Сенбі, 23 Қараша 2024
Бәрекелді! 4900 0 пікір 25 Қазан, 2018 сағат 06:36

Өзінің Астанасын әрбір қазақ, Қорғасын екі көздің қарасындай...

Екі күн бойы Астана қызу жыр додасын тамашалады. Бір-бірінен кем түспейтін 20 ақын аламанға түсті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған халықаралық айтыс Елордамыздың 20 жылдығына арналды. Екі күн бойы ақындар әсем қала Астанасын жырға қосты. Айтысқа Қырғызстаннан, Моңғолиядан ақындар келді. Бұл айтыста бәрі айтылды. Қолдау да, Жолдау да, шұрайлы тіркес пен әдемі ұйқас та болды, - деп жазады "Айқын" басылымы.

Бұл айтыс бұрынғыға ұқсамай­ды. Ұқсамайтын да жөні бар. Талай додаларда бақ сынаған хас жүй­рік­­тер көрерменінің алдын­да қы­­зыл кілеммен жүріп өтті. Қа­­­­зылар алқасына да сөз мәйе­гін ұғатын қаламгерлер жиыл­ған.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райым­құлова министрдің алғысөзін оқып берді. Ми­­нистр: «Айтыс – ха­лық асыға күтетін, жо­ғары баға­лай­тын ұлттық өнеріміздің бірі. Додада еліміздің түкпір-түк­пі­рі­нен, шет елдерден кел­ген от ауызды, орақ тіл­ді айтыскерлеріміз өз ба­ғын сынайды. Бар­шаңыз­ды жыр-бәйгенің ашылуымен құттықтап, айтыс­кер­лерге сәттілік тілеймін», – деп тілек білдіріпті.

Екі елдің арасын жалғағандай

Бірінші күн...
Күні бұрын тартқан жеребе бойынша ал­ғаш болып сахнаға Ринат Зайытов пен Мейір­бек Сұлтанхан шықты. «Кәрі қайың мен жас саңлақтың» айтысы сыйластыққа құрылды. Астаналық ақын семейлік серінің арынынан барынша сақтанып айтысты. Өйтпей қайт­сын, Ринат бұл айтыста айтыс жасаудан гөрі, мысының басым екенін дәлелдеумен болды. «Мен білген Рекең қашаннан да. Халықты шоу көрсетіп шулатып ед» деп Мейірбек ай­ты­­сының атауын өзі қойды. Ринаттың ай­тысқа көп шықпайтынын айта келе, «Жо­ғал­ған жолбарысты тауып берген, Министр Арыс­танға мың рақмет» деп жөн теңеу біл­дірді. «Бүгін қандай тосын сый алып келдің, Өзің жақсы көретін елордаға» дегеніне, «Ас­тана – менің жалғыз махаббатым, Кедейдің той­ға киер шапанындай» деп Ринат дөп жауап берді. Қысылаңқырап отырса да, өтімді жыр айтқан Мейірбектің ұпайы түгел болды. Барынша айтам деген Ринат бір тоғызбен кем қалды.

Әділбек Бүркітқазы мен Мундузбек Усуп­бе­куулы қырғыз бен қазақ айтысының жара­сым­ды үлгісін көрсетті. Айыр қалпақ ағайын­ның ахуалы мен екі ел арасындағы достық жайын сөз етті. Манас шыңы мен Алатаудан ән кетпесін деген тамаша тілек те айтылды. «Екі елге білесің айтыс ортақ, екі елдің ара­сын жалғағандай» деп халықаралық айтыстың маңызын жырға қосты. Дегенмен айтыс шырайының кіруі қарсыласқа да байланысты. Халық «Әділбек алысқа шабатын бала екен» деп бағасын берді.

Моңғолиядан келген Аманжол Қуантқан мен Серік Қойшұғыловтың айтысы бауыр­лар­дың бірін-бірі демегенін көрсетті. Серік Аман­жолға «Елге кел, жақсылықтың көшін бас­та» деп сауал тастаса, «Алла қаласа, ол күн­де алыс емес деп» Қуантқан елді бір қуан­тып тастады. Серіктің батыс мінез мақамы Мэлстерді сахнаға қайта әкелгендей әсерге бөледі. Мақсат Ақанов пен Аяулым Жұма­бек­қызы қыз бен жігіт айтысының көрігін қыз­дырды. Мұнан бұрын да талай қызды сах­нада толқытқан Мақсат Аяулымның да адуынын байқап көрді. Ақановқа жарасар әзіл мен Аяулым көрсеткен иба жұртты тәнті етті. Келесі болып айтыс алаңына шыққан Біржан Байтуов пен Асылбек Маратов біраз шарпысып қалды. Қазақ пен қырғыздың артықшылығын айтып біраз жерге барысты. Көп өтпей, сыйластық жарасым тапты. «Қия­мет күні туып келгенінше, араға тілмаш сал­май тілдесейік» деген Біржан ақын Асыл­бек­пен айтысына әдемі нүкте қойды.

Алты құрлыққа Алты Алаш,

Сенімен мәлім, Астана!

Ортаға Айбек Қалиев пен Дидар Қамиев шық­ты. Бір қызықтың басталарын ішіміз се­зіп отырды. Ақындар айтысты тарихи жыр­ларымен көркемдеп, әзіл аралас ұнамды ай­тыс жасады. Бір-біріне орынды сын айтып, лайықты жауап берді. Жеребе тарту рәсіміне кел­мей қалған Дидарға: «Көршінің қызы құ­сап қой келгенде, кесте тігіп жатқаның қызық бол­ды» деп Айбек інісінің беташарға қатыс­қанын сынға алды. Тосылмаған Дидар: «Қы­рық­тағы Қалиев ренжиді деп, сексендегі әжем­ді аттап кете алмадым» деп уәделі жерге барғанын баяндады. «Ақшасын қимағаннан емес аға, ақ шашын сыйлағаннан кете алма­дым» келісті теңеумен көпке ұнады. «Моң­ғо­лия мен қырғыздың ақындары сенен ерте кел­ді» дегеніне, «Самолетпен ұшқам жоқ сіз се­кілді, гололедтен ұшып кете жаздап келдім» деп жұртты қыран-топан күлкіге қалдырды. Ай­бектің сан қырын жырға қосып: «Құр әң­гіме айтқанда зияның жоқ, проблема айт­қан­да тым қауіпті ең» деп ағасына баға берді. Қа­лиев та Қамиевтің көңілін қалдырған жоқ. Орын­ды тұстан шабуылдайтын стратег еке­нін көрсетіп, жаймен жырлады. Әр сөзімен байыпты жыр өрді. Астана маңындағы ауыл жағ­дайын, көмір бағасын, газ бен отын-су­дың мәселесін қозғады. Мәнді айтыс Ди­дар­дың Астана жайлы ойлы толғауымен түйін­делді.

 Әз Тәуке дейін хандардың,
Ордасынан озған, Астана!
Жеті Жарғыдай заңдардың,
Жалғасын жазған, Астана!
Алты құрлыққа Алты Алаш,
Сенімен мәлім, Астана!
Атасы басқа жұртқа да,
Жамағайынсың, Астана!
Соғысқан екі ұлтқа да,
Арағайынсың, Астана!
Атақ пен даңқы әп-сәтте,
Жоғарылай кеткен, Астана!
Әлихандарым армандап,
Көре алмай кеткен, Астана!
Батпақ пен сордың үстіне,
Шаңырақ құрған, Астана!
Сорда тұрғанымен қазақтың,
Бағы боп тұрған, Астана!
Бабаның жолын жалғаған,
Шырқалды қайта арман-ән!
Азаттығыңның көгінде,
Қыран құсың бар самғаған,
Осынау азат күнімнен,
Дінімнен, ана тілімнен,
Айырмашы деп тілеймін
Жаратқан жалғыз Алладан!

Әжесінің «қарғысы», 
атасының алғысы

Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов құрдас-қалжыңға құрылған айшықты айтыс жасады. Бірін-бірі іліп әкетіп, шаппа-шап айтыс құрды. Табан астында қойылған сұрақ пен лезде берілген жауап ерекшелігімен есте қалды.

«Апамның баласы едім Астананы, 
Апамша жақсылап бір қарғайыншы»

деген Рүстем:

– Ит тұмсығы маңайы, 
Орман боп кеткір, Астана! 
Қояндының маңайы,
Жолдар боп кеткір, Астана!
Нөсер құйса да көшеге, 
Су жиналмағыр, Астана!
Мұң менен зары қазақтың, 
Музейде қалғыр, Астана! 
Көмірді беріп ауылға, 
Газы тез келгір, Астана! 
Тон кигізбей мамырда, 
Жазы тез келгір, Астана! 
Абу-Дабиі аспандап, 
Жана бермегір, Астана, 
Қоқыста жатар іңгәлап,
Бала көрмегір, Астана!
Жатақханадағы жастардың,
Пәтері болғыр, Астана!
Сол пәтерінде он-он бес, 
Бөпелі болғыр, Астана! 
Қарғайды сені осылай,
Қара кемпірдің баласы», – деп әдемі жыр шумағын арнады. Мұхтар болса:
«Қара кемпір баласын айтып жатсың, 
Ол да болса ойыңның шаласы ғой. 
Немересі секілді еркелеткен, 
Елорда – Елбасының қаласы ғой. 
Әжеңнің әңгімесін айта берме, 
Астана – атасының баласы ғой»,– деп әзілмен жауап қайырды.

Айдос Рашат пен Ержан Әміров айтысы да сахнаға шырай берді. Оспандар оққа кеуде төсеген ғой, қазақтар қазақ болып қалу үшін» дейтін Айдостың жыр жолдары көрерменге рух берді. Ержан ақын қазақ астаналарының тарихына үңіліп, жаңа Астананың көз тартар сұлулығын жырға қосты.
– Керей мен Жәнбектің заманында, 
Әспеттелген қазақтың шар қаласы. 
Алаштың азаматтары қызмет қылған, 
Сыр елі алты Алаштың арлы анасы. 
Алматыдай сап берген алып шаһар, 
Қонаевтай қазақтың ер, дарасы.
Астана Нұр ағамның қолтаңбасы, 
Бас қосқан бар әлемнің хан-қарасы.
Мәңгілік ел боламыз деп жатырмыз, 
Бұйырса болашаққа бағдар осы. 
Қазақ елі мәңгілік болмай қайтсын?
Бір қаладан сап берсе әр баласы.
Айтыстың жас толқыны Аруна мен Дидар қыз-жігіт айтысын жасаса, Аспанбек пен Шұғайып үзеңгілестердің бір-бірінен қара үзбейтінін дәлелдеді.

 

«Ай мен аспанның» тартысы

Екінші күн...
Айтыстың екінші күні 12 ақын аламанның көркін қыздырды. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар. Көрермен де қайсысы қара үзіп шығар екен деп, ынтығып отыр. Бәрі де – «кіл жүйрікте кім жүйрік» дей­тіндей емес, талай додаларда шашасына шаң жұқтырмаған нағыз жүйріктер. Бір күн бұрын­ғы додада айрықша өнер көрсеткен ақындардан да айрықша айтыс күтетіні рас. 12 ақын, 6 жұп. Жеребе тасталып, жұптары анықталып қойған. Қайсысы кіммен шы­ғатыны да анық. Бір-бірінің қыр-сырын да жақсы біледі.

Сонымен, алғашқы айналым. Сахна төріне айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев пен павлодарлық жүйрік Аспанбек Шұғатай шықты. Бірі – хас жүйрік, екіншісі – жас пері. Ақындардың тілімен айтқанда «Ай мен аспанның» сөз қақтығысы. Ақтаңгердің аяқ алысы белгілі, аспай-саспай, баппен айтысатын Айбектің мақамына көрермен де үйренген. Ал төкпе жырдың шебері Аспанбек те қарсыласынан қалыспайтыны анық.
 Ғасырдағы ғаламат шешім болды,
Арқаға Астананы көшіргені.
Іргетасы құйылып ең алғашқы,
Кірпіштің қаланғаны есімде еді.
Содан бері жиырма жыл уақыт өтті,
Зымырап уақыттың көші ілгері.
Астана сәулетінен сәуле шашып,
Көркіңмен көз қуантып, өс ілгері.
Елордам – қазағыма құтты мекен,
Ұлыс пен ұлттың ұлы көшіндегі.
Астанам – тарих тартқан алтын алқа,
Аяулы анам Алаштың төсіндегі, – деп әуезді сөз бастаған Айбек ақын Астананың 20 жылдығын ерекше жырлап өтті.

Қашанда елдің мұңын, көптің көңілінде жүрген ойын ашық айтатын арқалық ақын бұл жолы ол тақырыптан айналып өтпеді. Ар­қа­дағы ағайынға сауын айта отырып, тіл­дің, ауылдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады.
– Солтүстік Тәшеновке қарыздармыз,
Азаттық деп шырқасақ, асқақ әнді,
Жұмабек Тәшеновтер болмағанда, 
Қай жерге салар едің астанаңды, – деп Тәшеновтің ерлігін де тілге тиек етті.

«Сенің атың Аспанбек, мен – Айбекпін,
Ай мен аспан қашанда жарасады» деп қар­сыласын да әдемі қалжыңмен демеп жіберді.

Аспанбек те қарсыласының сөзін іліп әкетті.
 Құшағына аспанның, Ай да сыйып кетеді,
Күн де сыйып кетеді.
Жер де сыйып кетеді.
Мынау отырған қаймана,
Ел де сыйып кетеді» деп сөз бастаған ақынға Айбек Қалиев:
«Ай мен күні, жұлдызы болмаса егер,
Аспан деген қап-қара түнек қана» деп әдемі уәжін жеткізді.

Жүйріктің аты – жүйрік. Ақтаңгердің аты әрдайым оза шабатыны бар. Бұл жолы да Ай­бек ақын қарсыласынан озық екенін көрсетті.

Бозоқтың тамырынан гүлдеп шыққан,
Жасасын, Астанадай азат қала!

Қарағандылық Мақсат Ақановтың өзіне тән ерекше әуезі бар. Әсіресе, қыз бен жігіттің айтысы десе, Мақсат ақынның жаны кіреді. Әрдайым ақын қыздармен додаға жиі түсетіні де сондықтан болса керек. Бұл жолы ақынға шығысқазақстандық Рүстем Қайыр­тайұлы тап келіпті. Рүстем де «оңай шағыла қоятын жаңғақ» емес. Ә дегеннен Рүстемнің:

– Шыныменен, еркекпенен шықтым ба деп,
Жақтырмай қарап тұрған взглядын-ай, – деп қағытқаны да сондықтан.
Мақсаттың да қағытпасы дайын тұратыны белгілі. Ол да ұтымды сөз, уытты қалжыңмен қарсыласын түйреп өтті.

– Қалайсың, Рүстемдей қақиғаным,
Сақасы юмор менен сатираның.
Келе салып кескінін айтып жатсың,
Кешегі айтыстағы оқиғаның.
Керек болса, алып келдім деп қояды,
Аяулымнан таппаған материалын, – деп өзіне жарасымды әзілмен бастады.
«Абылайдың арманы былай тұрсын, тілегі орындалды Тұрсынбектің», «Құдай-ау, адам түгіл қошқары да, бұзыла бастаған ба бұл заманның», «Домалақ дүниеде тасы өрге, домалап тұрған халық біз ғанамыз», «Әлдінің әлсізге кеп, күш көрсету, әлімсақтан келе жатқан уайым-қайғы», «аспанда да, жерде де әділдік жоқ, әлемнің әр бұрышы мойын­дайды», «аспандағы торғайға лашын уайым, теңіздегі балыққа жайын қайғы», «бес күнде бірлігіңе берік болсаң, ешкім де елдігіңнен айырмайды», «өзімізде өндірген шикізатпен, өзімізде бітейік кемімізді» деп толғатса, Мақсат ақын: «қазақтың айтыс дейтін ғұрпы барда, әр сөзің жүк болады-ау, шіркін нарға», «жанашыр сендей інім көп болса екен, жалғыз боп жүрген жоқпын жұртым барда», «ұнжыр­ғасы түспейді бұл ағаңның, ұлым жоқ болса-дағы, ұлтым барда», «онсызда ел едік ғой, аз-ақ қана, қазаққа жаны ашиды қазақ ғана», «Бо­зоқтың тамырынан гүлдеп шыққан, Жаса­сын, Ас­та­надай азат қала» деп жыр-маржанын тер­ді.Үшінші айналымға атыраулық ақын Серік Қойшығұлов пен қырғыз ақыны Асылбек Маратов шықты. Екі ақын «Сүйінбай мен Қатағанның» жырын жалғап, әдемі айтыс үлгісін жасады.

Елордам – қазағыма құтты мекен

Одан кейінгі кезек Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезімханға берілді. Мейірбек ақынның мәдениетті сөз саптасы, сабырлыболмысы, ешкімге ұқсамайтын ерек бейнесі көрерменін жаулап алғалы қашан?! Мейірбек ақын десе, ел елең етпей тұра алмайды. Ақын­­ның кесек-кесек сөздері, ойлы оралым­дары әрдайым көптің есінде жүреді. Бұл жолы құрдас екі ақын бір-бірін сөзбен қағы­тып қана қоймай, көшелі сөз айтып, көптің көңілінен шықты. Мейірбек ақын «Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілердің» ха­лық­аралық одағында орынбасар болып қыз­мет атқаратын құрдасын сөзбен түйреуді де ұмытқан жоқ. Магистратура түсіп, білім ал­ған Мейірбекке «ректордың тілін тауып, оқуға түсіп алдың ба?» деп қағытпақ болған Шұғайып. Ақынның да айтар сөзі дайын екен:

– Өзеннен өту үшін өткелді ізде, 
Өте алмасаң, болмасын өкпең бізге. 
Келе салып, көзіңді аларттың ғой, 
Көтеріліп кеткендей көктем-күзде, 
Ректордың ешқандай қатысы жоқ,

Гранттың мәселесін реттеуімізге,
Әйтеуір ағылшыншам сенен жақсы,
Шет тілінен болған жоқ, шектеу бізге.

Мейірбектің: «Шенеуніктің барлығы жиналғанмен, Шерағамның орыны ойсырап тұр», «Жерге қарап тұрмай қайтсін енді, ұрпағы үшін ұялған қайран Абай», «Елбасы мұғалімдер мәртебесін, назарға Жолдауында ілген жоқ па?», «Ұстаздар қағазбасты боп кеткенін, ашып айтып, ашуға мінген жоқ па?», «онсызда сол мектепте ұстаздардың, көз жастары көл болып, жүрген жоқ па?» деген отты тіркестерімен көптің көкейінде жүрген көп түйткілді ортаға салды.

Екі ақынның тартысында Мейірбек Сұлтанханның бәсі биік түсті.

Аламанды қыздырған тартысты айтыс жасаған – Ринат Заитов пен Айдос Рашат, Дидар Қамиев пен Мұхтар Ниязовтың жұбы. Төрт ақын да – талай додаларда топ жарып жүрген мықтылар. Талай аламанда бәйге алған хас жүйріктер. Бірінен бірі қара үзіп тұр. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, айтыста да бағы озғандар алға шығады. Алғашқы күні тартысты айтыс жасаған Дидар Қамиев бұл жолы Мұхтар Ниязовқа есе жіберді. Қашанда шаппа-шап айтысқа дайын тұратын Мұхтар ақын бұл жолы да осалдық танытқан жоқ. Соңына дейін «жан алысып, жан берісті». «Халықтың маңдайынан аққан терге, қайық салып, жүзуді доғарыңдар» деген ақын жеңіске жетті.

Ринат Заитов – көрерменнің ықыласына бөленген ақын. Ринат ақын қатысады деген ақпар шықса, тайлы-таяғы қалмай жиналады. Қай кезде турашыл мінезімен көпке ұнайтын ақын. Бұл жолы «туғанына да жақпайтын тура мінезімен» қоғамдағы өткір мәселелерді сөзбен түйреп өтті. Моңғолиядан келген қарсыласы екеуі көпке ортақ түйткілді ортаға салды. Қарсыласынан оза шапқан ақын финалда Мұхтар Ниязовпен қайта кездесті.
Екі күндік айтыста ақындар қазақтың Астанасын ғана жырға арқау еткен жоқ, қо­ғам­ды алаңдатқан мәселелер де ортаға салын­ды. Түйдек-түйдек ой айтылды ақындар­дың аузымен. «Өзінің Астанасын әрбір қазақ, қор­ғасын екі көздің қарасындай» деген ақын­дар 20 жылда жеткен жетістігімізді де жырға арқау етті.

Бас жүлде – екі ақында

«Жыр арқауы – Астана» айтысына қатысқан 20 ақынның да осалы жоқ. Бәрі бір-бір облыстың үкілеген үміттері. Сенім артқан серілері. Айтыс – ұлтты рухы. Айтыс десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Қазақ өнерінің ішінде асқағы да, биігі де – айтыс. Айтыскер де – сол деңгейде. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін қазақ екі күн бойы айтыс көріп, жырғап қалды.

Қазылар алқасын Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бас­қарды. Құрамында белгілі ақын Жүрсін Ерман, Моңғолиядан келген зерттеуші ғалым Шынай Рахметұлы, Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара, Халық ақыны Әсия Беркенова, Еуразия уни­вер­ситетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, белгілі публицист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп бар. Қазылар алқасының шешімімен, 20 ақынның ішінен оза шапқандар жүлделі орындарға ие болды. Үш бірдей ақын үшінші орын: Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұловқа бұйырса, екінші орын Мейірбек Сұлтанхан мен Рүстем Қайыртайұлына берілді. Финалда бір-бірінен кем түспеген екі ақын: Мұхтар Ниязов пен Ринат Заитов та бас жүлдені қанжығасына байлады. Айтысты бастан-аяқ тамашалаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екеуін бір-бірінен бөлмей, тең жүлде тағайын­дап, өз қолымен табыс етті. Екі ақыны жүлде алғасын көрер­мен де дән риза болды. Жүлде қоры да қомақ­ты: ынталандыру сыйлығын алған ақындар 500 мыңнан жүл­деге ие болды.Әділқазыға да реніш білдіріп, өкпе артқан ақын болған жоқ. Көпшілік те дән риза, жүлде алған ақындар да риза. Тек қана Дидар Қалиев қамығып қалғандай...

«Айтыс – халықтың рухын көтеретін өнер» екенін үнемі айтып жүреміз. Бірақ соңғы кездері айтыскерлер де «қуланып» алды. Қайталаулар көп. Алматыда айтқан сөзін Астанада қайталайды, болмаса, Талдықорған төріндегі айтысты «білдірмей» қосып жібереді. «Жымын білдірмей» жібердім деп, жымың-жымың еткенімен, тұрақты көрерменге бәрі анық. Үнемі айтыстарда қайталанып келе жатқан «бір тіркестер» бар. Оны ақынның өзі де біледі, көрерменнің өзі де сезеді. Бұл – бір.
Екіншіден, ақпаратты толық зерттемейді. Әлеуметтік желіде «хит» болған тақырыпқа әуес. Трендтегі дүниені қозғасақ, көп «ұпай» жинаймыз деп ойлайды. Үшіншіден, көрерменге не ұнайтынын білетін кей «актер» ақындар бар. Әлеуметтің әлсіз тұсын тиімді меңгерген. Сол арқылы өзіне «бедел» жинайды. Ақынның бұл «ойыны» өзіне ұтыс әкелгенімен, абырой әпермейтінін ескерсе дейміз.

Гүлзина Бектас, Айдар Айзатқызы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407