Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 4170 5 пікір 23 Қазан, 2018 сағат 18:08

Бақұл болыңыз, көке!

Дүниеден талантты жазушы Талғат Кеңесбаев өтті. 

Талғат Кеңесбаев 1961 жылы 15 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Сарыжал ауылында дүниеге келген.

1992 жылы Семей педагогикалық институтын тәмамдаған. Жазушы. Алғашқы шығармалары 1980 жылдары баспасөзде жарияланды.

1988 жылы республикалық "Жігер" фестивалінің лауреаты атанды. Тұңғыш кітабы "Француз әтірінің иісі" 1990 жылы жарық көрген.

2017 жылы "Ұлт болмысы" журналы ұйымдастырған "Ұлт болмысы" әдеби конкурсында бас жүлдені иеленді.

Оның "Моцарт" романын, "Үнсіз нота", "Лениннің бәтенкесі", қатарлы әңгімелері мен "Гауһар", "Ойшоғыр" т.б. повестерін оқырмандары жылы қабылдаған болатын.

 

Дәурен Қуат, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы:

- Сенің әңгімелеріңді бекер оқыдым, енді өзім жаза алмай жүрмін", - деп бөстіре мақтап қоятыны бар еді. Кейінгі бір кітабының жарық көруіне септігім тисе керек, соны айтып және қоймайтын. Қырғыз қаламгері Айдарбек ағамен шығармашылық байланыстарына да дәнекер болғаным бар. Әлгі бір түкке тұрмайтын қызметімді өсіріп: "Князь мені Алатооның биігіне алып шықты", - деп отыратын.

Әңгімеміз де жарасып, әзіліміз де жарасып жүруші едік. Күніне бір рет, кейде екі үш рет звондап қоятын. Сол звоноктарын әредік артық көріп, кейи жауап берген кездерім де болыпты-ау... Енді, міне, удай өкініштің уыты тамағыма тығылып тұр. Қайран Тәкең!..

Ол - өзіне де риясыз көңілмен талай айттым, талантты жазушы еді. Қаламынан шыққан әр туындысының магиясы болатын. Сенбесіңе сендіретін жазушы еді. Жазуға соншалықты адал болды, жазып өтті. Талғат Кеңесбаев! Осы есім сойдың өзі басқаға емес, қас талантқа, қаламгерге ғана біткен есім сой екенін білетінбіз. Бақұл бол, бағалым, бағыланым!.

Ақберен Елгезек, ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары:

- Қайран Талғат ағам-ай, сіз де өттіңіз бе бұл жалғаннан?! Кейінгі жылдары арамыздағы бұрынғы ақжарқын қарым-қатынасымыз әлсіреп, xабарласпай қалып едік. Сенгіш, аңғал адам едіңіз, біреу сөз тасыды ма, білмеймін...Қалай болғанда да, сіз менің ағам болғансыз, ағам боп қала бересіз! А

нада реанимацияға түсті дегенде қатты уайымдап едім, бүгін төбемнен жай түскендей боп отырмын. Алла алдыңыздан жарылқасын. Жаныңыз жәннаттың төрінде шалқысын. Артыңызда қалған ұрпағыңыз аман болсын. Жеңгеме, отбасыңызға және күллі қазаққа қайғырып көңіл айтамын.

Дархан Бейсенбек, жазушы: 

- Қайран Тәкем-ай! Өзіңізбен етене араласқан соңғы он жылда жан қиыспас бауыр, туыс болып кетіп ек. 2008 жылы Семейдің вокзалынан күтіп алып, Рақымжан Отарбаев ағаммен таныстырған едіңіз. "Дархан Бейсенбековичке айтам деп талайды қорқытқам" деп балаша мәз болатынсыз. Семей-Ақсуат-Өскемен бағытында жүрген сапарыңызды Миқош дос (Мирас Мұқаш) әлі күнге жыр ғып айтады. Бала көңіл аңғалдығыңыз да адалдығыңызды, адамдығыңызды сездіріп тұрушы еді. Бір әңгімеңізге мені кейіпкер етіп, аты-жөнімді жазғансыз. Сонан соң сізді көргенде "100 долларым мен Паркер қаламсабым қайда"  деп қалжыңдайтынмын. Сіз болсаңыз күйіп-пісіп, қалтаңызды ақтарып, соңғы тиыныңызға дейін санап беруші едіңіз. Қолыңыз ашық, жаныңыз жомарт еді. Оған талай куә болдым. Өзіңізді ойламай, қиналып тұрған жанға қалтаңыздағыны қағып беруші едіңіз.

"Менен жазушы шыға ма, шыныңды айтшы, Дата?" деп сұрайтынсыз. Мен болсам Сіздің классик жазушы екендігіңізді, бағы бар қаламгер екендігіңізді дәлелдеумен болатынмын. Бағы бар дейтін себебім, Тәкеңнің өмірі кейде тылсым дүниемен де астасып жататын. Өзі жазатын шығармаға қатысты ия түс көреді, яки соған деталь боларлық тосын оқиғамен ұшырасып қалып жатады. Осыларды айтып шыр-пыр болсам Тәкең әңгіме ауанын өзгертіп, Гүлмира жеңгемізді мақтайтын. "Мен сияқты адамға шыдап жүрген жеңгең де алтын-ей" деп күлетін. "Дата, мені Әулиеағашқа апаршы. Тәу етіп, зиярат қылайын" дегенсіз соңғы сөйлескенімізде.

Амал не, ол сапар бұйырмапты аға.

Бақұл болыңыз, көке!

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445