«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті
Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді.
Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл – тұңғыш перзенті бойына біткен келінді «ата-бабалар рухы қолдап-қоршап жүрсін» деген ізгі ниеттен туған ырым әрі келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау.
Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі.
Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол – болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс.
Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады.
Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады...
Зейнеп Ахметова, жазушы
Abai.kz