Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3818 4 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 15:12

"Біреуін сойып, үшеуін аман алып қалайық..."

Төртеуін тең өлтіреміз бе? Оданда біреуін сойып, үшеуін аман алып қалайық. - деп кепкен ағаштың қабығындай шытынай жарылған ернін жалап алып, қынындағы кездігіне қол жүгірітті.
...Күн шығысты бетке алып жан сауғалағап үрке көшкен елден қалып қалған бір үйлі жан ілбіп басып ілгерлей берді. Ата қонысынан шыққалы, міне, бір апта. Белі бүгіліп, қабырғасы сөгілген қараша халықтың мұң-зарына егіле үн қосқандай қазан айының да қабағы түсулі. Үйелмелі-сүйелмелі төрт баласын жетектеп жаяу босқан бейбақтардың азығы таусылғалы екі күн. Қап түбіндегі нанның қоқымын санап теріп аштықтан шырылдаған төрт баласыың аузына салып, бұлдыр белесті бетке алып келеді. Емшектегісі мен жасы үштен енді асқан екі баласын құшақтарына алып, сегізден енді асқан естиярына тете алты жастағы екі баласын жетектеп келеді. Екі күннен бері нәр сызбаған ата-ананың көзі шүңірейіп, жағы суалған. Иектері төмен тартып қушия созылған. Өлеусіреген әлсіз жанарларын ата-анасына тігіп екі бала ілби аяңдайды. Нәр сызбаған анасының сүті тартылып, шандыр тартқан емшегін еміне сорғанымен түк шықпайды. Қызыл иегімен емшек үрпін созғылай тістелейді. Аштықтан жылай-жылай дауысы да қарлығып өшкен. Көмейінен қырыл ғана шығады.........
Қара суды қатық қылғалы тағы екі күн. Балалардан әл кеткен. Адам жаны мұншама сірі болар ма? Дүниенің тозағы - қағанағыңды жарып шыққан балаларың көз алдыңда солып, семіп бара жатқаны. Ақыреттің тозағы да бұған тең келмес.....
Бір емес, төрт құлынының көз алдында солып бара жатқаны жанына батып, көзі қарауытқан әке кепкен ағаштың қабығындай шытынай жарылған ерінін жалап алып: - Төртеуін тең өлтіреміз бе? Онанда біреуін сойып, үшеуін аман алып қалайық. Емшектегісі ел қатарына қосылмас, соны сояйық. - деп шарасыздан әйелінің құлағына сыбырлады. Бұны естіген шеше байқұс сәулесі сөнейін деген қос жанарын бағжаң еткізіп бір қарады да, құндақтағы баласын құшағына қыса түсіп қыбылаға қарап бүк түсіп отыра кетті. Жүзінің қызылы кетіп, ерні көгеріп сүлдесі ғана қалған сәбиіне қарап аңырап тұрып жылады-ай. Иегі дірілдеп, екі иығы селкілдеп сәбиін құшты. Тарам-тарам аққан жас сұлық жатқан сәби бетіне тамшылады, ерніне тамған жылымық жасты қоңыр өңезделген кішкене тілімен болымсыз қимылдап жалаған болды сәби.
- Тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібітіп, омыртқамды үзіп өмірге алып келген балапандарымды көз алдымда алғанша, менің жанымды неге алмадың құдай??? ... Шұнақ құдай! Келте құдай!Еңіреген елім, езілген ерімді көрсеткенің аздай, құлындарымның қырылғанын көрсетейін дедің бе құдай?........
Көз шанағына іркіле қатқан екі тамшы жаспен ту алыста бұлдыраған тауға қабағын түйе қараған ерінің етегіне оралып, - аноу тұрған дөңнен асайықшы, ел-жұрт жолықпаса көрерміз сосын, - деп булыға жылап, жалына үн қатты.
Торсықтағы қара судан балаларының аузына тамызып ілгері қарай аяңдады.
Белестен асты. Иен дала, көзге тағы бір белес бұлдырады. Шарасы таусылған шеше байқұс, - екіншісінен асайықшы, ел-жұрт жолықпаса көрерсің,- деп ерінің шалғайына оралып еңірей жөнелді.
Сіңіріне сүйеніп , сүрініп-қабынып екінші белестен де асты-ау.
Көз алдында күйреп бара жатқан құлындарына қарайтын қарайтын қуаты қалмаған әке, қынына қол апарды. Тағы көрінген иен жер, бұлдыр далаға үміттене қараған шеше байқұс құдайы зарын айтып, қатқыл тартқан әкеге жалына жылады. - Үшіншісінен асайықшы, осы соңғысы болсын. Ел-жұрт жолықпаса айытқаның болсын. Қалай, қалай... қалай ғана қолың барады? жарық дүниені жаңа сезіп, қос табаны қара жерге толық тимеген құлыныңды қалай бауыздамақшысың? болмаса, болмаса мені бауызда. Осылардың жолында мен-ақ құрбан болайын, мен-ақ азық болайын. Тек, тек өлтіре көрмеші сәбиімді.......-деп зар еңіреді.
Көнін сүйреткен көтерем балаларын кезек-кезек көтеріп, өліп-талып үшінші дөңнен де асты ау. Тағы да иен дала. Қара терге түсіп, аштықтан бұратылып, екі тізесі дірілдеген әке, қынындағы кездігін сурып алып, қалтырай басып, көзінен қан жауа ұмтылып барып орып жіберді.
Құдайдың кереметін көрмейсіз бе, үшінші дөңнің үстінде он екі аша мүйізі сүзіскеннен ілініп қалған екі бұғы ешқайда бұлтара алмай тұр екен......

Не көрмеді? Бұл Қазақ не көрмеді?
Қазақ деген- ұлы ойдың кемеңгері.
Бүгінгі тәуелсіздік тіккен туың ,
Кешегі көз жасыңның төленгені.
Не көрмеді? Бұл Қазақ не көрмеді?...

Бұл шағын әңгіме, ашаршылық жылдары Қытайға қарай босқан бір үйлі жанның басынан өткен шынайы оқиға. Ең ғажабы, сойып өзінен үлкен үш балаға азық қыламыз деген сәби қазір тірі. ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысы, Құлжа қаласы, Тоғызтарау ауданында тұрады деді жасы жетпістің  ішіндегі ақсақал құдам. Осыдан он бес жыл бұрын естіген әңгімем.

Бұрынбай Болатбекұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671