ЖАСӨСПІРІМНІҢ ҚАТЫГЕЗДІГІ ШЕКТЕН ШЫҒЫП БАРАДЫ
Облыстық прокуратурада өткен баспасөз конференциясының негізгі тақырыбы – жасөспірімдер арасындағы қылмыс жайы болды.
Жалпы алғанда өткен жылы 174 жасөспірімге қатысты 109 қылмыстық іс қаралды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда соттармен қаралған қылмыстық істердің азайғанын көрсетеді. Алайда алаңдатып отырған мәселе – соңғы жылдары кәмелетке толмағандар тарапынан асқан қатыгездікпен жасалған қылмыстардың көбеюі. Топтасып, қасақана кісі өлтіру фактілерінен әсіресе соңғы үш жылда адамның төбе шашы тік тұрардай болатынын баспасөз мәслихатында облыс прокурорының бірінші орынбасары Бақытберген Қасымбаевтың өзі айтты.
Облыстық прокуратурада өткен баспасөз конференциясының негізгі тақырыбы – жасөспірімдер арасындағы қылмыс жайы болды.
Жалпы алғанда өткен жылы 174 жасөспірімге қатысты 109 қылмыстық іс қаралды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда соттармен қаралған қылмыстық істердің азайғанын көрсетеді. Алайда алаңдатып отырған мәселе – соңғы жылдары кәмелетке толмағандар тарапынан асқан қатыгездікпен жасалған қылмыстардың көбеюі. Топтасып, қасақана кісі өлтіру фактілерінен әсіресе соңғы үш жылда адамның төбе шашы тік тұрардай болатынын баспасөз мәслихатында облыс прокурорының бірінші орынбасары Бақытберген Қасымбаевтың өзі айтты.
Мәселен, жұртшылық құлағдар – 2006 жылдан бері қалада Калмыков-Тарасов дегендердің тобы таксистерге шабуыл жасап, бір жүргізушіні өлтіріп, суға тастаған.
Сол сияқты өткен жылдары Атырау тұрғын ауданында Нәрегеев деген таксиске 9 бала жабылып, қасақана өлтірген оқиға болды.
Жыл есебімен кәмелетке толмағандар қылмысының 9-ы аса ауыр қылмыс, 98-і ауыр қылмыс болып отыр.
Облыс прокурорының бірінші орынбасарының пікірінше, мұның бәрі тәрбиенің осалдығынан, соның ішінде ата-ананың балаға қарамауы салдарынан болып отыр. Жасөспірім қылмысының ерекшелігі – ол ауыр қылмысқа бірден ұрынбайды. Қазір қоғамымызда жасөспірімге арақ-шарап, темекі сатуға тыйым салынғанымен, сатушылардың санасы жоғарыламай, іс жүзінде жүз пайыз тоқтам салу мүмкін емес. Мұның соңы баланың нашақорлыққа ұрынуына дейін апаратынын өмір көрсетіп отыр.
Отбасының мұқтаждығынан ақша табу жолдарын «өз бетімен» іздейтін балалар да ақыры қылмыстық жолға түседі. Ең бір жеңіл-желпі секілді қарап, бала түгілі оның ата-анасына мұның қылмыс екенін дәлелдеуге мәжбүр ететін жайт - ұялы телефонды қолдан жұлып алып кету оқиғалары.
Біз олардың жастығын ескеріп, демократиялық қоғамның қағида лары деген тағы бар – жеңілдік береміз, сот шартты мерзім ғана тағайындап, қамауға алмай босатып жатыр. Өкінішке орай, одан сабақ алып жатқан бала аз, қайталап қылмыс жасау көбейіп кетті.
Қазіргі баланың табиғаты басқа, сот үкім оқығанда күліп тұрған жасөспірімді де көзіміз көрді. Сондықтан баланың қатыгез, сезімсіз болуынан қорқатын кез келді.
Аз айтқанда, көп айтқанда, баспасөз мәжілісінде өз тараптарынан алынып жатқан шаралар жөніндегі сұрақтарға жауап бере отырып, ОІІД кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциясының аға инспекторы Айгүл Есетова, облыстық прокуратураның қылмыстық істерді қадағалау жөніндегі басқармасының бастығы Роза Қадырғалиева, қала әкімінің орынбасары Бақыт Иманғалиевтер де өз салалары бойынша келтірген мысалдарында да негізінен ата-ананың жауапкершілігін көтермей іс оңға баспайтынын дәлелдеп бақты.
Бұл басқосудың мақсаты да осы жайларды ата-ананың, қоғамның құлағына алтын сырға етуде баспасөз құралдары өкілдерінің жәрдеміне жүгіну екенін қорытынды сөзінде облыс прокурорының бірінші орынбасары арнайы айтты.
Е.ТАҢБАЕВА.
Шөл дала көл далаға айналмай тұр
айта берсе оған сылтау көп, нақты шара жеткіліксіз
Жыл сайын көлемі қысқарып келе жатқан Жайық өзенінің тағдыры алаңдатар түрі бар. Дегенмен осы өзеннен егістік пен жайылымдық жер үшін Құрайлы-Сай, Алғабас-Жорық, Бағырлай, Ақсай каналдарына 5 насос станциясы арқылы 211 шақырымға жазғы маусымда 24 млн. текше метр су айдалады дейді су мамандары. Алайда осы қарайған қаражат жұмсалысымен айдалған су діттеген жерге жетіп жатыр ма? Су пайдалану реті ше? Айдалған судың беріп отырған тиімділігі қандай? Осы туралы әңгімелеп көрелік.
Су - береке басы
Уақыт ұзаған сайын осы канал мәселесі қатты талқыға түсе бастады. Тіпті каналдардың бәріне бірдей су айдау қажет пе деген сауал да туындап жүр. Каналға сенім артып, жағалап қонған қыстақтарды көргенде оған су айдамау мүмкін де емес. Өткен жылы Өрлік селосынан 12 шақырым қашықтықтағы Бағырлай каналынан малы су ішетін «Аққу» қыстағының тұрғыны Сырым Абдоловпен жолыққанымызда – Біз суға төлемақымызды уақтылы төлеп отырмыз. Бірақ мамырдан бері екі ай өтті, су айдалған жоқ, канал кеуіп, су шіріндіге айналды, -дегені бар-ды. Каналсыз күн көре алмайтындары белгілі болды. Ал жер асты суын бұл өңірден пайдалануға мүмкіндік жоқ көрінеді. Бұрындары бұл су котлаванынан өтіп, Сыралыға жеткенмен соңғы кездері бұл жерлерге су бармағалы бірталай болыпты. Көктоғайдағы «Ақсай» каналы жүйесімен толысатын 35 шақырымдай қашықтықтағы Бөлекбай котлаванының жағдайы мәз емес боп тұр. Негізінен өңірдегі малдың шоғырланатын жері де осы котлаван. Сондықтан да мұнда жаздыгүні жылқы мыңдап, сиыр, түйе табынымен тұрады екен. Сондықтан да котлованның кейбір су шайып кеткен жерлерін жөндеп, тазалау жұмыстарын жүргізу қажет дейді мамандар. Ауыл шаруашылығының жанашыры «Жанбай» шаруа қожалығының басшысы Ғалымжан Нұғыманов: -Бұл суды одан әрі 25 шақырым Қияқбай котлаванына, Бағырлайды да өз межесіне дейін жеткізіп, мал өрісін кеңейту керек,- дейді. Сондай-ақ ол жан-жақтан мыңдаған жылқы жиналатынын, оларды таңбасына қарап анықтап, суға төлемақысын төлеттіру қажеттігін баса айтады. Ал Бағырлайдың басынан бақ таюының сыры Оралдан келетін өр суының тоқтауында жатыр. Жалпы Жайықтың батыс бетінде орналасқан каналдардың дені табиғи салалар.
Алғабас-Жорық жасанды каналын бірден-бір пайдаланушы «Жарсуат» өндірістік кооперативі мен егіншілер. Өткен жылы каналға су ерте жүріп, Малайсары, Орлы ой участогіне дейін жетіп, малшылар қарық болған-ды. Алайда ол қарқын нағыз шіліңгір шілдеде бәсеңсіп, төрт түлік мал суы бар Төртқұдық участогі маңына топтасып қалады екен. Бұл жерде бастығы Қ.Құспанов судың Орлы ойға дейін жетіп, бұл жерге 24 мың текше метр су сиятындықтан көктемде толтырып алатындығын, оның бір жазға жететіндігін айтады. Жазда қосымша бере алмау себебін егіншілермен байланыстырады. Негізінен су қазіргі жеткен жерінен әрі 25-30 шақырым Жорыққа баруы тиіс болса, су маманы егер қаржы жетсе оны да қолға алуға болатынын айтады.
Айдалаға кеткен су жоқ
«АтырауСушар» РМК-ның Индер бөлімшесінің бастығы Қ.Құспановтың мәліметіне сүйенсек өткен жылғы суландыру науқаны кезінде егістікпен айналысатын 14 шаруа қожалығымен
Енді биыл 390 мың текше метр су пайдаланылады деп жоспарланып, қаржы көлемі 24 млн-ды құраса, оның 21820 мың теңгесі субсидиямен жабылып, қалғаны әдеттегідей халықтан түсу керек. Ал токтың тарифі 11 пайызға көтеріліп былтыр 16 млн. төленсе, биыл 19 млн. теңге төлеу қажет болып, ол барлық кірістің 58 пайызын құрайтын көрінеді. Мысалы су айдаудағы бір күндік шығын 425 мың теңгені құрап, оны жаңағы 33,6 млн. теңге шығынға бөлгенде 78 күнге шығады екен. Яғни бұл, әр насос 6 ай ішінде 13 күннен су айдайды деген сөз. Сондықтан да су шаруашылығы су айдауды 24 тәулікке ұзартуды, ол үшін 51 млн. теңге шамасында қаражат қажеттігін айтып, жоғарыдағы 21820 мың теңгеге қосымша 9 млн. теңге сұрайды
Рас, бұл жерде айта кететін бір жай, егіс көлемі қағаз жүзінде қалып қана қоймай оның жүзеге асуы маңызды болып отыр. Негізінен жайылымдық жерлердегі судың пайдалану тәртібі жиі бұзылып, өңірдегі мал иелерінен түсетін төлем түспейді. Төлем мөлшері сиырға-141, қой-ешкі-18, жылқы мен түйеге 117 теңге жылына бір жиналса, соның өзінде мал басын жасыру, басқа да түрлі себептерді алға тартып, келісім шартқа отырмау жиі орын алып отырады. Оның бәрін жіті қадағалап анықтауды шаруашылықтың мүмкіндігі көтергенмен, жұмыс қолын көбейтуге қаржылық жағдай көтермегендіктен бір адамға 90 шақырым канал бойын қамту жүктелетін көрінеді. Сондықтан да сыңсыған мал иесін анықтау, реттеу мүмкін емес,- дейді сала басшысы.
Су шаруашылығы су пайдаланушылар қатарын көбейту, олардан қаржы жинауға жергілікті әкімшіліктің атсалысқанын қалайды. Алайда округ әкімдері де өз пікірін ортаға салады. Көктоғай селолық округінің әкімі Ә.Өтеу котловандардағы шлюздерді қайта қарап, жөндеу жұмыстарына көңіл аудару, тауар иесі болған соң су мамандары бұл орайда жанашырлық таныту қажеттігін, жалпы каналды сусыз қалдыруға болмайтынын айтады. Сондай-ақ округтен округке өтетін аралықтарда шлюз жабылып қалып су бармайтын жағдай қалыптасатыны, оны реттеп отыру керектігі де сөз болып жүр. Округ әкімдері төлемақы жинауға құқықтары жоқтығын, әңгіме мал санына тірелетін болса, су мөлшерінің көлемін арттыру үшін статистикадағы бар малды беріп, сол арқылы шаруашылық субсидияға қол жеткізіп отырғанын, шаруашылық әрбір су тұтынушылармен өздері келісім-шарт жасасып, сол арқылы қаржысын жинап алуы қажеттігін, осындай механизм болса қай жерде, қандай қожалықтар отыр, соларға бару үшін арнайы қызметкерлерімізді жіберіп, көмектесер едік, дейді олар. Сондай-ақ жергілікті халық алғашында егін салумен шұғылданғанын, кейін одан келер пайда болмағасын кәсіптің басқа түріне көшкені де әңгіме өзегі болды. Дегенмен, уақыт талабына орай, егіншілікпен шұғылдануды қайта жандандыру күн тәртібіне қойылып келеді.
Каналдар бітеліп жатыр
Шаруашылық басшысы тығырықтан шығып, шығынды азайтудың жолын каналдарды жөндеп, су өткізу қабілетін арттырудан іздейді. Бұған қоса егіншілік қарқын алып, су пайдаланушылар қатары артқанда ғана субсидия көбеймек. Алысқа айдалған суды жолшыбай пайдаланып жатса қандай жақсы. Мысалы, бұрындары «Алғабас-Жорық» каналы секундына 3 текше метр су өткізсе, қазір 1,5 текше метр су өткізуге мүмкіндігі болмай қалған. Сондықтан да осы және Төртқұдық, Малайсары, Базарбай котловандарын тереңдетіп, тазалау, Құрайлы-Сай каналы бойынан жаңа котлован қазу жұмыстары күтіп тұр. Ақсай каналындағы бұрынғы Шархат, Қуат, Бөлекбай котловандарына да осындай жұмыс жасалуы қажет екен. Өткен жылы каналдарға қатысты жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі 87 млн. теңге шамасын құрап, сұраныс берілгенмен, жобалық-сметалық құжаттарды жасақтауға қаражаттың жоқтығынан 2008 жылдың республикалық бюджет жоспарына кірістірілмей қалған. Міне, ендігі жерде осы және жоғарыда аталған мәселелер тезіне салынып, тамырша тартылған каналдар құрғамасын ел күтіп отыр.
Бейресми мәліметтерге қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті метрологиялық қызмет саласындағы бас мекеме мемлекетаралық су шаруашылығын координациялау орталығының филиалы РМК ғылыми өндірістік орталық «Суавтоматика» мекемесінің күшімен метрологиялық құрылымның нұсқасы және суды есептеп ұқыпты пайдаланудың салалық бағдарламасын жасауды қолға алса керек-ті. «Атыраусушар» осы шараларға сәйкес суды үнемдеу мақсатында магистральды топырақтан тұрғызылған ашық каналдарды темір бетондармен қаптау, су құбырларына ауыстыру, жыл сайын канал арналарын аршып отыру шараларын жоспарлапты.
Билік қолға алса бітпейтін іс жоқ
Жалпы осы мәселеге орай аудан әкімі Ә.Нәутиев шаруа қожалықтарының басын біріктіріп жиналыс өткізген-ді. Ұсыныс, пікірлерімен бөлісіп, бұл мәселені пысықтап, шарасын алуды өзінің орынбасарына жүктеген болатын. Осыған орай біз аудан әкімінің орынбасары Ә.Балахметовке жолығып, мән-жайды сұрағанымызда: - Жақында каналдарды аралап қайттық. Енді алға қарай шлюздерді іске қосу арқылы суды тиімді пайдалануды қолға алмақпыз. Қазір осы бағытта жұмыстанудамыз, қайткенде де сәуірдің алғашқы күні каналдарға су жіберілуі тиіс,- дейді ол.
Сонымен...
Бұл жерде мынадай гәп бар деп айту мүмкін болмағанмен, сол мал иелерімен келісім-шартты түсінікті түрде жолға қою керектей. Жаңағы мыңдаған жылқы жаздыгүні топырақ қызғаннан суығанға дейін суды ластап, бауырынан малынып тұратыны сөзсіз. Бірақ сол малдың иесін анықтап, төлемақысын алуға келгенде мәселенің үйлеспей қалатыны да өкінішті. Қайткенде де бұл жерде тараптардың бірлескен жұмысы қажет екені сезіліп тұр. Сондықтан да мұның да бір жолын ойластырған жөн.
Қысқасы, қарайған қаржы жұмсалысымен айдалған соң қасықтай судың да қайтарымы барын, тапшылықта тамшы судың да алтынмен пара-пар болатынын әркім-ақ ұққаны жөн. Ал шөл даланы көл далаға айналдыру арман болып қала бермек.
Жанай АМАНТУРЛИН.
Индер ауданы.