Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 4483 0 пікір 10 Қазан, 2018 сағат 08:56

Ақылбек Шаяхмет. Киесіз жер, қасиетсіз ел болмайды

Қолтығында қотыры бар қоғамның

Қытығына тисе, артпа оған мін.

Жеті қаттың мұңы тұнып жатады

Жүрегінде ақын деген адамның.

Бұл өлең белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхметке арналған. Авторы – қостанайлық ақын Нұрқанат Құлабаев. Расында, Ақылбек Қожаұлы қоғамдағы өзгерістерге дер кезінде үн қосып, пікірлерімен бөлісіп отырады. Жақында Қазақстан және әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, М. Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» және Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың иегері Ақылбек Шаяхметпен сұхбаттасқан болатынбыз.  

— Ақылбек Қожаұлы, әңгіменің әлқиссасын поэзиядан бастасақ… Қазір қазақ өлеңі жайында алуан пікір бар. Аға буын қаламгерлердің біразы кейінгі жас ақындарды мойындап, таңдай қағып жатады. Ал кейбірі «қазір айтары жоқ, құр жылтыраған мазмұнсыз өлең қаптап барады»  дейді.  Бұған не дейсіз?

— Қазақтың жыраулық, жыршылық дәстүрінде қалыптасқан қара өлеңі формасы жағынан қанша өзгеріске түссе де, мазмұны жағынан өзінің маңызын жоғалтпаған. Ешкімге жасырын емес, француз бен орыс, жалпы Еуропа поэзиясында сан қилы эксперименттер болған. Кейбірі сәтті шықты. Оған Абайдың «Сегіз аяғынан» бастап, Шәкәрім, орыстың Хлебников пен Маяковскийінің шығармаларын мысалға келтірсек те жетіп жатыр. Негізі, мұндай эксперименттер керек емес демеймін. Өкініштісі, өзіміздің көп ақындар осы бағытта сәтсіздікке ұрынып жатады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан!» — деген Абай сөзімен айтсақ, кірпішті түрлі-түрлі формада құюға болады. Поэзия – гармония, үйлесім. Үйлесім жоқ жерде «бүйректен сирақ шығып тұрады». Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Тыныштықбектен бастап, кейінгі жас ақындардың өлеңдерін оқып тұрамын. Бірақ, өлеңнің мазмұнына қарап талап қоятын болсам, көпшілігін қабылдай алмаймын. Кейбіреулеріне сондай типті шығармалар ұнауы мүмкін. Мысалы, көркемсурет галереясына бара қалсаңыз, түрлі бағытта салынған суреттер көзге түседі. Келушілер үйреншікті портрет немесе пейзаж суреттеріне тамсанса, кейбірі алабажақ, түрлі бояулармен әрленген туындыларға жақын тұрады. Ондай суреттердің авторы бүгінде өздерін жаңа заманның, жаңа мазмұнның иелеріміз деп таныстырады. Поэзия да сол сияқты. Қазір де түрлі эксперименттер таусылмаған. Оларға төрелік ететін бүгінгінің адамдары да емес. Шамалы уақыт өту керек. Түрлі құбылыстармен берілетін өлеңдердің әбден сиясы кепкен соң ғана пікір айтуға болады. Кім болса да, түбі қазақтың қара өлеңіне қайта келеді.

— Таласбек Әсемқұлов былай депті: "Жаңа поэзияның ең үлкен айыбы – оның түсініксіздігі". Расында, осы ой ұшығы жоқ лабиринт өлеңдер неге көп? Бұрынғы қазақы әуезді, ойы айқын, айшығы қанық поэзия неге жоқ қазір?

— "Жазғыштар көп, жазушы аз, Айтқыштар көп, ақын аз", — деп басталатын өлеңім есіме түсіп отыр. Әдеби тұлғаға деген талғам мүлдем жоқ немесе жоқтың қасы. Бүгінде «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтерге» салып, кітаптарын шығарып алып жатқандар көп. Кейбіреулеріне ұнамауы мүмкін, бұрын мұндайлар аз болды. Өзімді мысалға алайын. 1983 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өтуім үшін 4-5 адам ұсыныс (рекомендация) жазды. Баспалар мен газет-журналдардағы редакторлар әр өлеңіме дейін қарады. Әрбір өлең поэзияның қарапайым талабына жауап бере ала ма?  Іріктеу жоспарлы түрде әрі қатаң-тын. Сондай сынақтардан өткен соң барып, емін-еркін газет-журналдарға өлеңдерімізді ұсынып жүрдік. Алматыдағы Қазақстан жазушылар одағының есігінен имене аттайтынбыз. Сонда поэзия бөлімінде Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды мүйізі қарағайдай ақындар отыратын. Өлеңімізді көрсетіп, кем-кетігін көретінбіз. Тағы бір айта кетерлігі, Жазушылар одағына кірген Қостанайдағы 10 шақты автордың бәрі – зейнет жасындағылар. Жасыратыны жоқ, Қостанай облысының өзінде жүрген аудандық деңгейдегі журналистер одаққа мүше болып кетті. Әрине, олар журналистердің одағына кірсе, қарсылық жоқ. Алайда, он мақаласын құрап, кітап шығарған тағы дұрыс нәрсе емес қой. Кез келген журналист ақын бола алмайды, ал кез келген ақын-жазушы журналист бола алады. Атақты театр әртісі Асанәлі Әшімов – ҚР Жазушылар одағының мүшесі. Кейін білсек, ол кісі естеліктер мен күнделік жазады екен. Естелік жинағаны үшін білдей бір одаққа кіргізу қажет пе? Сол сияқты шежірелер жинағын жазған ЖОО ректорлары, отбасылық кітап шығарған бұрынғы атқарушы билік өкілдері де одақта. Меніңше, қазір жазушылар одағында халтура көп. Соңғы жылдары жазбай жүргендер мен жазғандары әдеби талғамға сай келмейтіндердің туындыларын сүзу керек деп есептеймін. Тиісінше, авторлар одақтан шығарылсын. Сондықтан қазіргі уақытта ҚР Жазушылар одағына мүше қабылдаудан гөрі, сүзгіден өткізу қажет деген принципті қолдаймын. Олардың орнына лайықтыларды іріктеп қою керек. Бұл ретте әдеби тұлғаның талғамы туралы сөз етудің өзі артық.

– Балалар әдебиеті жөнінде не айтасыз? Өзіңіз балаларға арнап бірнеше кітап жаздыңыз.  

– Балалар поэзиясы дамып келеді деп өтірікке басатындардың қатарынан емеспін. Бір нәрсені ғана айтайтын. Мектеп оқулықтарын ашып қалсаң, Сырбай Мәуленовтен бастап, Фариза Оңғарсынованың шығармалары толып жүреді. Енді бір сұрақ: бұл ақындар Қадыр Мырзалиев, Жақан Смақов, Қастек Баянбаев сияқты балаларға арнап өлең жазды ма? Бұған ешкім мән беріп жатпайды. Танымал ақынның өлеңі деп, мазмұнын қарамай, балаларға оқытуға қарсымын. Осы олқылықтардың бәрі редакторлық сұрыптаудың нашарлығынан. Кезек күттірмейтін шаруаны тез арада реттеу керек.

– Әлем әдебиетіне шығу үшін не кедергі? Бірі аударма мәселесін айтса, енді екіншісі жазушылардың шеберлігіне сын айтады.

– Меніңше, әлем әдебиетінің мықты деген өкілдерінің көбі бізге ілесе алмай жатыр. Өйткені, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов секілді жазушылар, Темірхан Медетбек, Гүлнәр Салықбай сияқты заманауи ақындар бар. Біздің бұл жердегі осал тұсымыз – осындай дараларымыздың шығармаларын шет тілдеріне аудара алмай жатқанымызда. Бұрын орыс әдебиеті арқылы шығатын болсақ, қазір орыс тіліне аударылып жатқан авторларымыз шамалы. Сондықтан да біздің жазушылар әлемдік деңгейде мойындалмай жатыр. Мысалы, Нобель сыйлығын алған Солженицын, тіпті, Достоевский мен Пушкинді аударма арқылы таныдық қой. Әрине, біздің жастар, болмаса пысықай ақындарымыздың шығармалары шет тілдеріне аударылып жатыр. Бірақ, олар біздің төл әдебиетіміздің дәрежесін көрсете ала ма? Мәселе осында.

– Аударма тақырыбы қозғалған кезде қаржы мәселесі де қатар жүретін секілді…

– Кезінде Рахымжан Отарбаев біздегі «әдеби агенттердің» қалыптаспай жатқанына қапаланды. Шетелде әрбір авторды насихаттайтын топ болады. «Әдеби агенттердің» қалыптасуы кітап нарығына деген бәсекелестікті күшейтеді және сату өнерінің де жаңа бір қыр-сырлары пайда бола бастайды. Бұл дегеніңіз, жұрттың кітап оқу үрдісін қалыптастыруына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Бізде де Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменов қалай дәріптелді! Сондай насихаттың бір бөлігін пайдаланасақ, әлем кітапханаларына шығудың ауылы алыста емес.

– Өңірдегі аға буын мен жас өскіннің шығармашылық байланысы қалай?

– Басқа облыстарға қарағанда бізде ұдайы шығып тұратын әдеби журналымыз жоқ. Рухани, әдеби дүниелерді шығарып тұратын жалғыз «Қостанай таңы» ғана. Сол сияқты А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ қабырғасынан «Жас өркен Қостанай» журналының 1 жылда 6 саны ғана шығады. Бұл басылым облыстағы әдеби қажеттілікті толығымен өтей алады деуге келмейді. Негізі, Қостанайда 10-нан астам баспа бар. Олардың кітап шығару сапасы қай деңгейде екенін анықтап жатқан ешкім жоқ. Сол себепті сол баспалардан шыққан кітаптар оқырманға қажетсіз болып, шаң басып тұра береді. Жастар мен аға буынның байланысы тоқтап қалды дейтін мәселеде жастар жағының айыбы көп. Турасын айтқанда, қазір жас талапкерлерді өзіміз іздеп бармаймыз ғой, талпынғандар өздері келулері тиіс. Жалпы, елде кейінгі жылдары шығармашыл жастарға жасалып отырған жағдай жаман емес. Түрлі семинарлар, байқаулар көбіне 18-35 жас аралығында өткізіліп жатыр. Сондықтан дәл Қостанайда жүрген, республикалық байқауларда жеңіске жеткен немесе жүлдегер болған Нұрқанат Құлабаев, Абылай Мауданов, Жандос Жүсіпбек сынды ақындарға жоғарыда айтқан Жазушылар одағына кіретін мүмкіндіктері де, дарыны да жетерлік.

–  «Киелі Қазақстан» жобасының жетекшісі Берік Әбдіғали Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне өзгерістер, я толықтырулар енуі мүмкін екенін айтқан еді. Сіздіңше, Тобыл-Торғай танабында осы санатқа ілікпей қалған қандай орындар бар?  

– Киесіз жер, қасиетсіз ел болмайды. Қазақтың қай жері де киелі. «Киелі Қазақстан» бағдарламасында көбінесе қазіргі қазақ елі аумағындағы орындар көрсетілген екен. Менің ойымша, қазіргі уақытта шекарада орналасқан бірқатар орындар қазақ үшін қасиетті. Соны қаперден шығармайық.   Ақжан Машанидың өмірінің соңғы жылдарында түсірілген бейнетаспада ғалым өзінің түс көргенін, түсінде Қостанай жерінде шөгіп жатқан ақ түйе орнынан көтерілгенін, бұл жерде киелі жердің көптігін және Қостанайдағы табиғи қазба байлықтарының молдығын тілге тиек қылады. Осы сәтте менің ойыма «әруақ қонып, нар шөккен» деген тіркес және  Жітіқара ауданы мен Ресейдің Орынбор облысы шекарасында шөгіп жатқан тас түйе оралды. Жазық даланың бір пұшпағына Жаратушы әдейі әкеліп қойғандай, әлде бір сиқыршы қолдан қашап жасағандай табиғат ескерткішіне еріксіз таңдай қағып, басыңды шайқайсың.   Бір ғажабы, түйетастың қай жағынан барып қарасаң да,  оның әртүрлі кейпін көресің.  Мәселен, қарсы алдында тұрған адамға ол шөгіп жатқан түйе түрінде, бір бүйірінен қараған кісіге ботасын ерткен аруана болып көрінеді.  Арт жағынан көз салған жолаушыға мойнын бұрып, артына қарап жатқан бурадай болып көрінеді. Бауырынан тап-таза бұлақ суы ағып жатқан қасиетті мекен күллі адамзат баласын тазалыққа шақырып тұрғандай.   Қостанай жерінің тағы бір шетінде Әмір Темірдің ХІҮ ғасырда салдырған кесенесі «мен мұндалап» тұр. Қостанай облысының Қарабалық ауданы мен Челябі облысының Варна ауданы шекарасында сағым жортқан сар далада орналасқан. Ақсақ Темір жорыққа шығып келе жатқанда қаза тапқан қызына орнатқан ескерткіш белгі алыстан қараған адамға кейде жауынгердің дулығасындай, кейде қалыңдықтың сәукелесіндей болып көрінеді.   Аңыздың айтуына қарағанда, жас ару жолбарыстың тырнағына ілінген. Осыдан кейін Темір қызына кесене салғызып, «енді жолым оңғарылмайды екен» деп әскерін кері қайтарады. 1986 жылғы «Батырлар жырында» жарияланған Қобыланды балалары Бөкенбай мен Киікбай туралы дастанда Темір әскерімен айқас суреттеліп, ең соңында ханның қызы Құралайдың олжа болғаны, оны қопада қабылан жарып кеткені айтылады. Осы дастанда:  «Келіп жетіп Қобылан, Қызды көміп сол жерге, Жер осы деп бұйырған, Елді жиып, ас беріп, "Кесене" деп ат беріп,   Темір ханның қызы деп, Батырлардың ізі деп,  Түсінгенге сөзі көп, Оюлап сырмен жазылған», – дегенге қарағанда әңгіме осы оқиға туралы болып отырғанға ұқсайды.   Бұл аңызға сенетін болсақ, қыпшақтардың қолы Темір әскерімен айқасып, оның қызы олжа болған. Ал жергілікті орыстар бұл кесенені «Башня Темирлана» деп атайды. Кесене уақыт сынына төтеп беріп, әлі күнге кең далада асқақтап тұр.

– Ономастика мәселелері жөнінде баспасөзде көптеген мақалаңыз жарық көріп, кәдімгідей қоғамдық пікір тудырды. Алайда, өңірдегі ауыл-қала көшелерінің көбіне әлі лайықты атау бере алмай жатқан сияқтымыз…  

Қостанайдағы Қазақ көшесі жақында "Әбілсай" деп өзгеретін болды. Ұлттың атын көшеге қою деген ақылға сиымсыз жағдай ақыры қалпына келді. Енді Қостанай ауданы орталығының атауын өзгерту туралы қозғалыс басталды. Бір ғажабы, өзге ұлттардың біразы оған қарсылық танытса, қазақтардың қайсыбірі Затобол атауын "Тобыл" деп атайық деген ұсыныс жасап, оны қабылдатты. Облыста Тобыл деген теміржол бекеті, сондай атаулы үлкен өзен бар. Футбол командасы да «Тобыл» деп аталады. Сонда айтуға жеңіл деген желеумен Тобыл атауын елді мекенге беру ақылға сия ма?! «Құтты алап» деген тарихи атауға қарсы шығушылар оны айтуға ауыр, екі сөзден құралған деседі. Қазақта екі сөзден құралған атаулар жетіп артылады. Мәселен: Жезқазған, Сарыкөл, Сұлукөл, Қызылорда. Сондай да аргумент бола ма екен? Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісінде»:  «Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың  иісі де жоқ» — деп жазыпты. Емеурінмен айтылған сөздің мағынасына кезінде терең үңілмеппіз. Заманның азуы, жердің тозуы, малдың азайуы орыс келген соң басталғанын айтып тұрған жоқ па?! Би-ағаң туған Таран ауданының атын өзгерту, оған жазушы есімін беру туралы ұсыныстар  «Егемен Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бұдан бірер жыл бұрын жарық көріп, көпшіліктің қолдауына ие болды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атына да өтініш хат жазылды. Бұл да шешіледі деген үміттеміз.

– Ақылбек Қожаұлы, университетте дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеп келесіз. Бір әңгімеңізде оқу бітірген соң алатын дипломның түсіне байланысты сын айтып қалып едіңіз.

– Біздің оқу орны ғана емес, елдегі барлық оқу орнына ұсынысым бар. Советтің қызыл туы туралы анықтамада тудың қызыл болуы КПСС басшылығымен социализм және коммунизм орнату жолындағы  совет халқының ерлік жолын бейнелейді деп атап көрсетілген. Сәкен Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы – Орданың бауыры бүтін болғаны», — деген екен. Қазақ елінің астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкенде бұрынғы Ақмешіттің жаңаша аталуын большевиктер өздерінше ұйғарып, ақты қызылға өзгерткеніне мәз болса, Алаш ардагерлері астана атында орда сөзінің қалғанына тәуба қылған. Өйткені, Қазақ ордасы кешегі Ақ орда, Көк орда, Алтын орданың жалғасы еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына құжатты оқып берейін: «Из докладной записки С.Сейфуллина И.В. Сталину о взаимоотношениях в среде казахских партийно-советских работников. …Я не поверил, но вспомнил, что действительно на средине красных знамен стояло какое-то зеленое знамя. Некоторые товарищи возмущались, Алашордынские знамя сняли. Потом обьяснили, что это по незнанию повесил туда какой-то русский из служащих. А технической же стороной съездовского помещения руководили высокограмотные киргизы. Когда обратно, после конца сьезда, ехали в г. Оренбург в поезде  один бывший работник Алашорды, старый учитель, мне хорошо знакомый, теперь сотрудник Наркомпроса, с довольным видом в присутствий двух товарищей сказал мне: «Наконец все вышло по-нашему (т.е. по Алаш-Орде) Съезд открыли под нашим зеленым знаменем Алаш-Орды. Мы говорили, что ставка должна быть на интеллигенцию, а на этом съезде полностью эту идею проводили. Слова «рабочих» остались пустыми фразами. Мы свое правительство называли Алаш-Орда. А на этом съезде будущую столицу Киргизии г. Ак мечеть (Перовск) переименовали в Кызыл-Орду (Красная Орда). Для киргиз цвета красное, зеленое, белое, ниакого значения не имеют, лишь бы осталась Орда. Теперь в партию войдем и мы». Вот, что мне сказал в поезде алашордынский мелкий просвещенский работник, теперь сотрудник Наркомпроса. …И действительно, сейчас среди интеллигентных киргизов и киргизок, прежних работников Алаш-Орды и их учеников, все еще, или не вступивших в партию, или одно время входивших и обратно, замечается большое стремление в партию. Некоторые в разных городах уже подали заявления в партию. Это положение еще крайне опасно для Компартии и Киргизии». Алаш арыстары аманатына біз адалдық танытып жүрміз бе?! Жоғарғы оқу орындарында осы күні оқу орнын үздік бітіріп шыққан түлектерге қызыл диплом беріледі. Бұл Совет дәуірінен қалған үрдіс. Совет туы қан майданда төгілген қанның символы екені белгілі. Алайда, бұл қан жазықсыз жапа шеккен шейіттердің ғана қаны емес, кешегі қантөгісті еске салып тұрады. Тәуелсіз ел, еркін ел болғаннан кейін көк туымыз көкке көтерілді. Ендеше сол тумен түстес  дипломымыз да көк түс болғаны орынды емес пе?! Яғни, үздік бітірген түлектерге көк диплом тапсырылуы керек. Осыны жолға қоятын мезгіл жеткен сияқты.

– Қазақ жастарының тәрбиесі, имандылық жайында жазған талай өлеңдеріңіз әлеуметтік желі арқылы таралып кетті. Ақыл-аға, бүгінгі жас өскіннің бағыты қандай? Жастар неден ұтылып барады?  

– Қазақ бай, білімді болды. Бірақ, тәрбие жағын жоғалтып аламыз деген қауіп бар. Әл-Фарабише айтсақ, тәрбиесіз алған білімнің көк тиын да пайдасы жоқ. Қарындастарымыз көшеде қайыршының шалбарын киіп бара жатады. Түнгі клубтарда біздің қаракөз қыздарымыздың көптеп жүруі неге белең алып кетті? Жастардың қатысуымен ұрлық-қарлық көбейді. Неге қарттар үйін жауып тастай алмай отырмыз? Бір ғасыр бұрын біздің даламызда болмаған жетімдер үйі әлі бар. Тік жүріп, тура сөйлейтін адамды үлгі тұтсақ, бүгін пысықай біреулерді мақтаймыз. Шаханов айтқандай, жер-жерден туфли жалағыштар көрінді. Бұл бұрын да болған. «Шынжыр балақ, шұбар төс» дегенді естіген боларсың. Бұл тіркес қазақ патшалық Ресейдің қол астына өткеннен кейін пайда болған. Қазақты құртатын кедергілердің қатарына рушылдық, жершілдік, мақтаншақтық, тәкәппарлық қасіреттерін қосуға болады. Бастық болса, өзінен төмендерге мұрын шүйіру, бай болса, кедейлерге қол ұшын созып, қайырымдылық жасаудың орнына, барына мастану, өзінің руластарына бұратын қаскөй тірлік. Абайға өз қазағы қол көтерді, Махамбеттің басын шауып алды, Ыбырай мен Шоқанды көре алмады. Негізі, қазір КГБ-ның архивтерін ашатын болсақ, көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Өзіміз мақтап жүрген белгілі адамдардың өзі басқа позиция ұстанған болуы мүмкін.

– Имандылық туралы не айтар едіңіз?

– Жердің көркі – адамзат, адам көркі – ақиқат,өмір көркі – қанағат, діннің көркі – шариғат, имам көркі – салауат, мешіт көркі – жамағат екені белгілі.

«Мінажат» деп аталған жыр жинағымда:

«Киіз үй де – күмбезіндей мешіттің,

          Еңкейіп кір тағзым етіп Аллаға.

          Таң атарда азан үнін есіттің,

          Ерте тұр да, жүзіңді бұр құбылаға.

          Бұл жалғанда күндері көп қысылған,

          Қылығына өкінбейтін бар ма адам?!

          Мешітке  егер кірген болса мұсылман,

          Кешу тілер жалғыз ғана Алладан» – деп жазған едім.

Шынында да біліп істеген және білмей істеген күнәңді тек қана Алла кешіре алады. Сондықтан да базарда қалдырған ақшаң түк емес, мешітте қалдырған ақшаң көп емес. Күмбездері – қалқандай, мұнаралары – найзадай мешітте азан дауысын естісең ол құлаққа жайлы әсем әуендей естіледі. Мешіт – Алланың үйі, имандылықтың ұясы.

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасын» жазып, барлық мектептерді ашқан кезде «Бісімілла, рахман-рахим!» деген сөзбен бастаған, мектепке сабақ берер алдында дәрет алып кірген өнегесінің өзі неткен ғажап?!

Діндар ақын Нұржан Наушабайұлы: «Бiсiмiлла, рахман-рахим! Болмады төмен назарым, жер жүзiне жайылды насихат болып ғазалым» – деп Жаратқанға мінажат қылған өңірде тура жолға түскен жерлестерім көбейгенге  қуанамын.

 – Адамның қандай қасиеттерін бағалайсыз?  

– Арқада Тұралы деген ақын болған. Бір отырыста ауыл ақсақалдарының бірі: «Тұралы, жұрт сені ақын деседі. Ақын ақынды жақсы түсінуі керек қой. Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегенін қалай түсінесің?» – деп сұрайды.   Сонда Тұралы: «Адамға үш бірдей қуат керек. Ақыл қуат, жүрек қуат, тіл қуат. Біреуі кем болса, жігітке кемдік қылады, үшеуі тең болса, ер жігіт ерлік қылады», – дейді.   «Ал жүрегі мен ақылы немесе тілі кем болса не болады?» –  деп сұрағанда: «Жүрек кем болса, топта сөз айта алмайды, ақылы кем болса, жөн жауап қайтармайды, ақыл мен жүрек тең болып, тілі кем болса, ақылының бар-жоғы байқалмайды, жігітке әуелі білім керек, екінші ғылым керек, үшінші ұғым керек, Абай да осыны меңзеген болуы керек!» –  деген жауап қайтарады. Абайдан артық мен де айта алмаймын.

– Қазір қандай шығармалар жазып жүрсіз?

– Барлық жанрда жазуға тырысамын. Поэзия, проза, драма, көсемсөз, балалар әдебиеті. Кейінгі жазған ең қысқа екі өлеңімді оқып берейін.

          Өмір  

Кетіп тұр ғой мазам,  

          Жанып жатыр көмір…  

          Қайнап жатыр қазан…  

          Өмір…    

          Шам  

Аттай қалап алған шам,  

          Қараңғыда жанған шам.  

          Күн шыққанда ешкімге  

          Қажет болмай қалған шам.  

          Іздегенде, әйтеуір,  

          Қандай жақсы бар болсаң.

– Келешектен не үміт күтесіз?     

– Келешекте балаларымыз, немерелеріміз берешек болып қалмаса болды. Негізі, білім саласы – бүгінгінің басты тақырыбы. Өз басым үштілділік дегенге түбегейлі қарсымын. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, балаға бастауыш мектепте тек қана ана тілінде білім беру принципін жүзеге асырмайынша болашағымыздың баянды болуы дүдәмал. Мемлекеттік тілге көшуде, орысша айтқанда, «переходты переводпен» алмастырмай, ана тілінің беделін көтеру қажет. Қытай ойшылы Құнфудзы: «Он бесімде оқуға пейіл еттім, отызымда кәмелетке жеттім, қырықта күмән-тұманнан арылдым, елуде аспанның әмірін таныдым, алпыста құлағым ашылды, жетпісте  жүректің қалауын таптым, бар ісім байыпқа түсті» — деген екен. Қалауын тапқан, елге жаққан, жігерлі жетпістің ауылы жақындаған сайын өткен күндерге есеп бергің келіп тұрады. Тындырғаннан тындырмағаным көп. Ғұмыр ұзақ, денсаулық мықты болса, әлі де жазарымыз бар, айтарымыз аз емес деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478