Ә.Бөкейхан және М.Әуезов
«Абайтану» ғылымының ейбір мәселелері бойынша
Менің бір досым айтатын еді: «Құдай бір берген адамына бере береді, бере береді», - деп. Осы сөздің мағынасын түпкірлей ойласам, менің есіме ұлт көшбасшысы, мемлекет қайраткері, саясаттанушы, экономист, мал шаруашылығы ғылымының білгірі, тарихшы, аудармашы, публицист, қазақ әдебиеті сыны мен қазақ ғылыми-тәжірибелік педагогасының бастауында тұрған тамаша энциклопедист ғалым Әлихан Бөкейхан түседі.
Міне, осы Ә.Бөкейханның 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінің №250-252 сандарына «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты мақаласы шығады.
Мақала Абайдың қайтқанына жыл толуына орай жазылса да мақала авторының негізгі ойы орыс оқырмандарына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын жақ-жақты тереңнен таныстыруды мақсат еткені бірден байқалады. Мақала ғылыми негізде, орыс тілінде жазылған.
Шағын болса да 1905 жылы жазылған Әлиханның бұл еңбегі Абай туралы жазылған тұңғыш ғылыми монографиялық мақала болып табылады. Неге? Себебі, автор өз мақаласында Абайдың өмір сүрген заманы, оның өскен ортасы, білім алған мектептеріне ғана емес, ақынның әкесі Құнанбай мен шешесі Ұлжанның геналогиялық тегіне де тоқталып өтеді. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, автор қазіргі «Абайтану» ғылымындағы хәкім Абай шығармашылығының рухани қайнар көзі деп аталып жүрген:
1.Халық даналығы, халық ауыз әдебиеті
2.Батыстан келген Еуропалық ғылым-біліміне
3.Абай шығармашылығының рухани нәр алған бір саласы - оның шығысқа қатысына, оның ішіне Абайдың исламиятқа деген қарым-қатынасын да ашып көрсетеді.
Ә.Бөкейхан өзінің мақаласында Абай шығармашылығының рухани қайнар көздерін қалай ашып береді? Ендігі ойымызды осы сұрақ төңірегінде өрбітсек…
Басы ашық бір мәселе бар. Ол – Әлихан Бөкейхан өзінің мақаласында Абайдың ғылыми өмірбаяны мен Абай шығармашылығының рухани қайнар көздерін жан-жақты ғылыми тұрғыда толық ашып көрсетті десек, бір жақты бұрыс кетіп, қателікке ұрынамыз.
Ал, егер 1905 жылы жазылған Әлихан Бөкейханның ғылыми-монографиялық «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты мақаласы қазақтың ұлы ақыны Абайдың ғылыми өмірбаяны мен Абай шығармашылығы нәр алған рухани қайнар көздерін танып білуге бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін бағдаршам болды десек, дұрысы – осы болар.
Десек те, «Абайтану» ғылымының бастауында ұлт көсемі, қазақтың біртуар энциклопедист-ғалымы Әлихан Бөкейханның тұрғаны ақиқат дүние!
Пікірімізді дәлелдеу үшін «Абайтану» ғылымы тарихына аз-кем көз жүгіртсек...
Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абайтану» ғылымын М.Әуезовке дейінгі (1889-1910 жылдары) М.Әуезов кезеңі (1918-1961жылдар) және М.Әуезов дәуірінен кейінгі дамуы (1962-2014 жалдар) деп үш кезеңге бөледі(3).
Саналы ғұмырын Абайтану ғылымының тарихы мен Абайдың шығыстық көзқарасын зерттеуге арнаған ғалым ағамыздың Абайтану ғылымының кезеңдері туралы пікірімен санаспасқа негіз жоқ.
Абайтану тарихын тереңнен түсіну үшін тарихқа көз жіберсек...
Өзіне дейінгі мәдениетті маңсұқтап, жоққа шығарып,қазан төңкерісіне дейінгі ақын жазушылардың шығармашылығын олардың шыққан тегі мен табына қарай қабылдап, жаңа «пролетарлық мәдениет» жасаймыз деген «пролеткультшілдік» ағымды сынаған В.И.Ленин өзінің «Пролетарлық мәдениет туралы» (О пролетарской культуре) мақаласында: «...Марксизм отнюдь не отбросил ценнейщих завоеваний буржуазной эпохи,а,напротив,усвоил и переработал все, что было ценного в более чем двухтысячелетнем развитии человеческой мысли и культуре», – дей келе, (4) пролетарлық әдениет ғасырлар бойы жасалған халықтық мәдениеттің заңды жалғасы, – деп атап көрсетеді.
В.И.Лениннің осы мақаласына орай 1920 жылы 5-12 октябрь аралығында Москвада өткен бүкіл Ресейлік пролетарлық мәдениет қызметкерлерінің бірінші съезінде: «Всероссийский съезд Пролеткульта самым решительным образом отвергает,как теоретически неверные и практически вредные,»всякие попытки выдумывать свою особую культуру», – (4) деген қауыл қабылдайды.
Міне, осы қаулыға сәйкес,ақсүйек байлар табынан шықса да Ресейде Пушкин, Лермонтов, Толстой, Тургенеев шығармашылығы, ал Қазақстанда Абай шығармашылығы оқытылып,зерттеле бастайды.
1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басында «пролеткультшылдар» ұстанған тұрпайы социологиялық танымдағы ағымдардың «Абай - феодал табының ақыны», «Абай буржуазияшыл ұлтшылдық әдебиеттің ақыны», «Абай – феодал табының буржуазия бастаған тобының ақыны», – деген сыңаржақ пікірлерге сол кездегі баспасөзде жарық көрген М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы», («Әдебиет майданы»1934 жыл) профессор Қ.Жұбановтың «Қазақ әдебиетінің классигі», Есен Тұрсынның (Таһир Шағатай) «Түркістанның ұлы ақыны-Абай Құнанбайұлы» («Яш Түркістан» журналы, 1934 жыл) секілді ғылыми тұрғыда жазылған мақалалар арқылы соққы беріліп, Абайдың ақындық мұрасын жан-жақты ғылыми тұрғыда терең зерттеу күн тәртібінде тұрды.
Міне, осындай күрделі де аса жауапты ғылыми жұмысқа бұған дейін де Абай туралы өзінің зерттеу еңбектерін жазған, Ленинград Мемлекеттік университетінің тарих және филология факультеті мен Орта Азия Мемлекеттік университетінің туркология кафедрасының аспирантурасын бітірген, шағатай әдебиетінің терең білгірі, дүниежүзі және Европа әдебиетін орыс тілі арқылы еркін таныған,мол ғылыми даярлығы бар М.Әуезовтің араласуы, «Абайтану» ғылымына мүлдем басқа жаңа екпін берді.
Сонау 1930 жылдардан бастау алатын «Абайтану» ғылымының өсу, даму жолдары М.Әуезов есімімімен тығыз байланысты.
Бар өмірін Абай мұрасын зерттеуге арнаған М.Әуезов,дүниежүзіне белгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын айтпағанда, Абайдың замандас шәкірт-ақыны Көкбайға, баласы Тұрағұл мен інісінің баласы Кәкітайға Абайдың өмірбаяны мен Абай туралы естеліктер жаздырып, өзі «Абай ақындығының айналасы», «Абай қазақтың ұлы ақыны», «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» секілді ғылыми монографиялар жазып, Абайдың ғылыми өмірбаянын төрт рет, бірінші рет 1927-1933 жылдары, екінші рет 1940 жылы, үшінші рет 1944 жылы, 1950 жылы төртінші рет толықтырып басып, Абайдың шығармашылығы, жеке өмірі және ақынның айналасы мен оның заманы туралы өте мол ғылыми мағұлмат жазып қалдырған, ол 1940 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде «Абайтанудың» арнайы курсын ашып, өмірінің соңына дейін өзі сонда лекция оқып, дәріс жүргізді.
Сондықтан да, біз қазақ әдебиетіндегі «Абайтану ғылымының негізін қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов дейміз. Бұл – қазақ әдебиеті ғылымындағы мойындалған ақиқат!
«Абайтану» ғылымындағы Ә.Бөкейханның еңбегін толық түсіну үшін М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянына тоқтала кетуді жөн санап отырмын.
Шындығына келгенде, М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасының ішінде маған ерекше ұнайтыны – 1927-1933 жылдар арасында жазылған бірінші нұсқасы. Себебі, өмірбаян саясаттан тысқары, Абай шығармашылығының түп тамырын тереңнен танып түсінуге ықпалы аса мол, ақынның заманы,қоғамы мен өмір сүрген ортасынан мол хабардар ететін шынайы ғылыми еңбек.
М.Әуезов жазған Абай өмірбаянының кейінгі нұсқаларында, Абайды Құнанбайдан, Құнанбай секілді ел билеушілерінен бөліп алып,қарапайым бұқара халық пен кедей табына барынша жақындатқысы келетін сол кездегі партия идеологиясынан туындаған «авторлық пиғыл» барынша мол аңғарылады.
1927-1933 жылдарда жазылған Абайдың ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасында Құнанбай Абайға үш түрлі сын айтады. Біріншісі, жұрттың бәрімен күліп сөйлесесің, жайдақ су сияқтысың, екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайсың, үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың, – дейді.
Абай Құнанбай тарапынан өзіне айтылған осы үш сынның үшеуіне де ұтымды жауап қайтара келе, орысшылсың дегенге: «Заман орыстыкі, ол – жеңген, біз – жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек», – депті. (1. 122-бет)
Ақын шығармашылығын тереңнен түсінуге ықпалы аса зор Абайдың бұл сөзінен болашақ ұлы ақынның халықты өнер білімге, ағартушылыққа шақырған ойларының «түп темірқазығын» аңғарамыз.
М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының соңғы үш нұсқасында да, Абай тарапынан айтылған бұл сөздер сол кездегі партиялық идеологияға сәйкес өзгертіліп, 1940 жылы жазылған 2-нұсқасында «орысшылсың»-деген сөздер мүлдем алынып тасталып, 3 және 4-нұсқасында «орысшылсың», – деген Құнанбайға Абай: «Егер өнер-білімді үйренуден қашсақ ол надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білім үшін орысшылмын», – деп жауап берген. (1)(3-нұсқа 293-бет, 4-нұсқа 368-бет)
Абайдың ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасында М.Әуезов: «Сол кездегі Абайдың әкесі Құнанбайға айтқан бір сөздеріне қарап, Абай ел басқаруда тыңнан өзіндік жаңа жол тауып, жаңа көзқараспен ел басқарды деп ойлап қалуға болмайды. Ел іші сөзінде, оны бағындыруда, елге әмір жүргізуде, Абай түгелімен әкесінің шәкірті болған. Өзге болса әдісі мен айласы ғана өзге. Бай, жуан болу, түгел тобықтыны билеу, әкесінің жауын жаншып аяқ асты ету, Құнанбайдың қолынан шығып кете жаздаған билікті қалпына келтіріп, сол дәуірдің ерке қожасы болу, өзінен артылған бақты Құнанбайдың өзге балаларына қондыру – міне, бұл Абайдың сол кездегі арманы, түгел ұмтылып қуған мақсаты болады», – деп жазса, (1. 123-бет)1950 жылы жазған Абай өмірбаянының 4-нұсқасында: «Алдымен әкесінен өзгеше болмақ. Бұдан халық мұңын ойлаған халыққа адал еңбек етіп, ел көпшілігімен қабыса табыссам деген тілек танылады. Осы сөздің артынан ол өзі тұтас рубасының жаңағы әкелерге ұқсаған мінез-әрекеттерімен алысуға бекінеді.Ең алдымен әкенің ықпалынан шығады» (1. 368-бет. 4-нұсқа)
Байқап отырғандарыңыздай, М.Әуезов жазған Абай өмірбаянының бірінші нұсқасындағы Құнанбай мен Абай арасы және «орысшылсың» деген Құнанбай сөзіне Абай жауабы, Абай өмірбаянының үшінші және төртінші нұсқаларында тіптен басқа сипатта,екі түрлі, бірін-бірі жоққа шығаратындай қарама-қайшы мағынада жазылған.
Бұл жерде, «партиялық әдебиеттегі, партиялық идеологияны» жақсы түсінгендіктен, түрлі нұсқадағы Абай өмірбаянының авторы М.Әуезовке кінә тағудан аулақпыз. Десек те, қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың өмірі Кеңес өкіметінің тұсында мектеп, университет оқулықтарында М.Әуезов жазған 1950 жылғы нұсқада оқытылғаны рас. Біз, үстем тап өкілі Құнанбай ықпалынан шығып, әкесі секілді бай, феодал рубасылармен алысып, кедей табының сөзін сөйлеген бұқарашыл Абайдың өмірбаянын оқып өстік. Саясат солай болды.
Халқымыздың ұлы ақыны Абай ғұмырнамасының реалистік тұрғыдағы нұсқасының жарық көрмеуі, қазақ әдебиеті абайтану ғылымындағы үлкен олқылық еді.
1997 жылы Алматы қаласы, «Санат» баспасынан белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының алғы сөз жазып, құрастыруымен шыққан, әр жылдарда М.Әуезов жазған Абай өмірбаяндарының бір кітапқа біріктіріліп, баспадан жарық көруі- жіберілген олқылықтың орнын толтырғандай болды.
Міне, осы аталған «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты кітаптың бірінші бөлімінде, кітапты құрастырған абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы өзінің «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» атты ғылыми мақаласында: «Қазіргі күнде М.Әуезов жазған Абай өмірбаянының 1933, 1940 жылдардағы жарияланған нұсқасы аса сирек ұшырасатын, тек ірі ғылыми көпшілік кітапханаларда ғана кездесетін еңбекке айналып кетті. Мұның үстіне ол нұсқалардың латын әрпінде жариялануы себепті оны қазіргі буының оқып, білу мүмкіншілігі де жоқтығын ескеру керек. Ал биографтың Абай өмірбаянын үшінші рет барынша өңдеп, соны деректермен толықтырып қайта жазған 1945 жылғы нұсқасы жарияланбай қалған. Оның машинкада басылған қолжазбасының үшінші данасы М.Әуезов әдеби-мемориалды музейі архивінде сақталып, көпшіліктің танысуына мүмкіндігі болмай отыр. Осы себептерді ескере отырып, М.Әуезов жазған Абай өмірбаянының төрт нұсқасын (1933,1940,1945,1950 ж.) бір жерге топтап, оларға арнайы ғылыми түсініктемесін қоса басып шығару мезгілі де жетті деп білеміз», – деп жазады .
М.Мырзахметұлының құрастыруымен әр жылдарда М.Әуезов жазған Абай өмірбаянының төрт нұсқасы жарық көргеннен кейін ғана Абай ғұмырнамасы бір арнаға түскендей болған. Дегенмен де, әр кезеңдегі «партиялық идеологияға» байланысты түрлі өзгертулерге ұшыраған М.Әуезов жазған Абай ғұмырнамасының төрт нұсқасындағы деректі мәліметтер мен ғылыми ойларды жинақтай отырып,кейінгі уақытта мұрағаттан табылып, ғылымға енді ғана белгілі болған (мыс:Абайдың Сенатқа жазған хаты,Америка баспасөзіндегі Абайға қатысты мәліметтер,болыс кезіндегі Абай үстінен жазылған жалған арыз-шағымдар, 1903 жылы Абай үйінде жасалған тінту т.б). Абайға қатысты тарихи-мұрағаттық құжаттарға негізделген деректерді мүмкіндігінше молынан қамти отырып, Абай ғұмырнамасының толық нұсқасы қайта жазылуға тиіс секілді. Біз мұны абайтанушылар алдында тұрған келелі міндет деп түсінеміз. Дәл қазіргі таңда абайтану ғылымының негізін салушы М.Әуезов жазған Абай ғұмырнамасының төрт нұсқасының бір кітапқа тұтас еніп, баспадан жарық көруінің өзі де атқарылған үлкен бір абыройлы іс болған. Бұл орайда абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының еңбегін ерекше атап өтуге тиістіміз. Себебі, халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шынайы, реалистік тұрғыдағы ғылыми өмірбаянын білмей тұрып ақын шығармашылығын толық түсініп білу мүмкін емес.
1920 жылдардың бірінші жартысында, енді қалыптасып келе жатқан қазақ әдебиеті ғылымында ұлтымыздың ұлы ақыны Абайды, оның шығармашылығын жан-жақты терең танып білу үшін,ақынның ғылыми өмірбаянын жазу ауадай қажет болды. Абайдың өмірбаянын жазу үлкен ғылыми даярлықты қажет ететін,жауапкершілігі аса үлкен,ауқымды жұмыс болатын. Сондықтан да, М.Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуда, 1905 жылы жазылған Ә.Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты мақаласын өзіне жол сілтеп, жөн көрсететін бағдаршам ретінде пайдаланғаны байқалады.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Ә.Бөкейханның 1905 жылы жазған «Абай (Ибрагим) Кунанбаев «атты мақаласын, 1927-1933 жылдары М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасымен салыстыра оқысақ.
Мақала орыс тілінде жазылғандықтан сілтемені түпнұсқа бойынша беруді жөн санадым. Ә.Бөкейхан: «Абай по отцу происходил из поколения известных вожаков и биев рода Тобыкты. Прадед поэта тобыктински бий и батыр Ыргызбай,названный по названию реки Иргиз Тургайской области,где он родился в 50-х г.г. XYII века», – деп жазса, (2.307 бет) М.Әуезов 1927-1933 жылдары жазылған Абайдың ғылыми өмірбаянында: «Абай Тобықтының үлкен руы Күшік ішінде, Ырғызбай деген табынан шыққан. Ақынның үшінші атасы осы Ырғызбай, бұ кісі 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға қарай сырғып ауған жолда, Ырғыз өзен жағасында туғандықтан соның атымен аталыпты», – деп жазады. (1.98-бет)
Екі автор да Абайдың арғы атасы Ырғызбайдың Торғайдағы Ырғыз өзенінің бойында дүниеге келгендігін,сондықтан да оның есімі Ырғызбай болғандығына тоқтала келіп, шамамен дүниеге келген уақытын да бірдей атайды.
Тек қана, М.Әуезов сол кездегі саясатқа байланысты болды ма екен, әлде басқа себебі бар ма, дәл осы еңбегінде Абайдың ата-бабалары Тобықты руын билеген үлкен бай-шонжарлар болғандығын жазбай кетіпті. Айырмашылық осы ғана.
Ә.Бөкейхан «Дед Абая Ускембай стяжал в родной степи славу справедливого бия; к нему обращались киргизы отдаленных родов,предлагая разрешить их споры», – деп жазса, (2.307-бет) М.Әуезов: «Өскембай жалғыз өз еліне ғана қадірлі болмай, маңайындағы көрші елдерге де қадірлі болғанға ұқсайды. Сондықтан Тобықтыда жұмысы болмаған бөтен рулардың ісі де Өскембайдың алдына келіп, бітім тауып жүргені болыпты. Бірен-саран алыс елдердің адамдары да орталарындағы үлкен дауларына Өскембайды би қылып, соның билігіне тоқталып жүрген деседі», – деп жазады. (1.101-бет)
Ә.Бөкейхан Абайдың әкесі Құнанбай туралы: «Отец Абая Кунанбай имел огромное влияние и на киргиз чужих родов, что подтвердилось избранием Кунанбая в старшие султаны Каркаралинского округа, когда должность их была монополизировна родовитыми султанами», – деп (2.307-бет) жазса, М.Әуезов: «Приказ шыққаннан бергі салт бойынша бұл өлкенің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген», – дей келіп: «Қарқаралы өкірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай», – деп жазады. (1.104-бет)
Ә.Бөкейхан да Әуезов те Абайдың аталары мен әкесі Құнанбайға ғана емес, ақынның шешесі Ұлжанның (Ә.Бөкейхан мақаласында «Ольжан» деп берілген) да генологиялық шыққан тегіне және Ұлжанның әкесінің інілері, Шаншардың белгілі мысқылшыл, күлдіргілері Қонтай мен Тонтайдың: «Жазыла, жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесек болмас», – деген әжуа-мысқылын өз еңбектерінде бірдей келтірген.
Біздің «Қонтай-Тонтай» деп қабат айтып отырған себебіміз, Ә.Бөкейхан өз еңбегінде: «Жазыла, жазыла қожа-молдалардан ұят болды», –деген сөзді Қонтай айтты десе, М.Әуезов бұл сөзді Тонтай айтты деп Тонтайға телиді. Айырмашылығы осы ғана. Бұдан ары қарай қос автор Абайдың туған жылы мен білім алған жерлеріне бірдей тоқталады.
Ә.Бөкейхан: «Он в 12 лет поступил в медресе семипалатинского муллы Ахмед-Ризы; Абай, находясь у него,посещал русскую приходскую школу в течение 3-х месяцев,когда ему было 14-лет.Этим 4-х летним обучением в медресе и 3-х месячным обучением в русской школе закончилось школьное образование Абая», – деп жазса, (2.308-бет) М.Әуезов: «Семейде алғашқы берген молдасы Ғабдул-Жаппар деген татар имамы. Артынан бұдан шығарып Ахмет Риза деген иманға тапсырған. ...Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқталмай, Семей қаласындағы «Приходский школға» түсіп орысша да оқи бастаған. Бірақ,мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады», – деп жазады. (1.117-бет)
Бұл жерде Ә.Бөкейхан Абайды Ахмет-Риза медресесінде төрт жыл,орыс оқуында 3 ай оқыды десе, М.Әуезов Абайды медреседе 3 жыл, «Приходский школда» 3 ай оқыды, – деп жазады. Айырмашылық Абайдың медреседе оқыған бір жылында ғана.
Абайдың медреседен кейінгі өмірі туралы Әлихан Бөкейхан: «Несмотря на свои юношеские годы, Абай занял выдающееся место среди деятелей того времени; ему степь пророчила судьбу знаменитого бия. К 20 годам своей жизни Абай стяжал славу первого оратора (шешен), первого знатока народной жизни, ее юридических обычаев, знал на память многочисленные решения разнообразных дел знаменитыми биями Киргизской степи и благодаря своим стараниям знать и необычайной своей памяти,предсталвял ходячий сборник народных преданий,пословиц, сказок и афоризмов, созданных мудрецами Киргизской степи», – деп (2.308-бет) Абай әлемінің негізгі қайнар көзі, халық даналығы, халық ауыз әдебиеті болғанына тоқтала келіп, Абай рухани әлемі қайнар көздерінің ең бастысына жөн сілтейді.
Ә.Бөкейхан өзінің ғылыми мақалаларын өте түсінікті тілмен қарапайым пішінде жазса да, автордың әрбір сөйлемінің астарында үлкен ғылыми ой жатады. Мұны автордың қолтаңбасының өзіне ғана тән ерекшелігі деп қарағанымыз жөн. Сондықтан да Ә.Бөкейханның ғылыми мақалаларына жүрдім-бардым, жеңіл-желпі көзбен қарауға болмайды.
Халық ауыз әдебиетінің арқасында хәкім Абай дәрежесіне көтерілген Абайды автор: «...ходячий сборник народных преданий, пословиц, сказок и афоризмов, созданных мудрецами Киргизской степи», – деп Абайды айтып отырғанымен, ол халық ауыз әдебиетінің түрлеріне де тоқталып,атап өтеді. Автордың ғылыми мақаласындағы осы жолдарды оқыған соң, Абайды терең ұғып түсіну үшін, халық даналығы, ұлтымыздың ауыз әдебиетіне ғана емес, халқымыздың этно-мәдениетіне де еріксіз назар аударасыз.
Міне, осындай себептерге де байланысты, Ә.Бөкейханның Абай туралы жазылған дәл осы мақаласы, Абайды терең білгісі келетін абайтанушылар мен қалың оқырмандар үшін Абай әлеміне жол сілтейтін бағдаршам болды дейміз.
Абай шығармашылығының рухани қайнар көзі болған халық ауыз әдебиеті ел ісіне енді араласа бастаған жас Абайдың өмірінде қандай қызмет атқарғанын М.Әуезов өзі жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында қалай суреттеген? Енді осыған келейік.
М.Әуезов: «Сонымен балалықтан асып, боз балалық, жігіттік шағына жеткен уақытта, қазақтың ескі сөз, ескі жол-жора, мәтел-тақпақ, ескі биліктерінде елдің маңдай алды кісілерімен қатар түсетін білім алған. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақылды, кемел билері, жорықшыл батырлары, хандары болсын-барлығының жайындағы әңгімелер Абайға таныс болған. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзіне соларды керекке жаратып, әңгіме арасында кірістіріп отыру, Абайға парыз сияқты болған», – деп жазады.(1.119-бет)
Абайдың бұдан кейінгі өмірін Ә.Бөкейхан: «К 30 годам своей жизни Абай приобрел громкую известность влиятельного киргиза, табун которого объезжали конокрады, с которым богатые киргизы других родов искали родство и дружбы и вражды с которым избегали соседи», – деп жазса, (2.308-бет) М.Әуезов: «Сонымен көбінің өз тілектері бойынша Абай кейбірімен айқұш-ұйқыш құда болып,кейбірімен сырлас, тамыр, дос болып, жалғыз Семей уезі емес, Қарқаралы, Өскемен, Аякөз айналасының басты кісілерімен де жақындық таба бастайды. Сонымен Семей қаласында болсын, басқа дуандарда болсын, бірнеше уез елдердің болыс билері, басты кісілері бас қосқан үлкен съезд червечнайларда Абай өзімен толық тең түсіп, толық мәжілістес болатын қазақ кісісін көре алмаған», – деп жазады.(1.133-134-беттер)
Ендігі бір сөз Абай кітапханасы жайында. Біз Абай кітапханасының бағыт-бағдары мен жалпы көлемін білмей, Абайдың шығармашылығын түп-түгел түсініп, меңгере алмасымыз анық. Сондықтан да 1905 жылы жазылған Ә.Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» мақаласында Абай кітапханасымен оның бағыт-бағдары туралы автор не айтады? Әуелі соны білейік.
Ә.Бөкейхан: «В это время Абай познакомился с политическими ссыльными г.г.Гросом, собиравшим в степи материалы для брошюры «Юридические обычаи киргиз», изданной под редакцией господина Маковецкого и Михаэлисом, оказавшим огромное влияние на просвещение и образование Абая. Оба как г.Грос, так и.г Михаэлис,гостили у Абая в степи, знакомили его с русской литературой. Благодаря им Абай познакомился с Пушкиным, Лермонтовым, Некрасовым, Толстым, Тургеневым, Салтыковым, Достоевским, Белинским, Добролюбовым, Писаревым. Абай до последней минуты своей жизни с трогательной благодарностью вспоминал г.Михаэлиса,приписывая ему все свое образование, и говаривал: «Дүнияға көзімді ашқанға үлкен себепкер болған кісі –Михаэлис» (открыл мои глаза г.Михаэлис)Впоследствий Абай прочел «Опыты»Спенсера, «Позитивную философию» Льюиса, «Умственное развитие Европы»Дрепера,статьи из старых книг «Современника»Н.Г.Чернышевского, знал об его судьбе», – деп жазса,(2.309-бет) М.Әуезов: «Абай 1880 жылдарда Петербордан айдалып келген орыстың төңкерісшіл, халықшыл Михаэлис деген кісісімен таныс болады. Бертін келген уақытта Абайдың ауылына қонаққа да барған болса керек. Аздан соң Михаэлис арқылы Абай 80 жылдарда айдалған басқа халықшылармен де танысқан. Солардың ішінде халықшыл адвокат Гросс, жас доктор Долгополов сияқтылар болған. Гросс айдалып келген соң қазақтың ескі жорасы бойынша айтылатын билік келісімі сияқты ескі әдет заңдарын жиып, қарастыруға салынған, сонымен бұ да Абаймен араласып, қырға шығып 3-4 айдай Абайдың ауылында жатып қайтқан.
Бұл кісілердің ішінде ең алдымен таныс болып Абайға алдымен пайдалы әсер еткен кісі – Михаэлис. Михаэлистің істеген еңбегі көп болғандықтан Абай кейінгі уақыттарда «Дүниеге көзімді ашқан кісі Михаэлис», – деп өмір бойы алғыс айтып кеткен», – дей келіп, Абай кітапханасы туралы: «Осы ретпен орыстың белгілі ақын-жазушыларынан Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин Достоевский, сыншыларынан: Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев, Европа ақындарынан Гёте сияқты сияқты, фәлсапашыл табиғатшыл білгіштерінен: Спенсер, Льюис, Дарвин тарихшыларынан Дрепер сияқты талайларды оқыған», – деп жазады.(1.132-бет)
Абай кітапханасы туралы жазуда екі автордың бір-біріне дәл келуі соншалық, екі автордың еңбегін жеке-жеке түсіндірудің өзі басы артық жұмыс секілді. Европалық авторларды айтуда Ә.Бөкейхан Дарвинді айтпай кетсе, М.Әуезов Абай кітапханасына ағылшын табиғат зерттеушісі, тіршіліктанушы-биолог Ч.Дарвинді және неміс халықының ұлы ақыны Гётені қосқан. Айырмашылық осы ғана.
Абай кітапханасы туралы жазуда М.Әуезов, 1905 жылы жазған Ә.Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты орыс тілінде жазылған мақаласын қазақ тіліне аударып, жан-жақты кеңітіп, тереңнен ой қозғап отырған секілді әсер қалдырады. Бұдан ары екі автор да оқумен ғылымды басты орынға шығарған Абайдың өз балаларын орыс оқуына бергендігін, оның ішінде өндіріп ұзақ оқыған ақынның ұлы Әбдрахманға тоқталып өтеді
Осы күнге дейін көптеген Абайтанушылардың назарынан тыс қалып келе жатқан бір мәселе бар. Ол: Шығыс білімі мен Европа ғылымынан нәр алған, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі, батыс пен шығысты тең меңгерген білімпаз Абайдың жасы 40-тан асқан соң Абайдың бізге бір емес екі Абай болып кететіндігі.
Абайдың жеке басындағы осы өзгерісті Ә.Бөкейхан «ақын» деген сөзді «певец», – деп ала отырып: «Абай, быть может, умер бы, не проявив своего выдающегося поэтического дарования, если бы в 80-ых годах он не пережил переворот в своих взглядах на деятельность певца», – деп жазса, (2.308-бет) ақынның жеке өз басында болған дәл осы өзгерісті М.Әуезов: «…Михаэлис, Гросс сияқты зор білімдері бар, ірі мағұлматты кісілерге таныс болып, анда-санда солардың мәжілістерінде болып, солар атаған кітаптарды көп оқып, зерттей бастаған соң, Абайдың алдында жаңа жарық дүние есігі ашылғандай болады. Сонымен 1884-1885 жылдарда өз жасы қырыққа таман келгенде Абай дүниеден көп мағұлматы бар, әр нәрсеге білім алған кісідей арнаулы көзқарасы, сыны бар, әшейін ел кісілерінен сонағұрлым білімді, қырағы,озғын кісі болып жекеленіп шыға бастайды. Абайда ой мен іс екіге бөлінеді. 40 жастан асқан соң Абай бізге бір емес екі Абай болып кетеді. Біреуі,өмірге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі: күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғысынша партия тартыстың,билік,әкімшілік жолындағы ел басқарушысы, ру басшысы Абай. Абайдың өз ішінде осындай екі тарау жол шығады. Бір жүрек екіге бөлініп,жыртылып айрылады», –деп, (1.135-136-беттер) Абай басындағы екі ұдай сезім трагедиясын толғауы терең ойшыл күйде тебірене жазады.
Ә.Бөкейхан мен М.Әуезов жазып қалдырғандай, 1880 жылдардағы көп кітап оқып, білім арқылы келген Абай басындағы психологиялық өзгерістерді терең түсініп сезінбей, XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ халқының өмірінен энциклопедиялық тұрғыда мол мағұлмат беретін, терең философиялық ойға құралған Абай поэзиясы мен қара сөздерін ұғып, еркін түсінбесіміз анық.
Өткен өміріне қатал сыншы болып, өз мінін өзі көрсетіп, ашып беретін ғұлама Абай,
«Өлсем орным қара жер» өлеңінде:
Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға ашуға да жақтым шырақ,-дей келіп:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме, – деуі жайдан-жай айтыла салған сөз емес.
Осы жолдарда айтылған Абай өмірінің қат-қабат сезім күйлерінің трагедиясын Ә.Бөкейхан мен М.Әуезовтің Абай туралы еңбектерін салыстыра отырып оқығанымызда терең сезінеміз.
Айтарымыз Ә.Бөкейхан да М.Әуезов те өз еңбектерінде Абай шығармашылығының рухани қайнар көздері мыналар, – деп атын атап, түсін түстемейді. Екі еңбекті салыстыра отырып, әсіресе М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянына тереңнен ой жіберсеңіз, Абай шығармашылығының рухани қайнар көздері көзге айқын көрініп, анық сезіледі. Себебі, екі автор да қазақ ауыз әдебиетінің Абай өміріндегі орны мен әсеріне және орыс достары арқылы таныған орыс әдебиетімен қатар батыс мәдениеті мен ғылымының ірі өкілдері, ақын-жазушылары, философтары мен ғалымдарының атын атап түсін түстейді. Біз осылар арқылы яғни аты аталған батыстың ғылымы мен әдебиетінің өкілдерінің әдеби, ғылыми-философиялық еңбектері арқылы ғана Абай рухани әлеміндегі батыс мәдениетінің әсерін тани аламыз. Реті келген соң айта кетейік, Абайдың батысқа қатысын сөз еткенде, көптеген абайтанушылар Абай шығармашылығындағы орыс әдебиеті арқылы келген реализм әдісін ғана сөз етеді. Абай шығармашылығындағы батыс Европалық философтар Льюис, Дрепер, Спенсер және табиғатшыл ғалым, тіршіліктанушы-биолог Ч.Дарвин еңбектерінің әсері меніңше әлі толық зерттелген жоқ. Мұны болашақта атқарылуға тиіс абайтану ғылымының алдында тұрған үлкен келелі мәселе, – деп түсінген жөн.
Ә.Бөкейхан өз мақаласында Абайдың діни көзқарасына, оның исламиятқа қатысына тоқталса, М.Әуезов 1927-33 жылдарда жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының 1-нұсқасында Абайдың діни көзқарасына тоқталмайды, оның есесіне ол өз еңбегінде Көкбай ақсақалдың Абай туралы естелігін ұсынады. Осы естелігінде Көкбай ақсақал Абайдың дінге қатысты көзқарасын сөз етеді.
Ә.Бөкейхан: «Благодаря досугу и способности, он самоучкой достиг того, что выучился арабскому и персидскому языкам, на которых свободно читал, и преобрел имя знатока священных книг. Муллы – ханжи про которых степ сложила поговорку: «аңқау елге – арамза мола» (наивному народу и стяжатель священник), боялись встречи и разговоров с Абаем, который разоблачал их духовную нищету. Здесь следует отметить отношение Абая к обрядностям ислама. Он, бичуя в своих стихах ханжество и лицемерие мулл, не соблюдал мусульманских постов и не исполнял пятикратных молитв в сутки", – деп жазса, (2.308-бет) Абайдың көзін көріп тәрбиесін алған шәкірт-ақыны Көкбай ақсақал өз естелігінде Абайдың дінге, исламиятқа қатысы жөнінде: «Абайдың діні үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды, бірақ ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын.
Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Бәрінен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағұлматы бар-ды», – деп жазады. (1.168-бет)
Абайдың исламиятқа қатысы жөніндегі Ә.Бөкейхан пікірін Көкбай ақсақалдың Абай туралы естелігі толықтырып, дәлелдеп тұрғандай.
Бұл кісілердің жазуы бойынша сырт қарағанда Абайдың мұсылманшылық сенімі терең емес, үстірт, шала секілді болып көрінері анық.
Сонда, Абайдың мұсылманшылығы шынымен-ақ шала болғаны ма? Оны анықтау үшін Абайдың шығысқа оның ішінде діни исламиятқа қатысын ақынның өз шығармашылығы арқылы зерттеп, зерделеп, тексеріп алмасақ, онда осы еңбегіміздің бір бүйірі олқы болып, үңірейіп тұрары анық.
Абайдың шығысқа қатысы туралы белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «Келешекте Абай шығармашылығындағы шығыстық белгілерді әр қырынан зерттеушілер М.Әуезов тарапынан айтылған тезистік нысандағы сілтеме пікірлеріне соқпай өте алмақ емес. Өйткені, бұл пікірлер зерттеуші атаулыға күрделі де қиын мәселені арнайы қарастырғанда адастырмас темір қазықтай бағдар беріп отырмақ.
Абай шығармаларының рухани нәр алған бір саласы – оның шығысқа қатысын өзінің зерттеу еңбектерінде көбінесе үш арнаға жіктей әрі олар жайлы танымның өзекті желілеріне жеке-жеке тоқтай отырып, нақтылы түрде айқындап беруге де ат салысқаны байқалады. Оларды бас-басына атап өтер болсақ:
- Абай және шығыс классиктері;
- Абайдың исламиятқа қарым-қатысы;
- Шығыс ойшылдарының арасында мол сөз болып, ой толғауына арқау болған мораль философиясына қатысы жатады», – деп жазады өзінің «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» атты ғылыми мақаласында. (1.63-бет)
Біз өз еңбегімізде Абайдың исламиятқа қарым-қатынасын сөз етпекшіміз. Абайдың исламиятқа қатысын сөз ету деген сөз, Абайдың діни көзқарасын яғни Абайдың дінге деген сенімін сөз ету деген сөз.
«Дін» сөзі дүниежүзінің барлық тілдерінде «Вера» деп аталады. «Вера» – яғни «Сенім» исламдық мұсылман түсінігінде «Иман» деп айтылады. Сонда «Дін», «Сенім», «Иман» деген сөздер бір мағынадағы мағыналас, синоним сөздер болып шығады.
Ал, Абайдың діні мен иманы яғни сеніміне келер болсақ, ең бірінші айтарымыз, Абай – кәміл, яғни жан-жақты үйлесімді жетілген толық мұсылман.
Мұсылманның бес парызының ең бастысы, Алланың бар екеніне, бір екеніне сену болса, Абай Аллаға, оның ақиқат барына жан тәнімен сенеді.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас.
Рас сөз еш уақытта жалған болмас,-деген Абайдың "Алланың сөзі" деп айтып отырғаны – Құран Кәрім.
Осы өлеңінде ақын:
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айырылмас, – дейді.
Сөз Алланың бір сипаты болғанда, көптеген ілім, кітап Алладан келді дей отырып, Абайдың бөліп алып, «оның төрті», – деп, оқушысына түсіндіріп отырғаны көктен түскен қасиетті төрт кітапты айтып отыр. Олар: Таурат, Забур, Інжіл, Құран.
Бұл төрт кітап әлемдегі басты діндердің канондары, заңдары, қағидалары жазылған негізгі кітаптары болып табылады. Абай өзі мұсылман бола тұра Таурат, Забур, Інжілден Құранды бөліп алып ерекше түсірмейді. Алланың сөзі деп осы аталған төрт кітапқа бірдей, тең көзбен қарайды.
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады иманигүл1
Иманның асылы үш деп тахқиқ2біл
Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ
Басты байла жолына, малың түгіл.
Дін де осы шын ойласаң тағат3 та осы
Екі дүние бұл тасдиқ4 - хақтың досы
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, – деген Абай: «Алланы сүй, адамзатты сүй, және хақ жолы, әділетті сүй. Осы үш сүю иманның, сенімнің тірегі – кәміл иман яғни «Иманигүл», – дейді.
«Дін де осы шын ойласаң тағат та осы», – деп, «Иманигүл» мен дінді бір нәрсе деп түсіндіретін ақын, осыларды бұзатын – пайда, мақтан, әуесқойлық, – деп, пайдакүнем, мақтаншақ және көңілінің байлауы жоқ әуесқой тұрақсыз адамдарды иманды адамдарға қарама-қарсы суреттей келіп:
Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, – дейді.
Намаз, зекет, жағдайы келсе қажылыққа бару әрбір мұсылманға парыз саналатыны белгілі. Бірақ, сен қанша жерден намаз оқып, зекет (әлсіздерге көмектесу үшін берілетін қайыр-садақа) беріп, қажылыққа (қағбаға барып зиярат ету) барғаныңмен, бойыңда кәміл иман «Иманигүл» яғни Алланы, адамзатты, әділетті сүю болмаса, сыртыңмен намаз оқып, зекет беріп, қажылыққа баруың әшейін жемісін бермес бос тірлік, – дейді хәкім Абай.
Абайдың «Иманигүл» және «Камили инсани», «Кәміл адам» яғни «Жан-жақты толық жетілген адам» туралы ілімін Абайдың діни көзқарасынан бөліп алып жеке қарастыруға болмайды.
«Иманигүл» мен «Толық адамды» Абай ілімі деп ғылыми айналымға түсірген талантты абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Сен де сүй ол Алланы, жаннан тәтті» атты ғылыми еңбегінде: «Алланың бойындағы сегіз сипатын құдірет пен ғылым сипатын қоса біріктіріп, оны бір сөзбен ғақыл яғни ақыл сөзімен атайды. Осы ақыл сипатына Абай өз тарапынан нақылия, ғақылия дәлелдерге сүйене отырып, екі сипатты, яғни әділет пен рахымды қосады. Осы өзі екшеп, даралап алған қастерлі үш ұғымнан, яғни ақыл, әділет, рахымнан Абайдың толық адам туралы ілімінің негізі қаланады», – деп ойын түйіндейді ғалым ағамыз.
Абай іліміне сүйеніп айтар болсақ, бойында иманы бар яғни «иманигүлді», «толық адам» ол Алланы, адамзатты һәм әділетті сүйеді және оның өзі де әділетті, ақылды, рахымды яғни мейірімді адам.
Абай өзінің 38-қара сөзінде: «Бұл айтылған үш хисляттің иелерінің алды – пайғамбарлар, анан соң – әулиелер, анан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар», – дей келіп, дүние сырларының себебін біліп, ахирет үшін емес, адам баласының пайдасы, игілігі үшін қызмет ететін хакимдерді Абай әулиелерден анағұрлым биік қояды. Әулиелерден хакимдерді биік қойған Абайдың діни фанатизмге ашық қарсы келуінде халқымыздың қанына сіңіп, рухымен біте қайнасып кеткен ерте түркілік ұғым жатқан секілді. Дінге фанаттық тұрғыда берілу – қазақ халқының ұлттық сезіміне жат нәрсе болғандығы ақиқат дүние.
Абайдың «иманигүл» мен «толық адам» ілімінің түп мазмұн-мақсаты; жан-жақты толық жетілген адамның (нравственная личность) қасиет-сипаттарын айқындап жеткізе түсіп, тәрбиелік, моральдық – философияның негізін, діннің түпкі мақсат негізімен жақындастыра, бір бірлікте қарастыру болып табылса керек.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша адамзатты өркениетке жеткізген Кім? Не? Қалай? Не үшін? Не себепті? деген сұрақтар көрінеді. Қандай діншіл адам болса да, жаратушы күш туралы «Кім?» болмаса «Не?» – деп ұлы жаратушы Хақ туралы ойланбауы мүмкін емес.
Қасиетті Құран-Кәрімде ұлы жаратушы Алла туралы: «Алла біреу. Алла мұңсыз. Әр нәрсе оған мұқтаж. Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес». («Ықылас» сүресі) Тура осылай жазылған. Қарапайым пенде үшін толық түсініп кету ауырлау. Оның үстіне әрбір мұсылман – мүмин Алланың бар екеніне, бір екеніне сеніп, иман келтіру – парыз. Бұл – иман-шарттың ең басты қағидасы. Алланы толық танып білгісі келіп:
Көңілге шәк, шүбәлі ой алмаймын
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, – деген хакім Абай, бұл жерде бір Алланың бар екендігіне, хақтығына шәк келтіріп, сенбей тұрған жоқ.
Ол жаратушы бір Алланы бар болмысы, ақыл – санасымен түсініп, біліп барып иланғысы келеді. Мұсылман шариғаты: «Алланың бар екеніне сеніп, ойланбай илан»,– десе, Абай: «Сеніп, илану үшін ойланамын», – дейді.
«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – деген ұлы Абай, жаратушының өзін санамен қабылдап, өз ақыл тезіне салады. Абайдың дінге бөлек көзбен, басқаша қарап, жаңаша пайымдауы – мұсылман шариғатын жаңа деңгейге көтергісі келген шын мәніндегі дін ғұлама-ғалымына ғана тән терең ой деген тұжырымға келуімізге толық негіз бар.
Абай өзінің 38-қара сөзінде: «Иман дегеніміз – бір ғана инамақ емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уа Құранның оның сөзі екендігіне, Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның елшісі екендігіне инандық (иландық, сендік)» – дейді.
Сіз Аллаға шын сеніп иман келтіруіңіз керек. Басқаша болса ол иман емес.
Абай: «Сіз әмәнту билләһи кәмә һуә би имайһи уа сифатиһи (құдайға оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін)» – дедіңіз. (38-қара сөз). Яғни, сіз Алла тағалаға және оның сегіз сипаты мен тоқсан тоғыз есіміне сенесіз.
«Егер де ол сипаттар бірлән тағриғламасақ бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады», – дейді хәкім Абай өзінің 38-қара сөзінде. Алланың өзіне тән сегіз сипаты бар. Олар: 1. Хаят – тіршілік, тірі болу, 2. Ғылым, 3. Құдірет – күш, 4. Басар – көру, көруші. 5. Сәміғ – есту, естуші. 6. Ирада – тілеу, қалау. 7. Кәләм – сөз, сөздер. 8. Тәкин – болдыру.
«Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәміләт – ғазамат (жетілу, үлкею) бірлән болмаса да, пендесіне де әрбірінен өз хәлінше бар қылып жаратыпты» – дейді Абай. (38-қара сөз)
Біз Алла тағаланы өзіне тән сегіз сипаты арқылы танып, сеніп, иман келтіріп, оған өз хәлімізше ұқсауды шарт етуіміз керек.
Хәкім Абай: «Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсалық – дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ», – дейді де, «Заты түгіл хикіметіне (даналығына) ешбір хаким (данышпан, дана адам) ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі», – дейді.
Әрбір пенденің Алла тағалаға шексіз сеніп, ұқсап бағуы, оның Аллаға деген сенімі һәм иманы болмақ.
«Алла тағала ғылымды, рахымды, әділетті, құдіретті еді», – дей келіп, Абай: «Алла адамды махаббатпен жаратты. Күллі ғаламдағы нәрселер адамның пайдалануы үшін және адам баласының нәсібіне таусылмас азық болсын дегендік», – дейді де: «Махаббатқа махаббатпен жауап беру керек емес пе?» – деген Абай: «Махаббат пен қорқыныш – бұл от пен су секілді, бірі бар жерде екіншісіне орын жоқ», – деп, (38-қара сөз) Алланы еш қорқынышсыз шынайы махаббатпен сүюді уағыздайды.
Аллаға шын сеніп, ғашық болып, оны еш қорқынышсыз шынайы махаббатпен сүйіп, Алланы ғылым арқылы тану керек. Ғылым Алланың бір сипаты. Алланы қалай сүйсек, ғылымды солай сүюіміз қажет. Абай түсінігіндегі оқу, үйрену арқылы келетін ғылым – әр нәрсенің себебін түсіндіріп,ақиқатты білдірмеу үшін керек.
Ал мұсылманның негізгі бес шартының ең бастысы Алланы тану болса, хәкім Абайдың 38-қара сөзіндегі ғақлия бойынша жаратушы күш жалғыз Алла жаратқан жаратылысты Алланың бір сипаты ғылым арқылы түсініп танудың өзі, Алланы тану болып саналады. Абайдың Алланы ғылым арқылы тану деген ойының астарында жаратушы жаратқан ғаламдағы күллі жаратылысты ғылым арқылы тану керек деген ой жатыр.
Дәл қазіргі таңда жаратылыстың пайда болуы жөніндегі түрлі жорамалдың ішіндегі ғылым мен көпшілікке белгілісі екеу. Оның біріншісі, жаратылыс материядан яғни кішкене ғана бөлшектен өсіп жетіледі, – деген ғылымда әбден қалыптасқан материалистік-ғылыми көзқарас болса, екіншісі, күллі жаратылысты жаратқан бір ғана жаратушы күш дейтін идеяға сенетін-идеалистік көзқарас.Ислам түсінігі бойынша, 99 есімі бар жаратушы күш көбіне «Алла» деп аталады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – дейтін Абай, көзқарасы жөнінен – идеалист. Бұл – даусыз ақиқат! Бір құдай деп, жаратушы күшке сенетін идеалистік көзқарастағы адамдар, көзге көрініп, көңілге сезілген тұтас ғалам – жаратылысты материядан яғни көзге көрінбейтін кішкене бөлшектен өсіп жетілді дейтін ғылыми – материалистік көзқарасты да, ғылымды да еш уақытта мойындамаған. Ең қызығы, Абай көзқарасы жөнінен жаратушы күш бір Аллаға сенген «идеалист» бола тұра, ғылымды мойындағаны былай тұрсын, ғылымды Алланың бір сипаты дей отырып, Алланы ғылым арқылы тану керек, – дейді.
XVIII-XIX ғасырларға дейінгі адамзат тарихындағы ғұлама данышпандардың барлығы дерлік идеалистік көзқараста болғандығын ескерсек, өзіне дейінгі ғұлама – данышпандардан Абайды дара көрсетіп, ерекшелеп тұрған, ғылым Алланың бір сипаты, сондықтан да Алланы ғылым арқылы тану керек, – дейтін хәкім Абайдың дәл осы пікірі. «Алланың сөзі де рас», –деген Абай үшін Алланың сөзі, ол – көктен түскен қасиетті кітап – Құран-Кәрім. Құран сүрелері мен аяттарын Абай Алланың сөзі, ақиқат дүние, – деп қабылдаған. Міне, осы қасиетті Құран-Кәрімдегі құран аяттары туралы белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің «Ғылым және дін» атты мақаласында: «Құранның тағы бір баға жетпес мұғжизаға толы аятында ана құрсағындағы сәбидің өсу кезеңдері,атап айтқанда,алдымен сүйектер бітіп,кейіннен сүйектерді бұлшық еттер қаптайтыны туралы былайша баян етіледі: «Расында,біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық.Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге орналастырдық.Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға) сосын оны мудғаға (бір жапырақ ет көрінісіндегі жаратылысқа)сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық,сосын сүйектерді етпен қаптадық,сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық.Алла-ең керемет жаратушы». ( «Муминин»сүресі,12-14 аяттар)
Шынымен-ақ физика ғылымы,су асты зерттеулері,эмбриологиялық жаңалықтар, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы,оның мәңгілік құндылықтарға бай,Ұлы жаратушының сөзі екенін көрсетед, – десе, белгілі ғалым Морис Бюкай өзінің «Бибилия, Құран және қазіргі ғылым» атты кітабында: «Жер мен ондағы тіршіліктің пайда болуы,баланың жатырда жетілуі секілді,тіпті физика мен математиканың күрделі мәселелеріне дейін толып жатқан ғылыми тұжырымдармен таныс кісілердің оның Құран мәтінімен толық сай келетінін көрмеуі мүмкін емес.Көптеген сүрелер мен аяттардағы құпия хабарларды ашу ғылымның алдында тұрған міндет», – деп жазды.
Ғылым – ол адамды өркениетке жеткізетін жол ғана емес, оны Абай адам бойындағы жақсы қасиеттермен байланыстыра қарайды.
Абайдың 17-қара сөзінде адам бойындағы қайрат, ақыл, жүрек үшеуі әрқайсысы өз қасиеттерін биік қойып айтысқанда, Абай оларды ғылымға жүгіндіріп, төрелігін ғылымға айтқызады.
Міне осыдан-ақ Абайдың ғылымды бар жайдан биік қоятыны анық байқалады. Дүние танудың кілті – ғылымда, ғылымды ақиқатты білмек үшін үйрену керек деген Абай: «Ғылымсыз ақирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза ешбір ғибадат орнында бармайды. Бұл күндегі тәхсил ғұлым (ғылым үйрену) ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманда пайдасы жоқ болады. Моллалар былай тұрсын, хұсусан (әсіресе) бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар. Олар – фитнә (бұзықтық, бүліншілік) ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хукім шариғатты (шариғат жолы) таза білмейді. Көбі надан болады", – деп, (38-қара сөз) ғылымнан хабарсыз, білімсіз молдалар мен ғылымды оқытпайтын, схолостикалық діни медреселерді бітіріп шыққан надан шәкірттерді сынайды.
Абай сынында шындық мол. Абай заманындағы дін ұстаздарын былай қойғанда, қазіргі таңдағы дін ұстаздарының ең үлкен қателігі, олар Алланың сөзі «Құран-Кәрімді» замануи ғылымдар химия, физика, биология, гидрология, медицина секілді ғылымдармен байланысты түсіндіре алмауында. Олар үшін дін мен ғылым екі басқа, екі бөлек дүние. Ал, хәкім Абай үшін дін мен ғылым біртұтас, бір дүние. Екеуі де бір Алланы тану жолында қызмет ету керек. Әділдік үшін атап өткен жөн, Рим папасының теология жөніндегі мүшесі, Ирландиядағы діни Епискополь университетінің профессоры Майсил Ледвит, Морис Бюкай, Әбсаттар қажы Дербісәлі секілді ғалымдар өздерінің ғылыми еңбектерінде дін мен ғылымды бірге қарастыруда.
Шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің «Ғылым және дін» атты ғылыми мақаласында өсімдіктердегі аталық – аналық ұрықтар туралы, сулары араласпайтын теңіздер, жердің айналу бағыты, ана құрсағындағы сәбидің пайда болуы менен өсу кезеңдері туралы XX ғасырдың соңындағы ғылыми жаңалықтардың, Құран-Кәрім сүрелерінде осыдан он төрт ғасыр бұрын айтылып қойғанына тоқталып өтеді.
Ия қазіргі заманауи ғылымның алдында тұрған үлкен бір міндет, ол - құранның сүрелері мен аяттарын ғылыми түрде талдау. Бұл оңай шару емес. Құранды ғылыми түрде талдау үшін, Құранды түсіндіріп талдаушы ғалым, ғылымның бар саласын жетік білуі шарт. Өйткені, Құран – бар ғылымның тоғысқан жері. Осыны білген ұлы Абай:
Құран рас, Алланың сөзі - дүр ол
Тә'улине жетерлік ғылымың шақ, – дейді.
Құранның мағынасын терең біліп, түсіну үшін адамға үлкен ғылыми даярлық керек екенін айтады ұлы ақын.
XIX ғасырдың екінші жартысында патриархалды мешеу қазақ қоғамында өмір сүріп, XXI ғасырдың алдыңғы қатарлы ойшыл ғалымдарының Құранды ғылым арқылы түсіну керек, себебі дін мен ғылымның негізі бір деген терең ғылыми пікірлерін олардан бір жарым ғасырдай уақыт бұрын айтқан ұлы Абайдың жан-жақты терең біліміне еріксіз таң қаласыз.
Ғылым – жаратушы бір Алланың жаратқандарын, оның себебі мен нәтижесін зерттеумен айналысады. Сондықтан да біз айнала қоршаған ортаны ғылым арқылы түсінуге тырысамыз. Бірақ, ғалымдар қоршаған ортаны зерттей жүріп, зерттеуді ақиқатты білу, жаратылыс сырларын түсіну, жаратушы күшті танып білу үшін зерттеп жүргендерін көп жағдайда өздері де сезіп, біле бермейді. Себебі, ғалымдар өз зерттеу объектісін қоршаған жаратылыстан бөле-жара жеке зерттейді, олар көп жағдайда бүкіл ғаламдық үйлесімділікті жете түсініп ескере бермейді.
Ал, ғаламдағы үйлесімділікті өте терең де нәзік түсінген Абай: «Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет (даналық, данышпандық) бірлән жарастырып, қандай құдірет бірлән орнастырған, еш адам ұғылының ақылы жетпейді», – деп таң қалады. (38-қара сөз)
Міне, Абайдың қазіргі ғалымдардан басты ерекшелігі: ол – бүкіл ғаламдық үйлесімділікті жан-жақты терең сезіне білуінде. Абайдың ұғымында Алла хақ, мына шексіз шетсіз ғаламды жаратушы бір Алла. Алланың сегіз сипаты мен тоқсан тоғыз есіміне еліктеу арқылы, Алланы ғылым арқылы біліп, Аллаға іштей ұқсауға тырысып, Алланың бар екенін білмек парыз,- деп ой қорытатын хәкім Абай: «Ақыл мен хауасты (жаратушы ені) танып болмайды, бірақ оны жүрек сезеді», – деген дүниетанымдық ой қорытындысына келеді. Ал, бұл аса күрделі басты мәселені түсіндіруде мүтәкәллимин ғылымының шамасы жетпейді деген ой байламын жасағандықтан:
Ақыл мен хауас барлығын
Білмейді жүрек сезедүр.
Мүтәкәллимин, мантикин
Бекер босқа езедүр, – деген мағынасы аса терең, тіпті абайтанушылар ушығына жете алмай жүрген ой толғанысын айтып отыруы жай нәрсе емес», – дейді абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.
Жаратушы күш бір Алланы ақылмен біліп болмайды. Оны адам тек қана жүрекпен сезеді, – деген Абайға, Алланың құдіретін оны жаратқандары арқылы таны, ойланбай илан дейтін ислам дін – ұстаздарының көзімен қарасақ, Абайдың мұнысы – күпірлік, тіптен дін – исламға қарсы шығу секілді болып көрінуі мүмкін. Себебі, Абай қисынды сөз арқылы Алланың бар екенін дәлелдеуші діни ғылымдар «Мүтәкәллимин» және «Мантикинді» жоққа шығарып, мансұқтап отыр.
Осы орайда Абайдың көзін көрген Көкбай ақсақалдың естелігіндегі: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы, мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді», – деген сөзінің мағынасы аса терең екенін сеземіз.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – жырлаған ұлы гумманист Абай адамгершілікті, тәрбиелік, моральдық-философияны бәрінен жоғары қояды. Алланың өзі де, «оның сөзі» де рас деп, адам бойына «иманигүл» егіп, кәміл-мұсылман «толық адамды» насихаттайтын Абай ілімі, негізінен ақылдың және адамгершіліктің діні.
Абай шығармашылығы мен оның ілімінің ең басты мақсаты, ол – тұлғалық сананы жоғары көтере отырып, дүниеге өзіндік көзқарасы, ойы, пікірі бар жеке тұлға қалыптастыру.
Абай ілімі – бұл моральдық, этикалық философия. Алланы ғылым арқылы танып, оны шынайы махаббатпен сүйіп, иман, ғылым мен білім бір Алланы тану жолында қызмет ету керек деген мақсатты ойды ұстанған Абайды, ислам дінінің философиясын дамыта отырып, дінді жаңаша пайымдағысы келген шын мәніндегі исламдық ойшыл – ғұлама деп түсінуіміз керек. Бұл таласы жоқ ақиқат дүние!
Абайдың діни көзқарасы өте күрделі, сондықтан да ол жан-жақты ғылыми талдауды қажет етеді. Осыны терең түсінген Әлихан Бөкейхан: «...приобрел имя знатока священных книг», – дей келіп: «Здесь следует отметить отношение Абая к обрядностям ислама», – (2.308-бет) деп жазуында үлкен ғылыми ой жатыр. «Бұл жерде Абайдың ісләм қағида-жораларына деген қарым-қатынасын атап өту керек», – деген (еркін аударған Н.Махан.) Ә.Бөкейхан сөзінде терең астарлы мағына бар. Дәл осы жерде мақала авторы, діни көзқарасын өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңдері мен 12,13,27,35,36,38-қара сөздерінде тереңнен толғап, жаратушы бір Алланы жан-жүрек, бар болмысымен, оның өзіне ғана тән сегіз сипаты және сол сегіз сипатының ең негізгілерінің бірі ғылым арқылы танып білгісі келген, сол жолда дін қағидаларының жинағы «Мүтәкәллимин» және «Мантикинді» жоққа шығарған Абайдың ісләм дініне деген сенімі мен көзқарасын айтып отыр.
Мәселенің түйіні, Абайдың діни сенімі оның ісләм дінінің қағида–жораларына деген жеке өзінің тұлғалық көзқарасында жатыр. Әлихан Абайдың діни көзқарасын, оның шығысқа қатысы мен Абай шығармашылығының рухани қайнар көздерін терең түсініп, жақсы білгені мақалының өн-бойынан жақсы аңғарлады. Ә.Бөкейхан шығармашылығындағы біз байқаған бір ерекшелік: ол – мүмкін автордың өмірі қым-қиғаш саяси күреске толы болғандықтан болар, мүмкін сол кезеңдегі оқырманның білім деңгейін ескергендігі шығар, Ә.Бөкейханның ғылыми мақалалары оқушысына өте қарапайым, асығыс, тіптен кейде тезис түрінде жазылған секілді болып көрінуі де мүмкін. Сондықтан да Ә.Бөкейханның мақалаларына аса мұқият қараған жөн. Себебі, Ә.Бөкейхан еңбектерінің әрбір сөйлемнің астарында үлкен ғылыми ой жатады. Көп жыл мызғымас құрсауда қалып,жаңадан ашылған құрылықтай болған, тамаша энциклопедист ғалым Ә.Бөкейханның ғылыми еңбектерінің әрбір сөзі мен сөйлеміне қазірден бастап тереңнен ой жіберіп, ғылыми негізде талдап үйренбесек, Ә.Бөкейхан еңбектеріндегі жәй көзге байқалып көріне бермейтін ғылыми ойларын тереңнен түсініп, байыбына жете алмасымыз анық. Бұл ойымызға нақты мысал Ә.Бөкейханның 1905 жылы жазған «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты ғылыми-монографиялық мақаласындағы: «Бұл жерде Абайдың ісләм қағида-жораларына деген қарым-қатынасын атап өту керек», – деген бір-ақ ауыз сөзі толық мысал бола алады. Аз сөзге көп мағына сыйдыра білетін дарынды публицист-ғалым Ә.Бөкейхан 1905 жылы жазған өз мақаласында, келешекте Абайдың қазақ әдебиеті мен қазақ ұлтының өмірінде алатын орнын болжап білгендей, болашақ абайтанушылар үшін Абайдың өмірі мен өскен ортасын ғана емес,ұлы ақынның рухани нәр алған қайнар көздері мен Абайдың діни-көзқарасын да дәл тауып, дөп басатын әдетімен, аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып,ғылыми негізде ғажайып түрде тереңнен ашып көрсеткен. Біз мұны Ә.Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты ғылыми-монографиялық мақаласының негізгі жетістігі деп түсінеміз.
Бұл ойымызға Әлихан Бөкейханның 1905 жылы жазған «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты ғылыми мақаласы толық дәлел.
Ә.Бөкейхан да М.Әуезов те өздерінің Абай туралы ғылыми еңбектерін ұлы ақынның өмірден өту кезеңімен аяқтайды. М.Әуезов: «Мағауия өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбатпайды. Ауруын ешкімге көрсетіп емдетпейді де, мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауия өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы жаралы ақын, жарасы мен өмірде татқан уларын өз ішіне жиып, өзімен бірге алып, 60 жасында дүниеден көшеді», – десе, (1.158-бет) Ә.Бөкейхан: «В 1904 году 14 мая умер любимый сын Абая, Магауйя. Эта потеря подействовала на Абая удручающе: он перестал говорить, избегал людского общества и через 40 дней после смерти Магауйи сам последовал за ним", – деп, (2.309-310-беттер) жазады.
Байқап отырғандарыңыздай, қос автордың да Мағауия өлімінен соң, Абай өмірінің соңғы сәттерінен келтірген деректері бірдей. Тіптен айырмашылық жоқ.
Ә.Бөкейхан мен М.Әуезовтің Абай туралы ғылыми еңбектерін салыстыра отырып, зерттеп шыққанымызда,»Абайтану» ғылымының негізін салушы М.Әуезов, өзінің 1927-1933 жылдардағы Абайдың алғашқы ғылыми өмірбаянын жазарда, 1905 жылы жазылған Ә.Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты ғылыми мақаласын өзіне жол көрсетіп, жөн сілтейтін «темірқазық» ретінде пайдаланғанына көзіміз анық жетеді.
Сондықтан да «Абайтану» ғылымының бастауында қазақтың біртуар перзенті, ұлы ғалым Әлихан Бөкейхан тұр дейміз.
Сөз соңында айтарымыз, Ә.Бөкейхан мен М.Әуезовтың Абай туралы жазған еңбектерінің жазылған уақытына қарамай, көптеген деректердің дәл қайталануының негізгі себебі біреу, ол – екі автордың да ғылыми еңбектеріндегі пайдаланылған дерек көздерінің бір жерден алынуы. Бірақ, бұл - өз алдына бөлек әңгіме.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Әуезов.М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, "Санат" - 1997
- Бөкейхан.Ә. Таңдамалы. Алматы, "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы - 1995
- Мырзахметұлы.М. Абайтану. Астана, "Interactiv Kazakhstan" - 2014
- В.И.Ленин о литературе и искусстве. Москва, "Художественная литература" - 1986
- Құнанбаев.А. Шығармалар жинағы. II том. Алматы, "Ғылым" - 1997
- Құнанбаев.А. Шығармалар жинағы. I том. Алматы, "Жазушы" - 1986
Нұрғали Махан, Түркістан облысы, Созақ ауданы
Abai.kz