Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің тәсілдері атты семинар өтті
Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері» республикалық семинарын өткізді.
Семинар жұмысына Тіл саясаты комитетінің сарапшысы Қонай Халым, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы əдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина және Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері, әдіскер ғалымдар, тіл мамандары, Астана, Алматы қалалары және облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының мамандары қатысты.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов «Жаңа қазақ əліпбиі: ұлттық өркениет бағдары жəне жаһандық дамумен сабақтастық» атты баяндама жасады.
Ол «Тіл дегеніміз – белгілі бір сөздердің өзара тіркесу комбинациясы. Тілдегі сөздік қордың бірліктері кейде атау тұлғада тұрып, кейде түрленіп өзара байланысқа түсетіні де, әр тілдің табиғатына сай байланысу тәсілдері болатыны да белгілі. Ширек ғасырдай уақыт қазақ тілін үйрету нәтиже бермей келсе, оған тіл саласында жүргендердің де «үлесі» бар деп ойлаймыз. Тіл үйренушінің күнделікті қарапайым қолданысына ең қажетті белсенді лексиканы таңдау сияқты маңызды бастаманы бірлесе атқарудың қамына кіріскен жөн дер едік»-деді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.
Міне, бүгінгі «Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері» республикалық семинары тың әдістерге бай жаңашыл технологиялар арқылы тіл үйренудің жолын таңдау.
Қарағанды облысы Тілдерді оқыту орталығынан келген оқытушы Динара Қуанбаева «Қазақ тілі сабақтарында заманауи мультимедиялық технологияларды, Playposit, Socrstive, Thinglink онлайн бағдарламаларын қолданудың әдіс-тәсілдері практика жүзінде көрсетілді. Қазақ тілін меңгертуде қолданылатын заманауи технологияның бір түрі – интернет желісіндегі on-line бағдарламалар сабақтың барысын ұтымды, тиімді, үнемді қолдануға мүмкіндік береді. On-line бағдарламалар – мультимедиалық әдістің бір түрі. Қазіргі таңда күнделікті қолданыста жиі пайдаланылатын on-line бағдарламалар: Thinglink.com, Playposit.com, Socrative.com, kahoot.it, Google.doc қызметі»-бүгінгі күннің маңызды технологиялық жетістіктері деп ойын одан әрі жалғады.
«Оның дәстүрлі әдістерден артықшылықтары синкреттік қасиеті: бір сәтте көру мен есту бойынша қабылдау мүмкіндігі, ақпаратты алуда студенттің өзі әрекет етуі арқылы белсенді қатысуында. Қайталап талдауды қажет ететін бұрынғы бағдарламаларды қайта шығару арқылы оларға қайта оралу мүмкіндігін тез арада орындайды. Тіл үйренушіні шығармашылық әркетке ынталандырады. Оқытуды мейлінше дара сипатта жүргізуге мүмкіндік береді. Тіл үйрену тікелей тіл үйренушінің өз әрекеті арқылы жүреді.Оқу бағдарламасындағы оқу материалдарын пайдалануда, оларды оқып меңгеруде шегінуіне де, тұрақты көріп талдауына да, таңдауы бойынша ілгері өтуіне де болады»-деді ойын түйіндеді Динара Куанбаева.
Семинардың мақсаты – мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, озық тәжірибені зерделеу және қорыту, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тәжірибеге енгізу, заманауи мультимедиялық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдерін үйрету, латыннегізді қазақ тілінің емле ережелерін үйретуде жаңашыл технологияларды қолдану әдістерін таныстыру болатын.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы əдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина «Латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің жаңа емле ережелерін оқыту мәселелері» тақырыбы бойынша емле ережелерінің жобасы таныстырылды. Жазу жобасындағы жаңа ережелер, өзгерістер енген ережелер мысалдар арқылы түсіндірілді. Тыңдаушылар ережелер жобасын үлкен қызығушылықпен қабылдап, кейбір мәселелер бойынша пікірлерін білдірді. Емле ережелерінде сөйлеу тілінің заңдылықтары сақталғандығын, бұл өз ретінде тіл үйрету кезінде, әсіресе, шеттілді сөздердің жазылуын үйрету кезінде оңтайлы болатындығын атап көрсетті»-деп сөзін түйіндеді.
Ал Алтынгүл Тəңірбергенова, Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы
«Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану маңызды. Біздің шеберлік сағатымыз «Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану» тақырыбында оқытудың жаңашыл, белсенді әдіс-тәсілдері және қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі негізінде құрастырылған. Алдымен шеберлік сағатымызда интерактивті «Lepbook» таныстырылады. Лэпбук дегеніміз - қызықты интерактивтік папка. Лэпбук – салыстырмалы түрде оқудың жаңа тәсілі. Лэпбук - ол интерактивтік әдістеме, оны құрастыру жөнінде келесі әдіс-тәсілдер қолдануға болады: салыстырмалы талдау, ізденіс, проблемалық сұрақтар, дидактикалық ойындар, әңгіме, сипаттау, сюжеттік ойындар т.с.с. Бұл қатысушалардың сөйлеу дағдыларын дамытады. Ойын еркін жеткізіп, диалог құруға бағыттайды. Сабақ қарапайым А1 және базалық А2 деңгейлеріне арналғандықтан, олардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында бұл «Lepbook»-та сөйлесім тапсырмаларына баса назар аударылады. Сабақты бекіту, қорытындылау мақсатында тесттік тапсырмалар арқылы «Plickers» және «Kahoot» бағдарламалары таныстырылады. Бұл бағдарламалар қатысушылардың білімін жетілдіруде, ары қарай дамытуда өте қолайлы» , -деп ойын қортындылады.
Шарада «Атамекен» ҚР ҰҚП Бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің сарапшы-лингвисі, филология ғылымдарының кандидаты Бекзат Динаева , Көкщетау қаласы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлнар Кажкенова сыни ойлау технологиясы арқылы жазылым дағдыларын меңгерту жолдары мен қазақ тілін оқытуда электрондық, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың тиімділігін көрсететін тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында ұсынылған әдіс-тәсілдерге Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшат Қамзаева ғылыми-әдістемелік сараптама жасап, бағасын берді.
Шара соңында семинар қатысушыларына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің сертификаттары табысталды.
Abai.kz