Ақтауда өтіп жатқан сотта қыркүйектің 18-і күні судья Аралбай Нағашыбаев адвокаттардың өтініші қанағаттандырылмағанын, сот жарыссөзге көшетенін хабарлады. Адвокат Жанар Сүндетқалиева айыпталушы Абловас Жұмаевтың әкесінің қайтыс болуына байланысты сот отырысын кейінге шегеруді сұраған. Айыпталушының өзі де өзін жайсыз сезініп тұрғандықтан сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Бірақ судья оның сөзін аяғына дейін тыңдамастан прокурорға сөз берді.
Абловас Жұмаев 2018 жылғы мамырдың 11-інде сот шешімімен қамауға алынған. ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке 44 жастағы Абловас Жұмаевтан өзге 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2 тармағы бойынша (билікті басып алуға шақыру - ред.) қылмыстық іс қозғалған.
Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.
Abai.kz