Жексенбі, 24 Қараша 2024
Анық-қанығы 4668 10 пікір 16 Қазан, 2018 сағат 09:07

Бізде өзі идеология бар ма, осы?!

Елбасы  қасиетті Отанымыздың  ту ұстаушы ретінде «Мәңгілік ел» біздің бас идеологиямыз деп, - айқындап берді, онымен қоймай, өзінің "Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы «Мәңгілік ел» идеясына жетудің жолдарын атап көрсетті. Көреген басшымыз сол аталмыш мақаласы арқылы барша отандастарын, оның ішінде өз туған халқын айрықша қуантты, әсіресе, руханият саласында еңбек етіп жүрген ақын-жазушы, т.б-лардың еңсесін бір көтеріп, төрге шықты. Облыс, аудан, ауылдарға барып, жұрттың алдында сөз сөйлеп,  рухы серпіліп қалды, бүкіл ел болып, осы рухани жаңғыру  идеясын қос қолдап қолдады, қоғамды жаңғырту үрдісіне зор серпін берді һәм ол алда жалғаса береді....

"Елбасы белгілеп берген елдің бас идеологиясына жету үшін біз не істеп жатырмыз" деп оң жақ, сол жағымызға қарап, "бұл жұмысқа кім жауапты?" деп  өзімізше толғандық.

Егемендік алғаннан бері балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, адам тәрбиесі тоқтады. Отбасы институты ыдырауға шақ қалды. Сол жанбағыстың қамында шапқылаған жылдардан бастап, елдегі идеология қызметінің әлсіреуінен біз үлкен зиян тарттық. Кезіндегі мектептен басталатын Пионер, Комсомол және  т.б, осындай идеологиялық ұйымдар адамдарды қалай ұстап тұрды, қалай тәрбиеледі.

Астана мен Алматы қазақтың бас қаласы, қос қаланы көріп, шетел азаматтары қазақ елін бағалайды. Ал  мұндағы мемлекет тулары, елтаңба, түрлі-түсті жалаулар, мешіт  күнбездері, сонымен қоса көше аттары мен қоғамдық көлік тілі, аялдамадағы сан мың жарнама, БАҚ тілі мен ділі, маңдайшалықтар, жұрт көп баратын саябақтар, т. б. жайлар көңіл көншітпейді. Елдіктің айнасы, идеологиямыздың көрсеткіші және осында жүрген адамдардың іс-әрекеті, сөз сөйлеуі аса маңызды дүние. Біздің әр біреуіміз өзіміз үшін ғана емес, сол елдің азаматы ретінде ел үшін де жауап береміз.

Алматы көшелеріндегі маңдайшалықтардағы ала-бажақ суреттер мен шетел жазулары, қате жазылған қазақ сөздері, аялдамадағы сұмдық суреттер, ұятсыз жарнамалар, селдей ағып жатқан бүгінгі ақпарттың теңізі, өсіп келе жатқан жастардың ішкі дүниесін, тәлім-тәрбиесін тас талқан етуде.

Бүгінгі таңда сол тоқтаған адам тәрбиесін қайта жалғастыруға, оған жан бітіруді ойлаған Елбасы биылғы өз жолдауында «Жастар мен отбасы инстуты кешенді қолдау, мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналу тиіс» - деп атап көрсетіп, келесі жылды «жастар жылы» - деп бекер айтпаса керек.

Қоғамдағы идеологиялық бағыттағы барлық нәрсені қадағалауға жергілікті ішкі саясат және идеология бөлімі бұған міндетті. Олардың тек түрлі іс-шара өткізумен  жұмыс бітпейді. Көшедегі сан мың жазулардан бастап, адамдардың киім киісі, жүріс тұрысы, қоғамдық көлік іші мен сырты, қоғамдық көлікке міне қалсаң «ақша сал, билет ал» - деген жүргізушің жағымсыз даусы мен аяқ астынан, жерден шыққандай  карточкаларыңыз бен билеттеріңді даярлап отырыңдар деген тексергіштер айқұлақтанып қодыраңдап кетеді екен. Әр аялдамада алдында "45 кеткелі екі минут, 35-ке үш минут" деп алақаннын жайып тұрған бейшара хәлдегі адамдар кездеседі, бұның барлығы еліміздің қандай деңгейде екенін көрсетіп береді.

БАҚ-түзелмей, ел түзелмейді,  адамды сол баспасөз, интернет, тележәшік тәрбиелейді. Елдіктің көзге көрінбейтін жібі, аталмыш қызметкерлердің қолында. Адамдардың қандай киім кию әрине, өз еркінде, десе де, күн ыстық болып кетті деп, жалаңаш ел алдында жүруіне, көлікті тырдай болып айдауына жол берілмеуі керек. БАҚ-тағы кино, жарнама, сурет, жаңалық, т,б-ларға шамасы жеткенше араласуы керек, кейбір ақпарат пен оны таратушы басқа болғанмен, ел біздікі, халық біздікі. Сенің балаңа берген керемет тәрбиеңді сол теледидар бір сағатта тас-талқан етеді. Зиянды кім тартты?

Балабақшалар ұлттық нақышпен сәулеттенуі керек, халық ертегісімен ауыздану, эпостық жырымыздағы батырлар суретін салдыру керек. Мектептер біртұтас мемлекеттік бағдарлама бойынша нақтылы қоғамға  керекті пәндер оқытуы керек (бұл күнде мектеп пен жоғары оқу орнында біреу ана баспадан, біреу мына баспадан оқулық алдырып жатыр). Мемлекеттік деңгейде қаржыландырып үздік мамандардан таңдап, арнаулы оқулық жазатын институттарды мықтап дамыту қажет.

Нағыз идеология көшеде, аялдамада, саябақта, маңдайшалықта, мектепте, университетте, т.б., көрініс береді. Бүгінгі ғаламтор шекараны керек етпейді, бүкіл әлем кішкене елдімекенге айналған бұл таңда, кімнің ғаламтордағы үлес салмағы басым, сол әлемнің қожасы. Сондықтан біз өзімізге-өзіміз антивирус қоюды жақсы білуіміз керек. Ал осы тосқауылды кім қояды? Оны әр жердегі ішкі саясат және идеология бөлімі қояды.

Алматыдағы Сайфулин даңғылы мен Шолохов көшесінің қиылысындағы саябақта Лениннің ескеркіші әлі тұр. Ленин қайда, біз қайда, Совет одағының тақ мүрагері Ресейдің өзі керек етпей қойған сол күн көсемді, біз әлі сары  майдай сақтап, көлеңкемізден қорқып отырмыз. Бұл не идеология?

Бүгінгі таңда көп отбасылар «заман көшіне ілесеміз» - деп өмір сүрудің жүгін өз қолынан қиындатып отыр, айтар болсақ, кезінде бір бесікпен бір ауыл баласы ержетсе, бүгінде бір сәбидің басында бір ауылдың баласына жететін бесіктің түр-түрі мен ойыншықттар бар, керек емес, кейбір заттарды үйге жинай береміз, жүріп тұрған машинамызды сатып, қарызданып қымбат машина сатып аламыз, ақшамыздың жоғын елеместен, несие алып той жасаймыз, бұл үшін әлі де талай жанталасу керек. Бұл да түзетуге тиісті идеологияның бір түрі.

Қазақ қоғамы әліге Сталинен қалған қағазды түгендеп бола алмай жүр, бір қағазды он қағазбен растай алмайсын, адам анасының құрсағына пайда болғанда қағазды жинау бастап, қара жердің қойнына кірген соң да біразға дейін қағаз жиналады, осылай бүкіл халық қағаз жинап шаршап жүреді. Бір үйдің ауыры мен жеңілін көтеретін нар азаматы отбасының қағазын жинауымен айналысып, бүкіл тірлігі тоқтайды, сонда оның отбасы тұрмақ өзін кім бағады?

Барлық мемлекеттік мерекелерміз және дәстүрлі мерекелеріміз дерлік орыс халқымен тығыз байланысты, солардың тарихын, дәстүрін үгіттеп кететін сияқтымыз. Мысалға, жаңа жыл келіп шыршасын отбасыларға дейін іліп, рождествоны тойлатады, аяз-ата балаларымызға орысша әуенмен сыйлық береді. 8-наурыз орысша сөйлеп келеді,1-сәуір ылғи өтірік алдайды, 1-мамыр "халықтар достығы күні" деп сан-түрлі тілде ән салады. 9-мамыр "жеңіс күн"і деп  Сталинградты сағына еске түсіртеді.

Аз күнде қар жауады, бүкіл ел қалың қарларын көшеге лақтырады. Біздер көшеде аузымыздағы түкірікті бет-албаты түкіруге, қолдағы қоқыс қағазды тастай салуға, қалай дәтіміз барады. "Бұл біздің  өз отанымыз, өз қаламыз" деп, бір сәтке ойланып, қоқыс жәшігін іздесек. Міне,Отаншылдық идеология.

***

Мектеп оқушылары сандары жалтырап, көйлектері белінде шолтаң-шолтаң етеді, жаның ашиды. Осындай оңбаған киімді тігіп, соны сатып отырған киім фабрикасына ішің ауырады. Берісін айтсақ, оны көрген 9,10,11 сынып оқушылары, түнде теледидардан, қол-телефоннан көрген істерді қайталағысы келеді, арысын айтқанда, бүкіл қоғамға тосқауыл қоя алмай, зардабын тартып отырған педофилдерді қоздырған осы қысқа көйлек емес пе? Біз бұл арада "қыз балалар хиджап кисін" деп айтқымыз жоқ, десе де, ол Қасиетті Құран-кәрімде «әйел адамдар әурет жерін жабуды» ашық аятта ескертеді. Әрине, ол кәмелет жасқа толып, мұсылмандық парыз болғандарға бағытталып айтылған (Мұсылман кәмелет жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, еркіндікте болу алғы шартымен). Мектеп көйлегі аз ұзарып, тобыққа жетпей тұрса жетеді. Жел шайқағанда ашылып кетпесе жеткілікті емес пе?

Алдымда жалаңашқа жақын киіммен, кетіп бара жатқан қыз-келіншек, құдды менің көз алдыма, төбесіне доллар мен еуроны байлап алып, жарқылдатып, барша елге барын көрсетіп, бара жатқан момын байды елестетеді, оның артына әрине, ұры-қары толассыз ереді, елден оңашалана, оны тонайды. Жалаңаш әйел де осындай, тіпті, оның байлығы жаңағы момынның байлығынан әлдеқайда артық. Сосын от басы бұзылып, қоғамның астан-кестеңі шығады. Қазақ әйелдері қашан жалаң-бұт жүрді және олар осы уақытқа дейін хиджапсыз-ақ, үстілерін тамаша бейнеде жабық ұстап келді емес пе?. Айналайын, қыз-келіншектер-ау, сұлулық деген - ол санада қалыптасады, мысалға, Африкадағы қара нәсілділер  өз қыздарын "сұлу" деп тамсанады, біздің қазақ санасындағы сұлулық ұятты жерін жабумен болады. Бұрынғы әже-апалармыздың суретіне қарап, кейбір жастар жақтырмайтын да шығар, әйтсе де, заманға сай, қазақи танымда, әдемі түрде, өздерінің әурет жерін, Алла ризалығы үшін, өзі үшін, ел үшін жабуды үйрентетін уақыт болды емес пе, ағайын?!. Біз қазақпыз. Елдік иделогия осыдан басталады.

«Мәңгілік ел» нысанаға жету үшін, біздер бүкіл қоғам болып жұмыс жасап, ішкі мәдениетімізді күшейтіп, өзімізді  және ұрпағымызды Отаншылдық санада тәрбиелеуіміз, идеологиямызды мықты ұстауымыз қажет.

Нұрхалық Абдырақын, ҚазҰУ PhD докторы, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550