Ұлыстың ұлы күнін Қытай қазақтары ерекше ықыласпен қарсы алады - ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері Шәміс Құмарұлы
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбекұлы/ - Кешегі нәубет заманда тарыдай шашылған қазақ ұлты бүгін әлемнің 20-дан астам елінде түтінін түтетіп жатыр. «Ағайынның қадырын алыс кетсең білерсің» дегендей, шеттегі қандастарымыз салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды саф алтындай сақтап, көздерінің қарашығындай қорғап келеді.
Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесіне орай, Қытайдағы қандастарымыздың әдебиеті мен мәдениеті жайында ой өрбіткен ҚХР Мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері Шәміс Құмарұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Шәміс аға, Сіз қытай қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген жазушының бірісіз, әрі осы салада көп жылдан бері басшылық міндеттер атқарып келесіз, жалпы әдебиет адам баласына не үшін қажет деп ойлайсыз?
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбекұлы/ - Кешегі нәубет заманда тарыдай шашылған қазақ ұлты бүгін әлемнің 20-дан астам елінде түтінін түтетіп жатыр. «Ағайынның қадырын алыс кетсең білерсің» дегендей, шеттегі қандастарымыз салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды саф алтындай сақтап, көздерінің қарашығындай қорғап келеді.
Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесіне орай, Қытайдағы қандастарымыздың әдебиеті мен мәдениеті жайында ой өрбіткен ҚХР Мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері Шәміс Құмарұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Шәміс аға, Сіз қытай қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген жазушының бірісіз, әрі осы салада көп жылдан бері басшылық міндеттер атқарып келесіз, жалпы әдебиет адам баласына не үшін қажет деп ойлайсыз?
- Өмірде адам баласы көңілге, рухқа сүйенеді. Бір ұлттың әдебиеті сол ұлттың асқақ рухы. Сондықтан жер бетінде бір ғана адам қалған күнде де, сол бір адамның көңіл-күйіне қажет рухани әлем болуы керек. Әдебиет шындығында, халықты сусындататын білім көзі, ағартудың бір түрі. Халық өз әдебиеті арқылы өзіндегі мінді көреді, өзгертеді және өмірді, дүниені түсінеді. Тамаша тірлік жолы туралы ізденеді. Менің ойымша, жер бетінде адам баласы болғанда, сөзсіз әдебиет те болады. Медицина саласындағы деректерге қарағанда, адамдардағы аурудың тоқсан пайыздан астамы адам көңіл - күйінің қалыпсыздығы себебінен болады екен. Бұл адамдардың көңілге сүйеніп жасайтындығының дәлелі. Әдебиеттің өзі адамдардың көңіл - күйінің дәрісі. Егер бір адам өмірде тығырыққа тіреліп, өліп алуды ғана ойлап отырғанда, қолына бір жазушының шығармасы түсіп, сол шығарманы оқығаннан кейін ол, «мынандай болғанда мен өлмеуім керек екен» дейтін ойға келсе, ал бір адам біреуге өлердей өшігіп өлтірмей қоймаймын деп жүргенде бір кітап қолына түсіп оқыған соң райынан қайтса, бұл - шығарма нақты адам көңіл - күйінің баға жетпес емі деуге болады. Сондықтан да әдебиетте адамның жан дүниесі жайлы жазу мәңгілік тақырыптардың бірі болып қала береді деп ойлаймын.
- Қытай қазақ әдебиетінің жалпы жайы, бұрынғысы мен бүгінгісі туралы не айтасыз?
- Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің тарихы тым ұзақ емес. Қытай топырағында туылған жазушылардың ішінде тұңғыш басылып шыққан шығарма Ақыт Үлімжіұлының еңбектері. Әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлының 1891 жылы Қазан баспасынан жеке кітап болып шыққан тұңғыш кітабы "Жыйһаншаны" Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің тұңғыш кітабы деп есептесек, жазба әдебиетіміздің тарихы 115 жылға созылады. Осы тұрғыдан алғанда Ақыт Ұлімжіұлы ғана қытай жақынғы заман қазақ адебиетінің уәкілі болады. Өйткені оның "Жиыһаншадан" басқа төріт кітабы түгелдей 1919 жылдан бұрын қазан баспасынан шыққан. Сол арқылы Ақыт бүкіл қоғамға өте кең танылған. Ақыт Үлімжіұлының халықты оқу - ағартуға, ғылым, білім үйренуге үндеген шығармалары өте көп. Әсіресе, ахылақ мұралға, адалдыққа үндеген өлеңдері сонау 1930-40 ж.ж. халықты оятып, мәдениетке жетелеуде орасан қызмет атқарған. Ал, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы, Дубек Шалғынбаев, Нығымет Мыңжанұлы сияқты қаламгерлердің алды 1930 жылдардан бастап шығармалары жарияланып, қоғамға ақын - жазушы ретінде танылған. Құрманалы Оспанұлы, Қаусылқан Қозыбайұлы қатарлы ақын жазушылардың алғашқы шығармаларының жарық көруі 1949 жылдан бұрын болғанмен саны шағын, дені 1949 жылдың қарсаңында жарияланған екен. Сондықтан бұл жазушыларды да қытай қазіргі заман әдебиетіне өкілдік ететін, қытай қазақ әдебиетінің өкілдері деуімізге болады. Шындығында соңғы аталған ақын - жазушылардың кесек еңбектері Қытайдағы мәдениет төңкерісінен кейін жарық көрді. Мен олардың алғаш танылған дәуірін негіз еттім. 1949 жылдан 1966 жылға дейін Совет қазақ әдебиеті мен Қытай жаңа дәуір әдебиетінің ықпалында бір буын ақын-жазушылар қосыны қалыптасты Бұл дәуірде ақын-жазушылар қосыны молайып, бір бөлім көркем туындылар барлыққа келгенімен жәнеде советтер одағынан келген әсіре солшылдық идеялардың шырмауынан аулақ бола алмады. Бұл дәуірдегі шығармалардан таптық күресті жырлаған солшыл, ұраншылдық бастан-аяқ қамтылып отырды. Жалпы айтқанда, Қытайдағы қазақ әдебиеті қытай әдебиетіне ұқсас, «мәдениет төңкерісі» делінетін әсіре солшыл он жылдық ойран аяқталып, Қытайда реформа жүргізу, «есікті ашу» саясаты жолға қойылғаннан кейін ғана өзіндік даму жолына түсті. Ақын жазушыларымыз шығармашылықпен алаңсыз шұғылданды. Соның нәтижесінде 1978 жылдан 2000 жылға дейінгі қысқа ғана 22 жыл ішінде жүзге тарта роман, бірнеше жүз әңгіме, повестер, дастан, өлеңдер жинағы жарық көрді. Қытай қазақ әдебиеті тарихындағы едәуір үздік шығармалар сол дәуірде туды. Бұрынғы қарт қаламгерлердің де белді шығармалары осы дәуірде жарыққа шықты. Тарихта өткен Ақыт, Таңжарық ағаларымыздың да жинақ томдары осы дәуірде баспадан шықты. Меніңше 1980-90 ж.ж. Қытай қазақ әдебиетінің бір шама гүлденген, өлмес шығармалар туған тамаша дәуірі болды.
-Шынжаңдағы соңғы буын жас қаламгерлердің беталысы қалай?
- XXI- ғасыр басталғаннан бері қарай яғни 1999 жылдан кейінгі әдеби шығармалардың жалпы даму деңгейіне көз салғанда, яғни жас қаламгердің тебініне қарағанда, қытай қазақ әдебиетінің болашағы өз сабақтастығын жоғалта қоймас деген үмітім зор. Болашақта халқымызға мақтан боларлық, яғни, қазақ халқының абыройын асыратын әйгілі шығармалар туылуына тамаша негіз бар. Қазіргі жастардың шығармашылық ізденісі көңілге қонады. Жас қаламгерлер Қытай басылымдарымен терең сусындай алады. Қытай басылымдарының бір ерекшелігі - әлем әдебиетінің озық үлгілерін тез аударып жеткізіп отырады. Бұл қытайдағы қазақ қаламгерлердің өресін көтеруде айырықша маңызға ие. Жас қаламгерлер жаңаша бейнемен жарқырып көрінуге күш салып келеді.
- Қара шаңырақ болған Қазақстандағы қазақ әдебиеті мен Қытайдағы қазақ әдебиетінің қандай айырмашылықтары бар деп ойлайсыз?
- Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің озық үлгілерін орта мектепте жүріп-ақ оқып өстік. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов шығармаларымен сол кезде кеңірек таныс болған едік. Кейіннен Мұхтар Мағауин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев есімдерімен қанық болдық.
Қалай болған күнде де қазақ әдебиетінің аталған буынында әлемдік әдебиеттің өлшемдеріне жақын келетін жақтары көп көрінеді. Тілдік бейнелеу, оқиғаны меңгеру, кейіпкердің мінез-құлқын даралау жақтарындағы озықтықтарымен ерекше дамушылыққа ие болғанын айтпай кету мүмкін емес.
Қазақстан жағының әдебиетін қазірде оқып тұрамын. Қазақ әдебиетінің поэзиясында аса жоғары ілгерілеушілік бар екен. Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушан, Ұлықбек Есдәулетов бастаған соңғы буынның өлеңдерін сүйсініп оқимын. Алайда бүгінгі прозасы жөнінен алғанда 1970 жылдардың алды-артында туған көркем дүниелермен салыстырғанда көш кейін қалғандай көрінеді. Көңілім толмайды. Мүмкін жақсы дүниелер менің қолыма түспей жүрген шығар. Бірлі-жарым қолға түскен дүниелерде әлем әдебиетіне бейімделгісі келгендер байқалғанымен қанаты ұшталмағаны, тілден жұтаңдығы бірден байқалады. Екі жақты да бір сөзбен мақтап, бір сөзбен даттау қиын. Әр жағының да өзіне тән ерекшелігі бар. Кемшілігі де жоқ емес. Бірінен бірі үйреніп, бірін бірі толықтап отырса әдебиетіміз ешкімнен кем-қор болмайды деген сенімім бар.
- Бүгінгі күні Шынжаң қазақтары Қазақстан әдебиетімен қалай сусындап отыр?
- Қазақстан жақтың баспа өнімдері Қытайға арнайы келмесе де мұндағы қазақтар қолдан-қолға өткізіп, жалпы әдебиеттің тыныс-тіршілігінен хабар тауып отырады. Бұл жақтағы оқырмандардың сұранысы бойынша танымал жазушылардың көптеген шығармалары төте жазу нұсқасымен жарық көрді. Ал қазіргі дамыған ғаламтордың арқасында жастарымыз қазақстандық барлық басылымдарды интернет сайттары арқылы оқып біледі. Алайда мұндағы қазақтардың А. Байтұрсынұлы жасап кеткен төте жазу үлгісін қолданатындығын білесіз. Әліпбидің әртүрлілігі себебінен Қазақстан шығармаларын оқуда, ақпараттық жаңалықтарын көруде көптеген қиындықтарға ұшырайды. Осы орайда, сіздердің Агенттіктеріңіз ашқан төте жазу сайтына алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің сайттарыңыз осы олқылықтың орнын толықтырды. Соның ішінде «Қазақ руханияты» порталы арқылы біздің әдебиет сүйер қауым қазақ жазушылардың шығармаларын кеңнен оқый алатын болды.
- Қытай қазақтарының «Көрікті мекен», «Ақсарбас» секілді фильмдері Қазақ елінде таңдай қақтырды. Кино саласы, жалпы мәдениеті туралы айтып берсеңіз?
- Қытайда аз ұлттар мәдениетін қолдау туралы арнайы бағдарлама бар. Кітап шығару, кино түсіру істеріне бағдарлама бойынша қомақты қаржы бөлінеді. Сол арқылы аз ұлттардың көркем шығармаларын шығаруға демеу көрсетеді. Өзім басқаратын «Халық ауыз әдебиетін зерттеу қоғамы» деген ұйым бар. Он жылдан астам уақыт ішінде халық мұрасы негіз етілген көптеген кітаптар жарыққа шықты. Ондағы дүниелерді аудан, ауылдарды аралап жүріп жинадық, халық арасында сақталған кей құнды қол жазбаларды сатып та алдық. Міне солардан іріктеп таңдаулыларын қазақ мұрасын насихаттау мақсатында қытай тіліне аударуды қолға алып отырмыз. Қытай қазақтарының фолклоры қытай тілінде үш том болып жарық көреді. Театыр өнері де өз деңгейінде дамып келеді. Ең үздік өнерпаздардан құралған «Ағажай» сахыналық қойлымы. Шынжаңда ғана емес Қытайдың Бейжың, Шанхай секілді алып шаҺарларда қытай тілінде қойылып, миллиярттан астам халыққа қазақ мадеиетін танытты. Соңғы жылдары экранға шығарылған «Көрікті мекен», «Бөрі соқпақты боз дала», «Гүлбике», «Ақсарбас» секілді фильмдер қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігі кеңінен суреттелген, ұлттық бояуы қанық берілген тамаша туындылар ретінде бағаланды.
- Жалпы Әлем қазақтарының рухани тұтастығын сақтап тұруы үшін не істеуіміз керек?
- Ең басты мәселе жазу бірлігі. Жербетіндегі 15 миллион қазақ әртүрлі жазу үлгісін қолданады. Бұл біртұтас рухани бірлігімізді, мәдениетімізді сақтауымыздағы ең үлкен олқылығымыз. Осы жағдайда Қазақстан көш басында болып оң қадамдар жасап, жазу бірлігін қалпына келтірсе. Біз ұлтымыздың рухани-мәдени тұтастығын сақтаймыз десек, дүниенің беталысына қарауымыз бейімделуіміз керек. Сол үшін жаратылыстық ғылымға ыңғайлы компьютер тіліне икемді латын жазуына көшкеніміз дұрыс болар еді. Біздің үкіметімізде латын әрпіне көшіуімізді қолдап отыр. Мен ШҰАР «Тіл жазуды бірлікке келтіру» комиссиясының мүшесімін біздің тіл мамандары латын жазуының онға жуық жобасын ұсынып отыр. Бірақ біз Қазақстанға қарап отырмыз. Қазақстан латын жазуын қолданысқа енгізсе, бізде бірден сол жазуға көшетініміз анық. Тағы айтарым шеттегі қазақтарымыз қазақ мәдениетінен алшақтап кетпесі үшін, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмасы үшін, сол елдерде әдеби-мәдени кездесулер, ғылыми конференциялар ұйымдастырып тұрса және шеттегі қазақтардың мәдени құндылықтарын қазақ еліне дәріптеп тұрса нұр үстіне нұр боладытын еді.
- Міне ұлыстың ұлы күні де келіп жетті, қытай қазақтары ұлттық мерекелерімізді қалай атап өтеді?
- Наурыз - қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден мерекеленіп келе жатқан әрқашанда қасиетті мейрам. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қытымыр қыстың қаһары қайтып, малдың аузы көкке, қора төлге толып, адам аузы аққа тиеді, күн мен түн теңеліп, тіршілік біткен жанданып, жаңа бір өмір басталады. Міне, осындай мерейлі сәтте жаңалықтың жақсылықтың жаршысы - Наурыз мерекесі келеді. Қытай қазақтары наурызды жыл басы ретінде ерекше тойлап келеді. Наурыз күні әрбір шаңырақта үлкен шаттық орнайды. Қытай мемлекеті де оны арнайы мереке ретінде танып, демалыс береді. Көктемгi «өлiара» өтiп, наурыз мерекесі жақындасымен, жұрт үй айналасын тазартып, үй-iшiн де қағып-сiлкiп әрбір отбасы Наурыз көже жасауға дайындалады. Апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. «Қыстың сүрін ұзын сары келгенде жейміз» дейтін қазақ жұрты ортаға ақсақалдарды алып, қыдырып көже ішеді. Бір-біріне ізгі тілек, ақ пейілдерін білдіріседі. Бұл күні тіпті елді мекеннен алыс таудың қусында мал бағып отырған жалғыз қара қостың да шаңырағына шаттық ұялап, қазанында бүлкілдеп ет қайнайды. Бала-шағасы жақсы киімдерін киіп, отбасымен бірге ұлы күнді қарсы алады Қытайда соңғы кездері басқа ұлт өкілдері де қазақтардың үйіне айтшылап кіретін дәстүр пайда болды. Асылы, Наурыз ешкімнің міндеттеуінсіз әр қазақтың мақтаныш етер, үкілі үміті мен арман-тілегіне ұштасқан, әркімнің жүрегінен, ішкі сарайынан орын алған шынайы мерекеге айналуы тиіс. Қытай қазақтары «Құрбан айт» секілді басқада дәстүрлі мерекелерімізді ерекше ықыласпен қуаншыпен қарсы алады.
- Болашақта Қазақ еліне қоныс аудару туралы жоспарыңыз жоқ па?
- Мекке-Мединенің мұсылмандардың қасиетті орны болғаны сияқты, Қазақстан жер бетіндегі қазақтардың қара шаңырағы. Қанша жасырса да барлық шетелде отырған қазақтар Қазақстанның қуанышына семіріп, олқылығына іші ауыртып отырады. Өзім Алматыға жиі-жиі келіп тұрамын. Ол жақтан үйде сатып алғанмын.Алла қаласа, зейнетке шыққасын сол жаққа барып, қазақ даласымен кеңірек таныссам деген арманым да жоқ емес. Мүмкін болса, шамам келсе ондағы қазақтар өмірінен де шығарма жазу ойым бар. Әрине, оның барлығын уақыт көрсетеді.
- Салихалы сұхбатыңызға рахмет шығармашылық табыс тілеймін.
Анықтама: Ш.Құмарұлы, ҚХР мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері.
1952 жылы 15 сәуірде ҚХР ШҰАР Мори ауданының Шоқпартас ауылында дүниеге келген. Оның тұңғыш кітабы «Үміт ұшқыны» 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан жарық көрген. Содан бері автордың «Қарамайлы аңызы», «Бір тамшы қан», «Жусанды дала», «Аршалы таудағы ән», «Бәтима» атты повестері, «Ақ серке мен Көк серке», «Қия жол» әңгімелер жинағы, «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек», «Тұғырылхан», «Ертіс кілкіп ағады», «Жарық дүние», «Қилы жылдар» романдары жарық көрген.
Қазіргі уақытта Ш. Құмарұлы Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары.