Сенбі, 23 Қараша 2024
Масқара! 9513 11 пікір 13 Қыркүйек, 2018 сағат 12:50

Кремльдің «жансызы» Бағлан Майлыбаевтың құпиялары

Мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін сотталған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев шет мемлекеттің өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болғаны баршаға мәлім. Алайда осы ынтымақтастықтың егжей-тегжейін көпшілік біле бермейді. Ал дәл осы ақпарат соңғы жылдарда орын алған көптеген оқиғаларды айқындай түсер еді.

ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігімен және 185-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 2017 жылдың маусым айында бес жылға бас бостандығынан айыруға сотталғаннан кейін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев баспасөз назарынан тыс қалды. Дегенмен, оның резонансты ісі әлі де көңіл бөлуге тұрарлық, өйткені, біріншіден, Кремльдің теріс реакциясына қарамастан, тіпті өте жоғары деңгейдегі қазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің ресейлік әріптестерімен қажетсіз байланыстарын тоқтатуға Ақорданың қабілетін көрсетеді, және, екіншіден, Қазақстанда билік басындағылармен жанжалдасудың жақсылыққа апармайтынын растайды.

Осы тезистің дәлелі ретінде инсайдерлерден алынған ақпаратқа жүгінейік.

Біз Майлыбаевтың стандартты емес сценарий бойынша ұсталғанын анықтадық (Бағлан Майлыбаев пен оның бағынышты қызметкері, ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі Николай Галихиннің ҚР ҚК 185 «Мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату, жария ету» бабының 1 және 3-бөлігімен көзделген қылмысты жасады деген күдік бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен  2017 жылдың 12 қаңтарында ұсталғанын еске саламыз).

Оқиға барысы мынадай болған. ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы Әділбек Жақсыбековке жеке өзі телефон соғып, арнайы қызметтің жоғары шенді қызметкерінің қызмет ғимаратына кіруін және оның Президент  әкімшілігі басшысының орынбасарымен жүздесуін қамтамасыз етуді сұраған. Осының нәтижесінде келген қызметкер Ақордаға еш кедергісіз кіріп, Майлыбаевтың кабинетіне өткен және шамасы, оған қамауға алу ордерін ұсынған. Сосын, онымен бірге кабинеттен шығып, соңғысының «Мерседес» маркалы қызмет автокөлігімен олар бірге аумақтан кетіп қалған. Ал қақпаның сыртында, автотұрақта, оларды жедел машина күтіп тұрған, оған Майлыбаевты енді ұсталған адам ретінде отырғызған.

Бағлан Майлыбаевтың өзіне айып ретінде тағылған қылмыстарды жасаудағы кінәсін мойындағанына, ал оның үйінде жүргізілген тінту кезінде кінәсінің толық дәлелдері табылғанына қарағанда, ол өз тағдырында осындай бетбұрыс болады деп күтпеген және тіпті өзінің қағаздары мен жазбалары саяси қарсыластары мен қастық ойлаушылардың қолына түсетінін ойламаған. Дегенмен, олардың мазмұны Майлыбаевтың құлдырауының басты себебі болған сияқты. Мәскеудегі кураторларына жазған хаттарында ол ретін тауып, Ақордадағы барлық негізгі тұлғалар туралы, соның ішінде Әділбек Жақсыбеков пен оның алдында болған басшылар, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин және ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов туралы жағымсыз пікір білдірген әрі дөрекілік танытатын сөздерді қолданудан тартынбаған.

Инсайдерлерден алынған ақпарат бойынша, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары кінәсі дәлелінің көлемі аса қомақты болғаны сонша, құжаттарды және басқа да ақпарат нұсқаларын тасымалдау үшін бірнеше микроавтобус қажет болған. Бағлан Майлыбаевтың қылмыстық ісі құпия болғанмен, ал сот процесі жабық тәртіпте өткенмен, ақпараттың жайылып кетуі бәрібір орын алды. Майлыбаев өз жазбаларында Ақорда мен оның көптеген мекендеушілері үшін елеулі ақпаратпен бөліскені, өзіне қарсы саяси кландардың өкілдеріне шағымданғаны, оларға жағымсыз сипаттамалар бергені  және оларды бейтараптандыруға көмек сұрағаны анықталды.

Соңғысы Ақордада ерекше алаңдаушылық білдіруге тұрарлық, себебі ресейлік БАҚ пен интернет-ресурстары Қазақстан мен республикадағы ішкі саяси процестерге назарын көп аудармайды. Сәйкесінше, олардың тарапынан тым көп көңіл бөлу, сондай-ақ еркін түсініктемелер беру, әдетте тапсырыс берудің нәтижесі болып табылады. Тапсырыс беруші көбінесе дәл осы Майлыбаев болып шықты.

Жекелеп айтқанда, ол Мемлекет басшысы Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстеліне түсетін және одан шығатын барлық құжаттарға шектеусіз қол жеткізе алатын адам ретінде сипаттаған және оны басқа икемді адамға ауыстыруды ұсынған. Сонымен қатар мұны Махмұд Қасымбековтің ұлы Жеңіс Қасымбековтің беделін түсіру арқылы жасауды ұсынған. Бұл кезеңде осы жас министрге оның жұмысының авиациядан бастап автокөлік жолдарына дейінгі әртүрлі салалар бойынша ақпараттық шабуылдар жасалғанын айта кету керек. Ақпараттық материалдардың тізбегін қадағалайтын болсақ, ол РИА «Новости» қазақстандық бюросының newskaz.ru сайтына әкелетіні таңданарлық. Мүмкін бұл кездейсоқтық шығар, бірақ біз бұған кәміл сенбейміз.

Алайда, барлық мәліметтерге қарағанда, Бағлан Майлыбаевтың құлдырауына оның Кәрім Мәсімов туралы, әсіресе ол ҚР Президентінің Әкімшілігін басқарып тұрған шағында, сондай-ақ оның айналасындағы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаев секілді адамдар туралы пікірлері шешуші рөл атқарған.

Соңғысының тағдыры қалай болғанын еске салудың қажеті жоқ. Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу барысын жариялауда дәл осы РИА «Новости» тағы да неліктен екені белгісіз, ерекше жігерлілік танытқанын атап өткен жөн. Ал Кәрім Мәсімовке келсек, Майлыбаев оның Президент Әкімшілігінің басшысы ретінде тағайындалуына көңілі толмағанын жасырмаған.  Осы орынды өзі иемденуге үміттеніп, ол жаңа басшысына сипаттама беру кезінде дөрекілік танытатын сөздерді қолданудан тартынбаған.

Майлыбаевқа ұнамаған басқа тұлғалардың ішінен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын атап өткен жөн. Оны Майлыбаев өзінің алдына қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін елеулі кедергі деп атаған. Сондықтан ол ресейлік байланыстарынан министрді бейтараптандыру үшін оған қарсы шаралар қабылдауды тездетуді сұраған.

Бұл тағы да РИА «Новости» күшімен айтарлықтай жария етілген Мәскеудегі қырғыз гастарбайтерлері туралы мәлімдеменің төңірегінде болған жанжалмен сәйкес келуі таңданарлық.  Сонымен қатар, дәл осы ресейлік медиа «Жаманқұлов Мұхамедиұлына қарсы» ақпараттық соғысына (ерікті немесе еріксіз түрде?) қатысқан. Онда бір кездері танымал актер бөгде адамдардың ойынындағы соқыр құрал ретінде әрекет ете отырып, өз мансабындағы жағымсыз, мүмкін соңғы рөлін ойнаған болатын.

Бұған қоса, Бағлан Майлыбаевтың үйінен тергеушілер тәркіленген құжаттардан оның ең кемінде ҚР Мемлекеттік хатшысы болуды аңсағаны анықталды. Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық табельде бұл лауазым бесінші нөмірмен берілген, яғни қазіргі президент уәкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатса, мемлекет басшысының міндеттерін заңды түрде орындаудағы кезекте бесінші орынға ие болады. Барлық мәліметтерге қарағанда, Бағлан Майлыбаев қолайлы сәтте және ресейлік байланыстарының қолдауымен «Қазақстандағы ішкі саясат жөніндегі басшы» лауазымынан жоғары секіре алатынына үміттенген.

Қалай болғанда да, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасарының осы және басқа да жоспарлары іске аспады, ал Майлыбаевтың қағаздары және оның хаттары қазақстандық арнайы қызметтердің қолына түсті және оның мемлекеттік қызметте лауазымға ие болу құқығынан өмір бойына айырумен бірге бес жылға бас бостандығынан айыруға сотталуына негіз болды.

Алайда, Майлыбаев белсенді түрде қолдаған ресейлік БАҚ қазақстандық «еншілестерімен» бірге Ақордадан бір шақырымдық қашықтықта жұмыс істеуін жалғастыруда. Олар  Майлыбаев кезеңінде қазақстандық сарапшылар алаңын иемденген. Ал ол «сарапшылар» транзит кезеңінде ықпал жасау үшін қолданылуы мүмкін екендігі тағы рас.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536