Шымкентте Түркі әлемінің үздік дизайнерлері бас қосты
Шымкент қаласында алғаш рет Халықаралық «MIRAS» түркі сәндік этнодизайнерлер форумы өтті. Шара Шымкент қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қоры (Әзербайжан Республикасы) бірлесуімен ұйымдастырылып, түркі дүниесінің киім мәдениетін, сәндік-қолданбалы өнерін және этнодизайндағы заманауи бағыттарды талқылауға арналған ірі алаңға айналды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Форумға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген дизайнерлер, қолөнер шеберлері, ғалымдар мен өнертанушылар қатысып, ұлттық мұраның мән-маңызы мен заманауи сән индустриясындағы орны жөнінде ой бөлісті. «Қызғалдақ» сарайында өткен «Түркі киімтануы және өрнек семиотикасы» атты ғылыми-танымдық конференция форумның алғашқы бөлімі болды. Ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Ол өз сөзінде қонақтарды құттықтап, мұндай форумның түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтып, этнодизайн саласындағы кәсіби серіктестікті арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол ұлттық киім мен дәстүрлі өнерді дәріптеу – жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық бірегейлікті күшейтетінін айтты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Конференция барысында Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түркі халықтарының киім мәдениеті – ұлттың тарихи коды, рухани тамыры екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір ою-өрнектің астарында халықтың дүниетанымы мен философиясы жатыр және этнодизайнның жаңа толқыны осы құндылықтарды заманауи үлгіде танытуға тиіс.
Әзербайжан ұлттық тарих музейінің Ерекше қорының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Афет Рустамбаева да түркі әлеміндегі киім дәстүрлерінің ортақтығын сөз етті. Ол этнодизайн – өткенді сақтап қана қоймай, оны жаңаша мәнмен толықтыратын шығармашылық бағыт екенін айтты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «MIRAS» форумы келешекте дәстүрлі түрде өткізіліп, түркі халықтарының мәдени байланысын одан әрі нығайтуға, этнодизайн саласындағы кәсіби біліктілікті дамытуға бағытталмақ.
Abai.kz