Рахаңның көз жасы
Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғысханның көз жасы»
хикаятының идеясы
Әдебиетші ретінде тереңіне сүңгіп, маржанын теру әсте оңайға түспеген бұл хикаят Рахаң жазушылығының кемеліне келіп, әбден толысқан шағында дүниеге келген.
Адамнан келетін барлық зұлымдық атаулыны қан сорғалаған қайқы қылышының мысымен жасқап, пандора жәшігіне қайыра қуып тыққан табақбет титан әулие болмаса, мынау рақымсыз әлемнен өлігін жасырып кетуді ойға алар ма еді?!
Аңыз артынан аңыз туды. Хатқа қалдырылған дерегі аз. Сөйтсе де, ол туралы жазылған дүние баршылық. Тіні әлсіз тіршілік тайталасында түбі бір түркі әлемі ұлы қаһанның шығу тегіне қатысты өз «Бабыл мұнарасын» соғуда...
Төңірегінде өршіген даудың жаланған жалынына қанатым күйіп қалады-ау деместен, Рахаңдай жазушы неліктен Шыңғысхан образына соншалық қызығушылық танытты?
Бұл сұраққа тап басып жауап беру үшін, алдымен, жазушының «Қыр мозаикалары», «Алтын балық», «Айна», «Аяқталмаған хикая», «Нобельден қалған мұра», «Атырау-Алматы поезы», т.б. әңгімелерін оқып алу керек сияқты. Аталған әңгімелерінде жазушы бір жүйеден екіншісіне өтудегі мәжбүрлі бейімделудің трагедиялық салдарын терең сезіне, осынау көш жүре түзелгенге дейінгі қалыптасу процесін қамтитын өлара кезеңнің сүйініштен гөрі, күйініші басым болатынын шынайы жасалған образдар арқылы анық көрсетіп береді. Айталық, сұраған тілектерін мүлтіксіз орындаса да, ауға түскен алтын балықты теңізіне жіберуді ойға да алмаған ерлі-зайыптылардың ашкөздігін, шетелдіктердің қойнында жатқан тоғыз қызды жөнге саламыз деп барып, өздері оңбай таяқ жеп қайтқан «намысқой» жігіттердің әрекетін, т.б. суреттеуде сатираның ащы уыты сезіледі. Рахаң әңгімелерінде күлкі де, юмор да бар. Кез-келген диалогты жандандырып жіберетін одағайлардан ұлттық өрнектің қоңыр иісі аңқиды. Нарықтың жаңа тәртібін меңгермеген һәм меңгеруге де тырыспайтын бейқам, я өзді-өзін алдауға әуес, мәрттік қасиетті жоғалтқан кейіпкерлердің әрекеті боямасыз да шынайы. Бай, мұнайлы өлкеге ақшалы келімсектер қаптап келіп жатса – қарсылық көрсету, әрекет жасауды ойға да алмайды, олай етуге нарықтық сауаты да, ақшасы да жоқ.
Алайда, жазушы оқырманын үмітсіздікке ұрындырудан аулақ. Күлдіре отырып, ойландырады. «Біздің ауылдың амазонкалары» әңгімесінде қасиеттен жұрдай болған бір кейіпкерін қорқауға айналдырып жіберіп, аллегорияны сәтті пайдаланса, ақшаның буына піскен инвесторлардың миллиондарын жұтып алып, бір тамшы мұнай бермей бос қайтарған Жер-Ананы «тірілтуінде» гротеск бар.
«Осы біз көшпендінің ұлы рухын қай тұста жоғалттық? Адамшылық пен ізгілікке емес, мансап пен байлыққа көзсіз ұмтылдырған мына заман қай орға апарып жығады?» – жазушының жүрегін қан жылатқан шығармаларының идеясы – «Рахаңның көз жасы» осы болса керек.
Әңгімелерінде пиғыл-әрекеті заманына сай кейіпкерлер галереясын жасай отырып, Рахымжан Отарбаев әне-міне қара дауылдай төніп келе жатқан жаһандану тенденциясының қазаққа әкелер қасіретін алдын-ала болжайды.
Қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын көшпендінің асқақ рухын тынбай іздеуі алаң көңіл жазушыны «Шыңғысханның көз жасын» жазуға алып келгендей.
Хикаят – бойына сан жұмбақты жасырған ерекше дүние. Шебер қолданылған әдеби әдіс-тәсілдер сол құпиялардың шешімін табуға жетелейтін кілт іспеттес. Ә дегеннен қайталау әдісінің көптігі байқалады.
Әсіресе, «аждаһа», «аран» сөздерінің қайта-қайта қолданылуы тегін емес: «Ұрынарға қара таппай келе жатқан қалың әскер «аран» қазғысы келген»(154-бет); «Бірмойындай шауып, алдыңды орай өткенде аждаһаның аузындай боп аран әзір тұрса ше?»(160-бет); «Бірден жұтып қойғалы тұр. Аузын ашқан аран осы!»(210-бет), т.б.
Тіліңмен, діліңмен қоса, қасиетті жеріңді, тәуелсіз елдігіңді жалмап қоюды көздейтін жаһандану өркениетінің тойымсыз араны осы һәм төтеннен төнетін қауіпті аждаһа да дәл осының өзі!
Шыңғысхан – тарихтан орнын ойып алған даңқты қолбасшы, күллі адамзаттың ізгілікке бет бұруына тікелей ықпал еткен көрнекті қайраткер. Өкінішке орай, осы кезге дейін оның қанқұйлы, қатыгез қаһан образы біржақты дәріптеліп келді. Осы себептен, хикаят тақырыбын стереотип сіңісті миымыз бірден қабылдай қоймағаны да рас, талайымызға: «Шыңғысхан да жылаушы ма еді?» деген ойдың сап ете қалғаны анық. Алайда, шығарма идеясының жүгі ауыр екенін жоғарыда айтып өттік, асылында, тақырыпты тағы бір мағынасында «Жоғалған көшпенді рухының көз жасы» десек, қателеспейміз.
Әлқисса, сөзіміз дәлелді болсын, автор аталмыш хикаятында, ең алдымен, түркі текті негізіміздің түпкі тамырын тынбай іздейтіні рас және де оны желден жүйрік сәйгүлік сипатында табады:
«Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...»
Еркіндік пен сұлулық қана емес, құрық көрмеген асаулық, шет-шегі жоқ кеңістік пен саф тазалық айқын көрінген дәл осы ғажайып суретті автор хикаяттағы сегіз бөлімнің басында қайталап беруі тегін емес. Себебі, қайталау әдісінің басты қызметі де сол – образды деталдің басты миссиясына оқырман көңілін аудару.
Көңілді құлазытатыны, түйінді тарауда осынау сұлулықтан құр елес қана қалады:
«Құйрық жалы сүзілген сәйгүліктер қайда кеткен?! Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!»
Осы екі фрагментті біріктірер болсақ, ертеңгі күні жаһандану иіріміне жұтылып кетуден құтқарып қалатын ұлы рухты іздеу идеясы тағы да айқындала қалады.
«Шыңғысханның көз жасы» хикаяты – жаңа заман әдебиетінің ірі жазушысы Рахымжан Отарбаев шығармаларының ішіндегі ең бір салмағы ауыры екенін айттық. Қатпары қалың бұл туындыға әдеби жағынан тереңдеу – өз еркіңмен тұңғиыққа шым бату, тарихи жағынан бірдеңе деп пікір білдіру – жалаң қолмен шоқ көсеу, шырқыраған жаның көзіңе көрініп, қылпылдаған өткірдің жүзімен жүріп өту. Шыңғысхан тұлғасы төңірегінде қызу айтыс-тартыс көрігі қызып тұрған кезеңде оның образын жаңаша жасауға, басқа қырынан көрсетуге кім-кімнің де жүрегі дауалай қоймасы анық. Алайда, кейбір мінезді дарын иелерінің өткір қаламын қылыштай жалаңдатып, от пен судың ортасына қойып кету үшін жаратылатынын мынау жарық дүние әлдеқашан мойындаған-дүр.
Қасиетті қара сөздің киесі дарыған Рахаңдай қалам иесі үшін оқырманын сөз магиясымен матап алу түкке тұрмайтыны рас, бірақ автордың бұл хикаятты жазуда көздегені – қыран қанаты жетпес шыңнан әлдеқайда биік, жаңғырық жетпес құздан нешеме кез терең.
Хикаят тарихи және әдеби – қос өрімнен тұрады, жазушы осы екеуін қойдың шикі құйрығымен майлағандай, иін қандыра, шиырлай еседі. Сол сияқты, Шыңғысханға қатысты басқа тарихи деректерді қолданғанда, автордың жіті мұқияттылығы мен асқан жауапкершілігі көрінеді.
Шығармада терең мәнді философиялық мағына, кейбір тұстарында мистикалық сипаттың көрінісі бар, осы сияқты, көркемдік әдіс-тәсілдердің алуандығы бір бөлек әңгіме.
Алайда, бұл – «Шыңғысханның көз жасы» хикаяты жайындағы келесі мақаламыздың жүгі екенін аңдата кеткім келеді.
Анар Қабылқақ, әдебиеттанушы
Abai.kz