Түркістанда ақпараттық ХАБ құрылуы мүмкін
Жуырда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында журналистиканың майталмандары жиылып саланың өзекті мәселелері мен салалық білім берудің жаңа модельдері, жаңа медианың шексіз мүмкіндіктері жөнінде талқы жасады. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы Айқын гәзетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында Ақпараттық хаб құрылуы мүмкін. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен II халықаралық журналистика форумда айтылды.
Түркістан қаласында Білім және ғылым министрлігі мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастыруымен II халықаралық журналистика форумы өтті.
«Журналистика бойынша білім беру бағдарламалар модельдері: кәсіби стандарттар интеграциясы» атты ІІ халықаралық журналистика форумын Білім және ғылым министрінің PR кеңесшісі Майраш Тайкенова ашты. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор Болатбек Әбдірәсілов пен университеттің бірінші вице-президенті, профессор Женгиз Томар форумның жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар жиынға бұдан бөлек декандар, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан ЖОО журналистика кафедрасының меңгерушілері, БАҚ өкілдері, ғалымдар, магистранттар мен ЖОО докторлары қатысты. Форум қатысушылары журналист кадрларды даярлау, отандық БАҚ-ты дамыту мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, форумның негізгі бағыттары – журналистика бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту, медиа нарыққа маман дайындаудың практикалық құзыреттіліктері, студенттердің ой-өрісінің жаңа тәсілдері, журналистика кафедрасы оқытушыларының біліктілігін арттыру мәселесін ынталандыру және күшейту.
Осындай ауқымды да өзекті тақырыптарды қамтыған форумның жалғасы пленарлық отырысқа ұласты. Онда өзге елден келген БАҚ өкілдерімен бүгінгі күннің журналистикасы жайы сөз болды.
Форум алдымен «Нарыққа бағытталған білім беру бағдарламалары: академиялық ортадағы жаңа тәсілдер» тақырыбында баспасөз мәслихатымен басталды.
«Бұл өте маңызды кездесу, онда біз ТМД кеңістігінде бірдей және тән медиа процестердің өзекті мәселелерін көтеріп, ашық талқылаймыз. Бізге медиалық нарық күтіп отырған журналистерді дайындау сапасы да маңызды. Яссауи университетінің базасында техникалық және зияткерлік ресурстарды тарта отырып, жабдықталған, заманауи, қуатты ақпараттық хаб құру мүмкін және қажет деп санаймын. Бұл БАҚ, жоғары оқу орындары, халыққа арналған жоғары сапалы контентті ұсынатын қуатты ақпараттық-талдау орталығы болар еді», – деді Майраш Тайкенова.
Abai.kz