Мораторий мерзімі біткен соң жер тағдыры не болмақ?
Баяғыда Қазақ үшін "жер дауы" мен "жесір дауы" - кезек күттірмейтін мәселе болған еді. Бүгінде жесір ешкімге керек емес, ешкім "жесір дауы" деп бас қатырмайды... ол түсінікті... мақұл делік, уылжыған қыз-қырқын өріп жүргенде жесірді ешкім керек қылмасын...
Жерді ше?
Осы бүгінгі қазаққа Жер керек пе?
"Керек!.." дерсіздер. "Жер үшін жан беріп, жан аламыз!.." дерсіздер. "Жер сатылмасын, жалға да берілмесін!.." дерсіздер.
Бірақ "жер жекеменшікке сатылады" деп біздің "білікті" билік жарлық шығарған сонау 2000-шы жылдары жекелеген қоғам белсенділері әр-әр жерден қарсылық білдіріп, "жер сатылмасын!" деп "листовка" таратқаннан басқа, ештеңеге күші жетпеді.
Өйткені негізгі күш - халық әлі "ұйқыда" еді...
Одан кейін...
Жеріміз "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" - кімнің қолында билік бар, байлық бар, соның жекеменшігіне - тиын-тебенге сатылып кете барды. Халық 5 ешкі, 10 қой, 2 сиырын жаятын жер таппады. Жалғыз күнкөріс көзі - малын сатып, қалаға ағылды...
Біздің тойымсыз да тоғышар билік басындағы байшыкештер мыңдаған, жүзмыңдаған гектар жерді тиын-тебенге сатып алып, жер иеленуші - "латифундист" боп шыға келді. Енді оларға бұл да аздық етті. Шөп қорыған иттер ол жерлерді не өздері игермеді, не өзгелерге игертпеді, жеріне қараша халықтың бес қойы кіріп кетсе, басына әңгір таяқ ойнатты. Жайқалған иен тегін шалғынын жүз мыңдаған теңгеге сатты...
Бірақ тойымсыздар оған да тоймады.
Естеріңізде болса, қателеспесем, 2007-2008 жылдары "ойбай, Қытайға 1 млн га жер сатпасақ, аштан өлеміз..." деп білгір билік жар салды.
Тағы да көзі ашық қоғам белсенділері "болмайды!.." деп шырылдады.
Халық әлі де қалың ұйқыда еді...
Жерді Қытайға сату туралы биліктің шалажансар жобасы күшіне ене бастағанда, 2016 жылы ғана халық "ойбай-ау, не дейд???!!!..." деп басын көтерді. Жер-жерден бұрқ-сарқ еткен халықтың ашулы бас көтерулері қазақтың оянғанын көрсеткендей болды.
Жер дауы - оңай дау емес екеніне биліктің көзі жеткендей болды ма, әлде халықты алдап-сулап, әдемі ертегі айтып қайта ұйықтата тұрайық деді ме - амалсыздан мораторий жариялауға мәжбүр болды.
Бір-бірін мәре-сәре құттықтаған халық "бұған да шүкір" дегендей, өздерінің біріксе кәдімгідей күш екеніне қуанғандай бір қопаңдап қалды...
Одан бері зу етіп екі жарым жыл өтіп кетті.
Енді екі жарым-ақ жыл уақытымыз бар.
Мораторий мерзімі бітеді.
Сосын не болмақ?..
Жер дауы жалғаса бермек пе, әлде ҚАЗАҚ ЖЕРІН, ОТАНЫН сатудан, саудаға салудан, сатқындықтан тыятын түбегейлі берік шешім шығып, соқырға таяқ ұстатқандай нақты заң қабылдана ма?
Ауылшаруашылық мақсатындағы егістік, жайылымдық мақсатта қолданылатын мыңдаған гектар жерлер не себепті жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін жерлерге айналып шыға келді? Үкіметтен тиын-тебенге сатып алып, сотықтарға бөліп, әр сотығын онмыңдаған долларға сатып отырғандар кімдер? Олар - әрине ауыл, аудан, облыс әкімдері және басқа да "шөпке тышарлар". Бұлар қашан тояды??? Сіз қашанғы қара нанға зар боп жүрмексіз??? Ұлан-байтақ қазақ жерінен екі ауыздық баспана салатын 6 сотық жер бұйырмай, қашанғы "қаңғыған қазақ" боп жүрмекпіз???
Жер иесі - сол жүзмыңдаған гектар жердегі таудың да, тастың да, орман-тоғайдың да, өзен-көлдің де иесі екені түсінікті. Сонда Қазақ жері бұларға ата-бабасынан қалған мұра ма???
Не егін екпесе, не мал бақпаса, егем деген адамға еккізбесе, бағам деген адамға баққызбаса, ол жерді жамбасына басып отырып-отырып, енді Қытайға сатпақ па??? Мораторий мерзімі біткен соң жер тағдыры не болмақ???
Игерусіз жатқан жерлерді мемлекетке қайтарудың жолдарын қалай қалыптастыруға болады?
Банкте кепілде тұрған, не иесі жоқ, не банк игере алмай, жамбасына басып отырған жерлерді халыққа (мемлекетке) қайтарудың механизмдерін қалай жасауға болады?
Ауылшаруашылық жерлерін полигонға айналдырған сұмдардың сұрқия заңдары ше, қайта қарала ма?
Нақты ұсыныс, талаптар заң шығарушы органға жолданатын болар? Олар қолдай қояр ма екен? Қолдамаса, не істейміз?..
Тым болмаса Жер мәселесінде билік халықпен бір бағытта, бір мақсат, бір мүддеде болады деп сенгіміз келеді. Ол ортақ мақсат - қандай жағдайда да Қазақ жерін, Отанымызды қорғау. Бәріңізге сәттілік, табыс тілеймін!
Сәуле Әбілдаханқызының facebook парақшасынан
Abai.kz