«Нұр Отан» Елбасы Жолдауының жүзеге асырылуын қатаң бақылайтын болады
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысына сапары барысында осылай деді.
Бүгін Елбасының жаңа Жолдауында айтылған басымдықтардың маңызын халыққа түсіндіріп, оның жүзеге асырылуын қадағалау үшін Мәулен Әшімбаев Сыр өңіріне арнайы келді. Соның барысында ол Қызылордадағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс барысын қадағалап, «7-20-25» бағдарламасының орындалуына назар аударды. Соның барысында құрылысшылармен, екінші дәрежедегі банк өкілдерімен кездесіп, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде туындаған мәселелердің мән-жайын талқылады.
Сондай-ақ партияның облыстық активімен және Сырдария ауданы, Шаған ауылының тұрғындарымен кездесті. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Елбасының Жолдауда қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтып, оларды шешу үшін нақты шараларды ұсынғанын айтты.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның Елбасының сенімді тірегі, еліміздегі жетекші саяси күш ретінде алдағы уақытта Жолдауды жүзеге асыруға басымдық беретінін жеткізді.
– Партия Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізеді. Партия тек бақылап қана қоймай, Жолдауда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруға тікелей қатысатын және соны қамтамасыз ететін басты күшке айналуы тиіс. Бұл – Елбасының бізге беріп отырған нақты тапсырмасы. Қажет болса олқылықтарды жергілікті атқарушы органдар мен Үкіметтің алдына мәселе етіп қойып, оның әрі қарай сапалы және уақытылы орындалуын талап ету, тиімді жолдарын көрсету, барлық істе табандылық таныту да партияның міндеті болып саналады. Сондықтан «Нұр Отан» Жолдаудың жүзеге асырылуын қатаң бақылайтын болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде Қызылорда облысында Елбасы Жолдауын іске асыруда нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқанына да назар аударды. Атап айтқанда, Қызылорда облысында «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» қолға алынып, алғашқы салымсыз-ақ несиеге тұрғын үй сатып алуға жол ашылды. Осылайша, өңірде Президенттің Жолдауда айтқан баспанаға мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету туралы тапсырмасы орындалуда.
Елбасының цифрландыру, шағын және орта бизнеске қолдау ісін жүзеге асыруда да облыстың озық тәжірибесін атап өткен жөн. Яғни облыста коммерциялық мақсаттағы жер телімдері туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ететін Геоақпараттық онлайн қызмет көрсететін жүйе құрылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да облыста ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда Қызылорда облысының тәжірибесін өзге өңірлерде де қолданудың берері мол екенін тілге тиек етті.
Сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, бес әлеуметтік бастама және партиялық жобалар аясында жүзеге асырылған жұмыстармен танысты.
Abai.kz