Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
3384 0 пікір 24 Қыркүйек, 2018 сағат 12:40

Заң жобасын талқылау. Туризм саласын қайткенде дамытамыз?

????????????????????????????????????

Мәжілісте вице-спикер Гүлмира Исимбаеваның төрағалық етуімен Үкіметтік сағат өтті. Онда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмнің жай-күйі туралы және оны Қазақстанда дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Шара барысында Г. Исимбаева Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында және сессияны ашу кезінде туризмнің рөліне ерекше тоқталып, Үкіметке еліміздің сырттан келу туризмі мен ішкі туризмін дамытудың 2019 – 2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырғандығына тоқталды.

Қазіргі таңда экономиканың басқа да көпшілік секторларымен салыстырғанда туризм индустриясының мультипликативтік әсері барынша күшті. Сондықтан да алыс-жақын шет елдердің көпшілігі экономикалық дамуды жеделдету құралы ретінде дәл осы туризмді таңдап отыр, - деді, вице-спикер.

Өз кезегінде қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы Гүлнар Иксанова еліміздегі туризм саласының проблемаларына тоқталды. Атап айтқанда, туризмнің әлемдік рейтингісінің төмендігі, өнімдер мен қызметтердің көбіне стандарттар жүйесіне сәйкес келмеуі және инфрақұрылым нысандарының бәсекеге қабілетсіздігі сияқты тағы басқа да мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, халықаралық деңгейде Қазақстанның айтарлықтай артта қалып отырғандығын, Қазақстанға келетін туристердің саны Әзірбайжан, Грузия елдеріне қарағанда төмен екендігін айтты.

Үкімет сағаты барысында Мәжіліс депутаттары баяндамашы мен отырысқа шақырылған мемлекеттік органдар басшыларының алдына бірқатар өзекті мәселелер қойды.

Жарыссөзде сөз сөйлеген депутат Н. Сабильянов еліміздің туризм саласын дамыту барысында жергілікті халыққа жағдай жасап, өз елімізде халықтың жақсы демалуын қамтамасыз ету сияқты біршама ұсыныстар айтса, депутат Өксікбаев ұлттық өнімдерді брендке айналдыруды ұсынды.

Отырысты қорытындылаған вице-спикер бірінші кезекте бәсекеге қабілетті туристік саланы қалыптастыру мен дамыту – бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, инвестициялар ағымы, жұмыс орындарының санын көбейту, халықтың денсаулығын жақсарту, тарихи-мәдени және табиғи мұраны сақтау және ұтымды пайдалану есебінен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете алатын нақты құрал болып табылатынын негізге алуға тиіспіз, - деді.

Сонымен қатар, Г. Исимбаева бүгінгі талқылау барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар, Үкімет дайындап жатқан 2019-2023 жылдарға арналған туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ, жақында Парламентке келіп түсетін туризм туралы заң жобасының қабылдануы, ең бастысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы маңызды салаға ұдайы қамқорлығы, проблемаларды шешудің жолдарын көрсетіп беруі туризм саласын экономиканы дамытудың тағы бір сенімді тетігіне айналатынан сенім білдірді.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға туризм саласын дамыту жөнінде ұсынымдар әзірленді.

Abai.kz

0 пікір