Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8937 22 пікір 24 Қазан, 2018 сағат 09:34

Сұлтан Хан Аққұлы. Ұят-ай!

Жуырда журналист Болат Мүрсәлімнің Abai.kz ақпараттық порталына "Жарияланбаған автономия" атты мақаласы жарияланған еді. Бүгін "Abai.kz ақпараттық порталының электронды поштасына белгілі алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлының "Ұят-ай!" деген мақаласы келіп түсті. Мақалада Сұлтан Хан Аққұлы ғалым Мәмбет Қойгелді жетекшілік етіп, журналист Болат Мүрсәлім түсірген «Алаш туы астында» атты деректі фильмде айтылатын "Жарияланбаған автономия" туралы пікірге қарсылық білдіреді. Біз осы материалдың бір әрпін де өзгертпей оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Қарсы тараптың айтар уәжі болса, оларға да мінбер беретінімізді ескертеміз.

Abai.kz ақпараттық порталы   

«Декәбірдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те

дүниеге Алаш автономиясы келіп,

азан шақырылып ат қойылды».

Ә. Ермекұлы.

 

1914 жылы бірі редакторы, екіншісі оның оң қолы болып шығарып жатқан «Қазақ» газетіндегі бір мақала үшін отаршыл биліктің А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлын түрмеге жапқанын Самарда эмиграцияда жүріп білген Алты Алаш көсемі Ә.Н. Бөкейхан газетке «Ұят-ай!» деген айдармен мақала жариялады. Мақалада ол: «Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н. Радишов (Радищев) абақтыға жабылып, 10 жыл Сібірге айдалған. Осы Радишов замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып Еуропа жолын ашқан Н.И. Новиков Шлиссельбург деген зор қиын абақтыда 15 жыл отырған. Бауырым Ахмет, Миряқуб!! Сен екеуіңнің абақтың Радишев пен Новиков абақтысы... Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар!» - деп екі адал үзеңгілесін рухтандырады, жұбатады. Ал мақаласын неге «Ұят-ай!» деп атаған себебін ол былай түсіндіреді: «Осы ХХ ғ. басында үкімет мұжыққа дүре салуды жол қылып шығармақ болғанда, адам баласынан озған, күн жоғалмаса аты жоғалмайтын Леб Николаебиш Толстой «Русские бедомости» газетасына хат жазып жария қылды. Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау: «Біз адам емес пе едік, ұят біздің белгіміз емес пе еді? Осы жалғыз белгіден айрылып, ана төрт аяғына сиынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз ба?» (Қыр баласы. Ұят-ай! //«Қазақ», 1914.16.03, № 54. Орынбор. – 4 б.).

Бүгінгі қазақ ұлты мен оның заманауи мәдениетін қалыптастырған, қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, шекарасын анықтап, шегелеп кеткен Алаш Автономиясын «Жарияланбаған Аутономия» деп жерден жеті қоян тапқандай алақайлаумен шектелмей, деректі фильм түсіріп көгілдір экранға шығарғанын көргенде Ә.Н. Бөкейханның осы мақаласы еріксіз есіме түскені.

Оған қоса Алаш Автономиясына арналған жиын-конференцияларда «Алаш қайраткерлері армандарына жете алмай кетті» немесе «Аллаға шүкір, Алаш қайраткерлері ақталды» деп әлі күнге дейін жылап-сықтайтын ғалымдар да жоқ емес көрінеді. Оларға айтарым: отарлыққа түсіп мемлекеттігінен, жер-суынан айрылып азып-тозған халқының басын біріктіріп, тілі мен төл мәдениетін жетілдіріп, келмеске кеткен кешегі Қазақ хандығының үйіндісі үстінен ұлттық мемлекеттігін қайта құрып кеткен Алаш қайраткерлері қалайша арманына жете алмай кетеді? Бұл бір. Екіншіден – қылышынан қан тамған кеңес өкіметі Алаш қайраткерлерін «халық жауы» деп жала жауып қырып алып, жэарты ғасырдан кейін өзі ақтады. Оларды нақақтан нақақ айыптаған да, ақтаған да қанішер билік пен империяның өзі қайда? Ал Алаш қайраткерлері халқының жадында әрқашанда ақ болып қалды емес пе?

Енді сөзді көбейтпей «Жарияланбаған Аутономия» деген басты сауалға көшейін. Бұл сауал «Алаш туы астында» атты деректі фильмнің «Жарияланбаған автономия» деген ІІ-бөлімінен ғана емес (шынын айтсам, фильмнің тұсаукесері күтпеген жерден Алматыда өткізіліп, оны көрудің мүмкіндігі болмады; жалпы фильмнің қалың көрермен қауымға қашан ұсынылатынын бір Алла біледі), Алаш тарихын зерттеуге ширек ғасырдан астам уақытын сарп еткен кәсіби тарихшы-ғалым, академик Мәмбет Қойгелдиевтің талай ресми жиында айтып жүрген пікірінен туып отыр. Алаш Автономиясын тіпті жоққа шығарғысы келетін тарихшы-сымақтар да жоқ емес. Егер олар өз пікірлерін көбіне әлеуметтік желілерде жазып келсе, академик Қойгелдиевтің ресми  жиындарда айтатын сөзінің тоқетері мынау: «Алаш автономиясы болған жоқ, себебі өзін ресми түрде жарияланған жоқ. Алаш Орда үкіметі болды». Бұл тезис ешбір санаға сыймайды, оны тіпті ешбір тарихи айғақ-дерекке сүйенбей-ақ теріске шығаруға болады. Әйтсе де осыдан 1 ғасыр бұрын «Қазақ» газеті беттерінде Алаш қайраткерлері негізін салып кеткен еркін пікірталас дәстүрін қайта тірілтіп, өз уәжімді айтайын. Одан бұрын мынадай маңызды мәселеге назар аудара кетейін.

Мәмбет мырза «Алаш» тарихынан докторлық диссертациясын да қорғап, бірнеше кітап (монография) жазып, академик атағын да алды. Болат Мүрсәлім де Алаш тақырыбын зерттеуге елеулі үлес қосқан журналист. Ия, журналистің де, әсіресе академиктің Алаш туралы ширек ғасырдан бері берік қалыптасқан көзқарасының аяқ астынан «эволюцияға» ұшырауы, Алаш Ұлттық Жерлі Автономиясының 1 ғасырлық мерейтойы жылында жерден жеті қоян тапқандай оны «жарияланбаған автономия» деп 1800-қа бұра тартуы көпшілікке ашық аспаннан жай түскендей әсер етсе керек. Бірақ оның терең сыры не пәлендей жұмбағы жоқ. «Алаш туы астында» фильмінің сценарийін жазған Б. Мүрсәлімнің, фильмнің басты кеңесшісі М. Қойгельдиевтің 1800-қа бұра тартуының астарында кәдімгі тапсырыс жатыр. Кеңес дәуірінен биліктің қолынан жем жеп, оның алдында «ләббай» деп марапат алып үйренген зиялыларымыздың алдыңғы буынынан одан басқаны күтудің өзі артық. Өйткені бүгінгі саяси коньюнктураға сәйкес, қазіргі Қазақ елі 1917 жылдың 12 желтоқсанында құрылған жоқ, одан 1 ғасыр кейін – 1991 жылдың 16 желтоқсанында (қос аяғы аспаннан салбырап түскендей) пайда болды. Яғни оған дейін Қазақстанның қазіргі жер аумағында ешқашан қазақ мемлекеті болған жоқ, өйткені оның шекарасы болмаған (олай болса мемлекеттік шекарасы болмаған Шыңғыс хан империясы да миф болып шықпай ма!?!). Алаш Автономиясының 100 жылдығына орай мемлекеттік тапсырыспен түсірілген деректі фильмде, біріншіден, Алаш қозғалысының және партиясы мен автономиясының жетекшісі Ә.Н. Бөкейхан емес, А. Байтұрсынұлының бас кейіпкерге айналуы, екіншіден - фильмнің ІІ-бөлімі «Жарияланбаған Автономия» аталып, Автономияның 100-жылдық мерейтойында емес, одан бір жыл кейін – биыл шығуы да соның салдары болса керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық тарихымыздың ең жарқын беттері мен тарихи тұлғаларымыздың аруақтарына қиянат жасау ащы да болса бүгінгі күннің болмысына айналды. Мысалға Абылай ханның 300-жылдығын 2 жыл кешіктіріп облыстық деңгейде тойлау, ЮНЕСКО тарапынан «шынайы бүкіләлемдік даңқты қайраткер» деп танылған Әлиханның 150 жылдығын және қазіргі Қазақ елінің іргетасын қалап, шекарасының негізін белгілеп кеткен Алаш Автономиясының 100-жылдығын тіпті елемеу, Абай атындағы тұңғыш ұлттық университетіміздің Ташкенттегі 10 «алаш» жылын ысырып тастап, шолтитып 90-тойлауды атаса да жетіп артылады.

Ал енді бастапқы тақырыбымызға оралсақ, Алаш – мемлекеттік құрылым, ал Алаш Орда – оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігі (үкіметі). Мемлекет болмаса, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігі қайдан пайда болады!?! Мемлекеттік билік жоқ жерде мемлекет те болмайды. Керісінше мемлекеттік биліктің болуы – мемлекеттің болғанына бірден бір дәлел. Ол аксиома. Алты Алаш көсемі Әлихан да, оның адал үзеңгілесі Міржақып – Мадияр да «Алаш Орда ойран болғаны - Алаш туы құлағаны. Онан соң бізге жұрттық жоқ, азып-тозып кеткеніміз» деп тегін жазбады емес пе? Қазақ-қырғыз халықтарының өкілетті жиыны ең алдымен Алаш атаулы Ұлттық Жерлі Аутономия – яғни мемлекет құрды. Халық өкілдері құрған мемлекет – ресми түрде жарияланбаса – мемлекет болып есептелмей ме? Тағы сол халық өкілдері Автономия құрған соң, оның Алаш Орда Уақытша Бүкілқазақ Кеңесін – яғни жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігін жасақтап сайлады және 3 балама үміткердің ішінен Әлихан Бөкейханды сол үкіметтің төрағасы етіп сайлады. Демек, мемлекет құру мен оның билік тетіктерін жасақтаудың заңдық тәртібі толығымен сақталды.

Енді осы пікірімді тарқата кетейін. Оның ішінде Алаш Автономиясының жарияланған – жарияланбағаны турасында.

1917 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында болып өткен ІІ Жалпықазақ сиезінің 12 желтоқсан күнгі отырысында Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясының құрылғанына ешкім дауласпас. Оған Әлімхан Ермекұлының «Сарыарқа» газетіндегі «Жасасын Алаш, жасасын!» атты мақаласынан жоғарыда эпиграф ретінде алынған сөздері дәлел. Алаш Автономиясының құрылуы - қазақ-қырғыз өкілдерінің саяси құлқы, ресми қаулысы болатын.

Осы жерде қысқаша болса да сиездің өзіне тоқтала кеткен артық болмас. Біріншіден, І Жалпықазақ сиезі 1917 жылдың 21-26 шілдесінде емес, «Торғай облысы қазақтарының» деген ресми атаумен 2-8 сәуірінде жиналып, оған 6 облыстан 300-ден астам өкіл қатысты. Бұл қазақ халқының Ресей империясының отарлығына түскеннен бергі бірінші жалпықазақ жиыны және 1917-1918 жылдардағы барлық қазақ жиынының ең зоры болатын. Оған «Қазақ» газетіндегі көптеген мақаладан, М. Шоқайдың және т.б. Алаш қайраткерлерінің естелік, мұраларынан көз жеткіземіз. Демек, кейін «Алаш» деп аталған ұлттық партия мен «Алаш әскері» («армиясы») деп ашық айтылған ұлттық милитсия құру туралы қаулы қабылдаған 21-26 шілде сиезі – іс жүзінде ІІ Бүкіл қазақ-қырғыз жиыны болатын. Ал 5-13 желтоқсан күндеріндегі жиынды – «ІІ Жалпықазақ сиезі» емес, бүкіл қазақ пен қырғыз өкілеттігі және заңнамалық дәрежесі жағынан мемлекет құру құзыры бар «Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы» деп атауға әбден лайық. Себебі Мадияр – М. Дулатұлы өзінің «Жалпы қазақ-қырғыз сиезі» атты мақаласында жазғандай, «бүкіл Алаштан сиезге 81 өкіл келді. Сиезде қаралатын мәселелер зор болғандықтан, өкіл емес кісілер де көп болды. Барлығы 200-ден аса адам жиналды».

Ерекше тоқтала кететін тағы екі маңызды мәселе. Біріншіден, сәуір, шілде және желтоқсан жиындары – бір қазақ халқының емес, қазақ пен қырғыздың ортақ жиыны, ал Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясы – қазақ пен қырғыздың ортақ мемлекеттік құрылымы болатын. Екіншіден, Алаш жетекшілері Жалпы қазақ-қырғыздың біріккен құрылтайын Бүкілресейлік құрылтайда өзге түркі-мұсылман халықтарымен бірлесе автономия құруға ақ бата алған соң ғана шақыруды жоспарлады. Алайда Уақытша үкімет құлап, «айбалтаның жүзімен, найзаның ұшымен» билікке Кеңес өкіметі келген соң, біріншіден, Бүкілресейлік құрылтайдың шақырылуы екіталай болды. Екіншіден, Орынбордан 1917 жылдың 10 қарашасында Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы және т.б. Алаш қайраткерлері жолдаған жеделхатта айтылғандай, «Мына  басталған  бүліктің  ауыр  салмағы  қазақта қалып, уыты бізден тарқайтын көрінеді... Жанды,  малды,  қатын-баланы  қырғын  талаудан  қорғайтын  күн  туды». Ең бастысы, бұл жеделхатта қазақ пен қырғыздың төтенше құрылтайы шақырылатыны және оның күн тәртібіне автономия құру емес, назар аударыңыздар - бас қорғау мәселесі қойылғаны хабарланды: «Біз  жұмыстың  аса  керектігі  һәм  шұғылдығына  қарап,  жалпы  қазақ  сиезін жасамақ  болдық.  Құрметті  ақсақалдар,  көзі  ашық  оқығандар,  5-інші  декәбірге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қорғаудың қамы – милиция жасауды кеңесеміз. Бүкіл  дүние  жүзін  дірілдетіп,  қорқытып  тұрған  һалакет  теңізінде  құрбандыққа шалынып, талауға ұшырайтын көрінеміз. Дүниеде бар болу мен жоқ болу жұмбағы кездесті».

Құрылтайдың өзіне келсек, ресми шақырылған 81 (құрылтай қарсаңында дүние салған Ораз ақсақал Тәтиұлының есептемегенде. - С.А.) өкілдің 43-і, яғни жартысынан астамы – «Алаш» партиясының тізімі бойынша қазақ-қырғыз атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналасына сайланған депутат болатын. Қалған 38 өкіл – қазақ халқының сыйлы ақсақалдары, көзі ашық оқығандары, атқамінерлері болатын. Әйтсе де 81 өкіл жинамай-ақ, осы Бүкілресейлік құрылтайға сайланған 43 депутаттың да Автономия құруға толық заңды құқы да, құзыры да бар еді. Қысқасын айтқанда, 1917-1919 жылдары өздерін «бүкілресейлік үкімет» деп жариялаған барлық мемлекеттік құрылыммен салыстырғанда, оның ішінде билікті қарудың күшімен тартып алған Кеңес өкіметі де бар, Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясы заң жүзінде барлық талап-шартқа сай құрылды.

Аутономияны жариялау мәселесі сиезде дау туғызғаны да рас. Құрылтайда осы мәселе төңірегінде Әлихан бастаған көпшілік топ пен Ж. және Х. Досмұхаммедұлдары бастап, негізінен қожа-молдалар қолдаған азшылық топтың қайсысы дұрыс не бұрыс болғаны дәл қазір онша маңызды емес. Маңыздысы, Мадияр (М. Дулатулы) жазғандай, «ақырында екі жақ келісіп, қазір өзара аутономия алдық делік, ал ресми жариялау қылуды сиез атынан сайлап қалдырған 15 кісіге (Алаш Орда Халық Кеңесінің комиссарлары. – С.А.) тапсыралық дегенге тоқталды».

Ал енді аутономияның ресми жариялануына келейік. Ресми жариялаудың негізгі де басты мақсаты – өз мемлекетін өзгелерге мойындату. Рас, Алаш Орда өзіне Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жүктеген міндетті орындап, 1 айдың ішінде Автономияны жариялаған жоқ. Оның бір емес, бірнеше аса маңызды себебі болғанын академик Қойгелдиев пен журналист Мүрсәлім жақсы біледі. Біріншісі – 1918 жылғы қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Кеңес өкіметі Петроградта бірінші отырысына жиналған Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын шатырлардан атқылап қуып, Ресейде бірде-бір заңды, халық сенімін арқалаған мемлекеттік билік қалмады. Екіншісі, қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысына сәйкес, Алаш Орда қалың қазақ-қырғызын қорғау үшін «1 айдың ішінде милитсия құрып қамданып», «елдегі көрші орыстармен сөйлесіп келісіп» үлгермеді. Оған қоса Алаш Орда Халық Кеңесі Алаш қаласына көшіп келгенде қала өздерін «кеңес өкіметімін» деп жариялаған «тонын теріс айналдырып киіп» бәлшебек болып шыға келген қазақтың өз ішінен шыққан алаяқтары мен келімсектердің қолында болды.

Бірақ Алаш Орда қол қуысырып отырды ма? Қайткен күнде де жаңа туған жас мемлекеттік құрылымды сақтап, оны өзгелерге мойындату үшін Алаш Орда басшылығы кез-келген заңды да қуатты өкіметпен, тіпті бітіспес идеологиялық қарсыласы болған Кеңес өкіметімен де одақтасуға әзір еді. Оған мына жеделхаттан көз жеткіземіз: «Біз, Алаш Орда мүшелері, ұлттар істері бойынша халық комиссары Сталиннің Алаш Автономиясы туралы сөзін талдай келіп, Кеңес үкіметін Орталық үкімет деп мойындау туралы қаулы қабылдадық. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен Жалпықазақ құрылтайының қаулысы негізінде дереу Алаш Автономиясын жариялайтымызды және аталған құрылтайдың қаулысын жүзеге асыратынымызды хабарлаймыз. Кеңес үкіметі жанындағы қазақ істері бойынша өкілдер болып қазір сіздерде Мәскеуде жүрген және Алаш Орда атынан келіссөз жүргізетін Жаһанша және Халел Досмұхамедұлдары тағайындалады» (ҚР ПА: 811 қор, 23 тізбек, 193 іс, 52-54 парақтар).

Алаш Орда төрағасының орынбасары Халел Ғаббасұлының В. И. Ленинге жолдаған жеделхаттары

Алайда Кеңес өкіметі Алаш Орданың бұл жеделхатын жауапсыз қалдырды. Оның артынша, 8 маусым күні Самарда Кеңес өкіметіне қарсы тұңғыш бүкілресейлік үкімет - құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (ҚЖМК немесе орысша КОМУЧ) құрылды. Алаш Орда Ұлттық Жерлі Автономиясын сол комитетке мойындату мақсатында алғашқы да нақты қадамдарын жасады. Арада 3 күн өте, ескі күнтізбе бойынша 11, жаңа күнтізбе бойынша 24 маусым күні Алаш Орда «Екінші  қазақ-қырғыз  сиезінің  қаулысы  бойынша 11–24 июнде Алаш қаласында іске кіріскені» және «Сібір һәм Башқұртстан автономияларымен ынтымағы бар» деген жеделхат таратты. Сол күні-ақ Алаш Орда алғашқы заңнамалық қаулыларын қабылдады. Олардың ішінде ең маңыздылары – Алаш Орда құрамында қорғаныс министрлігінің құзыры жүктелген Әскери Кеңес құру, облыстар мен ояздарда Алаш Орда кеңестерін құру, мемлекеттік салық, сот билігін жасақтау және т.б. қаулылар.

Шілде айында Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті Алаш Орда төрағасы Ә. Бөкейхан мен М. Шоқайды Самарға келіссөзге шақырып, өзара саяси-әскери одақ құру туралы келісімге келді. Бірақ Алаш Орда төрағасының бұл одақты қанағаттанбағаны анық байқалды. 1917 жылдың қазан айында Жалпы Сібір сиезінде қол жеткен бастапқы уағдаластыққа көп үміт артқан Ә. Бөкейхан ең алдымен Сібір Облыстық Автономиясымен уақытша бірігуге ұмтылды. Оның астарлы сырын Ә. Бөкейхан 1917 жылғы «Жалпы Сібір сиезі» мақаласында «әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік;  жіп  жалғап,  зор  мемлекет  көрнеуінен  құтылып-ап» деп бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірген болатын. Алайда Сібір Автономиясының ішкі жағдайы онша мәз емес-ті. Автономияның жоғарғы атқарушы және жоғарғы заң шығарушы биліктері – либералды Сібір үкіметі мен социалистік Сібір облыстық думасы арасында күрес-тартыс туып, ол 1918 жылдың күзінде облыстық думаны күштеп таратумен аяқталды. Соның салдарынан, біріншіден, алғаш жасақталған министрлер кабинеті ыдырап, азаматтық билік әлсіреп, әскери билік күшейді. Екіншіден, 1918 жылдың 4 (17) шілдесінде құрылған Сібір Автономиясының Уақытша үкіметі мен Алаш Орда арасындағы келіссөз ұзаққа созылып кетті. 1918 жылдың 13 (26) шілдесінде Ә.Н. Бөкейхан Сібір республикасының Министрлер Кеңесіне мынадай хат жолдады:

«Біздің Сібір үкіметімен арадағы келіссөзіміздің созылып кетуі Алаш Автономиясын Орал облысынан (Ойыл уалаяты) айырды. Бәлкім бәлшебектерден құтылған және Алаш Автономиясының жариялануын көре алмаған өзге қазақ-қырғыз облыстары да Оралдың жаман үлгісіне салып, әрі қарай сепаратизмге барып Түркістанмен жақындасуға ұмтылуы мүмкін. Бакуді немістер алысымен, Түркістанды да немістің жаулап алу қаупі туады.

Алаш Автономиясының ыдырау қаупі Алаш Орданы Сібірмен арадағы одақтан бас тартуға, Алаш Автономиясын жариялап, Сібірмен одақтасудың тиімділігін құрбан етіп, қазақ-қырғыз халқының бірлігін құтқару сияқты үзілді-кесілді шараға баруға мәжбүрлейді. Сібір үкіметінің Алаш Автономиясын мойындауы Алаш Ордаға Түркістанды неміс бағытынан бері бұрып, оны Ресей федерациясы аумағында сақтап қалуына мүмкіндік берер еді».

Сонымен қатар Алаш Орда үкіметі Ұлттық Автономияны Ресейдің заңды (легитимді) өкіметіне мойындатумен шектелмей, кешегі империяның барлық демократиялық күшін Кеңес өкіметіне қарсы күреске жұмылдыруға да тырысқанға ұқсайды. Мысалға,Сібір үкіметімен арадағы келіссөзде талқылауға ұсынған 6 маңызды мәселенің соңғысында Алаш Орда төрағасы Ресейден бөлек 4 автономияның федерациясын құруды алға тартады:  «6) Федералдық билік құру мақсатында таяу арада бәлшевизмнен тазартылған автономиялық халықтар мен шеткі аймақтар депутаттарының конгресін шақырудың өзектілігі. Бұл билік, сөзсіз, ыдыраған Ресей бөліктерін бұрынғыдан да тығыз біріктіріп, оларды цементтей берік байлап, Одақтың мүддесін ішкі және сыртқы жаулардан қорғау үшін олардың күш-қуатын өсіреді. Осы тұрғыдан қарағанда таяу арада Сібір, Алаш, Башқұртстан және Түркістан федерациясын құру мүмкіндігі бар» (Алаш-Орда: Сборник документов. / Составитель Н. Мартыненко. – Алматы: Малое издат. «Айқап», 1992 г. – Сс. 94-95.).

Алаш Орда төрағасының бұл ұсынысы 1918 жылғы қыркүйек айының соңында Уфа қаласында болып өткен «Мемлекеттік мәжілісті» жинауға түрткі болды деп айтуға да болады. Мемлекеттік мәжіліс басталған 23 қыркүйек күні Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті Алашты Автономия ретінде ресми түрде мойындады. Академик Қойгелдиев пен журналист Б. Мүрсәлімге одан артық қандай жариялау керек? 25 қыркүйекте Ә. Бөкейханның Уфадан Алаш Орда үкіметі орныққан Алаш қаласына мынадай жеделхат жолдағанын сіздер кімнен болса да жақсы білесіздер:

«Құрылтай  уәкілдігінің  комитеті  Алашты  автономиялы  жұрт  деп  таныды.  Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп,  таратпаңдар.  Керек  нәрсені,  қаншама  болсын,  қарыздануға  қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармақпыз. Алаш Орда бастығы Бөкейханов» («Абай», 1918.25.09, №10).

Мемлекеттік мәжілістен кейін тағы да сол «Абай» журналы «Кіндік хүкімет» деген мынадай мақала жариялады:

«Мемлекет кеңесінде жалпы Россияға кіндік хүкімет сайланды. Кіндік хүкіметке бес-ақ кісі кірген...

Бұл  хүкімет  жалғыз-ақ  Құрылтай  (Ушредителное  собрание)  алдында  ғана жауапкер.  Басқа  ұйымдарға  атқарған  ісінен,  Құрылтай  жиылғанша,  есеп-жауап та бермек емес және де хүкіметке кірген кісі орнынан да түспек емес...

Алаш Орданы хүкімет деп, Алашты Автономиялы жұрт деп мемлекет кеңесі таныды. Енді Сібір хүкіметі танымасына жол жоқ» («Абай», 1918.12.10, № 11,  Алаш қаласы).

Бірақ Сібір Автономиясының Алашты мойындауы саяси маңызын, өзектілігін жоғалтты. Себебі Мемлекеттік мәжілісте «Уфа директориясы» деген атаумен Уақытша бүкілресейлік үкімет құрылып, 1918 жылдың 4 қарашасында қабылданған декларацияға сәйкес, бүкіл Сібір билігі осы уақытша үкіметке («Уфа директориясына») берілген соң, Сібір Автономиясы мен оның үкіметі жойылды, оның билік мекемелері Уақытша бүкілресейлік үкіметтің мекемелері болып өзгертілді.

Міне осындай бұлтартпайтын тарихи фактылардан кейін Алашты «жарияланбаған автономия» деу не саналы түрде адасу, не сауатсыздық, не болмаса - ұлттық тарихымызды қазіргі саяси жағдайға икемдеп қасақана бұрмалау болып табылады.

«Алаш Автономиясы Ресейден бөлініп, дербес тәуелсіз мемлекет болуды көздеген жоқ» дейтін «білгіш» тарихшылар тағы бар. Мұндай жаланы да теріске шығаруға Алаш Орда төрағасы Ә. Бөкейханның 1917 жылғы қазан айындағы І Сібір облыстық сиезінен оралысымен жариялаған «Жалпы Сібір сиезі» мақаласынан үзінді келтірсек те жетіп артылады. Ұлт көсемінің Алашты Сібірге қоспақ ойының астарында жас мемлекетті ұлы империяның құрамынан қантөгіссіз, туған жерін мейлінше кеңіреп бөліп алып, Сібір құрамында шекарасын бекітіп, мемлекеттігін нығайтып алған соң одан бөлініп шығу мақсаты жатты. «Сонымен, - деп жазды Қыр баласы «Жалпы Сібір сиезі» мақаласында, - Сібір  автономиясының  негізгі  законыне  өз алды  бір  баб  жазылмақ: қазақ  ұлты  һәм  өзге  Сібірді  қоныс  қылған  жерлі  жұрт  Сібір  аутономиясына уақытша  қосылады (!!!).  Өздері,  біз  енді  бөлініп,  өз  алдымызға  аутономия  боламыз деген күні босанып, аутономия болады деп (!!!). Биыл  жаздай  болған  комитет  сайлаулары,  біздің  қазақ  өзін-өзі  билегенде істеген  істері  көрсетіп  тұр:  іс  атқаратын  азаматтың  аздығын,  жалпы  жұрттың қараңғылығын, біз ойладық – әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік;  жіп  жалғап,  зор  мемлекет  көрнеуінен  құтылып-ап,  отау  болып  соңынан бөлінелік деп (!!!)».

Ә.Н. Бөкейхан, өзінің кейбір үзеңгілесі сияқты (Ж. және Х. Досмұхаммедұлдары, Ғабидолла Темірұлы) мансап қуып, өз алдына автономия (Ойыл уалаяты) құрып, оған басшы болуды көздеген жоқ. Оның мақсаты – бүкіл қазақтың басын қосып, өзгеге халқының тіпті алақандай да жерін қалдырмай автономия алу болды. «Қазақ  болып  автономия  боламыз  десек, - деп жазды Қыр баласы тағы да сол мақаласында, -  алдымызда  шешуі  қиын  бір  жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас; бұл облыстарда мұжық пен қазақ қым-қиғаш аралас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, алғы қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады, қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады. Қазақ жерінің ең жақсысы – осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының аутономиясы енді тұрмыс халда туысқан аутономиясы болар емес, жерге байлаулы аутономия болмақ. Ішіндегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді».

Уфада болып өткен «Мемлекеттік мәжіліс» барысында тағы бір тарихи іс-шара болғанын да ескермей кетуге болмайды. Жоғарыда айтылғандай, егер Алаш – қырғыз бен қарақалпақ халықтарынмен ортақ ұлттық мемлекеті болса, Түркістан мұхтарияты келешекте оның құрамдас бөлігіне айналса, Уфадағы Мемлекеттік мәжілістің сыртында Түркістан, Башқұрстан және Алаш Автономияларының басшылары М. Шоқай, А.-З. Уәлидов және Әлихан Бөкейхан – назар аударыңыздар – Қазақ-Башқұрт біріккен мемлекетін құратын болып келіседі. 1937 жылдың 6 тамызында Мәскеудің Бутырка түрмесінде ОГПУ тергеушісіне берген жауабында Әлихан былай деп мәлімдеді:

«Осы мәжілісте біз Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу және біріккен Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру туралы келістік... 

Мұндай шешімге келуге төменгідей ой түрткі болды:

Біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы біздің қарулы күштерімізді біріктірудің аса қажеттігі. Күш қосуды біз Қызыл армияға қарсы тұра алатын шынайы мүмкіндік деп қарастырдық. Оған қоса біз патшалық Ресей тұсында қазақтардың әскери қызмет атқармаған жағдайын ескердік, ал башқұрттар қызмет етті. Демек біздің жасақтарымыз башқұрттармен біріксе, олардың соғысу қабылеті арта түспек.

Екіншіден, жеріміздің көрші болуы және Башқұрстанда башқұрттанып кеткен қазақтардың (!) көптігі.

Үшіншіден, Қазақстан мен Башқұрстан экономикаларын ұштастырудың тиімділігі.   Башқұрт рудасы, орманы және қазақтың астығы, малы және мұнайы.

Міне осы жайттарды ескере келе біз біріксек, әскери тұрғысынан да, экономика жағынан да қуатты мемлекет құра аламыз деп есептедік».

Ә. Бөкейхан бұл жауабында Кеңес өкіметіне белгілі тарихи фактіні толықтырғанымен, бар ақиқатты айтқан жоқ. 1918 ж. қыркүйекте «Мемлекеттік мәжілістен» тыс өткен бұл басқосуда «Оңтүстік-шығыс мұсылман облыстарының (немесе шаттарының) федерациясын құру» мәселесін талқылаған тек Алаш пен Башқұрт Автономияларының жетекшілері ғана емес, Түркістан (М. Шоқай) өкілі де қатысты. «Болашақ мемлекеттің атауы туралы сөз болғанда, - деп жазды осы басқосуға тікелей қатысқан З.У. Тоған (А.-З. Уәлидов) өз естелігінде, - Ақшора (Юсуф. - С.А.) оны «Шығыс түркілердің федерациясы» деп атауға кеңес берді. Әлихан (Бөкейхан. – С.А.) өз тарапынан түзету енгізді: - Орыстардың бізге пантүркизм деген айдар тағуына түрткі болатын атаулардан аулақ болған дұрыс. Келешекте мұндай атау әбден-ақ лайық болар, ал әзірше «Шығыс Ресейдің мұсылман федерациясы» атауымен шектелу керек».

Алаш, Бұшқұрстан, Татарстан және Түркістан басшыларының арасында мұндай келісім болғанын Ресейдің Мемлекеттік мұрағатынан (ГА РФ) табылған келешек «Шығыс Ресейдің Мұсылман штаттары» картасының қолдан салынған жобасы бұлтартпай дәлелдейді (№ 1 фото).

№ 1 фото

Ерекше назар аударатын тағы бір мәселе: Самарда құрылған Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті де, ресми түрде «Уақытша Бүкілресейлік үкімет» аталған «Уфа директориясы» да – 1917 жылдың 12-18 қарашасындағы жалпыхалықтық шынайы демократиялық сайлауда Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайланған депутаттар құрған заңды (легитимді) Бүкілресейлік үкіметтер болатын. Кеңес өкіметін ол екі үкіметпен тіпті сатыстыруға тұрмайтын. 1918 жылдың 17-сінен 18-іне қараған түні жүзеге асырылған төңкерістің нәтижесінде Уфа директориясын құлатып, бүкіл билікті өз қолына шоғарландырған вице-адмирал Колчактың үкіметі де – заңсыз (легитимді емес) билік болатын. 18 қарашада Министрлер кеңесінің төтенше мәжілісінде «жоғарғы мемлекеттік билікті бір кісіге тапсырып, оған «Жоғарғы билеуші» атын беретін шешім қабылдап, «18 қараша конституциясы» деп аталған Ресейдегі мемлекеттік биліктің уақытша құрылымы туралы Ережені» бекітті. Одан соң Министрлер кабинеті құпия дауыс беру арқылы А. Колчакты «Ресейдің Жоғарғы билеушісі» етіп сайлап, оның вице-адмирал шенін толық адмирал шеніне дейін көтерді. Қысқасын айтқанда, Кеңес өкіметінің «үлгі-өнегесімен» Ресейдің тағы бір заңсыз (легитимсіз) үкіметі самодержавиелік патшалық билікті қайта тірілткендей болды. Сол себепті Ә.Н. Бөкейхан, өз орынбасарларының бірі болған Х. Ғаббасұлының 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне мәлімдегеніндей, Омбыда Колчак үкіметімен арадағы нәтижесіз келіссөзінен Семейге оралған бойда Алаш Орданың мәжілісін жинап, саяси оқиғалар патшалық (монархиялық) билікті жаңарту бағытында өрбісе, не істеу керек деген мәселе қояды, мұндай жағдайда ұлттардың өзін өзі басқаруға үміттенуі мүмкін емес; сондықтан Кеңес өкіметімен байланысу қажет» шешәімге келіп, Мәскеуге келіссөз жүргізуге А. Байтұрсынұлын жөнелтеді. Оқиғаның одан кейінгі желісі ресми тарихымыздан жақсы мәлім.

Оған қоса 1920 жылдың 26 тамызында жарияланған Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясы негізінде, соның жер аумағында және Алаш Орда үкіметі мүшелерінің тікелей атсалысуымен құрылғанын, яғни ҚазақАКСР - Алаш Автономиясының заңды мұрагері екенін саяси әрі тарихи тұрғыдан мойындайтын уақыт та әлдеқашан келді. ҚазақАКСР-ына 1936 жылы одақтас республика мәртебесі беріліп, ҚазКСР болып жарияланса, ол өз кезегінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында – Тәуелсіздігін жариялады. Ендеше қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы да Алаш Автономиясының заңды мұрагері болып табылады.

Abai.kz

 

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435