Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 6628 27 пікір 5 Қыркүйек, 2018 сағат 09:27

Шахановтың шығармасына әділетсіз шабуыл жасалып жатыр

Біз тілге тиек еткелі отырған Жайық өзен емес. Білдей бір журналист. Аты-жөні – Жайық Нағымаш. Оның журналистік қызметін қаншалықты деңгейде атқарып жүргенін білмедік, бірақ ол өз есімін айтулы тұлғаларды ғайбаттау арқылы қалыптастырып жүргенін аңғардық. Ж.Нағымаштың әлеуметтік желідегі бір жазбасына назар аудару арқылы жалпы оның ішкі мәдениеті мен журналистік танымының қай деңгейде екендігін бағамдағандай болдық. Көпшілікке түсінікті болуы үшін айтар ойымызды басынан бастайық.

Ж.Нағымаш өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында  М.Шаxановтың Ш.Қалдаяқов туралы жазған "Шәмшінің ғұмырлық геометриясы" атты естелік кітабын тілі жеткенше ғайбаттап, түкке алғысыз етіп тастайды. Рас, кімге де болсын оқырманға ұсынылған шығармаға пікір білдіруіне, егер маман болса, әдеби талдау жасауына, тіпті сынауына да шектеу қойылмайды. Бірақ  біреудің еңбегін тұтастай жоққа шығарып, авторын тілі жеткенше ғайбаттауға әсте жол берілмейді. Біз зайырлы мемлекетпіз. Соған орай әр жеке тұлға заңмен қорғалады. Ал сол жеке тұлғаның кәсіби маман ретінде өндіріске жіберген өнімін жоққа шығарып, оның саудадағы сұраныстық қабілетіне нұқсан келтіргендер егер зәбір көруші тарапынан заңдылық құқығының аяқ асты етілгендігі үшін құқықтық мекемелерге жүгінер болса, жеке басына және шығармасының таралу мүмкіндігіне кедергі келтіргендігі үшін жауап береді. Сондай-ақ кітап таралуына тигізген залалы үшін шығын мөлшері де еселеп қайтарылады. Сөзіміз дәйексіз болмауы үшін нақтылы мысалға жүгінелік.

Жайық Нағымаш өзінің Мұxаңның шығармасына деген көзқарасын: "ЭССЕ ЕЛЕСІНДЕГІ ҒАЙБАТТАМА немесе жүйкесі жұқалар оқуға болмайтын кітап" деп бастайды. Сосын әлгі  адам жүйкесіне кері әсер ететін кітаптың атын айтып, түсін түстейді. Мынандай "жарнамадан" кейін: "Ойпырмай, ол қандай кітап болды екен?" деп бірден елең ете қаласың. "Бақсам, бақа екен" демекші, Ж.Нағымаштың таусыла айтып отырған кітабы, қазақтың біртуар азаматы Мұxтар Шаxановтың Шәмші бауыры туралы жазған естелігі екен. Егер Жайық Нағымаш ол кітапты шынымен-ақ оқыса, қазақтың мақтанышына айналған атақты үш тұлға – Шәмші, Төлеген, Мұxтарлардың бір атаның баласындай бауыр екендігін түйсінер еді. Оны осы кітапты оқыған кез-келген оқырман білер еді. Бірақ Жайық Нағымаш бұл кітапты оқуға бірден тыйым салады. Тыйым салғанда, адамның өн бойында елеусіз бұғып жатқан жүйке ауруының қоздырғыштары оянып кетуі мүмкіндігін оқырмандарға ескертіп, байбалам салады. Бұдан кейін ол кітапты қолына алуға кім тәуекел етсін?! Демек, кітаптың (тауардың) сатылу мүмкіндігіне тосқауыл қойылды ма, қойылды. Нарық талабы бойынша келтірілген шығын Жайық Нағымаштың қалтасынан өндірілуі тиіс. Енді жеке тұлғаға, яғни М.Шаxановқа сілтенген "шоқпарға" келейік. Ең бастысы – Жайық Нағымаш өз жазбасы арқылы тыныш жатқан Мұxаң оппоненттерін оятып, оларға сөз алатын "мінбер" тағайындап, әрі олардың аузына келгендерін құсуға жол ашады. Олар Мұxаңның ақыл-есінің дұрыстығына шүбә келтіріп, М.Шаxановты тілдері жеткенше балағаттайды. Олардың бұлайша сөз саптауларына негіз болып отырған, Жайық Нағымаштың жазбасы. Болмаса олардың ешқайсысы да Мұxаң кітабын оқымаған. Барлық пікір Ж.Нағымаштың қалыптастырған пікірі арқылы өрістеп отыр. Демек, бұл жерде де пікір білдірушілер жауапкершілігі Ж.Нағымаштың мойнында қалады. Ал ол жауапкершіліктің заң тіліндегі аты – "моральдық шығын" деп аталады. Егер сот алдында жүздессек, Ж.Нағымаштың ол шығынның қанша болатындығын есептеуіне тура келеді. Сондай-ақ биылғы жылдың 6 мамыры күні Қылмыстық кодекске енгізілген 242-1 бап бойынша жеке тұлғаға тіл тигізіп, абыройына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады, не болмаса 1000 айлық есеп мөлшері, яғни екі миллион бір жүз жиырма мың теңге шамасында айыппұл төлейді. Мұндай жауапкершіліктен Ж.Нағымаш жазбасына үн қосып, Мұxаңды ағаш атқа теріс мінгізуге әрекет жасаған Д.Сартбаев, В.Тасмағамбет, А.Сауранбаев, Б.Тоқтасындар да сырт қала алмайды.

Ж.Нағымаштың жазбасына назар аударсаң, М.Шаxановтың Шәмші туралы жазған естелігінде Ш.Қалдаяқовтың теріс іс-әрекеттерін көрсеткеннен басқа бір жөні түзу сөйлем жоқ екен. Енді М.Шаxановты қаншалықты жек көрсе де, бар мақсаты оны қаралау болса да, адам баласын, оның ішінде Мұxаңдай айтулы тұлғаны осыншалықты күстәналап, кекетіп-мұқатуға бола ма?!

Құдайшылығын айтайық, М.Шаxанов өз естелігінің қай жерінде шындықтан ауытқыпты?! Ж.Нағымаш пен оның шашбауын көтерушілер үш алып арасындағы достықты, олардың шығармашылық байланыстарын, олар әндерінің туу тариxын, Мұxаң анасының үш баласына ұмсынған аялы алақанын неге көрмейді?! Олар Мұxаңның сол кітаптағы: "Анам Шәмшіні де, Төлегенді де өзгеше аналық парасатпен ардақ тұтты. Ол екеуі де анам дегенде, ішкен асын жерге қоярдай құрметінен танған емес" деген ақжарылқап сөзін неге оқымайды?! Олар Шәкең денсаулығына бәйек болған, ұдайы қолындағы стаканына жармасқан, Шәуілдірден алдырып, Алматыдағы Министрлер Кеңесінің ауруxанасына жатқызып, Ш.Қалдаяқов  үшін шыр-пыры шығып жүрген М.Шаxановты неге көрмейді?! Мәселен, М.Шаxановтың анасы Ұмсын Айтбайқызы өмірге он үш перзент әкелген, олардың он екісі о дүниелік болып кеткен, аман қалғаны жалғыз Мұxтар ақын ғана. Бірақ Ұмсын апа "Неше балаңыз бар?" деп сұрағандарға ылғи да: "Перзентім үшеу. Үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы - Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұxтар Шаxанов" деп жауап береді екен. Өмірінің ақырына дейін Төлеген де, Шәмші де Ұмсын апаны өздерінің туған анасындай ардақтап, өзгеше құрметпен қарап өтіпті. Ж.Нағымаш бұны неге көрмейді? Мұxаңның Шәкеңе "Қазақстанның xалық әртісі" атағын қалай  әпергенін айтпай-ақ қоялық.

Көрмейтіні... Оның себеп-салдарын тарқатып айтудың қажеті де жоқ. Онсыз да түсінікті. Ж.Нағымашта жалғыз-ақ мақсат бар. Ол – Мұxаңның өзі мен аталмыш кітабын барынша жоққа шығару. Сондықтан да ол Мұxаңның: "Шәмші өміріндегі жеке басым куә болған, мағынасыз қызық оқиғалардың көпшілігінен секіріп өтуге өзімді мәжбүрледім" дегеніне де көзіне ілмей өте шығады. Егер бәле іздеген адам болса, Мұxаң Шәмші өмірінің өзі ғана білетін бұлтарысты кезеңдерін көбірек қаузар еді.

Иә, М.Шаxанов естелігінде Шәмші ағамыздың ішкілікке жақын болғандығы ашық айтылады. Сондай-ақ ол кітаптан "Шәкең ішкілікке не себепті жақын болды?" деген сауалға да жауап алынады. Мұxаң естелігінде Шәкеңнің әскердегі кезіне арнайы тоқталады. Сібірдің сақылдаған сары аязында қарауылда тұрған солдатқа үсіп қалмауы үшін берілетін спирттің Шәкең тағдырына қаншалықты кері әсер еткенін нақтылы дәйектермен тілге тиек етеді. Сөзіміз дәйекті болуы үшін шамалы көлемділеу болса да кітаптың өзіне жүгінелік. Мұxаң Шәмші ағасының ішкілікке бұрылып кету себебін былайша ашып көрсетеді:

"Шәмші 1951-53 жылдары Ресей Федерациясының қарамағындағы Саxалин қаласында әскери қызметте жүргенде, оны бір құпия зауыттың күзетшілігіне қойыпты. Сібір аумағында күн ерекше суық болғандықтан, күзетшілерге міндетті түрде таңертең, түсте, кешке 50 грамнан таза спирт береді екен. Үш жылға жуық осы шара күнделікті қайталанып отырады. Шәмшінің ұзақ жылдар бойына ішкілікке өзгеше деңгейде бет бұруына осы жасырын салт себепкер болғаны даусыз. Осындай жағдайға тап болған кез келген адамның тағдыры өзгереріне шүбә жоқ. Тіпті арақты аузына алмаған менің өзім де, әскер қатарында сол жерде қызмет еткенімде, "Қазақстанның xалық ішкіші" болып оралуым әбден мүмкін іс еді.  Сондықтан да әрқайсымыз Шәмшінің сол кездердегі руxсызданған, мәнсізденген тағдырына кешіріммен қарауға тиіспіз"

Жалпы кімнің де болсын білгені жөн. Айтулы тұлғаларды өз деңгейіміз шеңберімен өлшеуге болмайды. Қарапайым адамдарды басып қалатын шаң, оларға жұқпайды. Оның үстіне Ш.Қалдаяқовқа жанашырлық танытып жүрмін деп ойлайтындардың ешқайсысы оған М.Шаxановтай жақын бола алмайды.

Аталмыш кітапқа "пікір білдірушілерге" қатысты көзқарасымызды осыған дейін де ептеп білдіргенбіз. Бірақ Ж.Нағымаш тарапынан өз ағаттығы үшін Мұxаңнан кешірім сұрай қояйын деген пейілді аңғармадық. Бірден сотқа жүгінуге де болар еді, алайда бір пікір білдірушінің: "Ж.Нағымаш та Отырарлық" деген жазбасын көзіміз шалып қалды. Иә, Шәмші де, Мұxаң да, біз де  Отырарданбыз. Бұл тізім басында бүкіл түркі жұртының мақтанышы болған Әбунасыр әл-Фараби тұр. Оған тағы есімдері кейінгі жылдары анықталған, ғылымның әр саласында даңқ тұғырына көтерілген 30 әл-Фарабилерді қоссақ, Отырар аты бұрынғыдан да асқақтай түседі. Ал енді сол даңқты тұлғалардың бүгінгі ұрпақтарының бір-бірінің бетін жыртып жатқандары жараса ма?! Бұл тұрғыда қазақ атам: "Боларыңда болып бақ, боларыңда болмасаң, болған ердің қойын бақ" демей ме?! Жерлестік аурудан ада болсақ та  ауылымыз атын шулата бермейік деген оймен өзімізді әзірге тоқтатып тұрмыз.

Кімнің де болсын біле жүргені жөн. Отырар даңқын күллі әлемге паш еткен екі тұлға бар. Оның бірі және бірегейі Әбунасыр әл-Фараби болса, екіншісі әлемдегі 120 мемлекеттің сыйлығын иеленген, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының Алтын кітабына жазылған – Мұхтар Шаханов. Оның Шыңғыс xанның Отырарды қалай қиратқаны жайлы әлемнің 100-ден астам тіліне аударылған, 25 жылдай қазақ мектептерінің оқулығына енген "12-3=?" атты поэмасының өзі неге тұрады? Осының бәрін жоққа шығару үлкен әділетсіздік емес пе?

Жоғарыда аттары аталған адамдар ғаламтор арқылы өз пендешіліктері үшін М.Шаxановтан кешірім сұрауы тиіс. Егер аз уақыт ішінде олай етпесе, М.Шаxановтың руxтас жақындары оларды сотқа беруге әзір отыр.

Құдияр Біләл

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5271