұшты.
Жиын-терінге арналған салтанатты шара далада, танап басында ұйымдастырылды. Оған облыс басшысының өзі қатысты, өзге өңірлерден келген қонақтардан да жер қайысатын-ды. Дария жағалауы күмбірлеген күй мен тамылжыған әнге тұншықты. Аспанға ақ кептерлер ұшырылды. Кезектесіп озат күрішшілер мінбеге көтерілді.
Кенет жиналысты орнықты ойларымен, тәп-тәтті сөздерімен өрнектеп, әдемі басқарып келе жатқан сұңғыла жігіт топ ішінен әлдекімді іздегендей, орнынан жылдам көтеріліп, жан-жағына мойын бұрып, шеткері, бейқам, өзімен-өзі... ана жолғы Жаңғабылға жасаған «жауыздығын» не мақұлдарын, не мақұлдамасын біле алмай, бір жағынан ұнжырғасы түскен күйеуіне де аяушылық білдіріп, осыдан үйге аман-есен жетсе бар шындықты бастан-аяқ баяндармын деп іштей ширыққан Ақтеңгеге сөз бергені. Жұрт аң-таң: «оу, орта мектеп директорының бұл араға қандай қатысы бар?» дейтін түсініксіздеу сұрақ әркімнің көкірегіне қонақтап үлгергенше модератор мына жағдайды күшейткіш-рация арқылы дауыстап жеткізді: – Бұл түбі ел есінде қалатын ерлік!.. Қытайдан бізге қарай сапар шеккен бір вагон күріші және жүз қаралы адамы бар ауыр состав бүгін орта жолдан кері қайтты.... Оның жөн-жосығын Ақтеңгенің өзі түсіндірсін...
«Ғажап! Патриот! Ұлтжанды!.. Креативті келіншек!..» дейтін жарқ-жұрқ жаңғырықтардан құлақ тұнатын-ды...»
Түн жарымында шошып оянды. Түсі, түсі екен ғой, түсі!.. Осының он пайызы, бар-жоғы он пайызы өңі болса ғой, шіркін!..
Ақтеңге екі кісілік арабы кереуетте керіліп-созылып жалғыз жатыр. Жаңғабыл облыс орталығындағы жиналысқа кеткен.
Abai.kz