Қазақ Путиннің жұмағына бара ма, жоқ әлде Салманның тозағын жөн көре ме?
Тақырыпты бұлай қоюымыздың себебі сол, осы екі жайт жайлы жазамыз, бүгін. Әуелі Путиннің өзі айтқан жұмағынан бастайық.
Иә, Кремльдің 2000-жылдан бергі қожайыны, КГБ-ның түлегі, елі сенбесе де, Ельцині сенген Володя ағай Путин күллі әлемнің күлкісіне қалды. Қалай дейсіз ғой, айтайық.
Ресейде «Валдай» форумы деген бір жиын өтті, өткенде. Сол жерде сөзталқыға қатысып, ой бөліскен Ресей Президенті халқының жарым бөлігі қайыршылыққа салынып, экономикасы құлдырап, өндірісі өлімші болған қазіргі Ресейдің өктемдігін, әлде жеке амбициясын танытқысы келді ме, әйтеуір, бейсаяси сөздер айтты.
Резиденциясы мәйітхана мен молаға айналған Володя ағайдың сөзін қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік. Сөзін бұрмалаған жоқпыз.
«Ендеше агрессор білсін. Бәрібір кек, есенің қайтарылатынын білсін. Ол жер бетінен жоқ болады. Ал біз ше? Біз сол агрессордың құрбанымыз. Біз азапталушы ретінде жұмаққа кіреміз. Ал олар, олар – өледі. Өйткені, олар кешірім сұрап та үлгермейді», деді.
«Ойбай-шынымен, солай деп пе?» дейтіндер болса, міне орысшасы: Ну да, но тогда агрессор, он все равно должен знать, что возмездие неизбежно, что он будет уничтожен, а мы жертвы агрессии, и мы как мученики попадем в рай, а они просто сдохнут, потому что они даже раскаяться не успеют.
Айтпақшы, Путин осы сөздерді айтқан форумның тақырыбы – «Біз өмір сүретін әлем: XXI ғасырдағы тұрақтылық пен даму» деп аталады.
Путин жаңағы сөздерді айтқанда залдан қарқылдаған күлкі естілді. Өйткені, Кремльдің тұрғыны қанша кіжініп сөйлесе де, бұл күлкілі еді. Негізі бұл күлкіні екі түрлі бағалауға болады.
Әуелі, сол залға жиылғандар Путинді сайқымазақ деп біледі. Сол үшін де ішек-сілесі қатып күлді. Сахнадағы сүйікті сайқымазағы оларды еріксіз күлдірді. Я болмаса, сол залға жиылғандардың дені деліқұлылар.
Өйткені, прогресс туралы сөйлейтін форумда Путин мырза регрессивті сөздер айтты. Путинді түсінуге де болады. Ол басқаратын елде прогесс болса, осы қару-жарақ өндірісі саласында бар емес пе... Болашақты соғыспен бағалайтын адам ғой. Біз өмір сүретін әлемнің тұрақтылығы туралы айтар жиында аждаһадай арқырап, ядролық қаруымен мақтанды, тағы.
«Біз ядролық потенциалға негізделген әлемде өмір сүріп жатырмыз. Ресей – ең ірі ядролық державалардың бірі. Біз ЗҚҚ-ға (ПРО) қарсы өз соққылау комлпекстерімізді жетілдіріп жатырмыз. Олардың кейбірі қолданыста бар, ал кейбірі жақын айларда қолданысқа беріледі. Ол – «Авангард» жүйесі. Біз барлық қарсыластарымызды басып оздық. Гипердыбыстық қару ешкімде жоқ. Сондықтан біз өзімізді қауіпсіз сезінеміз» деп сөйледі.
(Орыс карикатурасы)
Путиннің жұмақты аңсауы, «біз жұмаққа кіреміз, сендер тозаққа барасыңдар» деуі біз түгілі орыс сарапшыларын да тығырыққа тіреген секілді. Ресей Журналистер одағының экс басшысы Игорь Яковенко былай депті: «Леонид Брежнев те билігіне тықыр таяған тұста осылай алжып сөйлей бастаған».
Сөйтіп, алда-жалда ядролық соғыс бола қалса, Путиннің жаулары тозаққа, ал өзі жұмаққа барады екен. Ал жақтастары ше?
Жақтас демекші, Саудия Ханзадасының тозағы туралы айтайын...
Міне, аптадан асты. Әлемдік БАҚ Саудиялық журналист – Жамал Хашогидің жантүршігерлік өлімі туралы жазып жатыр. 59 жастағы Жамал Хашоги Түркиядағы Саудия Бас консулдығына кіріп кеткен. Ал сыртта оның қалыңдығы күтіп тұрған. Бірақ, Жамал сол кіргеннен тірі шықпаған.
(Жамал Хашоги)
Жамал Хашоги кім? Ол өз елінің ең ірі интеллектуалдарының бірі болған. Саяси диссидент. Саудия билігінің басты критигі де осы Хашоги екен.
Хашоги сынының негізгі нысаны – Саудия тағының мұрагері, ханзадасы Мұхаммед бен Салманның нақ өзі. Міне, сондықтан да, әлемдік БАҚ Хашогиді өлтірткен де осы бен Салман деп жазады.
Ол Саудия либералдарының мүддесін Батыста қорғап жүрген адам болған. «Washington post» газетіне мақалалар жазып жүрген тұрақты автор екен, тағы. Әрине, оның сыны әділ сын, адекватты сын деп бағаланған. Сөйтіп, Саудия модернистерінің бас идеологына айналған. Өз елінде билік пен билік жақтастарының сұғына түскенін түсінген Хашоги көптен бері Саудия топырағына аяқ баспаған. Көбіне АҚШ пен Түркияны паналап жүрген.
Ал Саудия билігі Хашогиді алдап-сулап эр-Риядқа қанша алдырғысы келсе де, бұл әрекеттері сәтсіз болған. Сөйтіп, ақыры айла табады.
Жамал Түркияда үйленбек болады. Ол үшін Саудия консулдығынан бұрынғы әйелімен ажырасқаны туралы анықтама алуы керек екен. Содан, Хашоги Ыстамбұлдағы консулдыққа хабарласып, кездесу уақытын белгілейді. Бұл 2-қазанға белгіленген. Айтылған уақытта Хашоги консулдыққа келеді. Ал оның қалыңдығын ішке кіргізбей қояды. Өзіне қарсы қандай да бір қастандықтық болатынын сезген Жамал қалыңдығына өзін күтуді тапсырады. Сөйтеді де, ішке кіріп кетеді. Сол кіргеннен Жамалды қалыңдығы да, басқа тірі жан баласы да көрмеген.
Саудия билігі ресми мәлімдеме жасап, Хашогидің қазасын растаған. Алайда, ол консулдықта болған төбелестен көз жұмды деп мәлімдеген.
Болжам. Жамалдың консулдыққа келетінін естіген Саудия билігі, дәлірек айтсақ, оның басты дұшпаны – Мұхамед бен Салман дереу әрекетке көшеді. Бен Салман шұғыл түрде қасына 15 нөкерін ертіп, Ыстамбұлға ұшады.
Талах Мұхаммед әл-Тубайжи деген дәрігер де бен Салманмен бірге Ыстамбұлға ұшып келеді. Дәл, осы әл-Тубайжи Хашогидің мәйітін жоюмен айналысқан-мыс.
Міне, осы 15 адамдық команда Хашоги жоғалған күні Ыстамбұлға ұшып келеді. Таңғы 04:30 шамасында. Сөйтеді де, сол күні екі топқа бөлініп, кері ұшып кетеді. Бірінші топ Біріккен Араб әмірліктеріне, ал екінші топ Саудияға қайтқан.
Ол 15 кісінің тізімі және қайда болғандығы мына мақалада анық айталады: https://www.anadolupress.com/gundem/iste-15-kisiliksuikasttimi-h15738.html
Саудия билігі бұл адамдарды туристер деп мәлімдеген. Сенімсіздеу мәлімдеме, бұл. Себебі, туристер неге екені белгісіз, өздерімен бірге сүйек кесуге арналған медициналық ара ала келіпті. Ара демекші, практикадан белгілі, көп диктаторды «қасапшылар» деп атайды. Өйткені диктаторлық дерт асқынған кезде, олар өз қарсыластарын өлтіруден тайынбайды. Тіпті, өз қарсыластарының етін жеген диктаторлар да болған. Ал бұл оқиғадағы «қасапшы арасы» жай метафора емес.
Кейбір түрік басылымдарының жазуынша, Хашогиді аса ауыр жазалап, азаптаған. Садизмнің шектік шараларын жасаған. Тіпті, әуелі Хашогиді есірткімен улап, сосын тірідей бөлшектеген деп жазады кейбір ақпарат. Осының бәрі Саудия консулының кабинетінде болған.
Хашогидің мәйіті қайда? Үш түрлі болжам айтылады. Бірінші нұсқа: әлгі әл-Тубайжи деген дәрігер химиялық қоспа әкелген де, бөлшектенген денені ерітіп жіберген. Екінші нұсқа: Хашогидің денесін Ыстамбұл ормандарының біріне лақтырпып тастаған. Үшінші нұсқа: бөлшектенген денені Саудияға әкеткен. Артынан өртеп жіберген. Бұл айтылғандар болжамдар ғана.
Бұл жақсылық пен жамандық категориясынан, адамдықтың шегінен тыс жауыздық. Қанша жерден жауыз болса да, тірі адамды бөлшектеу – тозақты тірідей көрсетумен пара-пар.
Бұл оқиғаны жазуыма екі себеп бар. Бірі – біздің екі кітап оқып ап, екі дүниенің сырын түсінгендей болатын шала-сауатты қазақтар мен Саудиядағы сауабынан сақалы ұзын қанқұмарларға құлдық ұратын жартыкеш молдасымақтар біле жүрсін. Пірің пір емес, кәдімгі тозақ періштесінің нақ өзі емес пе?
Мейлі, Хашогиді мұншалық азаптамапты десек те, кісі өлтіру – сауапты істер санатына жатпайтынын жынды екеш жындының өзі жақсы біледі.
Мұхаммед бен Салман туралы жазайын енді. Тақырыптық байланыс болуы керек қой...
Жаңағы «ядролық қаруды жарып, өзім жұмаққа кіремін» деп жүрген Путин мен мынау бен Салман жақын дос.
(Бұл жерде Путин мен бен Салман футбол қарап отыр)
Бір ғана «РИА Новостидің» өзінде Мұхаммед бен Салман мен Путиннің кездесулері туралы оншақты мақала жазылыпты. Солардың бірсыпырасын мысал етейік.
«Сауд Арабиясы мұнай саласында Ресеймен бірлесіп жұмыс жасауды жөн көреді»
https://ria.ru/world/20180614/1522719683.html?inj=1
«Путин: СА Корольінің келуі қарым-қатынасымызға жаңа серпін берді»
https://ria.ru/politics/20180614/1522724726.html?inj=1
«Путин Сауд Арабиясы ханзадасымен кездесіп ОПЕК+ мәселесін талқыламақ»
https://ria.ru/economy/20180613/1522608434.html
«FT: Саудиттерге АҚШ-тан гөрі Мәскеумен біріккен тиімдірек»
https://ria.ru/world/20160405/1402484408.html
«Араб шейхтарының Ресейге келуі геосаясатты өзгертеді»
https://ria.ru/world/20151012/1300799998.html
(РФ Президенті Путин мен СА Ханзадасы бен Салман)
«БАҚ: Саудия-Ресей альянысы АҚШ-қа қарсы күреске өзгеріс әкеледі»
https://ria.ru/world/20150701/1108059835.html
Осы тектес мақалалардың есебінде шек жоқ. Оған қоса, Саудия ханзадасымен Ресейдің субьектісі саналатын Шешенстанның Президенті Рамзан Қадыровтың да қарым-қатынасы тым жақсы.
(Шешенстан Президенті Қадыров пен СА Ханзадасы бен Салман)
Түйін
Қазір әлем Путиннің жұмағы мен Салманның тозағынан қорқатын болды. Ал, біз сол жұмақ пен тозақтың ортасында, қайсысына барарымызды білмей тұрғандаймыз. Осы екі жолдан басқа барар жеріміз қалмады ма? Енді осы сауал ашық қойылар кез келді деп ойлаймын!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz