Арап Еспенбетов. Шәкәрім Алашорда үкіметінің қазысы, яғни биі болып сайланған
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Арап Еспенбетовпен сұхбат.
– Арап Сіләмұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлының Алашорда үкіметімен байланысы жөнінде не айтасыз?
– ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары тарих сахнасына көтеріліп, бодандықтың бұғауында отырған қазақ даласын әлеуметтік-экономикалық және рухани дағдарыстан шығару жолын іздестіріп, қазақ халқының азаттығы үшін күресуге белді бекем буды.
1917 жылдың 20 наурызында Петроградтан Әлихан, Мұстафа, Міржақып «Алаш ұлына» атты мақала жолдап: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті», - деп көңілдегі қуанышты зор шаттықпен хабарлады.
Міне осындай тарихи сәтте Шәкәрім қажы кемеліне келіп, рухани толықсып отырған шақта еді. Ол кезде ақынның есімі де қазақ ортасына кеңінен танымал болатын. Шәкәрімнің Алаш көсемі Әлихан төремен жақсы қарым-қатынаста болғанын айғақтайтын көптеген деректер бар және екеуі бір-біріне туған бөле болып келеді.
Әлихан Бөкейханов 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қалқаман-Мамыр» мақаласында Шәкәрім жөнінде былай деген: «Шәкәрім Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай, көлеңкеде жүре берген. 1900 жылы Шыңғыс елін жазған Иван Флипович Гусев Шәкәріммен сөйлескен. Маған сонда айтты: «Жұрттың бәрінің аузына алғаны Абай. Шәкәрімнің білімі де қазақта жоқ екен» деді.» деп Шәкәрімге жоғары баға берген. Ал белгілі алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев өзінің еңбектерінде 1906 жылы Ә.Бөкейхановтың басқаруымен Семейде өткен казақ кадет партиясының жиынында Шәкәрім қатысып, сөз сөйлегенін айтады. Осы деректер екі тарихи тұлғаның байланысы ертеректен қалыптасқанын байқатады. Әрине бұл жерде Шәкәрім әу бастан Алаш қозғалысының қатарында белсенді қызмет атқарды деуден аулақпыз.
Ақпан төңкерісінен кейін қазақты жаңа жолға бастайтын азаматтар кімдер деген сұрақ тұрды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасы осы сауалға тура жауап бергендей болды. Поэмада қазақтың кемеңгер ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы ерекше ілтипатпен, үлкен сый-құрметпен жырланады.
Сұлтанмахмұт Шәкәрімді жасы үлкен ақсақал ғана емес, терең тамырлы қайраткер, ойлы ғалым, ең бастысы, қазақ көркем ойының кемел суреткері дәрежесінде суреттейді.
Алашорда үкіметі құрылып, қазақ жерінде саяси өзгерістер шұғыл жүзеге аса бастаған шақта Шәкәрім Құдайбердіұлы облыстық соттың мүшелілігіне сайланды, Семей уездік земствосының мүшелігіне лайықталды. Қыруар саяси-әлеуметтік, ұйымдастырушылық қызметтер атқара жүріп өлеңдерін, мақалаларын «Сарыарқа» газетінде жариялауды да ұмытпайды.
1917 жылғы желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезіне арнайы шақырылған. Шәкәрім Алашорда үкіметінің қазысы, яғни биі болып сайланған.
Алашорда үкіметіне сіңірген еңбектерінің бірін мысалға келтірейік. 1918 жылғы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде «Алаш құрбандары» атты мақала жарияланды. Онда Семейдегі оқытушылар семинариясының шәкірті, Алаш милициясының бастығы Қазы Нұрмұхамбетұлының қайғылы қазаға ұшырауы, жазықсыз оққа ұшуы жөнінде хабар берілген.
Жиырма екі жасында алаш ісі жолында құрбан болған Қазы өлімінде Алашорданың биі Шәкәрім аузынан шыққан есті сөз жиналған қалың жұрттың ұлттық санасын шыңдағаны шүбәсіз.
Міржақып Дулатұлының өлеңмен көңіл айтуы, Райымжан Мәрсеков, Мұстақым Малдыбаев, Жанғали қажының тебіреніске толы сөздері, ең соңында семинарияда бірге оқитын Жүсіпбек Аймауытовтың зар еңіреп тұрып толғаған азалы жоқтауы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Қазының өлімі – Алаш азаматтарын ұлт мұраттары төңірегіне топтастыра түскен серпінді күшке айналды. Айтпағымыз, Шәкәрім ақсақалдың ұйтқысы, көрегендігі жолбасшылық идеясы.
– Дана ақынның шығармалары бізге толық жетті ме?
– Шәкәрім Құдайбердіұлы қолжазбаларының аумалы-төкпелі заманда өртеніп, жоғалып мұрагер ұрпақтың қолына тимеуі трагедияның үлкені. Төңкеріс заманы, одан бергі саяси қуғын, жаппай қырғын, репрессия Шәкәрім мұрасын сақтауға мүмкіндік бермеді.
Шәкәрім қолжазбалары Қытайдағы қандастарымыздың қолында болуы ғажап емес. Кенже баласы Зият Шәкәрімұлы Қытайға өткенде өзімен бірге әкесінің қолжазбаларын ала кеткен. Ол қолжазбалардың тағдыры әзірге белгісіз.
Ал қолжазба мұраларының бүгінгі күнге жетпеуі жүйелі, тиянақты ізденістерге қолбайлау болып отыр.
Шәкәрім текстологиясын сөз етуде алдымен назар аударатын мәселелеріміз. Бірінші Ш.Құдайбердіұлының көзі тірісінде жарық көрген кітаптары: «Мұсылмандық кітабы», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Жолсыз жаза», «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Дубровский». Сондай-ақ көзі тірісінде газет-журналдарда шыққан туындылары. Ақын қолжазбаларынан бізге жеткені С.Мұқановқа жолданған хаты және фотосуреті сыртындағы жазу. Басқасы жойылған, өртелген, қолды болған.
Шәкәрімнің көзі тірісінде өз қолымен баспаға тапсырған кітаптары мен газет-журналдардағы материалдарды канондық мәтін деңгейінде айналымға түсірудің әбестігі жоқ.
Тағы бір, есте ұстайтын жайт Ахат Шәкәрімұлы қолжазбаларының құндылығы, пайдалылығы. Құрқұдықта көмусіз қалған әке қасіреті текті тұяқ Ахатты қатты ойландырса керек. Бар мақсаты – әке мұрасын кейінгі ұрпаққа шашау шығармай жеткізу болды. Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қорына, Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасына, Семейдегі Абай мұражайына көшірме жасап, тапсыруын басқаша түсіндіру мүмкін емес.
– Ақын еңбектерінің кейбір жолдары әр кітапта әртүрлі болып беріліп жататын жағдайлар кездеседі. Осы мәселе жөнінде не айтасыз?
– Шәкәрім екі рет ақталған. Біріншісі – 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бір бет өлеңі суретімен жарияланған еді. Өкінішке орай, алғашқы қадам сәтсіз аяқталып, Шәкәрімді дәріптеушілер жазаға ұшырады. Екінші ақталуы - 1988 жылы Шәкәрім шығармаларының баспа бетін көріп, кітап болып жарық көруі болды. Сол жылдан бастап қалың оқырман ақынның еңбектерімен қауыша бастады. Осы кезеңге дейін ақынның еңбектері бірнеше рет жарық көрді. Дегенменде осы кітаптар шығару кезінде біршама ағаттықтар кетіп жатқанын көзі қарақты оқырмандар да байқап, дабыл қағып жүр.
Мәселен Шәкәрім жинақтарында орын тепкен: «Ту тіккен Тобықтының қос басшысы, Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі», - деген жолдарды қалай түсінуге болады? Және «қос басшысы» 1988 жылы М.Мағауин түзген жинақтан басқасының баршасынан орын алса, бармағыңды шайнағаннан басқа не шараң қалды?! «Қос басшы» Жуантаяқ пен Тоқтамыс болғаны ма? «Қос басшы» емес «қолбасшысы» сөзінің тарихи танымға сәйкестігі қалай ескерілмеген? Мындай қателерді саралап іздесең жеткілікті. Ендеше текстология арқалар салмақ шектен тыс ауырлығын ұғыну шарт.
Осы ретте тағы да бір мәнді мәселені көтергім келіп тұр. Ол – ақын өлеңдерінің жазылған уақытын анықтау. Мәтінтанушыларға, әдебиетші қауымға өте-мөте қажет дерек. Жай әншейін долбарға көнбейді. Иландыратын фактілер қажет. Дәл осындай қиыншылыққа кездескенде Ахат Шәкәрімұлының жазба-сызбалары қол ұшын созары хақ. Бұрын ғылыми айналымға түскен қолжазбаларынан басқа облыстық, аудандық газеттерде жарияланған «Әкемнің шығармалары жайында» аталатын көлемді материалдар белгілі. Сонда қай шығармасының қашан, қандай жағдайларға байланысты жазылғанын жан-жақты әңгімелейді. Аталған дүниелерді және Ахат қолжазбаларының жариялауды күтіп жатқандарын баспаға ұсыну арқылы іздегенімізді жолықтырудан үміттіміз.
– Шәкәрім қажының азан айтып қойған есімі Шаһкәрім еді деген уәждар айтылып жүр...
– Расында, ақынның азан шақырып қойған есімі - Шаһкәрім. «Шаһ» сөзі парсы тілінде «патша», «сұлтан» лауазымдарын білдіреді. «Карим» (Алла Тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі «әл-Карим» - А.Е.) — араб тілінен аударғанда жомарт, ақ көңіл, шарапатты, сыпайы, қымбатты ұғымдарын береді. «Шаһкәрім» толық күйінде «кең пейілділіктің, жомарттықтың, сыпайылықтың патшасы, иесі» мағынасын жеткізеді. Ендеше бұл аса қастерлі есім. Шәкәрім антропонимі қолданыста жүре беруге хұқылы. Ресми қолданыста «Шәкәрім (азан шақырып қойған аты Шаһкәрім) Құдайбердіұлы» деп жазсақ қателеспейміз.
Ғұлама Шәкәрім төл есімінің мән-мағынасын түсінген, жете білген. Көзі тірісінде баспа көрген кітаптарында, газет-журналдарда жарияланған дүниелерінде бадырайтып «Шаһкәрім» деп көрсеткен. Орыс харпімен жазғанда «Шахкарим» деуден танбаған.
Ұстазым, марқұм Қайым Мұхаметханұлы тек қана «Шаһкәрім» үлгісін қолданса, қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбаев та «Шаһкәрім» нұсқасына тегіннен тегін «жабысып» қалмаған. Тек кейінгі ұрпақ араб әліпбиін ескермегендіктен түрліше жазып жүр. Журналист Дәулет Сейсенұлы «Егемен Қазақстанда» жанайқайын білдіріп, Шәкәрім есімінің түрліше бұрмаланып жазылып жүргендігін дер кезінде мәселе етіп көтерген-ді. Дегенмен де әлі де марғау қалпымыздан өзгерген жоқпыз.
– Өзіңіз қызмет атқарып отырған Шәкәрім университетінде ақын мұрасын зерттеу, халық арасына насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әрине ұлы ақынның есімін иемденіп отырған оқу орны үшін шәкәрімтану басты тақырыптардың бірі болып саналады. Университетте Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді және «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы жарық көруде. Ғылыми-зерттеу орталығы «Шәкәрім шығармаларының текстологиясы» жобасына кірісе бастады. Алдыда ұлан-ғайыр жұмыс. Тек нәтижесі болғай.
Түпкі мақсат – Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының көп томдығын шығаруға дайындық. Жұмыс жоспарына сәйкес ақынның Семейде шыққан кітаптарының («Қалқаман-Мамыр», «Қазақ айнасы», «Жолсыз жаза») факсимилдік нұсқасы жасалған еді.
Мерейтой қарсаңында университет ректорының бастамасымен ойшыл ақынның жеті шығармасы жеке кітап болып басылды. Соның ішінде «Үш анық» еңбегіне қосымша ғылыми анықтамалар берілді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Абай әлемі» сериясы бойынша Шәкәрімнің екі кітабы шықты.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбатты жүргізген Дәулет Тілеуберді
Семей қаласы
Abai.kz