Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дидар-ғайып 5526 5 пікір 15 Қазан, 2018 сағат 09:54

Нар тұлға

Адамзаттың, қазақтың ұлдары, дулаттың кенже ұлы, шымырдың, оның ішінде Шілмембеттен тараған үш жұлдызы Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы және Шерхан Мұртаза еді. Енді ол да арамызда жоқ. Бұл қайраткерлердің қай-қайсысы болса да - қазақ үшін жанын пида еткен, қасқайып күрескен нар тұлғалар.

Ш.Мұртаза өз ғұмырында, қазақ халқы үшін не жазбады,  не айтпады дейсіз. Парламенттің екі рет депутаты болған кезеңдерде, әсіресе, тіл тағдыры шешіліп жатқанда, асқан батылдықпен «тек жылан ғана қос тілді болады»,- деген еді. Оны да жүре тыңдадық. Жер мәселесіне келгенде жер анамыздың мәңгілік екенін, жерді сатуға да, шетелге жалға беруге де болмайды деп кесіп айтқан. Шерханның бұл сөзіне де құлақ салынбады, соңында жерге моратория жасалып, әлі де заңмен шегеленбей отыр?

БАҚ саласындағы қызметінде қашан да ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойып, өткір мәселелерді төтесінен көтере білді. Мәселен, Камал Смайловпен бірге екеуінің халықтың мұңын – мұңдап, жоғын – жоқтаған ашық әңгімелері дүйім жұртқа аян. Философиялық иірімдерге толы «Бір кем дүние» еңбегінің өзі қазаққа қаншама ой салды, сыни ойлауға тәрбиеледі. Бұл шығарма қазіргі заман бренді болып,  бүкіл қазақ халқының бойына жаңалық болып ене бастады. Шерхан Мұртаза - ұлы Абайдан кейін қазақтың да, биліктің де теріс мінін - мінеп, түзетуге, тура жолға салуға атсалысты, ашық айтты.

Біз әлемде 6 цивилизацияның, оның ішінде Рим империясы сияқты жарты әлемді бағындырған жойқын күші бар Түркі империясы болдық. Қазір қайда сол тек? Сол тектің сынығы, батырлығы, ұстанымы Шерxан ағаның бойында болды. Біз соны жандандыруымыз қажет, әсіресе жастарға.

Шерханның өмірден озуы бүгінгі қазақты оятуы керек деп ойлаймын. Жаһандану заманында ертең не болары белгісіз, әлем астаң-кестең түрлі дағдарыстарды басынан кешіруде. Әсіресе, рухани дағдарыс белең алды. Осы тұста әлемді құтқаратын, соның ішінде қазақты жаңа өркениеттерге бастайтын, кешегі түркі өркениетінің «сынықтары» деп мен Абай мен Шәкәрімді, қала берді Шерхан Мұртазаны айтар едім. Себебі, ол халқымыздың өркениетке ұлттық тамырымызды сақтай отырып қадам басып, еліміздің жаңа белеске көтерілуі жолында аянбай еңбек етті, өшпес мұра қалдырды. Абайша сынап, кемшілігімізді көзімізге көрсетті. Бүгінгі ұрпақ және билік тұтқасындағылар осы Абайды және Шерханды тереңіне үңіле оқыса деймін, сонда алмағайып заманда адаспайтынымыз анық. Себебі, Шерхан Мұртаза «Абай кітабынан ерекше сәуле шашып тұрады» десе, ол өзі де халықтың шамшырағы бола білді.

Шерхан ағаның ұлтжандылығының негізінде терең білім бар. Танымы кең, өресі биік еді. Халық қазынасынан сусындап, төл тарихымыз бен әдебиетімізді жан-жақты меңгерген. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүріп В.Вернадский, М.Ломоносов, Д.Менделеев, Л.Толстой, А.Пушкиннің еңбектерін танып білді. Әрине бұл әлемдік деңгей. Қазір түрлі дипломдарымыз көп, алайда біліміміз таяз болып тұр. Кітап оқитындардың қатары сиреп барады, бәріміз «интернеттің құлы» болып бара жатқан сияқтымыз. Үкімет пен Парламент бүкіл қазақтың бетін кітап оқуға бұру туралы бір кешенді қадам жасау керек. Керек болса саясаттың ең үлкені осы.

Кейінгі кезде қазақтың ар-ұяты болған С.Зиманов, Т.Кәкішев, Г.Белгер сияқты абыз-зиялыларымыздан айырылған едік. Енді олардың қатарына Шерхан аға да қосылды. «Шерханнан кейін енді «қара қылды қақ жарып» кім айтар екен?!» деген халықтың көкейінде сауал тұрған сияқты...

Оразалы Сәбден, академик 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5544