Тоқтар Жақаш. Қыз қарғысын құдай естиді!..
Бесағаштың тау жақ бөктеріндегі қыраттарда орналасқан саяжайға күн бата жаяу жетудің өзі қиямет. Тік бет төскей, құлама ылди, қос қапталдан қарауытқан қалың ағаш - айыр ұстаған ажалды тұмшалап тұрғандай көрінетін.
Бірақ амал жоқ, мектеп пен жұмыстан қайтқан жұртқа көктем мен күздің лайсаңында батпақ кешіп, осы жолмен жүруіне тура келеді. Тұрғындар осы азаптарын айтып, аудан әкімдігіне қанша рет шағымданса да, қаладан қатынайтын автобус жүргізуге жергілікті биліктің «шамасы» жетпей қойды. Айта-айта шаршаған саяжайлықтар Бесағаштың тұсындағы тас жолдан төтелетіп, үш шақырым жер жаяу-жалпылап қатынап жүрді. Жанайымның әкесі Ғали жекеменшік фирмада күзетші болып істейтін. Бар жинаған ақшасы осы саяжайдағы жер теліміне ғана жетіп, бұдан төрт жыл бұрын шағын үй салды. Оқудан қайтқанда, күн сайын осы соқпақпен жүретін Жанайым бітпей тұрған қараңғы құрылыс, қалың ағаш арасынан қатты үрейленіп өтетін. Мүмкіндігі болса, қырға шығар жолда ауылдастарының бірін күтіп тұрып, ілесе кетуші еді. Он жетідегі желкілдеген бойжеткен өз ажалына бір күні нақ осы жерде кездесетінін қайдан білсін?!
Бесағаштың тау жақ бөктеріндегі қыраттарда орналасқан саяжайға күн бата жаяу жетудің өзі қиямет. Тік бет төскей, құлама ылди, қос қапталдан қарауытқан қалың ағаш - айыр ұстаған ажалды тұмшалап тұрғандай көрінетін.
Бірақ амал жоқ, мектеп пен жұмыстан қайтқан жұртқа көктем мен күздің лайсаңында батпақ кешіп, осы жолмен жүруіне тура келеді. Тұрғындар осы азаптарын айтып, аудан әкімдігіне қанша рет шағымданса да, қаладан қатынайтын автобус жүргізуге жергілікті биліктің «шамасы» жетпей қойды. Айта-айта шаршаған саяжайлықтар Бесағаштың тұсындағы тас жолдан төтелетіп, үш шақырым жер жаяу-жалпылап қатынап жүрді. Жанайымның әкесі Ғали жекеменшік фирмада күзетші болып істейтін. Бар жинаған ақшасы осы саяжайдағы жер теліміне ғана жетіп, бұдан төрт жыл бұрын шағын үй салды. Оқудан қайтқанда, күн сайын осы соқпақпен жүретін Жанайым бітпей тұрған қараңғы құрылыс, қалың ағаш арасынан қатты үрейленіп өтетін. Мүмкіндігі болса, қырға шығар жолда ауылдастарының бірін күтіп тұрып, ілесе кетуші еді. Он жетідегі желкілдеген бойжеткен өз ажалына бір күні нақ осы жерде кездесетінін қайдан білсін?!
Жанайым - соңғы жылға дейін бір үйдің ұлы да, қызы да болып, еркін өсті. Әке-шешесі жалғыз қыздың қолынан қақпады. Бірақ бір үйдің жалғызы сияқты шолжаң емес, мінезі жұмсақ, елгезек әрі ақылды еді. Іштей «тағы да бауырым болсашы» деп тілейтін. Қаладағы №4 мектепті бітірген кезде, Алла тілегін қабыл алып, он алты жылдан соң, анасы қыз босанды. Жанайымның қуанышында шек жоқ еді. Күн сайын педколледждегі оқудан Гүлайымды аңсап, сағынып жететін. Дәл сол күні қырсыққанда, ауылға серік болып барар ешкім табылмай қалды. Ылдиға төмен түсіп, қарауытқан талдардың арасына кіре бергенде, соңынан аңдып келе жатқан әлдебіреу қарулы қолымен аузын жауып, жақын маңдағы құрылысқа қарай сүйрей жөнелді. Нәп-нәзік қыздың қарсылық көрсетуге дәрмені қалмады. Полиция қызметкерлері Жанайымның зорлық пен қорлықтан азап шеккен денесін төрт күн өткенде құрылысы бітпеген үйдің жертөлесінен тауып алды...
Талғардың тас жолымен тік жүріп, Табағанның бұрылысынан ілгері өттік. Жол шетінде тандыр нан мен сүт сататын үй көп. Соның бірін полиция күзетіп тұр. Әлгі тәртіп сақшылары тұрған үй - Жанайым Сыдықованы өлтірген 22-дегі күрд жігітінің үйі болып шықты. Полиция қызметкерлері ішке кіруге рұқсат бермеді. «Бұл үйдің адамдары кеше түгел көшіп кетті. Үйді сатпақшы. Ал ауланы суретке түсіруге болмайды». Келесі үйдің есігінің алдында орыс шалы нан сатып отыр. Әңгімеге сол кісіні тарттық: «Менің аты-жөнім - Иван Губницов. Бұл отбасын жақсы білем. Кезінде колхозда жұмыс істеді. Күдікті жігіттің атасы да, әкесі де. Жақсы отбасы болатын. Енді, балаларына жөндеп тәрбие бере алмаған шығар. Сондықтан, әлгі бала ойына не келсе, соны істеді. Өз басым солай деп ойлаймын». Одан соң, Жанайымның мекенжайын іздеп, жоғары өрледік. Жол бойында кездескен жігіт ағасынан жөн сұрадық. Сырттай көрсетіп жібермек болып, машинаға жайғасты. «Қызды өлтіріп кетті дегенді естіп, осы маңның тұрғындары бір дүрлікті. Бәрі күдіктінің үйіне жиналып бармақ болған. Сосын, жұмада ауыл орталығындағы әкімдіктің тұсына жиналып, күрдтерді көшіріп жіберу туралы талап қойды. Ал жігіттің ата-анасының «қазақтар жиналып келіп, үйді өртемек болды» деуі - өтірік. Әдейі солай байбалам салып жатыр. Әне, құлама қабақтағы киіз үй тігіліп тұрған үйді көрдіңіз бе? Сол үй. Мына тауды айналып барасыз. Мен осы жерден түсіп қалайын». Саяжайға бұрылғаннан ойдым-ойдым, кейбір жерінде мұзы ерімеген қисық жолға түстік. Көшенің ең түбінде тағы да полицияның бір көлігі тұр екен, тоқтатып, жөн сұрады. Келген мақсатымызды білісімен, дереу үлкен жорналға аты-жөнімді, келу мақсатымды, көлігімнің нөмірі мен құжатын тіркеп алды. Одан соң, төмен бұрылып, үлкен жотаның бел ортасындағы балшығы белден келер көшеге түстік. Ең шеткі үй - Жанайымдікі. Есік алдында әкесінен өзге ешкім жоқ. «Есімді енді жиып жатырмын, - деді қаралы әке күрсініп. - Қазір сізге ештеңе дей алмаймын. Тағы да бірнеше күн өтсінші, сосын өзім хабарласам... Құдай үшін, әйеліме жолыға көрмеңіз. Қайта-қайта талықсып жатыр. Қазір сізді көрсе, тағы да құлайды. Қызым педколледжде оқитын. Ұстаз болуды армандады. Осы колледжді бітіргесін, университетке оқуға түсемін деуші еді. Арманы көп болатын. Үһ!.. Үйде еш суреті қалмады. Бәрін полиция әкетіп қалды. Енді не болса да, бір полицияның қолына бердік, күдіктіні. Заң бойынша жазасын алсын деп отырмыз. Басқа айтарым жоқ». Фотоаппаратты алып, оңтайланғанымыз сол еді, басын шайқады да ішке еніп кетті. Амал жоқ, қайтадан келген ізімізбен кері қайттық. Жолай, есік алдында ағаштан әлдене жасап жатқан жас жігітті кездестірдік. «Жанайымды сырттай танитынмын. Жақсы қыз еді. Ашықжарқын болатын...» Асқардың әңгімесіне анасы Күлшәт араласты: «Жанайымды өлтіріп кетті дегенде, жақсы танымасақ та үйде бәріміз бір жылап алдық. Көшеде көргенде сәлемдесіп тұратын ибалы-ақ қыз еді! Әкім бұл саяжайға автобусты енді шығаратын болыпты. Өлік шықпай, көлік шығаратын түрі де жоқ еді! Ауылда әлі күнге дейін ауызсу жоқ. Жазда бақшаны суаруға береді де, қыс бойы үш шақырым жерден тасимыз. Оның несін айта береміз?! Бәрібір түк істемейді әкім!» - деп қолын бір сілтеді. Әңгіме сонымен тәмам болды. Қайтадан тар жол, тайғақ кешіп, үлкен тас жолға аман жеттік. Оң жақ қапталда қыршыннан қиылған қыздың үйі, бірде қыр, бірде сай - бұрын жүрген соқпағы, қалың ағаш қалып барады. Күн шақырайып тұрса да, әлгі сай-сала менің көзіме де аса үрейлі болып көрінді...
Шұғыл сұхбат
Біз осы мәлеле бойынша Алматы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Көбейхан Нұрахметтің пікірін білдік.
Жас қазақ: Бесағашты дүрліктірген оқиғаның мән-жайын кеңірек баяндасаңыз.
Көбейхан Нұрахмет: Ақпан айының соңында біз Бесағаш ауылының маңынан 17 жастағы қыздың мәйітін таптық. Әлі кәмелетке толмаған. Зорлықпен өлгені көрініп тұр. Сот-дәрігерлік сараптаманың қорытындысы бойынша, басынан әлдекімнің қатты соққымен ұрып өлтіргені белгілі болды. Арада екі-үш күн өткесін, Бесағаш ауылының бір тұрғынын күдікті ретінде қолға түсірдік. Жиырма екідегі жұмыссыз, бұрын сотты болған азамат. Бірақ мәселе оның ұлтында емес. Қылмыстың ұлты жоқ. Осы азаматтың аяқкиімін алып тексеруге жібердік. Өкшесінен марқұм қыздың шашы мен қан тамшысы табылды. Күдікті өз қылмысын бірден мойындады. Прокурордың санкциясы бойынша оны қамауға алып, уақытша қамау изоляторына жаптық.
Жас қазақ: Қыз бен жігіт бір-бірін таныған ба? Сөйлесіп тұрып па? Күдікті бұл оқиға туралы не дейді?
Көбейхан Нұрахмет: Олар бір-бірін ауылдас ретінде сырттай білуі мүмкін, бірақ жақын араласпаған. Күдіктінің айтуынша, үйінде арақ ішіп отырып, саяжайға өтіп бара жатқан қызды көрген. Шығарып салмақшы болып соңынан ілесіпті. Ал Жанайым болса: «шығарып салмайсың» деп қарсыласыпты. Күдікті оған да көнбей, таныспақшы болыпты. Қыз оған да көнбеген. Сосын оны ұрып өлтіріп қойыпты. Қысқы аяқкиімінің өкшесінен табылған қанның ізі мен шаштың қалдығы - бойжеткеннің басынан тепкенін айғақтап отыр.
Жас қазақ: Қыз өлгеннен кейін зорлаған ба?
Көбейхан Нұрахмет: Жоқ. Әзір бұл анықталған жоқ. Сот-дәрігерлік сараптаманың қорытындысы әлі толық шыққан жоқ. Қыз өлгесін, оның қалтасындағы телефоны мен жүз теңгесін алып кеткен. Мәйіттің жанындағы сөмкесін ашқанда, ішінде ақшасы тұрған болатын.
Жас қазақ: Күдіктінің ізіне қалай түсіп, қалай ұстадыңыздар?
Көбейхан Нұрахмет: Біз екі тәулік бойы Бесағашты аралап, түгел «төңкеріп» шықтық. Облыстан, Талғардан келген шұғыл іздестіру тобы көп тер төкті. Сосын, ана күдіктінің алып кеткен телефонды анықтап, сол арқылы жігітті ұстадық.
Жас қазақ: Сонда күдіктінің ізіне нақты қалай түстіңіздер?
Көбейхан Нұрахмет: Шұғыл іздестіру кезінде бізге шұғыл ақпарат келіп түсті. Оның бүге-шігесі - тергеу құпиясы. Қазір қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалып жатыр. Біріншісі - кісі өлтіру, екіншісі - қарақшылық шабуыл. Енді сот-дәрігерлік сараптама қорытындысы марқұмды «зорланған» деп шешім шығарса, онда «қыз зорлау» бабы қосылады. Ондай болмаған жағдайда, «зорламақ болды» деген айып та тағылуы мүмкін.
Жас қазақ: Бұл қылмыстық істі жалғыз Кака Коғлы ғана жасады ма, жоқ оның басқа да сыбайластары болды ма?
Көбейхан Нұрахмет: Қазір осыған қатысты тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Оның бәрін баспасөзге толық ашып айта алмаймыз. Бірақ әзірше күдікті тек өз мойнына ғана алып отыр.
Жас қазақ: Сіздер бұл қылмыстың «топпен жасалуы мүмкін» деген нұсқасын қарастырмадыңыздар ма?
Көбейхан Нұрахмет: Тергеу әрекеттері кезінде оқиғаның жалғыз түрі ғана емес, барлық нұсқасы қаралады. Бұл ғана емес, кез келген қылмыстық істі тексеруде солай. Біз қылмыскерлерді ұлтына қарап бөлмейміз. Бізге заң бұзған адам қазақ па, орыс па, әзірбайжан ба, күрд пе - бәрібір. Бізге ең бастысы - күдіктінің барлық әрекетін жан-жақты, мұқият тексеріп шығу. Кейбіреулер полиция туралы басқа пікір айтады. Бірақ біз де адамбыз, біздің де өсіріп отырған ұлымыз, қызымыз бар. Сондықтан, қылмыс жасаған адамды бет жоқ жібере салмаймыз. Мына жағдайда да екі тәулік бойы қаншама адам ұйықтамай, аяғымыздан тік тұрдық. Ендігі мәселе - осы істің толық және жан-жақты ашылып, сотқа өткізілуінде. Ал кесілетін жазаны - сот пен прокуратура анықтайды.
P.S. Ертеңіне Жанайым Сыдықова оқыған Алматыдағы №1 қазақ мемлекеттік педагогика колледжіне ат басын бұрғанбыз. Ұстаздардың пікірін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.
Жәмилә Мырзабекова,
Қазақ мемлекеттік №1 педагогикалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
«Жанайым Сыдықова - сабақты жақсы оқитын, қақ-соқпен ісі жоқ, әп-әдемі қазақтың өріктей қызы болатын. Биыл соңғы курста оқитын. Сабақтан қалып, кешігіп, қоғамдық жұмыстарға қатыспайтын болса, әңгіме бір басқа еді. Балалардың арасында бір-бірімен кішкентай болса да келіспеушіліктер болып қалады. Жанайым ондай жерден де көзге түскен емес. Оның үйі қашық болса да, сабақтан қалмайтын. Сондай бір тәрбиелі, әп-әдемі бала еді. Қайтыс болғанын естіп, ішіміз қан жылады. Студенттер қатты қайғырды. Сабағына қарап отырсаңыз, бірыңғай «төрт» пен «бес» еді... Енді бір үйді, бір үйді емес, бүкіл дос-жаранын, таныстарын аңыратып кеткен хайуанды ең жоғарғы жазаға кессе дейміз».
Қарлығаш Мұсаханова,
марқұм Жанайым Сыдықованың колледждегі кураторы:
«Биыл ақпанның соңында үшінші курстың студенттері практикаға кеткен болатын. Бұл оқиға сол кезде орын алып отыр. Жанайымның мінезі тым тұйық, шешіліп, сырын ашқан емес. Тобындағы екі-үш қызбен жақын дос болды. Құрбыларының айтуынша, үйінде кішкентай сіңлісі бар екен, сабақ біте салысымен үйіне, сол сіңлісіне асығатын. Дүкеннен тәтті-пұтты, ойыншық жиі сатып алады екен. Өзі ағылшын әндерін жақсы көрді. Кеше жерлегенде бүкіл курстастары болып, үйіне барып-қайттық. Ой-сай, қалың ағаш, өте қорқынышты жолмен жүрген екен. Топпен барсақ та, жолдан қатты қорықтық. Біздің ойымызша, мұндай жауызды ең қатал жазаға кесу керек!».
«Жас қазақ» газеті