Жексенбі, 24 Қараша 2024
Масқара! 10505 22 пікір 16 Қазан, 2018 сағат 11:02

Жаңа әкім Нарынқолдың атын "Октябрь" деп өзгертпек пе?

Нарынқол енші алып, қайтадан аудан орталығы болғанда қуанбаған қазақ қалмады. Бердібек пен Мұқағалидай алыптардың кіндігі кесілген қасиетті өлкенің қайта гүлденеріне сенім бекіп, "ақсарыбас" айтыстық. Артынша ел арасында жаңа ауданға барған жаңа әкім Жолан Омаровтың іскерлігі жайлы түрлі аңыз әңгімелер тарап көзімізден жас ыршып кетті. Шекараның өтіндегі туған ауылымыздың тұла бойына қан жүгіріп, елдің жағдайы жақсарар, рухы асқақтар деп күттік. Бірақ, соңғы кездері Нарынқолда болған үш оқиға ыстық көңілге су сепкендей әсер етті.

Қызылшекара ауылында өткен жиын

Бірінші оқиға

Қазан айының үші күні Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаровтың тікелей қатысуымен Сүмбе ауылдық округіне қарасты Қызылшекара ауылындағы К.Байшығанұлы атындағы орта мектебінің мәжіліс залында алқалы жиын өтіпті.

Жиынның мақсаты келмеске кеткен Кеңестік өкіметтің "жәдігеріндей" болған Қызылшекара атауын өзгерту екен. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» № 138 қаулысының 8-тармағының, 1), 2)-тармақшаларына сәйкес Қызылшекара ауылының атауын өзгертуге бірауыздан шешім шығып, ауыл атауын өзгертуге байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті құжаттар рәсімделіп, облыстық ономастикалық комиссиясына жолданатын болыпты.

Аудан әкімі Жолан Омаровтың Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпарат

Ең масқарасы сол жиын қортындысында Қызылшекара ауылының атауын «Үлгілі» ауылы деп атауға шешім шыққан.  

Рас. Енді аздап тарихқа үңілуге тура келеді. Қызыл коммунистер алғаш осы өңірге ұжымшар құра бастаған тұста қазіргі Сүмбе ауылдық окургінің маңында шағын-шағын төрт колхоз болған. Олар: "Үлгілі", "Ынтымақ", "Большевик", "Қызылшекара" деп аталған. Сол "Қызылшекарадан" қашып, көзге кеңестік кезеңнің сүйеліндей болған "Үлгілі" атауына жармасу тәуелсіз елдің азаматтарының ісі ме?

"Қызылшекараның" атауын "Үлгілі" ету, Нарынқолдың атын "Октябрь" деп (кеңестік кезеңде Нарынқолда "Октябрь" ұжымшары құрылған) өзгерткенмен бірдей.

Жолан Омаров басқаратын ауданның азаматтары бұл ауылға "Үлгіліден" өзге жөні түзу бір ат таппай қалған ба? Ендеше, осы ауылдың тумасы ретінде өз тарапымыздан жер жағдайына һәм тұлғаларға байланыстырып, бірнеше ұсыныс айтайық.

Бірінші нұсқа. "Қызылшекараны" бұрынғы аталарымыз - "Ойбәселке" деп атаған. "Ойбәселкесі" - "ой посёлок" дегеннен шықса керек.

Әрине, бұл атаудың да халықтың қолдауы екіталай. Бірақ, "Үлгіліден" дұрыс ат.

Екінші нұсқа. Қызылшекараға "Жабыр" деп тарихи ат қоюға болады. Ауыл Жабырдың жалпақ жотасының етегінде тұр. Қайнардан басталып, Сүмбедегі Үйсінтауға барып тұйықталатын қырқалар тізбегін сан ғасырдан бері Жабыр деп келеміз. Лабасыдан басталып, Өрге шығып, Ілеге айналатын Текес өзенінің атауын Текес ауылы ғана (Текестің тарихи аты - Сарыбел) меншіктеп тұрғанда, жалпы жотаның атын неге Қызылшекараға бермеске? Біріншіден, Жабырда тұрғаны рас. Екіншіден, Жабыр жотасының ең биік жері - Өмеке. Өмеке деген Қызылшекараның қақ төрінде тұр.

Үшінші нұсқа - Есікарт. Махмұт Қашқари сызған картадан қазір ел Есекартқан деп атайтын асуды "Искарт" деп көрсеткен. "Иск" - қасиетті, "арт" -асу деген сөз. Сол тарихты қайта жаңғыртып, Есікарт ауылы деуге әбден болады.

Әрине, жердің дәл тарихи аты қалпына келіп жатса, ел де риза, біз де риза болар едік. Ой-ащы, Қарамола, Зарауқа, Жайылма,Өмеке деген аттың бәрі "Үлгіліні" он орап алмай ма? Осыншама құлаққа жағымды тарихи нұсқалар тұрғанда кеңестің қаңсығына құмарта қалу ақылды адамның қылығы емес.

Енді тұлға атауларына қатысты үш нұсқа ұсынсақ.

Бірінші нұсқа - Көдек ауылы. Қызылшекарада ақын Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектеп бар. Әуезов, Жансүгіровтердің таңдайын қақтырған арқалы ақынды ұлықтап, атына ауыл берсек, астымыздағы атымызды біреу сұрап алмас.

Екінші нұсқа - Тұрлықожа ауылы. Қазір Сарыбастау ауылының аты 1916 жылғы көтеріліс қаһарманы Ұзақ батырға берілген. Тұрлықожа да 1916-ның қаһарманы ретінде құрметтеуге лайық тұлға.

Үшінші нұсқа - Жұрын әулие ауылы. Қызылшекарада қасиетімен аңызға айналған әулие бабамыздың атында мешіт бар. Осы ауыл аумағында "Жұрын сай" деген тарихи жер де бар.

Қош! Маған салса, Бердібек Соқпақбаевтің атына бір-ақ тоқтар едім. Бердібектей қазақтың классик жазушысы туып, еңбек еткен ауылға (мұғалім болған) Бекеңнің атын беріп, әруақты риза етсек, несі сөкет?

Міне, көрдіңіздер! Кеңестік жүйеден қалған "Үлгіліден" басқа мың сан атау табуға болады.

Аудан әкімдігінің бұл білместігін арғы-бергі тарихты білетін азаматтар кешіре алмасы анық. Ертең ауыл "Үлгілі" аталып кетсе, нағыз масқара сонда болатынын ескертіп, бірінші оқиғаны тәмамдадық.

Екінші оқиға

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен осы жазда бәйге өтті. Талай ақынның жырына айналған Шәлкөде жайлауының жері жыртылып, қаншама жер бүлінді.

Қазақтың жерін осылай қорлауға кімнің дәті барды? Біз сөзді көбейтпей айтыскер ақын Айбек Ережеповтің мына жырын оқырманға ұсына салсақ дейміз. 

Көк майса, көк кілемді мәртебелі,
Трактормен күреді Шәлкөдені!
Надан, қырт - деп айтуға болатындай,
Түрен салған жайлауға әр төрені.

Жетісудың әкімі алжасты ғой,
Жайлауыма- жағама жармасты ғой.
Бай атының бақайы сынбасын деп,
Шәлкөдемнің шалғынын шаң басты ғой!

Шалғынға емес тұлпарды шаңға айдаған,
Иығына бас емес шар байлаған.
Бабамыз күрек салмай кеткен жерді,
Күреу керек,- деп шешкен қандай надан!

Бас шұлғып тұра бермес ақырғанға,
Бұл күні жұртты ойлаған батыр бар ма?
Қорлауға емес қорғауға нақ тиісті,
Нарынқолдық басшы да ақыл бар ма?

Өлеңді оқып отырып, қаным басыма шапты. Атам қазақ атқа көк майсаға шаппаушы ма еді? Енді эрозияға ұшыраған бұл жер қашан қалпына келеді. Тікені мен арамшөбі қаптап, еш кәдеге жарамай қалатын осы жердің сұрауын кімнен аламыз?

Үшінші оқиға

Журналистер күні өте сала маған аудандық "Хантәңірі" газетінен журналистер хабарласты. Аудан әкімі Жолан Омаров ауданнан шыққан журналист-жазушылармен кездесу өткізеді-міс. "Аудан әкімі шақырды екен" деп алақайлап шапқылайтын адам емеспіз. Сонда да "жаңадан құрылып, қарқынды даму жолына түстік" деп ұрандап жатқан туған жерге барсам барып қайтайын, ауданға қатысты ұсыныс-пікірлер болса, айтайын" деп жолға шықтым. Ауданнан шыққан ақсақал қаламгерлердің біразы хабарласып, "мені өзіңмен ала кет" деп қолқа салды. Мен алдымен Сүмбедегі қарашаңыраққа қонып, сосын Нарынқолға келетінімді айтып жолға шықтым. 

Кегенге келген кезімде журналист Балжан Мұратқызы хабарласып "Аудан әкімі жиынды кейінге қалдырыпты" деді. Кегенге келіп алған мен "Хантәңіріндегі" журналистерге хабарластым. "Аудан әкімі облыс әкімімен кездесуге кетті. Жиын кейінге қалды" дейді олар да. Мен ғана емес, бірнеше қаламгер ағаларымыз жолға шығып қойған екен.

Қонаққа бір мені емес, жүзге жуық қаламгер шақырылған. Ақыры сол жиын өтпей қалды. Осылай жеке тұлғаларды әурелеп қою әкімге лайық іс пе?

Қош!

Түйін

Туған жердің жақсылығын асырып, жамандығын жасыруға бейілді жан едік. Мұнан өзге бірнеше шешімін таппаған проблемалар бар. Оны жазуды кейінгі қалдыра отырып, кеңестік кезеңнің атауына құмартып, Шәлкөденің жайлауын бүлдіріп, ауылдан шыққан азаматтарды мазақ еткен жаңа ауданға "естеріңізді жисаңыздар" деп қою бізге парыз. Әйтпесе, Сіздерге ерік берсек, Нарынқолдың атауы көп ұзамай "Октябрь" деп өзгертіп жіберетін сияқтысыздар. 

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562