Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5739 0 пікір 11 Қазан, 2018 сағат 11:27

Бір кем дүние...

Заманбектің 54 пәтері

Түн ішінде “Елтінжалды” қайталап оқып жатқанда Заманбек Нұрқаділов телефон соқты.

– Кеше Сізді телевизордан көріп, сәлем беріп қояйын деп едім, – дейді.

– Еске алғаныңа рахмет. Екеуміз елге рахметі жоқ жақсылық жасадық. Алладан қайтсын.

Радио, телевидениеге бірден берген 54 пәтерлі үй еді. Сол үшін жазаландық…(6.08.1995 ж.)

Сөйткен Заманбек жауыз кезеңнің құрбаны болып кетті.

Алла о дүниесін берсін! Жауыздардың жазасын берсін!

***

Ауыл иттері

Ахмет Байтұрсынов:

– Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен,- өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, – деп едi-ау.

Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.

1937 жылы "халық жауы" деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды.

Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ.

Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.

***

Намыс қайда

"Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн" (Ататүрік).

Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тіпті Парламенттің өзінде, Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс берді.

Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын.

Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай?

Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлген ғой.

Міне, бұл нағыз қасірет!

Бір кем дүние.

***

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап,қорқытып қуа ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние...

Шерхан Мұртаза "Бір кем дүние" кітабынан

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502