Шаханов, Исабеков, Нұрпейісовтер қазақ тілін біржола жерлеп тастаған ба?
Қазақ Пен-клубы әлем жазушыларын Алматыға жинады. Алыс-жақын 16 елден келген "сен тұр, мен атайын" жазушылар әлемдегі заманауи әдебиеттің мәселесін талқылап жатыр. Талқылады деген аты! Біздің тіл деп жылағанда етегі жасқа толатын Шаханов бастаған Толағай тұлғаларымыз қазақ тілін жерлеп, орысша баяндама жасады.
Мұхтар Шаханов қазір қазақ қоғамындағы - "нән-тұлға"! Оның тіл мәселесіндегі сансыз батырлығы туралы жүздеген аңыз ауыздан-ауызға тарап, талайлардың таңдайын қақтырған. "Ұлт пен тілдің майданында бізбен бірге болмады" деп қазақ еліндегі бар қаламгерді кінәлап, орайы келсе, "табан жалағыш" ете салатыны да бар. Рас. Желтоқсаншылардың жайын Мұқаңдай көтерген азамат жоқ. Рас, Арал теңізінің мәселесін әлемге әйгілеген осы кісі. Тек Мағауинмен қақтығысып, өзі білмейтін тарихқа тұмсық тығып, Шыңғысханмен алысқаны ғана ұят болған еді. Енді, міне, Пен клубтың жиынында өзі ту еткен қазақ тілін бір шетке ысырып тастап, байырғы қожасының тілінде сарнап шыға келді. Бұл не?
Шахановты жалғыз кінәламайық. Қазақтың басына қара бұлт үйіріліп тұрғанда Елбасымен "Мұңлық-Зарлықтың" әңгімесін айтатын классик жазушымыз Дулат Исабеков та осы жиында қазақ тілін жер етіп, орысшаға жүйрік екенін көрсетіп қалды. Рас, бізде Исабековтей әлем елдерінің сахнасында пьесалары қойылып жүрген драматургтер жоққа тән. Бұл кісі еңбекқорлығымен көпке үлгі болып келеді. Бірақ, 27 жылдық тәуелсіздігіміз қайда қалды? Ширек ғасыр тәуелсіз ел болғанымызды бір-ақ күнде ұмытып кеткені қалай? Жоқ, әлде "ауылдағының аузы сасық" деп жүр ме? Ауылдағы қазағының аузы сасық екен делік, орыстың керемет болып тұрғаны шамалы екенін неге аңғармайды. Біз секілді қазақтың нені аңсайтынын басқа білмесе де, Исабеков білуі керек еді. Қазақ тілінде жазып, әлемге танылған адам жөпелдемеге келгенде орысшыл бола қалуы ненің белгісі?
Дулат ағамызды да жеке жүндемейік. Пен клубтың бас сардары, тірі классигіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов орысшаға келгенде тіпті жүйрік екен. Жасы жүзге жақындаған ақсақалымыз баяндамасын көзілдіріксіз оқып, іргедегі көршісіне деген адалдығын тағы танытты. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жақындағандағы біздің абыз ақсақалымыздың сиқы осы болса, жетіскен екенбіз.
Қош! "Біз қазақша айтсақ, өзгелер түсінбей қалады" деген баяғы құлдық психологиядан ақсақалдарымыз әлі арылмаған екен. Алдын-ала аудармашы дайындап қоюға ақылдары жетпеген бе? Біздің нақ тәуелсіз ел болуға бет алғанымызды көрсететін осы ақсақалдар емес пе? Оларды не түлен түртті? Шаханов кейде Елбасыны сынайтыны бар. БҰҰ-ның мінберінде қазақша сөйлеген Елбасының ерлігі нағыз батырлық екен ғой. Өз Алматысында тұрып, біздің үш арысымыздың мына алжасуын ұрпақ кешіре алар ма екен? Әй, қайдам!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz